Көшербаев пен Тұқымов елші болып тағайындалды
Тоқаев Қазақстанның Австрия, Пәкістан және Мароккодағы елшілерін ауыстырды.
Ермек Көшербаев Қазақстанның Австриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі және Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі, Еркін Тұқымов Пәкістандағы Елшісі болып тағайындалды. Ал Сәулегүл Сайлауқызы Мароккодағы және қоса атқару бойынша Тогодағы Елші қызметтерінен босатылды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
«Мемлекет басшысының жарлықтарымен:
Ермек Беделбайұлы Көшербаев Қазақстан Республикасының Австрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі болып тағайындалды;
Еркін Валитханұлы Тұқымов Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалып, бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды», – делінген сейсенбіде таралған хабарламада.
Мемлекет басшысының өзге жарлығымен Сәулегүл Сайлауқызы Қазақстан Республикасының Марокко Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі және қоса атқару бойынша Того Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымдарынан босатылды.
Abai.kz