Сейсенбі, 10 Қараша 2026
Билік 236 0 пікір 10 Қараша, 2026 сағат 15:56

Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақ елі барда қазақ тілі тұғырдан түспейді!

Суреттер: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөз сөйлеп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі қолданысын кеңейту, ғылыми әлеуетін арттыру және тіл саясатын жетілдіру мәселелеріне тоқталды.

Президент ана тілі мәселесі мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызы бар тақырып екенін атап өтті.

«Ана тілі мәселесі – мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызы бар тақырып. Тіл – баршамызға ортақ құндылық. Біз өркениетті ел ретінде ана тіліміз – қазақ тілінің абырой-беделін арттыру үшін бір ел болып табанды жұмыс істеуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев 1989 жылы көрнекті ғалымдар Әбдуәли Қайдар мен Өмірзақ Айтбайұлының бастамасымен құрылған «Қазақ тілі» қоғамының тарихи маңызын атап өтіп, ұйым мүшелеріне алғыс білдірді. Оның айтуынша, қоғам мемлекеттік тілдің тұғырын нығайтуға бағытталған маңызды жобаларды жүзеге асырып келеді.

Президент өз сөзінде Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында елдің бірлігі мен мемлекеттілігін нығайтудың маңыздылығына да тоқталды. Оның айтуынша, қабылданған Конституция Әділетті Қазақстанды құруға заң тұрғысынан негіз қалады.

«Тәуелсіздік – бәрінен қымбат асыл дүние. Тәуелсіздікті қорғау әрі нығайту – ең қасиетті борыш, ең қастерлі парыз!», – деді ол.

Мемлекет басшысы Конституцияда мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесі нақты айқындалғанын жеткізді. Сондай-ақ құжатта білім мен ғылымды, инновацияны және адам капиталын дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеті ретінде бекітілгенін атап өтті.

Президенттің пікірінше, мемлекеттің халықаралық беделі артқан сайын мемлекеттік тілдің де абыройы күшейеді. Бұл ретте қазақ тілінің білім беру жүйесіндегі қолданысы артып келе жатқанын айтты. Биыл мектепке барған оқушылардың 71 пайызы қазақ сыныптарына қабылданған. Сонымен қатар колледждер мен жоғары оқу орындарында қазақ бөлімдерінің саны көбейген.

Қазақ тілінің мәдениет пен креативті индустрия саласындағы қолданысына да ерекше назар аударылды. Президенттің мәліметінше, былтыр жарық көрген 6 мыңнан астам кітаптың 70 пайызы қазақ тілінде басылған. Ал биыл Қазақстанда түсірілген 71 фильмнің 63-і ана тілімізде жарық көрген.

«Қазақ тілі барлық салада, соның ішінде креативті индустрия саласында кең қолданыс табуда. Ана тілімізде жарық көрген кітаптардың, әндердің, фильмдердің нарықтағы үлесі ұлғая түсті», – деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, қазақ тілі ұлтты ұйыстыратын әрі елдің мәдениеті мен зияткерлік әлеуетін танытатын «жұмсақ күшке» айналып келеді. Осы орайда Президент Димаш Құдайберген, Самал Еслямова, Бибісара Асаубаева, Ерсін Балтағұл және Ерзат Дулатов секілді халықаралық деңгейде танылған азаматтардың еңбегін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің болашағына қатысты пессимистік көзқарастан арылу қажеттігін де айтты. Оның сөзінше, қазақ тілі қазіргі заман талабына сай дамып, цифрлық технологиялар саласында кеңінен қолданыла бастады. OpenAI зерттеуінде қазақ тілі жасанды интеллект жүйелеріндегі қолданысы қарқынды кеңейіп келе жатқан тілдердің қатарына енген. Сондай-ақ Yandex мәліметінше, компанияның бір өнімін қазақ тілінде пайдаланушылар саны былтырдан бері 30 пайызға артқан. Google компаниясы да қазақ тілін Gemini тілдік моделіне енгізген.

Президент қазақ тілін одан әрі дамыту үшін бірнеше маңызды міндетті атап өтті. Соның бірі – қазақ тілінің ұлттық цифрлық деректер қорын жасақтау.

Мемлекет басшысының айтуынша, кітапханалар мен мұрағаттарда сақталған қазақ тіліндегі кітаптарды, мерзімді басылымдарды, аудио-бейне жазбаларды, мұражай қорларын цифрлық форматқа көшіру жұмыстарын жандандыру қажет.

«Халқымыздың өшпес мұрасы мен рухани байлығы қағаз бетінде емес, цифрлық кеңістікте сақталуға тиіс», – деді Президент.

Сонымен қатар инженерия, медицина, құқық, экономика және ақпараттық технологиялар салаларын қазақ тілінде меңгеруге мүмкіндік беретін сапалы оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлеу қажеттігін айтты.

Мемлекет басшысы қазақ тіліндегі бірізділік мәселесіне де тоқталды. Оның пікірінше, кейбір сөздер мен терминдердің әртүрлі қолданылуы тіл тазалығына кері әсер етіп, қоғамды шатастырады. Сондықтан емле мен ережелерді жүйелеп, сөздіктерді, соның ішінде орфографиялық сөздікті жаңарту қажет.

«Сондықтан біз де қазақ тілі орфографиясының ғылыми негізін зерделеп, жедел түрде ретке келтіруіміз керек. Осы жұмысты келесі жылдың соңына дейін аяқтау қажет», – деп тапсырды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент кейбір жасанды аудармалардың қолданысына қатысты да пікір білдірді. Ол «тұжырымдама», «қағидат», «сыйақы», «шәкіртақы», «ғаламтор», «зымыран», «жасанды сана» секілді сөздердің тілде орнығуын оң құбылыс ретінде бағалады. Ал «күйсандық», «қылтима», «субұрқақ», «себезгі», «жеделсаты» сияқты баламалардың қажеттілігіне күмән келтірді.

Осы мәселелерді жан-жақты қарастыру үшін кәсіби тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар мен қоғам өкілдерінен арнайы жұмыс тобын құруды ұсынды. Жұмыс тобының қызметін үйлестіру Президент Әкімшілігіне жүктелетінін айтты.

Бұдан бөлек, қазақ тілінің халықаралық байланысын нығайту мақсатында БҰҰ-ның негізгі ресми тілдерімен байланыстыратын екі және көптілді сөздіктер әзірлеу қажеттігін жеткізді. Атап айтқанда, қазақ-француз, қазақ-испан, қазақ-қытай, қазақ-араб, қазақ-неміс, қазақ-итальян, қазақ-жапон, қазақ-корей және қазақ-парсы сөздіктерін жасау, сондай-ақ қазақ-орыс сөздігін жаңарту міндетін қойды.

Президент цифрлық кеңістікте қазақ тіліндегі сапалы контентті көбейтуді де маңызды міндеттердің бірі ретінде атады. Әсіресе, қазақ тілін өздігінен үйренуге арналған IT-өнімдер, балалардың тілін дамытуға бағытталған фильмдер мен ойындар әзірлеу қажет екенін айтты.

«Адам қай тілде ақпарат іздеп, фильм көріп, білім алса, сол тілдің әлеуеті күшейе түсетіні анық. Сондықтан цифрлық кеңістікте қазақ тіліндегі сапалы әрі тартымды өнімдерді көбейту – аса маңызды міндет», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамының Oxford Qazaq Dictionary жобасын жалғастыруды қолдайтынын жеткізді. Ұйым жанынан құрылған Qazaq Tili Endowment Qory қорының қызметіне де оң бағасын берді.

Құрылтай барысында Президент қоғамның «Дала орманы» жобасына да тоқталды. Оның мәліметінше, ұйым серіктестерімен бірге бір жылдың ішінде 400 гектар жерге 5 миллион тал еккен. Нәтижесінде еліміздің үш облысында төрт ірі орман питомнигі құрылған.

Жобаны одан әрі кеңейту үшін ауылдар мен аудан орталықтарының, ірі қалалардың маңынан көшет өсіретін саябақтар ашу жоспарланып отыр. Мемлекет басшысы бастаманы қолдап, Үкімет пен әкімдіктерге жобаға атсалысуды тапсырды.

«Қазақтың даласы орманға айналмайды деп кім айтты?! Орманды өсіру де, даланы жайнату да біздің қолымыздан келеді. Сондықтан «Дала орманы» жобасын сапалы жүзеге асыру өте маңызды», – деді Президент.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы мемлекеттік тілді меңгергісі келетін азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасау қажеттігін атап өтті. Қазақ тілін тез әрі оңай үйренуге мүмкіндік беретін заманауи әдістемелер мен цифрлық оқу құралдарын әзірлеуге тіл мамандары мен IT саласының өкілдерін жұмылдыруды ұсынды.

Сонымен қатар Президент қазақ тілін дамыту өзге тілдердің дамуына кедергі келтірмеуі керектігін ескертті.

«Қазақ тілін дамыту – еліміздегі өзге тілдердің дамуына кедергі келтіру емес. Бір тілді басқа тілге қарсы қоюға болмайды. Біз қазақ тілін ең алдымен бірлік пен ынтымақ тілі ретінде дамытуымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Құрылтайда елдің алдағы даму жоспарлары да сөз болды. Президент 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп атап, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында елімізде балабақшалар, мектептер, кітапханалар, ауруханалар, спорт нысандары, өндіріс орындары, жолдар, вокзалдар мен әуежайлар салынатынын мәлімдеді.

Оның айтуынша, алдағы үш жылдың ішінде бұл мақсаттарға Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлінеді. Қаражаттың тиімді әрі ашық жұмсалуын арнайы комиссия бақылауға алады.

Сөз соңында Мемлекет басшысы қоғамдағы жауапкершілік пен тәртіп мәселесіне тоқталып, «Заң мен Тәртіп» қағидаты ел өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы керектігін айтты. Сондай-ақ қоғамдық орындарда әдеп сақтау, өзгелердің құқығы мен ар-намысын құрметтеу, табиғатқа жанашырлықпен қарау әр азаматтың міндеті екенін еске салды.

«Отанымызды жаңа өркениетті деңгейге көтеруіміз керек. Осы өзекті жұмыста қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде мәртебесін көтеру, күшейту, дәріптеу тарихи міндет я миссия десек, артық болмас», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қазақ тілінің болашағына барша азамат жауапты екенін айтып, «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына үлес қосып жүрген азаматтарға алғыс білдірумен аяқтады.

«Қастерлі Отанымыз – Қазақстан мен қасиетті құндылығымыз – қазақ тілі жасай берсін!» – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Abai.kz

0 пікір