ОА елдері Шардараға келетін су көлемін келісті
Түрікменбашы қаласында Орталық Азия мемлекеттерінің Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МСШҮК) 95-інші отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz
Жиынға ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Тәжікстан Республикасы Энергетика және су ресурстары министрлігінің Су-энергетикалық саясат бас басқармасының бастығы Далер Абдухалок, Түрікменстан Мемлекеттік су шаруашылығы комитетінің төрағасы Дурды Генджиев және Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев қатысты.
Тараптар Сырдария және Әмудария өзендері бассейндеріндегі 2026 жылғы вегетация кезеңінің қорытындысын шығарып, 2026-2027 жылдардағы вегетацияаралық кезеңге арналған су алу лимиттері мен су қоймаларының жұмыс режимдерінің болжамын бекітті.
Сырдария өзені бассейніндегі вегетация кезеңі тұрақты режимде өткені атап өтілді. Түркістан облысының аумағындағы Шардара су қоймасына шамамен 3,69 млрд текше метр су келіп түсті. Бұл болжамды көлемнен 840 млн текше метрге артық. Вегетацияаралық кезеңде су қоймасына келетін су көлемі шамамен 10 млрд текше метр болады деп күтіліп отыр.
Отырысқа қатысушылар су ресурстарын есепке алу және мониторинг жүргізу жүйесін жетілдіру мәселесіне ерекше назар аударды. Тараптар Сырдария өзені бассейнінде су ресурстарын есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізу жоспарының жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының отырысын өткізу туралы келісімге келді.
Сонымен қатар Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының саммиттерінен туындайтын міндеттердің орындалу барысы қаралды.
Бұдан кейін Әмудария және Сырдария өзендерінің су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелері бойынша Орталық Азия мемлекеттерінің жоғары деңгейдегі кездесуі өтті. Іс-шараға Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан өкілдерімен қатар, Қырғыз Республикасының Түрікменстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Азизбек Мадмаров қатысты.
Кездесуде тараптар Әмудария мен Сырдария өзендерінің су ресурстарын ұтымды әрі тұрақты пайдалану мәселелері бойынша пікір алмасты. Сондай-ақ өңірдің су саласындағы негізгі сын-қатерлер талқыланды. Аймақтық ынтымақтастықты нығайтуға, трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп басқару тетіктерін жетілдіруге және Орталық Азияның барлық мемлекетінің мүддесін ескеруге ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар су ресурстарын тұрақты әрі ұтымды пайдалану мәселелері бойынша сындарлы диалог пен бірлескен жұмысты жалғастыруға мүдделі екенін растады.
«Орталық Азия елдерінің су шаруашылығы ведомстволары арасындағы өзара іс-қимыл өткен вегетация кезеңінің тұрақты өтуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Бүгін алдағы уақытта бірлескен әрі тиімді жұмыс жүргізуге негіз қаланды. Біз және біздің серіктестеріміз барлық тараптың мүддесін ескере отырып, трансшекаралық су ресурстарын әділ бөлуге бағыт алып отырмыз», деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
МСШҮК-тің келесі, 96-ыншы отырысын 2027 жылдың бірінші тоқсанында Өзбекстан Республикасында өткізу жоспарланып отыр.
Abai.kz