Қырғыздар Енесейден Алатауға қашан келді?
Тарихи жұмбақтардың бірі — Енесей қырғыз мемлекеті. Бұл тақырып тек қазіргі қырғыз халқының ғана емес, сонымен қатар көптеген түрік және моңғол халықтарының ортақ тарихымен тығыз байланысты.
Енесейдің байырғы тұрғындары қытай деректерінде «кэнсүй» немесе «гэнькунь» (鬲昆) деп аталған. Оларды б.з.д. 201 жылы Боғда тәңірқұт бағындырған болатын, бірақ сол кездегі кэнгүндердің қай тілде сөйлегені әлі күнге дейін беймәлім. «Кэнгүн» атауы Кем (Енесей) өзенімен байланысты сияқты («кем + құн» — кемдіктер, кем адамдары деген мағынаны білдіреді). Кейін бұл өңірге Шоже тәңірқұт келді. Ғұндар батысқа ауып, Алтайдан ары асқан кезде оларды ығыстырған болуы ықтимал, сондықтан кэнгүндерді V–VI ғасырлардағы Енесей қырғыздарының дәл өзі деп кесіп айтуға болмайды.
V–VI ғасырларда олар арбалы тайпалардың қатарында аталып, түрлі атаулармен белгілі болды: хэгу (結骨 — кәр ғұр), хэгу (紇骨 — кеғұр), хэгусы (紇扢斯 — кергус). Түрік қағанаты құрылған кезде олар түріктерге бағынып, оларға қару-жарақ жасап беріп отырды. 630 жылы Түрік қағанаты құлағаннан кейін сары аттыларға, ал 650 жылдары Таң империясына бағынды. 680 жылы Түрік қағанаты қайта орнаған соң, олар Таң империясымен одақтасып, түріктерге қарсы соғысты.
Барс бек және Көк түріктермен қақтығыс
Қырғыз ханы Барс бек Білге қағанның қайын інісі (немесе жездесі) болған. 693 жылы қырғыздарға қарсы жорығы сәтсіз аяқталғаннан кейін, Екінші Түрік қағанатының билеушісі Қапаған қаған қырғыз әміршісі Барс бекке «қаған» атағын беруге мәжбүр болды. Тіпті, ол Барс бекпен әулеттік одақ құру мақсатында өзінің қарындасы — ханшайымды ұзатты. Алайда, бұл қадам Орталық Азиядағы үстемдік үшін күрескен Көк түріктер мен қырғыздар арасындағы шиеленісті тек уақытша ғана бәсеңдетті.
707 және 709 жылдары қырғыз елшілері Таң империясына екі рет барды. Сол кезде Көк түріктер Таң империясымен соғысып жатқан еді, ал қырғыздар түргештер, чиктер, адайлар тайпаларымен және Таң империясымен жаңа коалицияға бірікті. Осы кезеңде Көк түріктер үшін ең үлкен қауіпті күшейіп алған қырғыздар тудырды.
709 жылы Көк түрік әскері чиктер мен адай тайпаларын жеңіп, Туваны басып алды әрі қырғыз жерлеріне басып кіруге қолайлы жағдай жасады. Барс бек Саян тауларының арғы жағындағы өз жерлерінің қолжетпес екеніне сеніп, қақтығысқа араласуға батылы бармады.
Алайда, 710–711 жылдардың қысында Көк түрік әскері айналмалы маневр жасап, Саян жотасынан асып өтті де, қырғыздарға кенеттен шабуыл жасады. Саян тауларындағы шайқаста 50 000 түрік әскерінен 80 000 қырғыз әскері жеңіліске ұшырап, Барс бек қаза тапты. Қырғыз мемлекеті жаулап алынып, Минусинск ойпатына Көк түрік әскерлері орналастырылды. Дегенмен, басқару ісі қырғыз билеушісінің қолында қалдырылды. 711 жылы Қытайға қырғыз елшілігі келді. Бәлкім, оны Барс бек қайтыс болар алдында көмек үмітімен жіберген болуы мүмкін. 722 және 723 жылдары Таң Қытайына тегін Исибо Шейуже Биши Сыгин мен тегін Жуйли Пинхэчжун Сигин бастаған екі қырғыз елшілігі келді.
710 жылы Қапаған қағаннан жеңіліс тапқаннан кейін, Барс Бектің ұлы қырғыздарды басқарды. Күлтегін мен Білге қағанның тасында:
«Асусыз Алтай тауынан асып, Көгімен тауынан асып, қырғыздарды түнгі ұйқыда бастық, қағаны Барыс бек еді, білместігі үшін өлді... Күлтегіннің басына қырғыз қағанының балбалын тіктім...» — деген жазбалар бар (түрік салты бойынша мола басына жеңген жауының бейнесі бар балбал тас орнатылатын). Осылайша олар қырғыздарды бірнеше рет бағындырды.
Көк түріктер құлаған соң, олар ұйғырларға бағынды. Ұйғыр билеушісі Баянчур қырғыз басшысын өлтіріп, орнына Білге Тоң Еркін есімді жаңа қырғыз ханын тағайындады.
Хағастар мен Ұйғыр қағанатының құлауы
Осы Ұйғыр қағанаты кезінен кейінгі қытай деректерінде оларды Xiajiasi (黠戛斯 — хар гас, қарқас, қарақас, қағас, қаас) деп атады. Бұл атау «қырғыз» деген сөзден гөрі хакас, хаас, қарақас атауларына көбірек ұқсайды. «Тан Шуда» оны сол өңірге барған Жия Дан есімді қытай өз көзімен көргендіктен, соның жазбалары бойынша сипатталғаны айтылады.
Бұдан туындайтын сұрақ: Ел атауы неге өзгерді? Мәселе — қырғыз бен хағас (харгас) көршілес елдер болса керек, қырғыз күшейгенде — қырғыз, хағас күшейгенде — хағас аталуы заңды құбылыс. Ал 840 жылы Ұйғыр қағанатын құлатқан кездегі атауы — сол хағас, харгас еді.
Олар тәңір сенімінің бір түрін ұстанып, тек су мен шөп құдайларына сиынатын. Алайда Енесей бітік тастарында «Тәңір» деген сөз өте жиі кездеседі. Тулары қызыл түсті болып, оған ұлыс таңбасы кестеленетін. Өлген адамның денесін үш рет айналып жылайды, бірақ бет жыртып жоқтау айтпайды. Өлгенді өртеп жерлейтін, бұл да суық табиғат жағдайымен байланысты болса керек.
Ли әулетінен тарау мифі және 840 жылғы жорық
Қырғыз билеушілері өз тегін Хань әулетінің қолбасшысы, генерал Ли Гуанның немересі — Ли Линнен тарататынын мәлімдеген. Ли Лин б.з.д. I ғасырда ғұндарға тұтқынға түсіп, кейін солардың жағына өткен болатын. Таң империясын билеген Ли әулеті де өз тегін Ли Гуаннан тарататындықтан, қырғыз қағаны Таң әулетінің туысы ретінде танылды. Бұл туыстық байланыс қырғыз қағаны Ачу қаған (А-же) Ұйғыр қағанатына басып кіріп, Қасар қағанды өлтірген кезде екі жақ арасындағы қарым-қатынастың шиеленісуіне жол бермей, жағдайды жұмсартты. Бұл оқиға туралы хабарды Чанъаньға қырғыз елшісі Чжуу Хэсу жеткізді.
840 жылы қырғыз-хағастардың 100 мың әскері Ұйғыр қағанатына шабуыл жасап, астанасын басып алды. Тоғыз-оғыздар (15 тайпа) мен қарлықтар жеріне көшті (олардың саны бірнеше жүз мыңға жетуі мүмкін). Кейін олар Қарахан мемлекетін, Оғыз жабғұ мемлекетін құрды. Ұйғырлардан кемінде 100–150 мың адам Құмыл, Тұрпан, Бесбалыққа ауып барып, онда Идықұт ұйғыр мемлекетін құрса, Гансуға барғандар Ганжоу ұйғыр мемлекетін құрды.
Енисей қырғыздары мен Таң империясы 840–848 жылдар аралығында Ұйғыр қағанатын және оның Орхон аңғарындағы орталығын жою мақсатында бірлескен соғыс жүргізді. 843 жылы 13 ақпанда Шаху («варварларды жою») тауында өткен шайқаста генерал Ши Сюн бастаған Таң әскерлері ұйғыр қағаны Өгеді жаралап, мал-мүлкін тартып алды, 5000-нан 20 000-ға дейін ұйғыр жауынгерін тұтқынға түсіріп, 10 000 ұйғырды өлтірді.
845 жылы император У-цзун Ачу қағанға «Цзун Инсюн У Чэнмин қаған» деген атақ берді. Алайда елшілер Чанъань қаласынан аттанбас бұрын император қайтыс болды. Жаңа император Сюань-цзун оған қаған атағын беруге асықпады. Шенеуніктер бұл атақтар ұйғырларға олар қуатты кезінде берілгенін, ал егер Енисей қырғыздарына да мұндай мәртебе берілсе, олардың менменсіп, қауіпті күшке айналуы мүмкін екенін талқылады. Нәтижесінде император бұрынғы шешімін жойды. 847 жылы Ачу өз шенеуніктерінің бірінің қолынан қаза тапқаннан кейін, Сюань-цзун императоры қырғыздың жаңа билеушісін «Инъу Чэнмин қаған» деп жариялап, бұл атақты тапсыру үшін Ли Е есімді елшіні жіберді.
Қидан жорықтары және Моңғол даласынан кетуі
Қидан билеушісі Абаоцзи 924 жылы Моңғол үстіртіне өз ықпалын таратқанымен, қырғыздармен арада қандай да бір қақтығыс болғаны туралы ешқандай дерек жоқ. Қидан (Ляо) деректерінде қырғыздар туралы тек екі мемлекеттің өзара дипломатиялық қатынаста болғаны ғана айтылады.
Тарихшы Майкл Дромпптың пікірінше, шамамен 840 жылдан 924 жылға дейінгі кезеңде қырғыздардың «империясы» болды деген тұжырымдар шындыққа жанаспайды. Қолда бар барлық деректерге сүйенсек, қырғыздар Моңғол үстіртіне қысқа мерзімге ғана ықпал еткенімен, 840 жылдардағы жеңістерінен кейін ол аймақта айтарлықтай саяси немесе әскери күш ретінде тұрақтап қалмаған.
«Тан» деректері «860–873 жылдары қырғыздар қанша соғысқанымен ұйғырларды жеңе алмады» дейді. Сондықтан қырғыздар 840 жылы ұйғыр мемлекетін толық жойған жоқ, тек Моңғолиядан қуып шығарды деуге болады. Ал Ганжоу ұйғыры мен Идықұт (Гаучаң) ұйғыр мемлекеттері өз жалғасын тауып, ұйғыр ханы 1209 жылы Шыңғыс қағанға бағынды (бұл үдеріс 1335 жылға дейін жалғасты).
Ажодан кейінгі Инчу қаған (847–866) туралы деректер аз, ал одан кейінгі қағандар туралы мәлімет мүлде сақталмаған. 923 жылы Моңғолияға жорық жасап қайтқан қидандардың қырғызбен емес, жабғулармен (қытайлар зубұ дейді) соғысқаны белгілі.
Ұйғыр мен тоғыз-оғыздардың көшінен кейін далада қыпшақ пен хун рулары қалды. Кейін олар қытайлар мен қайлардан ығысып, батысқа қарай кетті. Бұл деректі араб ғалымы Әл-Марвазидің мына сөздері дәлелдейді:
«Түріктердің арасында құндар деп аталатын бір топ адамдар бар, олар қытай қағанынан қорқып, қытай жерінен келді. Олар несториан сарынындағы християндар, өз аймағынан жайылымның жетіспеушілігінен кетті...»
Кейінгі қыпшақтардың арасында ұйғыр руының болуы — қыпшақтардың Ұйғыр қағанатының тікелей мұрагері екенін, яғни қидан жорығынан соң жаппай батысқа көшкенін көрсетеді. Бұл құн атауы ежелгі ғұн (сюңну, хунну) есімімен байланысты.
Демек, бұл пікірлер мен деректер 860–870 жылдардан кейін Моңғол даласында қырғыздардың қалмағанын немесе ол жерде тұрақты «Қырғыз қағанаты» болмағанын көрсетеді. «Худуд әл-Алам» кітабында да (982–983) қырғыздардың Енесейде мекендейтіні айтылады. Сондықтан қырғыз қағанаты қазіргі кейбір тарихшылар айтқандай аса ірі қағанат болмаса керек әрі ғұмыры да ұзаққа созылмаған.
Алатауға қоныс аударуы
-
1209 жылы Жошының әскері Енесейге барғанда 10 мың үй қырғыз соғыспай бағынды. Юань деректері бойынша (1369), қырғыздар Енесей бойында болған.
-
Олардың Алатауға көшуі XVI ғасырдың басында ойраттардың қысымынан болды.
-
VII–VIII ғасырлардағы қырғыз-хағастар аққұба, көккөз, жирен шашты болып сипатталса, кейін түрік-моңғолдармен араласып, таза моңғолоидтық сипатқа ие болды.
-
Моңғол империясының жорықтары кезінде қырғыздар әр жерге тарап, Алтын Орда мен Хулагу ұлысында да қырғыз рулары болды.
-
Алатау қырғыздары туралы алғашқы деректер XVI ғасырда Мұхаммед Хайдар Дулатидің еңбектерінде кездеседі, онда қырғыздардың әлі мұсылман еместігі айтылады.
-
Енесейде қалған бір тобын XVII ғасырда орыс әскерлері кездестіріп, екі арада соғыстар болды. Жоңғар хонтайшысы Енесейге барып оларды бағындырды да, кейін Тарбағатайға көшірді. 1756 жылы олар 4 мың үй (20 000 адам) болған. Кейін жоңғарлармен бірге геноцидке ұшырап, лама дінін ұстанған Тарбағатай қырғыздарының аз ғана бөлігі (2000-дай адам) қалды.
Алатау қырғыздарының қалыптасуы
XVI ғасырда Алатауға келген қырғыздар моғол билеушілеріне бағынбай, ақырында Қазақ хандығына қарап, Қасым ханға, кейін Тайыр ханға бағынышты болды. Қазақ ордасымен 170 жылдай бірлікте болған қырғыздар қазақтармен өте тығыз, достық қарым-қатынаста өмір сүрді.
Енесейден келген қырғыздарға жергілікті қыпшақ, қаңлы, қытай, найман, керейт, барғы рулары, моғолдардан моңолдор, қалмақ, барын, қатаған, чорыс, нойғұт, қоңырат рулары қосылды. Бұғы руы V–VI ғасырлардағы тоғыз-оғыз руларының қатарында 仆固 (bu gut) болып аталады.
Қазіргі қырғыз құрамындағы солто, бұғы, бостон, саяқ, черік, азық, сарыбағыш, сару, шонбағыш, мұндұз, мұңғұш, кесек, тейт, төлөс, бассыз, құсшы және басқа да рулар түпкі Енесей қырғыздарының ұрпақтары болуы тиіс.
Ерзат Кәрібай
Abai.kz