Украинадағы соғыс: Келіссөз қалай аяқталды?
Әбу-Дабидегі келіссөздер аяқталды: Тұтқын алмасу жөнінде келісім бар, ал аумақ мәселесі ең күрделі түйін болып қалды.
Мединский не деді?
Ресей делегациясының басшысы Владимир Мединскийдің мәлімдеуінше:
* Ресей мен Украина әскери тұтқындар алмасу жөнінде келісімге келді.
* Кездесуді ұйымдастырғаны үшін БАӘ басшылығына алғыс айтты.
* Украинадағы соғыс Еуропадағы қауіпсіздік жүйесінің өте нашар жұмыс істейтінін көрсетті.
* Ресей қақтығыс сөзсіз аяқталғаннан кейін Еуропадағы қауіпсіздік мәселесін қазірден талқылау қажет деп санайды.
"Бүкіл ағзаны емдеу керек, мұнда жапсырма таңғышпен құтыла алмайсың" деп, әлемге жаңа әрі әділетті қауіпсіздік жүйесі қажет екенін мәлімдеді.
* Еуропадағы қауіпсіздік жүйесі келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі болғанын, кейбір мәселелер бойынша өзара түсіністікке қол жеткізілгенін айтты.
* Мединскийдің сөзінше, Әбу-Дабиде еуропалықтармен ешқандай байланыс болмаған, олардың бұл үдерістегі мәртебесі де белгісіз.
* Оның айтуынша, Еуропалық одақтан нақты ұсыныстар түспегендіктен, Ресейдің ЕО-мен нені талқылай алатыны әзірге түсініксіз.
* Мединский Еуропаны бейбіт тұрғындардың жаппай қаза табуына ықпал етіп отыр деп айыптап, украин халқына қатысты "ұжымдық алдаумен" айналысып жатқанын мәлімдеді.
"Еуропаның ар-ұяты оянған кезде ғана ол бейбіт келіссөздерге қатысушы бола алады", – деді ол.
* Сонымен бірге Украина Еуропалық одаққа кіре алады, бірақ НАТО-ға мүше болмауы керек деген Ресей ұстанымын қайталады.
* Трамптың арнайы өкілдерін ол шынайы, тиімді әрі нәтижеге бағытталған адамдар деп бағалады. Оның пікірінше, Ресейдің оларға қалай қарайтыны емес, келіссөздердің нәтижесінде қанша адамның аман қалатыны маңызды.
* Мединский келіссөздердің нақты мазмұны туралы түпкілікті уағдаластыққа қол жеткізілгенше ештеңе айтылмайтынын жеткізді.
"Кейбір мәселелерде түсіністікке қол жеткіздік, кейбірінде келісе алмадық. Бұл әңгіме міндетті түрде жалғасады", – деді ол.
Әбу-Дабиден кейін АҚШ делегациясы Путинмен кездесу үшін Мәскеуге ұшады.
Кушнер не деді?
Трамптың арнайы өкілі Жаред Кушнер кездесуді нәтижелі деп бағалады.
Оның негізгі мәлімдемелері:
* Бейбіт келісімге келу оңай емес, бірақ оған қажетті барлық құрамдас бөліктер бар. Ендігі міндет – соларды бір келісімге біріктіру.
* Келіссөздер форматына Еуропаны да қосуға тырысып жатыр.
* Егер Еуропа өз атынан келіссөз жүргізетін бір адамды таңдай алса, бұл Ресейді Еуропамен келіссөзге мәжбүрлеуден де үлкен жетістік болар еді.
* Ең қиын мәселе – аумақтық мәселелер бойынша келісімге келу.
* Қазір екі тараптың арасында өзара сенім жоқ.
* Соғыстан кейінгі қауіпсіздік мәселелері талқыланды.
* Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін беру бағытында жақсы ілгерілеу бар.
* Кушнер Путин мен Зеленскийдің жеке кездесуі жақсы нәтиже болар еді деп санайды. Алайда Ресей тарапы көшбасшылар кездесуіне дейін келіссөздерде әлі де ілгерілеу болуы қажет екенін айтқан.
* Мәскеуден кейін АҚШ делегациясы Зеленскиймен сөйлесу үшін Дублинге ұшпақ.
Қысқаша қорытынды:
Дипломатиялық үдеріс баяу болса да, алға жылжып келеді.
Әскери тұтқындар алмасу жөніндегі келісім – әзірге келіссөздердің нақты нәтижесі.
Украина аумақтарын беру мәселесінде шегінуге келіспей отыр.
Ең күрделі түйін – аумақтық талаптар мен соғыстан кейінгі қауіпсіздік кепілдіктері.
Еуропаны келіссөздер форматына қосу мәселесі әлі шешілген жоқ.
АҚШ делегациясының Мәскеу мен Дублинге сапары дипломатиялық арналардың әлі де жұмыс істеп жатқанын көрсетеді.
Басты қайшылық өзгерген жоқ: Америка Ресей мен Украина арасындағы келісімді тездетуге тырысқанымен, келіссөздердегі қазіргі тепе-теңдік Ресейге тиімдірек болып тұрғандай, яғни АҚШ-тың Украинаға қарағанда Ресейдің мүддесіне көбірек құлақ асып отыр.
Қуаныш Еділхантегі
Abai.kz