«Сараман жолы»: Тұтас дәуірді дәлелмен суреттеген еңбек!
Алматыдағы Ұлттық кітапханада академик Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедтің «Сараман жолы» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті.
Әйгілі «Атамұра» баспасында басылған бұл кітапта ұлт әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов пен оның ұлы Мұрат Әуезовтің қилы тағдыры арқылы өткен ғасырдағы (ХХ ғасырдағы) қазақ қоғамының саяси, тарихи және мәдени өмірі баяндалады.
Кітаптың тұсаукесер рәсіміне академик Қансейіт Әбдезұлы, мемлекет және қоғам қайраткері, профессор Бақытжан Жұмағұлов, профессор, Зиябек Қабылдинов, профессор, профессор Берекет Кәрібаев бастаған зиялы қауым өкілдері қатысты.

Сурет: «Атамұра» баспасынан алынды.
ТҰТАС БІР ДӘУІРДІ ДӘЛЕЛДІ СУРЕТТЕГЕН ТУЫНДЫ
«Сараман жолы» – бұл қатардағы көп кітаптың бірі емес, қазақ тарихында есімдері алтын әріппен жазылып қалатын әкелі-балалы қос тұлғаның тағдыры арқылы тұтас бір дәуірді суреттеген ғылыми туынды.
Кітаптың алғашқы бөлімдерінде Мұрат Әуезовтің анасы Фатима Ғабитованың күрделі тағдыры, ХХ ғасырдың басындағы Жетісу өңірінің тарихи ахуалы, азамат соғысы жылдарындағы оқиғалар мен қазақ даласындағы ағарту ісінің қалыптасуы баяндалады. Сонымен қатар Мұхтар Әуезовтің шығармашылық жолы, «Абай жолы» эпопеясының жазылу тарихы, жазушының қуғын-сүргін жылдарындағы өмірі мен Мәскеудегі қызметі қамтылған.
Еңбектің кейінгі тарауларында Мұрат Әуезов бастаған қазақ жастарының ұлттық сананы жаңғыртуға бағытталған бастамалары, «Жас тұлпар» ұйымының құрылуы, сол кезеңдегі зиялы қауымның шығармашылық ортасы мен қоғамдық көзқарастары сөз болады. Сондай-ақ «Көшпелілер. Эстетика. Дүниені дәстүрлі қазақ өнерімен тану» жинағының жазылу тарихы мен оның идеологиялық қысымға ұшырауы туралы деректер ұсынылған.
Кітаптың соңғы тараулары Мұхтар мен Мұрат Әуезовтердің Үндістан, Жапония және Америка Құрама Штаттарына жасаған сапарларына арналған. Автор екі тұлғаның күнделіктері мен жолсапар жазбаларын салыстыра отырып, аталған елдердің тарихы, мәдениеті, өнері мен көрнекті қайраткерлері туралы құнды мәліметтерді оқырман назарына ұсынады.
МЕН ҚАНДАЙ ІСТІ БАСТАСАМ ДА, АЛДЫМДА АБАЙ АТАМ БАТАСЫН БЕРІП ТҰРАДЫ...

Сурет: «Атамұра» баспасынан алынды.
Мұхтар Құл-Мұхаммед, академик, мемлекет және қоғам қайраткері:
– Өмірдегі қол жеткізген жетістіктердің барлығы адамға кітаптан. Білім де кітаптан, ақыл да кітаптан. Кез келген кітаптың мақсаты – оқырманға жету!
Кітаптың қандай болып шыққанын сіздер айтасыздар. Бірақ мен сіздерге осы кітаптың жазылу тарихы туралы деректерді келтіргенім дұрыс деп ойлаймын. Ал енді кітаптың тарихына келетін болсақ, мен қандай істі бастасам да, алдымда Абай атам «батасын беріп тұрады». 26 жасымда Қазақ энциклопедиясының «Философия және құқық» деген редакциясының меңгерушісі болдым. Бас редактор – қазақтың аса көрнекті ғалымы, академик Рымғали Нұрғали еді. Ол кісі өте ұлтшыл адам болды.
Сол 1986 жылы Кеңес Одағында жеке адамға арналған үш-ақ энциклопедия жарық көрген. Орыстарда – «Лермонтов энциклопедиясы», «Пушкин энциклопедиясы» әлі шыққан жоқ, украиналықтарда – «Шевченко энциклопедиясы», белорустарда – «Янка Купала энциклопедиясы» ғана шыққан еді.
Сол кісі (Рымғали Нұрғали): «Орталық Азия мен Қапқаздан бұрын біз Абайды шығарайық», - деп үлкен еңбек сіңіріп, мені Абай редакциясына меңгеруші етіп тағайындап, жұртқа таныстырып, Абай энциклопедиясының шығарылу жұмысына кірісті.
Абай тақырыбына қалам тартқан адамдардың барлығына – ақындарға, жазушыларға кездесіп, энциклопедияға нені енгіземіз деген мәселені талқыладық. Сонда мен өмірімде бірінші рет Мұхтар Әуезовтің қызы, ол кезде Әуезов атындағы мұрағаттың директоры Ләйлә Мұхтарқызы Әуезовамен кездестім.
Ләйлә Мұхтарқызы Әуезова 1976 жылы «Абай жолы» эпопеясының тарихи негіздері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғап, тарих ғылымдарының докторы болған адам. Үлкен зерттеуші кісі. Ол кісі өте сабырлы, зиялылықтың эталоны сияқты адам еді. Мен бұрын қазақша білмейтін шығар деп ойлаушы едім. Өте жақсы сөйлейтін адам екен. Әрине, мына қаланың адамының тіліне қарай ауып отырады, бірақ бәрін біліп отыр.
Сонда Ләйлә Мұхтарқызы маған: «Сіздер «Абай энциклопедиясын» шығарғандарыңыз дұрыс. Бірақ Әуезов деген тақырып Абаймен қатар жүреді. Әуезов ойларыңызда бар ма?» – деді.
Мен: «Жоқ, қаржылық тапшылыққа байланысты біз тек Абайды ғана ойлап отырмыз», – дедім.
Ол кісі маған: «Сіз екеуінің материалын қатар жинаңыз. Жақын күндер келгенде көресіз», – деді.
Менің Әуезов тақырыбында жазуыма ең бірінші түрткі болған адам – Ләйлә Мұхтарқызы. Абай: «Білімдіден шыққан сөз – талаптыға болсын кез», - дейді. Мен ол кезде талапты жастардың қатарында едім. Маған сол сөз келді. Сөйтіп, біз Абай энциклопедиясын 1995 жылы шығардық. «Әуезов энциклопедиясына» дайындық сол кезде қатар жүрді.

Суретті: Нұргелді Әбдіғаниұлы түсірген.
Мен кейін жеке кәсіп аштым. Ал «Әуезов энциклопедиясының» басы-қасында Кәдірбек Сегізбай ағамыз болды. Мен кейін «Әуезов энциклопедиясын» мемлекеттік жұмысқа ауысып кеткеніме байланысты аяғына дейін жеткізе алмадым. Ал «Әуезов энциклопедиясы» «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Абрарұлының басшылығымен 2011 жылы жарық көрді. Міне, бұл кітапқа баратын баспалдақ осылай басталды.
Ал бұл кітаптың өз тарихына келетін болсақ, 1998 жылы Мұрат Әуезовтің бастамасымен Фатима Ғабитованың өмірінен алынған материалдар негізінде жазылған. Сөйтіп, бірінші рет «Өртеңде өскен гүл» деген тамаша кітап жарық көрген. Кітаптың атын қойған адам – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кәдірбек Сегізбай ағамыз.
2023 жылы Мұрат Әуезовтің 80 жылдығына орай «Атамұра» баспасы бұл кісінің бір томдық жинағын шығаруға кірісті. Рақымғали Абрарұлы байланысқа шығып: «Сіздің осындай бір томдық кітабыңызды шығарсақ қайтеді?» – деп ұсыныс айтқан.
Ал Мұрат Әуезов: «Кітаптарым жарыққа шығып жатыр ғой. Мен кей кезде анам жайлы көбірек ойлаймын. Осы анамның алдындағы парызымды толық өтедім бе, өтемедім бе? Бұрындары шығарылған дүниелерді толықтырып қайта шығарсақ, толық бір ескерткіш болар еді. Маған жақсылықтарыңыз сол болсын», – деді. Сөйтіп, «Өртеңде өскен гүлдің» екінші басылымы дайындала бастады. Кітаптың екінші басылымы 2023 жылы жарық көрді. Бұған мен «Қайсар рухты жан» деген алғысөз жаздым.
Енді осы жөнінде сәл тоқталып кететін болсам…

Сурет: e-history.kz сайтынан алынды.
ҮШ АРЫСТЫҢ ҰРПАҒЫН ЖАЛҒАҒАН - ФАТИМА
Фатима Ғабитова – ұлы адам. Бұл кісі өте зиялы татар отбасында, Қапал деген қалада туған. Ата-анасы қызына үлкен банкир болады деп үміттенген. Бір үйді жалдап тұрады. Жалдап тұрған үйдің әжесі неміс тілін, фортепианода ойнауды үйретеді. Орысшаны да меңгереді.
Сөйтіп жүргенде Жетісуда азамат соғысы басталады. Сонда ата-анасы: «Ертең біреулер ойрандап кетпей тұрғанда, қызымды тиісті орынға жөнелтейін», - деп сол кезде сымбатты, білімді, ақылды, болып өсіп келе жатқан Біләл Сүлейұлына 15 жасында Фатиманы тұрмысқа береді.
Фатима Біләл Сүлейұлына тұрмысқа шыққаннан кейін екі ұл туады. Біреуі – Азат Сүлейұлы, екіншісі – Жәнібек Сүлейұлы. Екеуі де керемет азаматтар.
1937 жылы атылып кеткен күйеулерінен айырылып, артында қалған ұрпағын жеткізу үшін неше түрлі жағдайды бастан өткерген апаларымыз, жеңгелеріміз бар. Оларды кінәлауға болмайды. Бірақ мына кісі Біләлдің екі баласын Біләлсіз жеткізген. Неге?
Біләл Сүлейұлы 1930 жылы Мұхтар Әуезовпен бірге, Әлімхан Ермековпен бірге түрмеге жабылады. Екі жылдық айыптан кейін Мұхтар Әуезов бар шығармаларынан бас тартып, өзін-өзі ақтап, әрең дегенде түрмеден босап шығады. Ату-қыру біздің жерде 1929 жылдан басталып кеткен. Қазақстанға келсе, Біләл Сүлейұлы да атылып кетер еді. Сондықтан ол амалдың жоқтығынан келе алмады. Мәскеуді жағалап, Қарақалпақстан жаққа кеткен.
Сөйтіп жүргенде Ілияс Фатимаға өзінің сүйіспеншілігін білдіреді, ниетін жеткізеді. Ілияс пен Біләл екеуі бір ауылдан, бір атадан, бір рудан...
Ілиястың өзі де ол кезде жетісіп тұрмаған еді. Ол кезде Ілияс үш рет әйел алып, ажырасқан адам болатын. Сөйтіп, Ілияс екеуі қосылады. Екеуінің арасында керемет махаббат болған. Ғажап!
Фатима бұған да адал болды. Екі қыз туады. Тағы бір баласына аяғы ауыр кезінде Ілиясты ұстап алады. Баласын Ілияс түрмеде жатқан кезінде туады.
Фатима да Ілиястың атылатынын біліп тұрып, «баласын көріп кетсін» деп шақалақты түрмеге апарады.
«Міне, мынау сенің ұрпағың. Ұлым жоқ деуші едің, міне, сенің ұлың» – деп, түрменің бастығына өтініш айтады.
Сонда Ілияс: «Сен бұл баланы етікші жаса, етік тігуді үйрет бұған», – депті. «Мен сияқты азапқа түскен жазушы болғанша, етікші болып өмір сүрсін», – деген екен.
Мұхаңның біріншісі – Райханнан туған Шоқан кішкентай кезінде шетінеп кеткен. Одан кейін Ленинградта оқып жүрген кезінде Валентина Николаевнадан бір ұл туады. Ленинградтан Ташкентке келе жатқанда балаға ауру жұқтырып алып, ол ұлы қайтыс болады. Одан кейін Елдар деген бір ұлы жарымжан болып туады. Көп ұзамай, 1945–1946 жылдары ол да қайтыс болып кетеді.
Сөйтіп, Мұқаң Фатимаға сөз салады. Фатима да бес баланы қалай асырайды, Әуезовтай алыптың көмегі болмаса? Сөйтіп, Мұқаңның арманын орындап, Мұраттай ұл тудырады. Мұраттың аяғы құтты болып, 1943 жылы Ернар дүниеге келеді.
Осындай жағдайды бастан өткерген бұл кісі Мұқаңды да бақытқа жеткізген адам. Ал осындай кісіні қалай жамандауға болады, айтыңдаршы?..
РаҚымғали Абрарұлы деген – бір нәрсені бастаса, аяқтамай қоймайтын адам. жаңағы Мұрат ағасына берген уәдесінде тұрып, «Қазақ рухы» деген атпен мына кітап жарық көрді.

Сурет: Қайнар Олжайдан алынды.
ӘР КІТАПТЫҢ ДА АДАМ СИЯҚТЫ ӨЗ ӨМІРІ БОЛАДЫ...
Ал енді осы кітаптың ішінде Фатима туралы оқиғаның жалғасы, алып баладан алып эпопеяға дейін білім бар. Және Әуезовке арналған үш бөлім бар. Әуезовтің тағдырында төрт қатерлі оқиға болған: Біріншісі – 1932 жылы түрмеге отырған кезінде атылып кетуі мүмкін еді. Екіншісі – 1937 жылғы репрессия. Үшіншісі – 1947 жыл. Төртіншісі – 1953 жыл. Осы жылдардағы Мұхтар Әуезовтың қилы тағдыры түгел қамтылды.
Ал енді соңғы үш бөлімге келетін болсақ, Үндістан жазбалары, Жапония, Америка туралы айтылады. Оның себебі – Үндістанда, Жапонияда, Америкада үлкен Әуезов те болды, кіші Әуезов те болды.
Мысалы, Мұхтар Әуезовтің терең-теңіз білімінің бір көрінісі – мына дүниелер. ЮНЕСКО мойындаған университеттер: Италиядағы Болонья университеті, оның ар жағында ЮНЕСКО мойындаған Мароккодағы әл-Қарауи деген университет.
Мұқаң айтады: «Сол кездің өзінде алғашқы университет осыдан 2 мың жыл бұрын Үндістанда болған», - дейді. Мұқаңның заманынан кейін үндістандық және пәкістандық археологтар зерттеген. Көз алдыңызға елестетіңізші, Алтын адам өмір сүрген кезде, біздің дәуірімізге дейінгі 500 жыл бұрын Үндістанда университет болған. Ол университеттің аты – Наланда университеті, екіншісі – Таксила университеті. Үндістан мен Пәкістан қайтадан ашты соны.
Жапонияға барып, сондай керемет дүниелерді көрген адам неге еш нәрсе жазбаған? Сұрақ осы. Еш нәрсе жазбаған. Неге? Жапонияға тасталған екі бомбаның қасіретін бүкіл әлем айтып жатқан кезде, күнде сондай бомба тасталып жатқан Семейдің қасіретін айта алмаса, қандай кітап болмақ? Соны ескергендіктен ғана жаза алмаған. Бірақ күндердің күнінде ұрпағым тауып алады деп ойлаған.
Енді кітаптың тағы бір ерекшелігі – бұл кітап аяқталмаған сияқты әсер қалдырады. Оқиға 80-жылдармен бітеді. Әрі қарай тек кіші Әуезовтің өмірі туралы. Қалған мәліметтер келесі кітапқа қалсын деп отырмын. Себебі әр кітаптың да адам сияқты өз өмірі болады...
ТҰЛҒАНЫ ТАНУ ҮШІН – СОЛ ТҰЛҒА ӨМІР СҮРГЕН ЗАМАНДЫ БІЛУ КЕРЕК!

Суретті: Нұргелді Әбдіғаниұлы түсірген.
Берекет Кәрібаев, ҚР Ұлтық ғылым академиясының академигі:
– Біріншіден, Мұхтар Абрарұлы базалық білімді – журналист. Журналист деген сөз – ойы ұшқыр, қаламы жүйрік деген сөз. Екіншіден, Мұхтар тоқсаныншы жылдардың ортасында тарих ғылымдары бойынша орыс энциклопедияларындағы қазақтар мәселелерін тақырып етіп, тарих ғылымдары бойынша ғылым кандидаты болған. Тақылауына қатысқанмын.
Мұхтар Құл-Мұхаммед қазақ баспасөзінде, қазақ заң ғылымында, қазақ тарихында талай-талай кітаптар жазып, өзіндік ой-пікірлерін, тұжырымдарын айтып, дәлелдеген қалыптасқан қаламгер. Ал бұл «Сараман жол» бүкіл қазаққа, әлемге танылған Мұхтар Әуезов, оның ұлы Мұрат Әуезов туралы, әке мен бала туралы ғылыми-танымдық сипаттағы еңбек. Неге ғылыми-танымдық сипаттағы еңбек? Біріншіден, бұл негізінен архивтерге және сол кезде жазылған, Мұрат Әуезовтің анасы Фатима Ғабитованың баласына, күйеуіне жазған хаттарына негізделген. Сол кездегі зерттеу еңбектерге негізделген.
Тарих ғылымындағы принцип бар. Тұлғаны тану үшін алдымен сол тұлға өмір сүрген заманды білу керек. Мұхтар да сол тарихты сөйлеткен тіл де, білім де, дерек те бар. 1918 жылдардан бастап, одан кейін 20-шы жылдардағы, одан кейін 30-шы жылдардағы қазақ қоғамындағы және орталық Мәскеу жақтағы саяси қалыптасқан жағдайды баяндай отырып, оның Қазақстанға әсері, оның жазушыларға, нақты тұлғаға әсерін нақты баяндап береді.
Мұрат Әуезовтің дүниеге келуі, оның қалыптасуы, бәрі-бәрі осы еңбекте жазылған. Мұрат Әуезовтің қалыптасуы жайлы, жалпы әкесінің балаға деген қорғаншылығы, сүйіспеншілігі, айналып келгенде әкенің балаға деген махаббаты – бәрі осы кітапта көрініс тапқан.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz