Бизнеске бөлінген ақшаның қызығын кімдер көріп жүр?
Биылғы тоғыз айда бизнеске берілген несие бірден 19,6 пайызға артып, 15,8 триллион теңгеге жетті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ә дегенде, елде іскерлік белсенділік оянғандай әсер қалдырады. Алайда Қаржыгерлер қауымдастығының соңғы талдауына үңілсеңіз, таңғаларлық парадокске куә боласыз.
Нарықтағы «өсім» жаңа кәсіпорын есебінен емес, бұрыннан кредит алып келген көзтаныс әрі ірі қарыз алушылардың банкті қайта-қайта жағалауынан туындап отыр екен. Банктер сіз бен біз секілді кәсіп бастағысы келетін қауымға есік ашудан гөрі, ескі клиенттеріне лимитті еселеп арттырып жатыр.
Шын мәнінде, берілген қыруар қаржының 85 пайызы небары үш-ақ саланың аузына түскен:
- Өнеркәсіп секторы – өсімнің 42%-ы;
- Сауда саласы – 31%-ы;
- Құрылыс секторы – 12%-ы.
Бұл нені білдіреді?
Компаниялар зауыт-фабрика ашып, өндіріс қуатын кеңейтіп жатқан жоқ. Айналым қаражатын толықтыру, яғни күнделікті шығынын жауып, жұмысын тоқтатпау үшін қысқа мерзімді несиені жиі-жиі алып, тез-тез өтеуге көшкен.
Ең қауіпті сигнал – сауда саласынан келіп тұр. Мұнда уақытылы төленбеген, проблемалық қарыз көлемі бірден 85,4 миллиард теңгеге жетіп, жалпы үлесі 3,8-ден 5,8 пайызға дейін ыршып кеткен. Халықпен тікелей байланысты саланың қарызға белшеден батуы ішкі сұраныс пен төлем қабілетінің сыр бере бастағанын аңғартады.
Турасын айтқанда, банктер қауіпсіз жолды таңдап алған. Таныс-біліс болып кеткен ірі компанияларға миллиардтарды қайта-қайта айналдырып беруде. Нақты экономиканы алға сүйрейтін стартаптар мен жаңа бастамалар үшін бұлардың есігі әлі де тарс жабық.
Abai.kz