Сәрсенбі, 11 Қараша 2026
Әне, көрдің бе? 61 0 пікір 11 Қараша, 2026 сағат 01:50

Соғысқұмар әншілерге біздің ел төр ұсынбайды!

Коллаж: Abai.kz сайтынан алынды.

Астанада 13 қарашаға жоспарланған ресейлік эстрада жұлдызы Владимир Пресняковтың концертінің кенеттен тоқтатылуы («техникалық мән-жайлар» деген сылтауымен кейінге шегерілуі) қазақстандық қоғамда қызу талқы тудырды.

Алматыдағы кеші әзірге жоспарда қалғанымен, бұл жағдай еліміздегі мәдени кеңістіктің сипаты түбегейлі өзгеріске ұшырағанын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Бүгінде бұл үдеріс жекелеген әртістің гастрөлінен әлдеқайда маңызды мәселеге – «Украинадағы соғысты жақтаған немесе үнсіз мақұлдаған Ресей өнерпаздары Қазақстаннан нәпақа таппауы тиіс» деген қатаң қоғамдық талапқа айналып отыр.

Қазақстандықтар бұған дейін кімдердің концерттерін бойкот жариялап, болдырмай тастады?

Қазақстан қоғамы соңғы жылдары өзінің азаматтық ұстанымын ашық көрсетіп, елге келгісі келген «кремльшіл» пропаганда өкілдерінің жолын бірнеше рет кескен болатын. Бұған нақты мысалдар жеткілікті:

2023 жылы Григорий Лепстің Қонаев қаласында өтуі тиіс концерті халықтың жаппай наразылығынан кейін кейінге қалдырылып, соңында толығымен тоқтатылғаны есімізде. Себебі Лепс пен басқа да әртістер Украинадағы соғысты ашық қолдап, орыс әскерлеріне ақшалай қолдаукөрсеткен және өзгелерді де ақша бөлуге шақырған болатын.

Керісінше, соғысқа қарсы шыққан немесе бейтарап ұстаным ұстанған ресейліктердің (мысалы, Максим Галкин, Земфира, «Би-2» тобы) концерттеріне қазақстандықтар қолдау көрсетіп жатқаны байқалады. Бұл қоғамның ақ пен қараны, агрессор мен бейбітшілікті жақтаушыны нақты ажырата бастағанын көрсетеді.

Полина Гагарина мен Лариса Долинаға да байкот жариялағанбыз. Ресейлік Z-патриоттар қатарына кіретін бұл әншілердің де Қазақстанға келу жоспарлары болған. Қазақстанның сергек саналы азаматтары мен әлеуметтік желі қолданушыларының қатаң қарсылығына ұшырап, бұлардың концерттерін ұйымдастырушылар жоспарлы концерттерді тоқтатуға мәжбүр болған.

Пресняков концертінің айналасындағы жағдай мен бұрынғы оқиғалар Қазақстан қоғамында саяси және ұлттық сананың өскенін айқын аңғартады.

Ресейлік шоу-бизнес өкілдері үшін Қазақстан мен Орталық Азия нарығы соңғы жылдары негізгі табыс көздерінің біріне айналды. Дейтұра, біздің қоғам да оянды. Өздерінің ашық немесе жасырын милитаристік көзқарастары үшін олар бұл жақтан қаражат табуға лайық емес деген көзқарас қалыптасты.

Ендігі уақытта қазақстандық концерт ұйымдастырушылар билет сатудан бұрын халықтың реакциясы мен әртістің саяси бэкграундын міндетті түрде ескеруге тиіс. Қоғамның үні билет кассаларынан басым түсіп жатыр.

Қорытынды орнына: Астанада Пресняков концертінің өтпей қалуы – жай ғана техникалық ақау емес. Бұл – еліміздің мәдени майданындағы маңызды үрдіс. Қазақстан қоғамы өз елінің рухани кеңістігін соғысты насихаттайтын немесе агрессияға үнсіз келісетін тұлғалардан қорғауға қабілетті екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Abai.kz

0 пікір