Сәрсенбі, 14 Қазан 2026
Жаңалықтар 404 0 пікір 13 Қазан, 2026 сағат 16:28

«Хан Кенені қорлаған» қырғыз қыздарына іс қозғалды...

Сурет: ertenmedia.kz сайтынан алынды.

Қазақстанда қырғызстандық екі студенттің Кенесары хан туралы айтқан сөздеріне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы бұған дейін құқық қорғау органдарына бойжеткендердің сөзіне «құқықтық баға беруді» талап етіп арызданған адвокат Мейірман Шекеев мәлімдеді.

Шекеевтің айтуынша, аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

«Ұлттық болмысымызға, мүддемізге немесе ата-бабамыздың рухына тиісу намысымызды таптайтынын ескерткім келеді. Кенесары болсын, басқа да ата-бабаларымыздың ұрпақтары бүгінгі таңда ортамызда өмір сүріп жатыр», – деді адвокат.

Сонымен қатар ол бұл оқиғаға бола тұтас бір халықты кінәламауға шақырды.

«Жаман ұлт болмайды, жаман адам болады», – деп атап өтті ол.

Естеріңізде болса, қыркүйек айының ортасында интернетте Астанада академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алып жатқан Бішкектің екі студентінің тікелей эфирде Кенесары хан туралы қорлайтын сөздер айтқан видеосы тараған еді. Олардың бірі Қырғызстанда «оның бас сүйегінен шарап ішеді» деген мазмұнда мәлімдеме жасаған.

Бұл видео Қазақстан мен Қырғызстанның әлеуметтік желілерінде кеңінен тарап, қос елдің де жұртшылығы арасында үлкен резонанс пен наразылық тудырды. Эфирге қатысқан басқа пайдаланушылар бойжеткендердің сөздерін бірден айыптап, бұл видеоны Қырғызстан елшілігіне жолдайтындарын жеткізген.

Оқиға орын алған күні-ақ студенттер видеоүндеу жариялап, көпшіліктен кешірім сұрады. Олар шектен шығып кеткендерін мойындап, Қазақстан азаматтары мен қырғыз халқынан кешірім өтінді. Сондай-ақ бойжеткендердің айтуынша, блогер оларға арандатушылық сипаттағы сұрақтар қойған. Алайда олар бұл жағдайды өз сөздерін ақтап алу үшін пайдаланбайтындарын атап өтті.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 986
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1333