Тең құқылы қоғам: Өркениетті елдің басты белгісі...
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында әлеуметтік әділеттілік, азаматтардың әл-ауқатын арттыру, сапалы білім мен қолжетімді медициналық қызмет көрсету, қоғамдағы барлық адамдар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылып өтті.
Өзге де толып жатқан маңызды мәселелер қатарында ерекше білім беруді қажет ететін балалар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау назар аударарлық жағдай. Президент көтерген міндеттердің негізгі мақсаты – әрбір азамат өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінетін, ешкім шет қалмайтын әділетті мемлекет қалыптастыру болса керек.
Бұл жерде қоғамның өркениеттілігі мен адамгершілік деңгейі оның әрбір азаматына жасаған қамқорлығымен, көрсеткен құрметімен өлшенетіні айта кеткен орынды. Яғни, әр адам – қоғамның тең құқылы мүшесі. Оның денсаулық жағдайына, физикалық мүмкіндіктеріне немесе әлеуметтік ерекшеліктеріне қарамастан, білім алуға, еңбек етуге, өз қабілетін дамытуға және қоғамдық өмірге белсенді араласуға толық құқығы бар. Сондықтан инклюзивті қоғам қалыптастыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.
Алдымен инклюзия деген түсінік нені білдіретінін айта кетсек. Ол – қоғамдағы барлық адамдарға тең мүмкіндік жасау, олардың ерекшеліктерін құрметтеу және қоғамдық өмірге толыққанды қатысуына жағдай туғызумен түсіндіріледі. Бұл ұғым тек мүмкіндігі шектеулі адамдарға ғана емес, әр адамның жеке қабілеті мен қажеттілігін ескеруді қамтиды.
Айта кетер болсақ, елімізде инклюзивті білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың жалпы білім беретін мектептерде қатарластарымен бірге білім алуына жағдай жасалынған. Әр баланың бойында ашылмаған қабілет, ерекше талант бар екені ақиқат. Бірі сурет салуға бейім болса, екіншісі музыкаға, енді бірі ғылымға, спортқа немесе шығармашылыққа қызығушылық танытады. Ең бастысы – сол қабілетті дер кезінде байқап, дамытуға мүмкіндік беру.
Бүгіндері арнайы мұғалімдер, логопедтер, психологтер мен педагог-ассистенттердің көмегі, бейімделген оқу бағдарламалары және қолайлы орта балалардың білім алуына мүмкіндік жасауда. Дегенмен, инклюзивті білім беру тек арнайы мамандардың жұмысы емес екенін де түсінуіміз керек. Бұл – мұғалімнің, ата-ананың, оқушының және бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Ерекше қабілеттерді қолдау – болашаққа салынған инвестиция
Әрбір адамның бойында белгілі бір қабілет пен талант болатынын айттық. Кейде сол қабілеттің ашылуына қоғамдағы түсініспеушілік, қолайсыз орта немесе қажетті қолдаудың болмауы кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан мұндай адамдарға қолдау көрсету – тек әлеуметтік көмек көрсету емес, олардың мүмкіндіктерін ашуға жол ашу.
Аталған азаматтардың арасында өнерде, спортта, ғылымда, білімде және кәсіпкерлік саласында үлкен жетістіктерге жетіп жүрген жандар көп екенін күнделікті өмірде кріп жүрміз. Олардың өмір жолы табандылықтың, қайсарлықтың және жігердің үлгісі бола алады. Осындай азаматтарға жағдай жасау арқылы мемлекет қоғамның адами капиталын дамытады.
Ол үшін қолжетімді ғимараттар, арнайы жабдықталған жұмыс орындары, сапалы медициналық және оңалту қызметтері, кәсіби білім алу мүмкіндіктері қарастырылуы аса маңызды. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еңбек нарығында өз орнын табуына, кәсіп ашуына және қоғамдық жұмыстарға қатысуына қолдау көрсетілуі қажет.
Мүмкіндігі шектеулі адамдарға құрметпен қарау – тек сөз жүзіндегі ізгі ниет емес, күнделікті өмірдегі нақты іс-әрекеттен көрінуі тиіс. Кейде адамдардың аяушылық танытуы немесе оларды қоғамнан бөлек қарастыруы да адамның көңіліне қаяу түсіруі мүмкін. Сондықтан ең дұрыс ұстаным – оларды аяушылық нысаны ретінде емес, өз арманы, мақсаты, таланты мен мүмкіндігі бар тең құқылы азамат ретінде қабылдау.
Президент Жолдауында көтерілген әлеуметтік әділеттілік пен тең мүмкіндік қағидалары әрбір азаматтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Бұл міндеттерді орындау мемлекет пен қоғамның бірлескен әрекетін талап етеді. Әр мекеме, әр білім беру ұйымы, әр отбасы өз деңгейінде инклюзивті орта қалыптастыруға үлес қоса алады.
Қорытындылай келе, ерекше қабілеттері мен қажеттіліктері бар адамдарды қолдау – мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның адамгершілік борышы екенін ескерген жөн. Әр адамға құрмет көрсету, оның қабілетін бағалау және дамуына мүмкіндік беру арқылы біз мейірімді, әділетті әрі өркениетті қоғам қалыптастырамыз. Өйткені нағыз дамыған мемлекет – ешбір азаматын назардан тыс қалдырмайтын, әр адамның құндылығын мойындайтын мемлекет. Міне, осы себепті мемлекет басшысының биылғы Жолдауының мағыздылығы арта түседі.
Сырым Әбіл, заңгер
Abai.kz