Дүйсенбі, 26 Қазан 2026
Анық-қанығы 227 0 пікір 26 Қазан, 2026 сағат 14:44

Шетелдік БАҚ-ты тіркеу тәртібі һәм Тілеубердінің бұйрығы

Суреттер: farabi.university, baq.kz сайттарынан алынды.

СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ МЕН «ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК» АРАСЫНДАҒЫ ТЕПЕ-ТЕҢДІК

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдіктері мен олардың журналистерін аккредиттеу ережелеріне елеулі өзгерістер енгізді. СІМ министрі Мұхтар Тілеубердінің 2026 жылғы 15 қазандағы № 11-1-4/573 бұйрығымен бекітілген бұл түзетулер қараша айының басынан бастап күшіне енеді.

Бұл құжат еліміздің ақпараттық кеңістігіндегі бақылауды күшейтуге бағытталған мемлекеттік саясаттың көрінісі ме, әлде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің объективті қажеттілігі ме?

Жаңа бұйрық бойынша шетелдік БАҚ пен олардың тілшілері үшін бірқатар маңызды шектеулер мен талаптар енгізілді:

Енді СІМ шетелдік БАҚ-қа немесе журналистке «ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне» сүйене отырып, аккредитация беруден бас тарта алады, оны тоқтата тұра алады немесе кері қайтарып ала алады. Алайда, ережеде «ұлттық қауіпсіздік мүддесінің» нақты критерийлері ашып көрсетілмеген. Құжат ҰҚК (КНБ), Бас прокуратура және Мәдениет мен ақпарат министрлігімен келісілген.

Өкілдіктердің аккредитация мерзімі 5 жылдан 2 жылға дейін қысқарды. Егер БАҚ-қа аккредитация беруден бас тартылса немесе қайтарып алынса, құжаттарды қайта тапсыру үшін толық 1 жыл күту керек. Мерзімнен бұрын тапсырылған өтініш бірден кері қайтарылады.

1) Міндетті жылдық есеп: Әр жылдың 30 қаңтарына дейін шетелдік БАҚ өкілдіктері СІМ-ге өткен жылғы жұмысы бойынша есеп беруге міндеттелді. Есепке жарияланған материалдардың саны, негізгі тақырыптары және ең маңызды жарияланымдардың көшірмелері тіркелуі тиіс.

2) Бас тарту себептерін негіздеу талабының алып тасталуы: Бұрынғы редакцияда бас тарту туралы шешімде «себептерін негіздеу» міндеттелсе, жаңа редакцияда бұл тұжырым алып тасталған.

РЕФОРМАНЫҢ САЛДАРЫ МЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНТЕКСТ

Қазақстан билігі бұл қадамды «Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңға сәйкестендіру және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету деп түсіндіреді. Қазіргі геосаяси текетірестер мен ақпараттық соғыстар дәуірінде мемлекеттердің өз ақпараттық кеңістігін қорғауға ұмтылуы — ғаламдық тренд.

Алайда, халықаралық құқық қорғау орталықтары мен медиа-сарапшылар бұл түзетулерге байланысты өз қауіптерін білдіруде:

«Ұлттық қауіпсіздік» түсінігінің нақты критерийлерінің болмауы бұл бапты билікке жақпайтын тәуелсіз немесе сыни материалдар жазатын шетелдік журналистерге қарсы субективті түрде қолдану қаупін тудырады.

Бұған дейін (2024 жылы) СІМ «Азаттық радиосының» 36 тілшісіне аккредитация бермей немесе созбақтаған болатын. Жаңа ережелер мұндай шешімдерге заңды негізді одан әрі нығайта түседі.

Халықаралық CPJ ұйымы бұған дейін-ақ бұл ережелердің жобасына алаңдаушылық білдіріп, ол ұсақ әкімшілік бұзушылықтар үшін де аккредитацияны қайтарып алуға жол ашатынын ескерткен еді.

Жаңа бұйрық Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосы мен күштік құрылымдарының шетелдік медиа-акторларды бақылау мүмкіндігін едәуір арттырады. Мемлекет үшін бұл — сыртқы ақпараттық ықпалдан қорғану фильтрі болса, халықаралық қоғамдастық пен медиа үшін — сөз бостандығы мен журналистік қызметті шектеудің жаңа тетігі.

Ендігі басты сұрақ — бұл нормалар тәжірибеде қалай қолданылады? Егер бұл ережелер тек шетелдік пропаганда мен деструктивті ақпаратқа қарсы жұмыс істесе, ол ұлттық мүддені қорғайды. Ал егер аталған өзгеріс шынайы ақпарат тарататын халықаралық басылымдарды бұғаттауға пайдаланылса, бұл Қазақстанның халықаралық аренадағы демократиялық имиджіне кері әсерін тигізуі мүмкін.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 1215
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1696