ЖИ дәуіріндегі Қазақстан: Дамудың жаңа моделі...
Әлем жаңа технологиялық бөліністің қарсаңында тұрғандығын еш жоққа шығара алмаймыз. Біз сөз еткен осы бөліністің түп негізінде жасанды интеллект, үлкен деректер, ғарыш технологиялары және киберқауіпсіздік жатыр. Тілге тиек етіп отырған аталған бағыттарда артта қалған ел тек технология импорттаушыға айналатын болса, ал мемлекеттік тұрғыжан дұрыс стратегия таңдаған ел жаңа экономиканың белсенді қатысушысына айналады.
Қазақстан үшін бұл — зиялы һәм технократ қауымының өңешті жырта жаға жыртысатын теориялық пікірталас алаңы емес. Елдің аумағы, ресурстық әлеуеті, көлік-логистикалық орны және жас буынның цифрлық білімге деген қызығушылығы оның технологиялық дамуға нақты мүмкіндігі бар зор ғалам кеңістігі екенін көрсетеді. Кезінде 2025 жыл «Цифр жылы» жарияланып, цифрландыру мен жасанды интеллект мемлекеттік саясаттың басты векторына айналғандығын жақсы білеміз.
ЦИФРЛАНДЫРУ: СЕРВИСТЕН ЖҮЙЕГЕ ДЕЙІН
Цифрландырудың бірінші кезеңі — еліміздегі қызметтерді онлайнға көшіру болып табылады. Екінші, яғни, оданда маңыздырақ кезең — мемлекеттік басқарудың ішкі процестерін цифрлық логикаға көшіру болып саналады.
Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн қолжетімді болғаны туралы дерек бар, ал ЖИ ассистенттері екі миллионнан астам сұранысты өңдегенін БАҚ жақсы білеміз. Әрине, бұл — үлкен жетістік десек те, цифрландырудың нақты сынағы — азаматтың бір рет қана дерек беруі және оның барлық мемлекеттік жүйелерде пайдаланылуы иықтағы зор жүкті түсіреді.
Цифрландырудың мақсаты — құжат санын азайту ғана емес. Сонымен қатар, оның басты міндеті — шешім қабылдау сапасын арттыру болып саналады. Мысалы, денсаулық сақтау саласында науқастың деректері бір жүйеде жинақталса, дәрігер нақтырақ диагноз қоя алады. Көлік саласында жол қозғалысының деректері талданса, кептелісті тіптен де азайтуға болады. Ауыл шаруашылығында топырақ пен ауа райы деректері егіннің өнімділігін арттыруға көмектеседі.
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: ХАЙПТАН НӘТИЖЕГЕ
Жасанды интеллект — көз жұма табынатын әмбебап шешім емес. Ол —жан-жақты ойластырылып жасалған нақты мәселені шешуге арналған технология болып саналады. Сондықтан ЖИ енгізудің басты тікелей қойылар сұрағы: «Бұл технология қандай нақты мәселені шешеді?» деуден тұрады.
Қазақстанда ел билігі заманы аңысынан көш кейін қалмай, ЖИ мемлекеттік басқаруға жүйелі түрде енгізіле бастады. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құрылуы білім беру мен мемлекеттік басқаруды ЖИ негізінде трансформациялауға мүмкіндік берді. AI Qyzmet бағдарламасы мемлекеттік қызметшілерге арналған, Орталық Еуразиядағы ЖИ саласындағы алғашқы оқыту бағдарламаларының бірі ретінде ұсынылып отырған жайы бар.
Өнеркәсіпте де ЖИ практикалық жобаға айналып, бизнес ортаның игілігіне айнала бастады. Industrial AI Acceleration бағдарламасы аясында 95 трекшн-митинг өткізіліп, 50 сағаттан астам оқу және практикалық воркшоп ұйымдастырылды; сонымен қатар 136 ЖИ-шешім таныстырылды. Бұл — ЖИ-нің тек құр сұлу суретті презентацияға көрініс тауып қоймай, нақты өндірісте де қолданыла бастағанын айқара танытып көрсетеді.
Алайда ЖИ дамуының ең үлкен тәуекелі, әрі оғаштықпен қабылдануы — оны әлем төбесіне көтеріп отыратын «мода» ретінде қабылдаушылық болып саналады. Әр мекемеге чат-бот қою, әр кәсіпорынға «AI платформасы» сатып алу — бұл түптеп келгенде әлі инновация болып табылмайды. Нақты инновация — ЖИ адам еңбегін жеңілдетіп, қате шешімдерді азайтып, азаматқа нақты пайда әкелгенде пайда болатыны осы бастан ұлт болып ұғынуға тиіспіз.
ИННОВАЦИЯ: ИДЕЯ ЕМЕС, НӘТИЖЕ
Инновация туралы айтқанда, көбіне бәріміздің көз алдымызға стартап, хакатон немесе технопарк елестейді. Бұлар қанда жерден маңызды болса да, бәрі бір түптеп келгенде олар — бар болғаны құрал ғана. Нақты инновация — идеяның не ұлттық, не әлемдік нарыққа шығып, адамдардың өмірін өзгерткенде ғана пайда болады.
Қазақстанда инновациялық орта бірте-бірте нығаюда. Цифрлық даму бағытында телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, IT-секторды қолдау және цифрлық жобаларды енгізу жұмыстары өз жалғастығын тауып жатыр. Digital Bridge сияқты ірі форумдар да стартаптарға, инвесторларға және мемлекеттік органдарға байланыс орнатуға мүмкіндік бере бастады. Солай дегенімізбен де, инновациялық инфрақұрылымның басты мәселесі — оның нәтижесін өлшеу екендігін естен шығарып алмағанымыз жөн. Бұл орайда, қадап айтар бір жайт: Технопаркте қанша компания бар екені еш маңызды емес. Ең маңыздысы — сол компаниялардың қаншасы нарыққа шықты, инвестиция тартты, жұмыс орны ашты және экспортқа жол тарта алғандығы болып саналады.
Инновациялық ортаны дамытуда:
- Тестілеу алаңдарын кеңейту: жаңа технологияны нақты ортада сынау мүмкіндігі.
- Тәуекелдік қаржыландыру: ерте кезеңдегі стартаптарға грант пен венчурлық инвестиция.
- Кадр даярлау: ЖИ, деректер ғылымы, киберқауіпсіздік және ғарыш технологиялары мамандарын даярлау сынды үш бағыт маңызды болып табылады..
ҒАРЫШ: ЖЕРДЕГІ МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ ЖАУАБЫ
Жасырып жабары жоқ, Ғарыш саласы көбіне ғылыми-фантастикалық бағыт ретінде қабылданады. Шынында, ол бүгінгі таңда біздің күнделікті өмірімізбен тікелей байланысты болып отыр. Жерсеріктік деректер ауыл шаруашылығын, экологияны, көлікті, телекоммуникацияны және төтенше жағдайларды басқаруда қолданылады.
Қазақстан үшін ғарыш — тек кеуде қаға мақтанатын ұлттық мақтаныш емес. Сонымен бірге, берер табысы көл-көсір — стратегиялық ресурс. Елдің үлкен аумағы, минералдық ресурстары және көлік дәліздері жерсеріктік бақылау мен деректер талдауын тым қажет етеді. Мысалы, жерсеріктік мониторинг су ресурстарын бақылауға, егін алқабының жағдайын анықтауға, орман өртін ерте анықтауға және кен орындарын қадағалауға көмектеседі. Бұл деректерді ЖИ-мен қосқанда, болжамдық талдау мүмкіндігі пайда болады. Яғни мемлекет мәселе пайда болғаннан кейін емес, оның алдын әубастан қаперге ала отырып, әрекет ете алады.
Ғарыш саласын дамытудағы басты міндет — ұшыру мүмкіндігін ғана емес, деректерді өңдеу және оны нақты салаларға енгізу қабілетін арттыру болып та табылады. Бұл орайда ЖИ, үлкен деректер және ғарыш технологиялары бір-бірін толықтырады.
КИБЕРҚАУІПСІЗДІК: ЦИФРЛЫҚ ЕГЕМЕНДІКТІҢ НЕГІЗІ
Цифрландыру ел тірлігіне неғұрлым тереңдеп енген сайын, киберқауіп те ғарыш жылдамдығымен өседі. Деректер онлайнқа көшкен сайын, оларды қорғау — тек техникалық мәселе емес, мемлекеттік қауіпсіздік мәселесіне басы бүтін айналады.
Қазіргі таңда елімізде цифрландыру мен ЖИ дамуының қатарында киберқауіпсіздікті күшейту де маңызды бағыт ретінде атала бастады. Алайда киберқауіпсіздік — тек firewall немесе антивирус орнату емес. Бұл — адам, процесс және технологияның үштігінің кіріге біріккен тұғырластығы болып саналады.
Киберқауіпсіздікті нығайтудың басты бағыттары:
- Мемлекеттік жүйелердің кибер төзімділігін арттыру.
- Жеке деректерді қорғау стандарттарын күшейту.
- Мемлекеттік қызметшілердің цифрлық сауаттылығын арттыру.
- Киберқауіпсіздік мамандарын даярлау.
- Кибершабуылдарға жедел жауап беретін орталықтарды нығайту.
Киберқауіпсіздіктің басты парадоксы — оның көрінбейтіндігі екендігінде болып табылады. Жақсы қорғаныс жұмыс істегенде, ешкім оны байқамайтын болса, ал қорғаныс әлсіз болғанда, нәтиже бірден көрінеді: деректер ағып кетеді, жүйелер тоқтайды, азаматтардың мемлекетке деген сенімі төмендейді.
ЦИФРЛЫҚ ЕГЕМЕНДІК — ЖАҢА ДАМУ МОДЕЛІ
Қазақстан алдында тұрған міндет — тек технология сатып алу емес, оны жасай білу және өз қажеттілігіне бейімдеу болып саналады. Цифрлық егемендік дегеніміз — деректерді, инфрақұрылымды, білімді және технологиялық шешімдерді өз қолында ұстау болып табылады.
Мұнда ЖИ, инновация, ғарыш және киберқауіпсіздік бір-бірінен бөлек бағыт емес. Оларды — бір жүйенің төрт тірегі ретінде қарастыратын болсақ, мынандай түйіндеу жасай аламыз:
- Жасанды интеллект — шешім қабылдауды жеделдетеді.
- Инновациялық инфрақұрылым — идеяны нарыққа шығарады.
- Ғарыш технологиялары — елдің аумағын басқарудың жаңа мүмкіндігін береді.
- Киберқауіпсіздік — осы бәрін сақтап қалады.
Қазақстан үшін төтесінен қойылар ең маңызды сауал — «Қандай технологияны сатып аламыз?» емес, бұған керісінше, «Қандай технологияны өзіміз жасай аламыз және оны қалай қорғаймыз?» болып табылады.
Цифрлық болашақ — жарнамалық ұран емес. Ол — білім, инфрақұрылым, қауіпсіздік және нақты нәтиже арқылы қалыптасатын жаңа экономикалық модельдің ел аумағында ұлт игілігі үшін қызмет көрсетіп, өз жемісін бере бастауы.
Қазіргі әлемде елдің бәсекеге қабілеттілігін тек табиғи ресурстар емес, оның жаңа технологияны жасай алу және қорғай алу қабілеті анықтайды. Инновация, инновациялық инфрақұрылым, ғарыш саласы және киберқауіпсіздік — бұлар бөлек сала емес, біртұтас технологиялық жүйенің тіректері болып табылады. Олардың бірі әлсіз болса, қалғанының әлеуеті де шектеулі болатындығы еш дау туғызбайтын шындыққа айналып отырған жайы бар.
Қазақстан соңғы жылдары осы бағыттарды жүйелі дамытуға бет бұрды. Astana Hub сияқты инновациялық алаңдар, жерсеріктік мониторинг жобалары және киберқауіпсіздік саласындағы жаңа тәсілдер елдің технологиялық дамуының негізін қалыптастырды. Алайда ұлт алдында тұрған басты міндет — жеке жобалар санын емес, олардың нақты экономикалық нәтижесін арттыру болып отыр.
Abai.kz