Алматы: Желтоқсан ардагерлерімен кездесу өтті
2026 жылғы 17 қарашада №1 Алматы мемлекеттік гуманитарлық-педагогикалық колледжінде «Желтоқсанға 40 жыл» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Кездесу Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының «1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушы Ербол Сыпатаевты еске алуға арналған жоба» аясында «Қайсар Жүрек» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткізілді.
Іс-шараға «Желтоқсан қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, Желтоқсан ардагерлері Талғат Көбегенов, Гүлжанат Керейбаева, Гүлбас Байкеева, Арчагүл Асанбаева және Бағизат Амирханова қатысты. Кездесу «Атамекен» әнімен басталды. Колледж студенттері Тәуелсіздік пен Желтоқсан тақырыбындағы өлеңдерді оқып, тарихи оқиғаларға арналған баяндамаларын ұсынды. Экраннан тақырыптық слайдтар көрсетіліп, қатысушылар назарына Желтоқсан тарихына қатысты материалдар таныстырылды.
Кездесудің мазмұнды бөлігі – ардагерлердің естеліктері болды. Олар 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысты өз бастарынан өткен жайттармен бөлісіп, жастардың сұрақтарына жауап берді. Студенттер өз қолдарымен әзірлеген тарихи экспонаттарын таныстырып, сол кезең туралы ізденістерін ортаға салды.
Колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Байтекеева сөз сөйлеп, Желтоқсан ардагерлеріне сыйлықтар табыстады. Ал «Қайсар Жүрек» қоғамдық қорының директоры Ш.Б. Ергебаева қонақтарды Алғыс хаттармен марапаттап, құрмет көрсетті.
Abai.kz