Осыдан 35 жыл бұрынғы ахуал мен бүгінгі жағдай туралы әңгіме
1990 жылдар – біздің майса мұрт бозбала шағымыздың жастығына тура келген жылдар еді. Тәуелсіздікпен қатар келген ұшы-қиыры белгісіз реформалар «тоқсаныншы жылдардың» жастарына оңай тиген жоқ. Турасын айтсақ, жастығын ұрлады. Экономиканы «шок беріп емдеу тәсілі» барлық саланы шарпып өтті. Демек, оның қиындығын жастар ғана емес, жасамыстар да көрді.
Осыны айтып мен бір жас талап жазушымен әңгімелесіп отырмын. Жазушымның аузы ашылып қалған. Мен оған қорқынышты ертек айтып отырғандаймын. Кейбір сөзіме сенгісі келмей басын шайқап та қояды ол. Тек екеуара әңгімеміздің соңында ғана: «Шет жағалап естуім бар. Тоқсаныншы жылдары сондай қиындықтар болыпты ғой», – деп келіскен сыңай танытты.
Содан кейін мен ойланайын. «Апыр-ау, «тоқсаныншы жылдар» деген тым алыста қалған жоқ қой, басқасы-басқа бүгінгі жастар Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарындағы уақиғалардан хабарсыз болғаны қалай?»
Олардың иә, хабарсыз болуы мүмкін емес. Бірақ қазіргі жастар былай тұрсын, үлкен кісілердің өзі осыдан ширек ғасыр бұрынғы уақыттың қиын-қыспағын жадынан шығара бастағанға ұқсайды. Неге? Өйткені қазіргі уақыт – ұшқыр, заман тез өзгеріп барады. Қазақстан мемлекетінің азаматтары да уақыт пен замана көшіне ілесіп, жаңалықтарға оңай бейімделуде. Әлеуметтік тұрмыстың жақсы жаққа қарай ыңғайлануы адамдарға өткен күндердің жадау тірлігін жылдам ұмыттыратын болса керек. Ендеше, бұл – Тәуелсіздігіміздің 35 жылдық биігінен қарағанда, позитивті құбылыс.
Әйтсе де алдағы ықтимал сын-қатерлерден толық арылып, Тәуелсіздігімізді қорғап тұратын әлеуеттік күшке ие болу үшін бізге ауызбірлік пен тәртіп аса керек екен. Мұны жуырдағы Жолдауында Мемлекет басшысының өзі ескертті.
«Ашығын айтсақ, бүгінде тәуелсіздігіміз бен егемендігімізді қорғауға қатысты барлық мәселе әлі толықтай шешімін тапқан жоқ. Бұл – алдымызда көптеген өзекті міндет тұр деген сөз, – деді Президент. – Жұмысты ойдағыдай орындау үшін, ең алдымен, бүкіл қоғамымыз тату болуы керек. Бірлік пен келісім болмаса, ешқандай реформа және ілгерілеу болмайтыны айдан анық. Қазір жаһандық сын-қатерлер әлдеқайда қауіпті сипат алған кезде қоғамымызда талап пен тәртіпке басымдық беруіміз қажет».
Алайда «құбылмалы заманға қарамастан, Қазақстан ел дамуының жаңа дәуіріне үлкен сеніммен қадам басып, кең ауқымды саяси реформаны іске асырды». (Қ-Ж. Тоқаев. ««Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы»).
Деректер не дейді? Қараңыз: Халықаралық валюта қоры ұсынған болжамға жүгінсек, биыл еліміздің жалпы ішкі өнімі 400 миллиард долларға жуықтапты. Жалпы ішкі өнімді жан басына шаққанда, 19 мың доллардан асады екен.
Еліміз экономикалық даму сатысында әлемде 47 орынға көтеріліпті. «Бұл – халқының саны бізден әлдеқайда көп бірқатар елдің көрсеткішінен жоғары деңгей деген сөз», – деп атап өтті мұны Президент.
Қазақстанда өңдеу өнеркәсібі де қарқынды дамуда. Өңдеу өнеркәсібінің ішкі өнімдегі үлесі 14 пайыздан асқан. Бұл – ұлттық экономиканы әртараптандыру бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі әрі Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығының қарсаңындағы жақсы жетістік. Қазақстан Үкіметі енді осы бағытта ілгерлей беруі керек. Бұл ретте еліміздің экономикасы цифрландыруға көшіп, қазба жұмыстары ЖИ-дің көмегімен зерттелетінін ескерсек, бізде даму үдерісі жалғаса түседі деп сенуге әбден болады.
Биыл Қазақстанда алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің көлемі 130 миллиард доллардан асты. Қазақстан алдағы жылдары осындай мол қаржыны инфрақұрылымдарды жаңарту мен жаңалауға, жаңа құрылыс түрлерін қарқынды түрде еселеп арттыруға жұмсамақ. Автожолдар, теміржолдар салынады. Әуежайлар кеңейеді. Жайлы мектептер мен ауруханалар, спорт кешендері бой көтереді. Қазақстан жыл өткен сайын транзиттік хапқа айналып келеді.
Шүкір. Ел іші бейбіт, тыныш. Тәуелсіздігімізді жариялаған тұста өз жерінде отырып азшылық санды ұлттың қатарында болған қазақ осы күні ормандай ел болып, тұтасып алған. Табиғи өсім жылдан жылға арта түсуде. Қазақстандық жас ұландар халықаралық олимпиадалардан бас жүлделерге ғана иелік ететін алғыр, озат ұландар екенін дәлелдеп, әлемге қазақ атын әйгілеуде. Осының бәрін қысқаша қайырып, бір ауыз сөзбен түйіндер болсақ – Қазақстан халқы Тәуелсіздік мерекесінің 35 жылдығын лайықты деңгейде қарсы алғалы тұр.
Енді 35 жылдан кейін менімен әңгімелескен талантты жас жазушы кемел шағына жетіп, бір кездегі өзі сияқты өрімдей жас қаламгерге елінің асу белдері туралы қызықты әңгіме айтып отыратынына мен алаңсыз сенемін.
Ілияс Ақбай
Abai.kz