Илон Масктың мәрттігі
Әлемдегі нөмірі бірінші миллиардер Илон Маск 19 қазанда (жергілікті уақыт бойынша) жеке парақшасында 2027 жылдан бастап Америка Құрама Штаттарындағы әрбір балаға SpaceX компаниясының бір акциясын сыйға тарту жоспары бар екенін жариялады. Қазіргі таңда құны 2 триллион долларға бағаланып отырған бұл аэроғарыш және жасанды интеллект компаниясы жақында ғана рекордтық көрсеткішпен алғашқы көпшілік акция орналастыру (IPO) рәсімін аяқтаған еді.
Масктың жаңа бастамасы технологиялық алпауыттар арасындағы байлықтың бөлінуі, жасанды интеллектінің қоғамға тигізетін әсері және әдеуметтік қайырымдылық сияқты мәселелерді қоғам назарына қайта шығарды.
SpaceX 2026 жылдың маусым айында биржаға шығып, өткен жұмада (16-күні) компания акцияларының бағасы 146,03 доллар деңгейінде жабылды. АҚШ Халық санағы бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылы Америка Құрама Штаттарында 18 жасқа толмаған шамамен 72 миллион бала тіркелген. Осы сан мен акцияның жабылу бағасын ескерсек, сыйға тартылатын акциялардың жалпы құны шамамен 10,5 миллиард долларды құрайды.
Маск – SpaceX компаниясының ең ірі акционері, оның иелігінде 6,4 миллиардтан астам акция бар. IPO-дан кейінгі шектеулерге (lock-up provisions) байланысты, оның қолындағы акциялардың басым бөлігін 2027 жылдың маусымына дейін сатуға немесе айналымға шығаруға болмайды. Соңғы деректерге қарағанда, Масктың таза байлығы 908,5 миллиард долларды құрайды; демек, бұл қайырымдылық оның жеке байлығының шамамен 1,2%-ына тең деген сөз.
Илон Масктың акцияларды қайырымдылыққа беру туралы уәдесі жасанды интеллект (ЖИ) саласындағы ірі ойыншы Anthropic компаниясы ұсынған жаңа бастамамен тығыз байланысты.
18 қазанда (жергілікті уақыт бойынша) Anthropic компаниясы өз капиталының кемінде 5%-ын «Қоғамдық игілік қорына» (Public Benefit Fund) бөлетінін жариялады. Компанияның соңғы есебіне сүйенсек, бұл үлестің құны шамамен 48 миллиард долларды құрайды. Компанияның нарықтық құны өскен сайын, қорға берілетін акциялар үлесі де ұлғаюы мүмкін.
Anthropic мәлімдегендей, қор коммерциялық емес ұйымдарға қомақты гранттар бөледі сондай-ақ қаражатты көмекке мұқтаж қауымға ақшалай да таратады. Сонымен бірге, компания қор арқылы жасанды интеллекттің еңбек нарығына тигізуі мүмкін кері әсерлерін, соның ішінде технологиялық даму салдарынан туындайтын жұмыс орындарының қысқаруы мен әлеуметтік тұрақсыздық мәселелерін шешу жолдарын қарастыруға атсалысады.
Илон Маск Anthropic компаниясының мәлімдемесіне жауап ретінде әлеуметтік желіде: «Мен акцияларды халыққа тікелей таратуды ұсынамын», — деп жазды. Жеті сағаттан кейін Маск Америка Құрама Штаттарындағы әрбір балаға SpaceX компаниясының бір акциясын сыйға тарту жоспары бар екенін жариялады.
Масктың мәрттігі — жалғыз мысал емес. Соңғы уақытта Америка Құрама Штаттарында балаларға арналған жинақ және инвестициялық жүйелерді құруға бағытталған бастамалар қолға алынуда; бұл іске бірқатар танымал технологиялық миллиардерлер де қатысатындарын мәлімдеді.
АҚШ үкіметі балаларға арналған «Трамп шоттары» (Trump Accounts) деп аталатын федералдық жинақ және инвестициялық бастаманы енгізді. Бұл бағдарлама аясында 2025–2028 жылдар аралығында дүниеге келген, талаптарға сай келетін балаларға үкімет тарапынан бір реттік 1000 доллар көлемінде қаражат беріледі. Бұл қаржы балаларға ерте жастан бастап өз активтерін қалыптастыруға көмектесуді көздейді.
Биылғы жылдың шілде айында АҚШ Қаржы министрлігі бағдарламаға қатысуға құқығы бар балалардың шоттарын қаржыландыра бастады. Қазан айына қарай Қаржы министрлігі 60 миллионнан астам баланың бағдарламаға автоматты түрде тіркелгенін хабарлады. Жақындары, жұмыс берушілер, меценаттар, мемлекеттік органдар және қайырымдылық ұйымдары бұл шоттарға қаражат, соның ішінде корпоративтік акцияларды сала алады.
Dell Technologies компаниясының негізін қалаушы Майкл Делл мен оның жұбайы Сьюзан Делл аталған шоттарға 6,25 миллиард доллар көлемінде қолма-қол қаражат аударатындарын мәлімдеді. Олар басқа да әріптестерінің жомарттық танытатынына сенімді.
SpaceX президенті Гвинн Шотвелл мен оның жұбайы Роберт те екі миллионнан астам баланың әрқайсысына SpaceX компаниясының бір акциясын сыйға тарту жоспары бар екенін жариялады. Бұл ретте басты назар SpaceX штаб-пәтері орналасқан Техас штатындағы табысы төмен аудандарға бағытталады.
Илон Маскт те АҚШ балаларына арналған жарналық үлестің «Трамп шоты» (Trump account) арқылы жүзеге асатынын мәлімдеді. Оның ерекше мәрттігіне АҚШ президенті Доналд Трамп пен Қаржы министрі Скотт Бессант ерекше алғыс айтты.
Илон Маск осылайша дәстүрлі ақшалай көмектен өзгеше байлықты бөлу тәсілін ұсынып, балаларға жас кезінен бастап қаржылық активтерге иелік етуге мүмкіндік беру арқылы оларға болашақта капитал нарықтарының өсуінен үлес алуға жол ашты.
АҚШ-тың қаржы алпауыттары мен билік басындағылардың болашақ ұрпаққа деген мүндай ерекше жомарттығы біздің «Африкада отбасының бәрі көп балалы. Бірақ оларда әлеуметтік көмек жоқ» деп сандырақтап, ілгері жүрудің орнына кері тартқан министрлерге ой салса, кәні.
Есбол Үсенұлы
Abai.kz