Тарихи жад: Жаһандану дәуіріндегі қазақ бірегейлігі
Қазіргі жаһандану мен геосаяси трансформациялар дәуірінде кез келген мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұрақтылығы тек экономикалық әлеуетпен немесе әскери қуатпен ғана өлшенеді деп ойлаушылық балалық аңғалдық болар еді.
Бұлай дейтін себебіміз: әр ұлттың, оның ішінде тағдыры қалдай үзіле жаздаған қазақтың, өміршеңдігі мен мемлекеттіліктің беріктігі ең алдымен сол халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарына, тарихи санасына және мәдени бірегейлігіне тікелей байланысты болып келеді. Қазақ халқы үшін бұл ұғымдар — жай ғана өткеннің жәдігері емес, бүгінгі күннің стратегиялық иммунитеті мен болашаққа бастар темірқазығы да болып табылады.
ТАРИХИ ЖАД — МЕМЛЕКЕТТІЛІК ІРГЕТАСЫ
Ұлттың өзін-өзі тануы ең алдымен өзінің өркениет көшінде басып өткен сан ғасырлық дара жолын саралаудан басталады. Қазақ тарихы — Ұлы Дала кеңістігіндегі көшпелі және қалалық өркениеттің синтезінен тұратын сақ, ғұн, түркі қағанаттарынан бастау алып, Алтын Орда мен Қазақ хандығы арқылы жалғасқан үздіксіз мемлекеттілік дәстүрінің шежіресі болып есептелінеді.
Елдік пен еркіндік мұраты тұрғысынан осы жайында сөз етер болсақ, онда ата-бабаларымыз ұлан-ғайыр даланы тек найзаның ұшымен ғана емес, кемел дипломатиямен, парасатты билік институтымен қорғап қала алды. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы және Әз-Тәукенің «Жеті жарғысы» — Дала демократиясы мен құқықтық мәдениетінің озық үлгісі ретінде қазіргі таңда жаһанға танылды.
Ұлт-азаттық күрес пен Алаш идеясы тұрғысынан осы жайында сөз етер болсақ, онда тарихтың тар жол, тайғақ кешуінде халқымыз отаршылдық езгіге мойынсұнбай, рухани еркіндігін сақтап қала білді десек еш артық айтпаймыз. ХХ ғасырдың басындағы Алаш зиялыларының мемлекет құру жолындағы жанқиярлық еңбегі — бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның идеологиялық бастауы болып табылады. Тарихты терең білу — ұлттық намысты оятып, тарихи қателіктерден сабақ алуға мүмкіндік беретін басты құрал екендігі де әмбеге аян дүние.
РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР — ҰЛТТЫҢ ІШКІ ӨЗЕГІ
Кез келген өркениеттің өзегінде адамгершілік пен моральдық-этикалық қағидаттар жатады. Қазақ халқының дүниетанымында рухани құндылықтар жүйесі өте терең әрі табиғи үйлесімділікке құрылғандығын айқын аңғара аламыз. Осы орайда екі нәрсеге тоқтала кеткізіміз келеді.
Оның біріншісі – «Толық адам» ілімі мен ар-ождан кодексі. Хакім Абай негізін қалаған «Толық адам» концепциясы мен Шәкәрімнің «Ар ілімі» қазақ руханиятының шыңы саналады. Әділдік, мейірімділік, имандылық пен еңбекқорлық — халқымыздың ғасырлар бойы ұстанған басты өмірлік кредосы реітнде ұлттық болмысызды әлемге паш етеді.
Оның екінгісі, әлбетте – Сөз өнері мен даналық мектебі. Жазба мәдениеті мен ауыз әдебиеті қатар өрілген қазақ қоғамында «сөзге тоқтау» дәстүрі жоғары тұрғандығын да бәріміз білеміз. Жыраулар поэзиясы, билердің шешендік сөздері мен мақал-мәтелдер — халықтың философиялық пайымы мен өмірлік тәжірибесінің жиынтығы деп айтсақ, сөзіміз ақиқаттың дәл өзі болып табылады. Бұл рухани мұра ұрпақ тәрбиесіндегі басты тәлімгерлік рөлді атқарып келеді.
САЛТ-ДӘСТҮР — ҒАСЫРЛАР СҮЗГІСІНЕН ӨТКЕН ӨМІР САЛТЫ
Әр ұлттың, оның ішінде біздің қазақтың, салт-дәстүр мен әдет-ғұрып — халықтың тұрмыс-тіршілігі мен дүниетанымынан туындаған жазылмаған заңдар жиынтығы болып табылады. Олар тек этнографиялық көрініс қана емес, қоғамдық қатынастарды реттейтін тиімді әлеуметтік механизмдер де болып саналады.
Қазақ ішінде қалыптасқан әлеуметтік ынтымақтастық институттары, оларды санамалап сөз етер болсақ, алаш қоғамындағы асар, жылу жинау, қонақжайлылық сияқты дәстүрлер — әлеуметтік жауапкершілік пен өзара көмектің жарқын көрінісі деп кеуде кере мақтанышпен айта аламыз. Отандық тарихтың қиын-қыстау кезеңдерінде халқымыз осы дәстүрлер арқылы бірлігін бекемдеп, өзге ұлт өкілдеріне де құшағын айқара ашты.
Осы орайда ерекше бөліп айтуға болатын ерек дүние, бұл – ұрпақ сабақтастығы мен отбасы институты. Оның ішінде әлем елдерінде жоққа тән: «Жеті атаны» білу дәстүрі — тектілікті сақтаудың, генетикалық тазалықты қамтамасыз етудің және туыстық байланысты нығайтудың бірегей жүйесі ретінде жаһан жұртының таңдайын қақтырды. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, бесікке салу, тұсаукесер сияқты ғұрыптар баланың бойына ұлттық тәрбиені сәби кезінен сіңіруге бағытталып әлі күнге өз жалғастығын тауып келеді.
ДӘСТҮР МЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚ ҮЙЛЕСІМІ
Бүгінгі ақпараттық ағындар мен мәдени экспансия күшейген заманда ұлттық бірегейлікті сақтау — ең өзекті мәселелердің бірі десекғ еш қателеспейміз. Қазақ бірегейлігінің басты ерекшелігі — оның ашықтығы мен бейімделгіштігінде екендігі еш дау тудырмайтын ақиқат.
Тіл — ұлттың жаны ретінде халқымыздың ғасырлар бойғы тарихын, болмысын, психологиясын бойына жинақтаған басты код ретінде болашққа аманаталатын асыл қазынамыз. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және оны ғылым мен технология тіліне айналдыру — ұлттық бірегейлікті нығайтудың негізгі шарты екендігін еліміздегі басқа этнос өкілдері де ұғынды.
Бірегейлікті сақтау дегеніміз — бұл бұрынғы өткенге тұйықталып қалу емес, оған керісінше замана ыңғайына бейімдеп, дәстүрді жаңғырту болып саналады. Бұл арада қазақ қоғамы тізе біріктіріп, өзінің озық ұлттық құндылықтарды заманауи технологиялармен, жаһандық білім-ғылым жетістіктерімен ұштастыра білуге барын салсатын болса, алынбайтын қамал жоқ. Орталық Азия ұлттары ішінде қазақтар қашанда жаңашылдыққа бейім, түрлі өркениеттер тоғысында өзіндік бет-бейнесін жоғалтпай, керісінше байыта түскен халық реітнде әлемге танылып отырған жайы бар.
Осы орайда ауыз толтыра айтатын бір жайт: Ұлттық бірлік пен Құрылтай дәстүрі. Сөзімізді тарқата түсетін болсақ, Ел басына күн туғанда немесе маңызды тарихи шешімдер қабылданар сәтте бүкіл ел болып Құрылтайға жиналып, ортақ пәтуаға келу — қазақтың саяси мәдениетінің бірегей көрінісі ретінде атойлайды. Бұл дәстүр бүгінгі таңда да қоғамдық келісім мен ұлттық тұтастықты сақтаудың тірегі болып отыр.
Жоғарыдағы барша пікірлерімізді түйіндей келе, қорыта айтқанда, қазақ халқының тарихи жады, рухани құндылықтары мен салт-дәстүрлері — бір-бірінен ажырамас біртұтас жүйе деуімізге негіз бар. Тарих бізге тамырымыздың тереңдігін көрсетсе, рухани құндылықтар — бағытымызды айқындайды, ал салт-дәстүрлер — сол жолдағы қорғанымыз іспетті. Осы үш таған берік болғанда ғана қазақ ұлты жаһандық өркениеттің тарихи көгінде өзінің қайталанбас бірегейлігін сақтап, әлемдік өркениет көшінде өзіне лайықты орнын иелене бермек.
Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz