Жастар саясаты – қоғамның ортақ жауапкершілігі!
Жастар саясатын тек мемлекеттік бағдарламалар мен жастарға бөлінетін гранттар арқылы бағалау жеткіліксіз болар еді. Оның шынайы өлшемі — жас азаматтың сапалы білім алуына, тұрақты жұмыс табуына, баспанаға қол жеткізуіне, қоғамдық шешімдерге ықпал етуіне және ел болашағына сеніммен қарауына қаншалықты мүмкіндік жасалғаны арқылы қоғамдық өмірімізде өз айшығын табады.
Жастар — елдің ертеңі ғана емес, бүгінгі экономиканың, қоғамдық өмірдің және саяси өзгерістердің белсенді қатысушысы да екенін үнемі қаперде ұстауға тиіспіз. Сондықтан жастар саясатын мерекелік форумдармен, концерттермен, гранттармен немесе бір реттік жобалармен өлшеудің жеткіліксіз, қайта ақылға сыймайтын ішкі саясатымыздағы ағаттық та болып саналады. Оның жұрт көңілін көншітер шынайы нәтижесі жас азаматтың сапалы білім алуынан, тұрақты жұмыс табуынан, баспанаға қол жеткізуінен, өз пікірін ашық білдіруінен және қоғамдағы өзгерістерге ықпал ете алуынан көрінуі керек.
Қазақстанда Егемендік дәуірінде жастар саясатының құқықтық негізі қалыптасып, арнайы мемлекеттік тұжырымдама қабылданған соң, жастарға арналған түрлі қолдау тетіктері іске асырыла бастағанына ішіміз жыли түсті. Бірақ, қанша жерден солай десек те, осы мүмкіндіктердің барлығы бірдей жас ұрпақтың күнделікті өміріндегі түйткілдерді шешіп отыр ма? Мәселенің өзегі — тап осыған келіп тіреліп отырған жайы бар.
Қазақстан халқының айтарлықтай бөлігін құрайтын жастар санаты – мемлекеттің стратегиялық ресурсы және ұлттың ертеңгі әлеуеті екені дау тудырмайтын ақиқат деп қабылдасақ, онда, соңғы жылдары елімізде жастар аясатын дамыту мақсатында жүздеген мемлекеттік тапсырыстар мен гранттар бөлініп, «Жастар ресурстық орталықтары», «Тәуелсіздік ұрпақтары» бастамалары және әртүрлі волонтерлік қозғалыстар қарқынды жұмыс істей бастады. Алайда, осы оң үрдістердің көлеңкесінде шешімін таппай келе жатқан жүйелі мәселелер де жеткілікті екенін ашық мойындауға тиіспіз.
Тендерлік құжаттамалардағы әдемі есептер пен өңірлердегі шынайы ахуал арасында әлі де байқалатын алшақтықтың орын алып отырғандығы қазақ қоғамын ойландыруы тиіс. Осы орайда, сіз болып, біз болып, бел шеше жұмылып, жастардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына терең талдау жасап, оларды түбегейлі шешудің нақты жолдарын бірлесе қарастыру аса маңызды міндет болып отыр.
ТҮЙІНДІ ПРОБЛЕМАЛАР: ЖҰМЫССЫЗДЫҚ, БАСПАНА ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК АПАТИЯ
Бүгінгі таңда өскелең ұрпақтың өмір сапасына және қоғамдағы белсенділігіне тұсау болып отырған басты мәселелер қатары төмендегідей бағыттарды қамтиды. Енді осыларды жіпке тізе кетейік:
Жоғары оқу орындары мен колледждерді бітірген түлектердің мамандығы бойынша жұмыс табуы шешімін таба алмайтын аса үлкен проблемаға айналып үлгерді. Жұмыс берушілердің жас мамандарға сенімсіздік танытып, «тәжірибесі бар кадрларды» талап етуі түлектердің жолын әрқашан тасқамал етіп мықтап жабады. Срның салдарынан жастардың белгілі бір бөлігі өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмай, кез келген уақытша табыс көзіне немесе фриланске кетіп, әлеуметтік тұрақсыздыққа тап болатын жағдайға ұшырады.
Жас отбасылар мен жас мамандар үшін баспана мәселесі ең өткір шешуін таппас түйін күйінде қалып отырған жайы бар. Мемлекеттік ипотекалық бағдарламалардың шарттары бір қарғанда ұқанша жерден жақсы болғанымен, бастапқы жарнаны жинау немесе ай сайынғы табысы төмен жастар үшін банк талаптары мүлтіксіз орындау үшін асқан ауыртпалықтың жүгін мойына түсіреді. Бұл жастардың дербес өмір бастауына және демографиялық өсімге кері әсерін тигізетін жағымсыз факторға анйалып отыр.
Республикалық маңызы бар қалалар мен шағын өңірлердегі (ауыл, аудан орталықтары) жастардың даму мүмкіндіктері жер мен көктей десек, ақиқаттың ауылынан еш алшақ кетпейміз. Өңірлерде сапалы білім беру орталықтары, коворкинг алаңдары, бос уақытты тиімді өткізу инфраструктурасы мен заманауи IT-хабтардың жетіспеушілігі салдарынан талантты жастар ірі қалаларға немесе шетелге жаппай көшіп кетіп жатқанын жасырып жабуға болмайды.
Жастардың белгілі бір бөлігі мемлекеттік бастамалар мен саяси процестерге енжарлық танытып, мүлдем сенімсіздікпен қарайды. Олар өз дауыстарының, бастамаларының немесе ұсыныстарының мемлекеттік деңгейде еленбейтініне барынша сенімді, бұл өз кезегінде жастардың қоғамдық-саяси өмірден шеттеліп, пассивті позиция ұстануына әкеп соғатын зардабы зор фактор болып саналады.
ШЕШУ ЖОЛДАРЫ МЕН ЖҮЙЕЛІ ҰСЫНЫСТАР
Бұл түйінді проблемаларды еңсеру үшін тек қаржы құюмен немесе науқандық шаралармен шектелмей, әділ де нәтижеге бағытталған механизмдерді іске қосу қажет екені дау тудырмайтын ақиқат. Сондықтан:
Кәсіпорындар мен бизнес субъектілері үшін жас маманды жұмысқа қабылдаған жағдайда салықтық жеңілдіктерді немесе субсидиялау көлемін ұлғайту қажет. ЖОО мен колледж түлектерін өндіріс орындарында міндетті түрде тәжірибеден өткізуді бизнеспен бірлесіп, дуальды оқыту форматында жолға қою осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады.
Тағы біп назардан еш шығаруға болмайтын жайт. Бұл «Тұрғын үй» саясатын икемдеу және әлеуметтік жалға беруді дамыту: Жастарға арналған сатып алу құқығы бар немесе жеңілдетілген ұзақ мерзімді жалға берілетін пәтерлердің санын күрт арттыру, сондай-ақ жас кәсіпкерлер мен отбасыларға төмен пайызбен кепілсіз несие беру тетіктерін кеңейтуді өрістету өз нәтижесін көп уақыт өткізбей бере бастайды.
Әрбір аудан мен ауылдың нақты ерекшелігіне қарай жастар бюджетін дербес бөлуге мүмкіндік беруді жолға қоя білу қордаланған талай проблемалды тез арада шешіп береді. Шалғай елді мекендерде цифрлық дағдылар мен кәсіпкерлік негіздерін тегін үйрететін мобильді білім беру орталықтарын көбейтудің берер жемісі мол.
Сөз түйіні: Қорыта айтқанда, жастар саясаты – бұл тек бір министрліктің немесе өңірлік басқарманың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ стратегиялық жауапкершілігі болып саналады. Егер біз жастардың бүгінгі проблемаларын уақтылы шешіп, олардың әлеуетін ашуға лайықты жағдай жасай алсақ, онда бұл тірлігіміз тәуелсіз еліміздің ұзақ мерзімді экономикалық өсімі мен саяси тұрақтылығының мызғымас кепіліне айналады. Тендерлік қаражат пен мемлекеттік ресурстар формальды есеп үшін емес, әрбір жастың нақты өміріне оң өзгеріс әкелетін шынайы әлеуметтік әсерге (Social Impact) қызмет еткенде ғана сапалы серпіліс пен жарқын болашаққа қол жеткізе аламыз.
Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz