Бейсенбі, 15 Қазан 2026
Әдебиет 308 0 пікір 15 Қазан, 2026 сағат 12:16

Соңғы классик

Сурет: el.kz сайтынан алынды.

Жер бетін мекендеген 8,3 миллиард адамның саусағының ізі бір-біріне еш ұқсамайтыны жазу құпиясын да аша түссе керек. Дүние жүзінде қанша жазушы бар, солардың да жазған туындылары бір-біріне еш ұқсаған емес. Сюжет ұрланатын шығар, ой барымталанатын болар, идеяға да қарақшылық жасалуы мүмкін, бірақ қолтаңба бәрібір бөлек. Мысалы, Сайын Мұратбековті жазуы жағынан ешкіммен шатастырмайсыз. Жаратқан иеміз оның қаламына ең көркем, ең тартымды, ең сыршыл сипат дарытқан.

Осы арада Сайын Мұратбековтің жазуы қай стильге жататынын анықтап алғанның артығы жоқ. Оның жазу стилі  аскетті лиризмге жатады. Бұл асып-таспайтын, кейіпкердің ішкі сезімін төгіп-шашпайтын барынша үнемшіл көркемдік тәсіл. Басына қиын іс түскен кейіпкерлері қарғануы, жындануы мүмкін. Бірақ езіліп-егілген емес. Ондай декоративтіліктен ада. Мұндай ерекшелік “Жабайы алма” романындағы Бүбітайдың да, “Жусан иісі” повесіндегі Аяннның да іс-әрекетінен анық байқалады. Сайын Мұратбековтің “Күсен-Күсеке”, “Күзгі бұралаң жол”, “Кәмен тоғай”, “Менің қарындасым”, “Райгүл”, "Ұлтуған", "Үскірік", "Телі өскен ұл", "Тәтей", "Табылмаған мекен", "Қызғаныш", "Қылау", "Отау үй", "Біреу", "Ата қаз", "Алғашқы қар", тағы да басқа әңгімелері толайымен осы аскеттік лиризм бағытында жазылған. Аскеттік лиризм әсіресе “Басында Үшқараның” деген классикалық әңгімесінде айқын көрініс табады. Негізі, жеріне жеткізіп жазу, үлгі ретінде ұсынуға болатын шығарма тудыру, ағымдардың басында тұру классика деп аталады. Бұл тұрғыдан алғанда да Сайын ағамыздың шығармаларының бәрі классика.

Кейде классикалық туындылар мен бестселлер кітаптарды салыстырып жатады. Бестселлер кітаптар “бір күндік” деген түсінік бар. Бір оқығанда таңғалдырғанмен, уағы келгенде буы шығып кетеді деседі. Ал классикалық әдебиет қанша уақыт өтсе де көркемдігін жоғалтпайды. Сайын Мұратбековтің шығармалары осы классикалық үлгіге жатады. Оған өлмейтін тақырып, өшпейтін образ, сөнбейтін сезімдер тән дер едік. Тап осы тұрғыдан оны қазақ әдебиетіндегі соңғы классик деуге толық негіз бар.

Жалпы, “соңғы классик” деген бейресми және субъективті пікір. Мысалы, орыс әдебиетінде Иван Бунинді “соңғы классик” деп атаған екен. Толстой мен Чеховтың заманын көрген және орыстың дәстүрлі классикалық әдебиетін жалғастырған жазушы ретінде де солай атаған болар. Ал содан кейін орыс әдебиетінде классик тумай қалған жоқ қой. Бірақ Бунинге сондай атақ берумен бірге, олар әдебиеттің бір дәуірін аяқтап, жаңа кезеңге өткенін меңзеп отыр.

Америка әдебиетінде де Джон Абдайкті “соңғы классик” деп мақтан тұтқан. Олар да сол арқылы әдебиеттің бір кезеңін Абдайкпен аяқтағысы келген шығар. Бір қызығы басқа елдердің әдебиеттерінің де осындай “соңғы классиктері” бар. Бұл өзі шынында да қызық құбылыс. Бір адамға телінгенмен бір дәуірді қорытындылайтын бір буынға да қарата айтылады. Сондықтан бүгінгі арамызда жүрген ағаларымыз Төлен Әбдіков, Бексұлтан Нұржекеұлы, Тынымбай Нұрмағамбетов, Кәдірбек Сегізбайұлы да, Молдахмет Қаназ да сол маңайдан табылып қалады.

Соңғы классик болу үшін “үш бәйтеректің” бірінің топырағында туып, алыптар тобының алдын көріп, әдебиеттегі әйгілі алпысыншы жылғылардың алды болу шарт емес. Бірақ Сайын Мұратбековтің өмірінде соның үшеуі де болған екен. Әдебиетке ұлы жылымықтан кейін келіп, ұлы Әуезов дүниеден өткенде эстафетаны қабылдап алып, әдебиет майданындағы соңғы ұлы жорықтың маңдай алдында жүріп, ұлы нарықтың жылдарында ұлт әдебиетінің қара шаңырағына тіреу болған қаламгерді басқаша қалай сипаттайсыз?!

Соңғы классик болу үшін, алдымен сол классиктің өзі болып алу керек. Ал оның белгілері қандай деген сұрақ туады. Чехов туралы сыншылар шығармаларында типтендірілген жарқын образ жоқ деп сынаған екен. Жалпы образды типтендіру дегенді Достоевский де, Толстой да ұнатпапты. Достоевский өмірде адамдар дайын әлеуметтік типтерден әлдеқайда күрделі және болмыстары қарама-қайшы екенін жазады. Толстой да типтендіру біржақтылыққа ұрындыратынын айтады. Антон Чехов та плакаттық образдарды сынап, адам кешке дейін ерлік жасай бермейтінін ескертеді. Осыған сайсақ, Сайын Мұратбеков те ондай жарқын образдар жасап әуре болмаған. Тіпті кейіпкерлерін типтендіріп те әуреге түспеген.

Әсілі әдеби шығармадағы типтік образ деген күмәнді нәрсе. Типтік кейіпкер деп негізгі тұлғаны толықтырып тұратын қосалқы бір кейіпкерді айтса керек. Оның елді күлдіріп жүретіні, өзінше бір қулық-сұмдық жасайтыны, оқшау бір қылықтар көрсететіні сол типтік кейіпкер дегенге келеді. Бердібек Соқпақбаевтың Қожасы бүтін адам да, Сұлтаны соны ашуға көмектесетін типтендірілген кейіпкер. Ондай кейіпкер Сайын Мұратбековте де бар. Бірақ олар шығармада шешуші рөл атқармайды.

Сайын Мұратбеков шығармаларында кейіпкерлер жұлдыздар шоғыры іспетті топтасып жүреді. Онда бас кейіпкер етіп алатын плакаттық образ жоқ. Жалғыз жортатын бір қаһарман голливудтық фильмдерге тән. Одан кейде бестселлер кітаптырдың да табиғатын тануға болады. Ал классикалық туындыларда толық адам ғана емес, толық орта да болуға тиіс. Өзара ұшқасқан кейіпкерлер жұлдыздар шоғыры секілді біртұтас картина түзеді. Классикалық әдебиетке тән осы көпжақтылық “Жабайы алманың” негізгі тінін құрап тұр.

Сайын Мұратбековтің шығармалары адам жанының ең көркем жаратылыс екенін ашуға негізделген. Бұл міндетті көне миниатюраларды көшіретін нақышкерлер сияқты мінсіз атқарған. Сондықтан да оның шығармаларынан адам жанының аяулы да көркем болмысын көзбен көріп, қолмен ұстағандай әсер аламыз. Адам жанының бағзыдағы парсы кілемдеріндегідей қайталанбас көркем өрнектерден тұратынын көреміз.

Қас шебердің қолтаңбасы артық бояу қоспайтын кірпияздығымен де дараланады. Ең көп бояу табиғатта, бірақ онда артық бояу жоқ. Бәрі қолында тұрған жаратқанның өзі сол көп бояуды өлшеп қолданады. Сайын Мұратбековтің нені суреттесе де әсіреқызыл сезімге бой алдырмайтын байыптылығы шығармаларының табиғи көркемдігін арттыра түседі.

Табиғат көріністерін бос қызықтап кетпей, кейіпкер мінезіне сіңіре суреттейді. Жабай алма мен соғыс кезіндегі жетім-жесірдің тағдыры ортақ үйлесім тапқан. Жазушының көркем мінездің мінсіз суреткері атануы да тегін емес. Қазақ “Мінезге бай” деп жатады ғой. Оның шығармаларынан мінез адам бойындағы ең көркем сипат екенін түсінесің. Ол сол көркем мінез бен аяулы сезімнің жазушысы.

Табиғатта таңғалмайын десең де таңғалдыратын бір құдірет бар. Жабайы жемістер дәруменге бай болғандықтан ащы болады деседі. Шындығында ол өзін өзі зиянкестерден қорғау үшін де ащы болады екен. Сайын Мұратбековтің “Жабайы алмасы” да, “Жусан иісі” де кейіпкерлерінің ащы тағдырын қатыгездікке қарсы қойған шығармалар. Әдебиет пен өнерде күрескер адамдар ғана кейіпкер бола алады деген стеоратипті де бұзған бірегей туындылар. Меніңше, “Жабайы алманың” түпкі шындығы осында жатыр.

Сайын Мұратбековте кейіпкерлердің сөздері де шынайы шығады.

“— Ол темекі тартпаушы еді ғой, — деді әпкем де сыбырлап.

— Енді, әскерге кететін болған соң тартқаны ғой, — дедім мен”.

Бұрын әпкесіне жолатпай таспен атқылаған. Енді оның соғысқа кететінін білгенде көңілі күрт өзгерді. Бір-ақ сәтте өзінің де еркектер қауымынан екені есіне түсе қалды. Жазушы кульминацияда бала психологиясын дәлме-дәл беріп тұр.

“— Ұршы мені, ұршы, — деді Дүрия жалына сөйлеп.

— Сені ұрғанша мен жынданып кетейін де, сәулем…” дейді Ырысбек.

Ол соғыста жүргенде әйелін біреу алған. Соғыстан аман келіп, әйелін қайтарып алғанда айтқан сөзі. Мұндағы диалогта да тозақтан жұмаққа қайтқан майдангердің психологиясын дөп басқан.

“Менің қарындасым” деген әңгімесінде:

“— Оқыған, білімді, жақсы жігітсің. Ал қалыңдықты әке-шешеңе іздетуге ұялсаң етті” дейді кейіпкер.

“Қысқы кеш” әңгімесінде:

“— Әсилә, мен сені ғана сүйемін ғой.

— Енді қайт дейсің, сүйе бер”, —  дейді.

“— Бір ажалдан қалдым ғой, Әпіш”, — деп шағынады Көлбай керең бұрынғы әйеліне, кейінгі әйелін соғыстан келген күйеуі қайта тартып алғанда.

Сонда Әпіш:

“— Сенің кемтарлығыңды басынғаны ғой, әдіреқалғыр. Оның қатынының сенен қай жері артып тұр екен, сонша қорлайтындай. Жүр, екі аяғы көктен салбырап түссе де көрейін мен оны” — деп білегін сыбанады.

Адам психологиясының соншалықты нәзік қырларын жазушының қалай аялап суреттегені осы диалогтардан да жақсы көрініс тапқан. Диалогтарды есте жүретіндей етіп жазу қазақ әдебиетінің кәнігі классигі Бердібек Соқпақбаевтан қалған. Сайын Мұратбеков те Бердібек Соқпақбаев секілді жазуда ешқашан жасандылыққа бармаған жазушы. “Күсен-Күсеке” әңгімесіндегі: “Өз ошағының басына жетіп, көңілі жай тауып, қой жүнінің қышқылтым шәйірі мен қидың көңірсік қою иісі танауына келгенде, тәтті бір ұйқы қысып, манаурай бастады”, — деген сөйлемнің қынадай қанық бояуы да оның қаламына классикадан ауысса керек. Замандастары оның жазуынан мін таппай: “Шығармаларында орыс кейіпкер жоқ”, “Өз ауылының адамдарының айналасынан шықпайды”, “Тақырып аясын кеңітсе болар еді” деп сипай қамшылаған екен. Солардың ішінде біреуі: “Бәлкім, бұл оның адалдығы, тазалығы, жетістігі шығар” депті. “Басында Үшқараның…” деген повесіндегі оттай ыстық өмір соны толық дәлелдеген секілді.

Француз жазушысы Ромен Ролланнан бастап, қазақ қаламгері Ғабит Мүсіреповке дейін өмір жырын, тіршілік гимнін керемет суреткерлікпен жазып шыққан. “Басында Үшқараның…” хикаяты өмірдің көркем баяны болса, “Жабайы алма” романының “Көкінай” деп аталатын бірінші бөлімі сол өмір жырының өзгеше өрілген классикалық нұсқасы дер едік. Жабайы алманы тістері аппақ болып қаршылдатып жеген балалардың өмірге құштарлығына ештеңе жетпейді. Сол маңдағы ең үлкен алма ағашының түбіндегі үңгірде күшіктеген Көкінай тазының да алма жеп үйренгені жеті қазына ырыстың символы іспеттес. Бүбітай кемпірдің өзі асырап алған жетім қызды жаңа туған күшіктерді көміп таста деп, көк шыбықпен шықпыртып қуалағаны төгілген ырыстың қасында түк еместей көрінеді. Жетім қыздың “Өлтірсең де көмбеймін” деп шырқырап жылағаны, ойын балаларының Бүбітай кемпірдің сөзіне еріп, оны бірге қуаласқан болып шуласқаны талай дүниені көз алдыңа әкеледі.

Мұндағы сирағы ұзын қыздың қалың бөргездің арасына кіріп адастырып кеткені аңыз;

Бүбітай кемпірдің оны қарғап-сілеп жүріп, әлі көзін ашпаған күшіктерді қыңсылатып көміп тастағаны мифология;

Ал оның жалғыз ұлы Сыпатайдың тап сол алма ағашының ұшар басынан құлап өлгені — антикалық трагедиялық сюжеттен туындаған магиялық реализм;

Бүбітайдың содан жынданып кетіп, ертеден кешке дейін есігінің алдына шығып алып зарлап өлең айтатыны құдайлық әпсана.

Осының бәрін жинақтай келе айтарымыз, Сайын Мұратбеков сынды қаламгер қазақта ғана емес, әлемде жалғыз!

Ол нағыз соңғы классик!

Біз бүгін Сайын Мұратбековке ғана емес, қазақ әдебиетінің сол классиктерінің бәріне тағзым етіп отырмыз.

Сол дәстүрге адал ұрпақ аман болсын дейміз!

Менің кітап туралы телебағдарлама жүргізіп жүргеніме он үш жыл болды. Сол хабарлардың біріне Мәриям Мұратбеккелінін шақырған едім. Мәриям әпкеміз сонда:

“Біздің таудағы саяжайымызда бір жабайы алма бар. Әлі де бар. Сол жабайы алманы жазда теріп әкеледі. “Өзің еккен алмаларың да бар ғой, мұны ұп-ұсақ қып қайтесің?” десем: “Жоқ, бұл ерекше алма” деп жуып, жеп отыратын. Сонда бала кезінде жеген жабайы алмасын аңсайды екен. Қазір сол өзі еккен алмалары өсіп тұр. Балалар бағып отыр. Балаларым сол жерде тұрады. Жабайы алма да әлі өсіп тұр. Дәмі қышқыл, ұсақ алма болатын. Қатты боран басын сындырып кетті”, — деп еді.

Мариям әпкеміздің сондағы айтқаны бойынша “Жабай алма” романындағы кейіпкерлер Байдалы да, Зағипа да өмірде болған адамдар екенін білдік. Сол мен сұхбат алған жылы “Ырысбек бар, әлі тірі” деп еді. Ал Назираның Сайын ағамыздың аталас туысы екенін айтқан. “Ақыры сол Тоқтарды күтіп өтті” деген. “Немістің баласы Отто да өмірде болған” деген. Ол қазақша сөйлесе Тахауи Ахтанов: “Әй, мынауың сап-сары болып алып, қазақша судай ғой” дейді екен. “Мен қазақпын, найманмын, атым Отарбай” дейді екен сонда әлгі Отто. Мақалдап сөйлегенде сол кісілердің өздерін де таңғалдырады екен. Сайын ағамыз кейін сол кейіпкерлерін ұмытпай, кездесіп жүріпті. Әжібай да үйлеріне келіп тұрған екен. “Олар да кітапты оқып, күліп отыратын” дейді апамыз. Осы өңірдің тумасы, үлкен жазушы Ұзақбай Доспанбет “Жабайы алма” романын “ащы дәмді тіршілік хикаясы” деп бағалапты.

Негізі, Сайын ағамыз соғыс кезіндегі балалардың өмірін жазып болып, солардың соғыстан кейінгі өмірлерін де жазбақ болған екен. “Кейінгі жылдары денсаулығы күрт нашарлап, толық жазып үлгере алмады” деп еді сонда Мәриям әпкеміз.

Сайын Мұратбеков өмірден өткенде Қуаныш Сұлтанов: “Әпке, ағаның өзі кетсе де, туындылары қалды. Қайыса бермеңіз, “Жабайы алманың” дәмі ауыздан кетпейді” депті. Партизан жазушы Қасым Қайсенов пен сол үйдегі Асыл апа екеуі “Жабайы алманы” кезектесіп оқыпты. Сонда Қасым Қайсенов: “Асыл апаң соғыс уағындағы адамдардың тағдырларын жылап отырып оқыды. Сенің бала кезіңде біз соғыста болдық қой. Сол кездегі оқиғаларды мыйыңда қалай сақтап қалғансың?” деп сүйінішін білдіріпті.

Мен Мәриям әпкемізден: “Өзінің замандастары оқыды, біз оқыдық. Ал кейінгі жастар қалай оқып жатқанын білесіз бе?” деп сұрадым.

“Ескелді ауданындағы бір мектепте 9-сынып оқушылары жақсы көрініс қойды. “Жабайы алма” оқулықтарына кірген екен. Ал “Жусан иісі” төменгі сыныпта оқытылады” деп еді әпкеміз. Қазір білмеймін, бұл сол кездегі әңгіме.

Бірақ былтыр “Ұлт оқитын жүз кітап” жалпыұлттық жобасы жарияланғанын білесіздер. Сол жобаға Сайын Мұратбековтің “Жабайы алма” романы да енді.

Биыл 16 мамырда Президент Қасым Жомарт Тоқаев “Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы” Жарлыққа қол қойды. Осынла балалар мен жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамыту және кітап оқудың орнықты дағдыларын қалыптастыру жөніндегі шаралар кешенін іске асыру туралы нақты тапсырма бар. Мұндай шаралардан Сайын Мұратбеков шығармалары да шет қалып жатпағанын көріп отырмыз.

Сайын Мұратбековті классик жазушы деп айтып жүрген мен ғана емеспін. Мәселен қазіргі кездегі ең көрнекті әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы: “Алпысыншы жылдары қазақ прозасына жаңалық әкелген үш ірі суреткер болды, олар — Тобық Жармағамбетов, Ақан Нұрманов және Сайын Мұратбеков.

Сайын ағамыз "Менің қарындасым" атты алғашқы әңгімесімен-ақ жаңаша жазудың негізін қалап кетті. Содан бастап әдебиетке лек-легімен келіп жатқан алпысыншы жылдардағы талантты толқынның өкілдері Әуезов пен Майлиндерден кейінгі дәстүрлі прозаны жаңаша түрлендіру керек екенін ішкі бір түйсікпен сезе бастады. Басқаша сөзбен айтқанда, Сайын Мұратбеков тыңнан түрен салып, басқаша жазудың үлгісін іздеген талантты жазушылардың бәріне де  жол көрсетіп берді” деп жазды.

Сайын Мұратбековтің шығармалары туралы қалам тартпаған замандас ақын-жазушы кемде-кем. 2009 жылы осы облыстың қолдауымен “Қайда сол Үшқара?..” деген әдеби сын кітабы шықты. Сонда Мұхаметжан Қаратаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Шерияздан Елеукенов, Олжас Сүлейменов, Асқар Сүлейменов, бәрі бар. Оның кітаптарына барлығы да жан сүйсінтер эсселер арнаған. Соған бір телехабар түсіріп, бір эссе жазып, 90 жылдық мерейтойында баяндама жасап ат қосқан өзімізді де бақыттымыз деп есептейміз!

Жүсіпбек Қорғасбек

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 1009
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1364