Сәрсенбі, 25 Қараша 2026
Ғибырат 119 0 пікір 25 Қараша, 2026 сағат 15:12

Жүз жасаған заңгер-ғалым...

Сурет: kazpravda.kz сайтынан алынды.

Шайбеков Кемелхан Асамбекұлы (1926-2026)

Қарашаның 1-інде Шымкент шаһарында жақында ғана жүзге толған қазақтың танымал ғалымы заң ғылымының докторы Шайбеков Кемелхан Асамбекұлы дүниеден өтті. Қазақ құқықтық қауымдастығының тарихында Кемелхан аға адами тіршілікте де, ғылыми тіршілікте де ең ұзақ өмір сүрген тұлғалардың бірі ретінде қалмақ.

Бұ кісінің өмірін қысқаша шолып өтсек, 1926 жылы қыркүйектің 24-інде Қазақ Автономиялы Советтік Социалистік Республикасының Сырдария губерниясы Әулиеата уезіне қарасты Алексеевка ауылында (қазір Жамбыл облысының Жуалы ауданына қарайтын Көлтоған ауылы) дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айрылып жетімханада тәрбиеленеді. Орта мектепті бітіргеннен кейін (1942) Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының Сарыбұлақ ауылындағы толық емес “Октябрь” орта мектебінде және Көкбұлақ ауылындағы Лазарь Каганович атындағы толық емес орта мектепте физика мен математика пәндерінің мұғалімі және директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары (1942-44) болып жұмыс істеген.

1948 жылы Алматы мемлекеттік заң институтын үздік бітіреді. 1951 жылы Мәскеу заң институтының жер және колхоз (ұжымдық шаруашылық) құқығы кафедрасының аспирантурасын тәмамдап, сол институтта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, заң ғылымының кандидаты деген ғылыми дәрежеге ие болады.

Диссертациясының тақырыбы: "Қазақ Советтік Социалистік Республикасында ауыл шаруашылығындағы су пайдалану құқығы" (“Право сельскохозяйственного водопользования в Казахской Советской Социалистической Республике”) (Мәскеу заң институты, 1951).

Ол кезде бұндай жағдайдың өзін үлкен өмірлік жетістік деп қараған. Бұған қарамастан, жас ғалым кандидаттықпен шектелмей докторлық диссертациясын жазуға кіріседі.

1969 жылы Мәскеу қаласында докторлық диссертациясын қорғап заң ғылымының докторы ғылыми дәрежесін де алады. Диссертация тақырыбы: “Колхоздағы еңбекақыны құқықтық реттеудің теориялық мәселелері” (“Теоретические проблемы правового регулирования оплаты труда в колхозах”) (Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті). Көп ұзамай 1970 жылы оған профессор ғылыми атағы да беріледі.

Кандидаттық диссертациясын қорғағаннан кейін Алматы мемлекеттік заң институтында аға оқытушы және доцент (1952-55), 1955 жылдан 1998 жылға дейін С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті заң факультетінің доценті, ауыл шаруашылығы құқығы және табиғат қорғау кафедрасының профессоры, меңгерушісі (1970-76), еңбек құқығы және азаматтық істер жүргізу кафедрасының меңгерушісі (1981-86), инвестициялық құқық және құқықтық пәндерді оқыту әдістемесі кафедрасының профессоры, ҚазМУ-дың ғылыми орталығының директоры қызметтерін атқарды.

1990-91 жылдары – Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Ғылым және білім комитетінің кеңесшісі болған. 1998 жылдан бастап ҚазМУ-дың еңбек құқығы және әлеуметтік қамсыздандыру кафедрасының меңгерушісі, кейін Орталық Азия университетінің заң ғылыми орталығының директоры (2000-01), 2000-2010 жылдары Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ (Халықаралық қазақ-түрік университеті) заң факультетінің кафедра меңгерушісі, сосын ХҚТУ-дың Шымкент институтының азаматтық және қылмыстық құқық кафедрасының профессоры болды. Бұның сыртында Шымкент шаһарының бірқатар жоғары оқу орнында жұмыс істеп дәріс оқыған, оның ішінде Академиялық инновациялық университетінің «Құқықтану» кафедрасының меңгерушісі, М.О. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың кеден құқығы, конституциялық және халықаралық құқық кафедрасының профессоры және Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетінің профессоры қызметін атқарған.

Ғалымның ғылыми қызметіне Мәскеу заң институтының жер және колхоз құқығы кафедрасының меңгерушісі (1947-54), кейін Мәскеу мемлекеттік университетінің заң факультетінің жер және колхоз құқығы кафедрасының меңгерушісі (1954-71) болған белгілі орыс ғалымы профессор, заң ғылымының докторы Николай Казанцевтің (1907-1971) елеулі ықпалы болды.

Профессор Шайбеков еліміздегі құқық ғылымының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі зор. Сонымен қатар педагог және ұйымдастырушы ретінде ол кісінің жоғарғы құқықтық оқу жүйесінің дамуына да өзіндік айтарлықтай үлесі бар. Әсіресе ғалым-педагогтің 2000-шы жылдан бері еліміздің күнгейінде жоғары заң оқу орындарының дамуына еңбегі сіңді.

Совет заманында заңгер-ғалым ауыл шаруашылығын реттейтін заңнаманы және оның дамуын зерттеп, негізінен колхоз бен совхоздардағы (советтік шаруашылық) еңбек құқықтық қатынастарына көңіл бөліп, жалақы төлеудің теориялық мәселелеріне ерекше назар аударды. Басқа заңгер-ғалымдармен Кемелхан ағаны салыстырсақ, әсіресе совет заманында көзге дереу көрінетін оның артықшылығы – ғылыми және ғылыми-танымдық еңбектерін екі тілде (қазақ және орыс) еркін және тең деңгейде жаза алатыны. Соның арқасында профессор Шайбеков ғылыми еңбектерімен қатар қарапайым халыққа заңнама ережелерін түсіндіріп насихаттауға арналған ғылыми танымдық жұмыстарын көптеп жазған. Совет заманында да, тәуелсіздік жылдары да Кемелхан аға өзінің ғылыми және ұстаздық қызметін орыс тілімен қатар қазақ тілінде де жүргізді. Мысалы, тек кітаптарының библиографиясын қарасақ, сол кісінің қолынан шыққан жалпы еңбектерінің жартысына жуығы қазақ тілінде харық көрген. Шынын айту керек, әзірге дейін бұндай қабілетке ие заңгер-ғалымдарымыз да, заңгер-ұстаздарымыз да көп емес.

Тәуелсіздік заманында профессор экологиялық құқықтың пайда болып қалыптасуына едәуір үлес қосты, әсіресе су пайдалану мәселелерін құқық тұрғысынан зерттеуге көңіл бөлді.

Кемелхан ағаны еліміздің еңбек құқығы ғылымының негізін қалаушыларының бірі ретінде атауға болады. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанда қазақ және орыс тілінде еңбек құқығы бойынша жарық көрген алғашқы оқулықтарын да профессор Шайбеков жазған.

Профессордың ғылыми зерттеу кеңістігінде колхоз құқығы, еңбек құқығы, әлеуметтік қамсыздандыру құқығы, аграрлық құқық, су құқығы, қоршаған ортаны қорғау құқығы (экологиялық құқық) және жер құқығы болды.

Заңгер-ғалым Қазақстанның ғылыми кадрларын даярлау мен дамытуға да көп еңбек етті. Кейбір дереккөздерге қарағанда, осы уақытқа дейін оның арқасында оншақты ғылым докторы мен отыз шақты ғылым қандидаты пайда болып құқық ғылымын ары қарай дамытуға кірісті.

Қорытындылай келе, өзінің жүзжылдық өмірін құқық ғылымына арнап профессор, доктор Кемелхан Асамбекұлы Шайбеков ғылымның шыңына жетіп, аға буын заңгер-ғалымдарының көрнекті өкілі ретінде артында мол ғылыми мұра қалдырды. Сол мұраны зерттеп тану қазіргі және келешек заңгер-ғалымдарға аманат.

Профессор К.А. Шайбековтің негізгі еңбектері:

Оплата труда колхозников-животноводов Казахстана: (По советскому законодательству). Алма-Ата: Изд-во АН КазССР, 1954. – 95 с. (бірлескен авторлық);

Организация и оплата труда в колхозах Казахстана. Алма-Ата: Казгосиздат, 1955. – 111 с.;

Қазақстан колхоздарында еңбек ұйымдастыру және оған ақы төлеу. Алматы: Қазмембаспасы, 1955. – 111 б.;

Правовые вопросы организации и деятельности совхозов. Москва: Госюриздат, 1959. – 292 с. (бірлескен авторлық);

Оплата труда колхозников, занятых в полеводстве. Москва: Госюриздат, 1959. –  85 с.;

Колхоздарға еңбекақы төлеу. Алматы, 1962. – 56 б.;

Правовые формы оплаты труда в колхозах. М.: Госюриздат, 1963. – 304 с.;

Теоретические проблемы правового регулирования оплаты труда в колхозах. Алма-Ата: КазГУ, 1968. – 470 с.;

Ауыл еңбеккерлерiне юрист кеңесi. Алматы: Қайнар, 1972. – 292 б. (бірлескен авторлық);

Правовое регулирование хозяйственных отношений совхозов. Алма-Ата: Кайнар, 1975. – 207 с. (бірлескен авторлық);

Қысқаша заң анықтамалығы. 2-бас. Алматы: Қайнар, 1977. – 292 б. (бірлескен авторлық);

Юридические советы чабанам. Алма-Ата: Кайнар, 1979. – 127 с.;

Еңбек заңы жөнінде село еңбеккерлеріне кеңес. Алматы: Қайнар, 1979. – 128 б.;

Социальное обеспечение работников сельского хозяйства. Алма-Ата: О-во «Знание», 1981. – 37 с.;

Село еңбеккерлеріне пенсия төлеу. Алматы: “Білім” қоғамы, 1981. – 38 б.;

Совершенствование правовых средств борьбы с гражданскими правонарушениями. Алма-Ата, КазГУ, 1984. – 131 с. (бірлескен авторлық);

Бригадный подряд и право. Алма-Ата: О-во “Знание”, 1986. – 16 с.;

Мердігерлік бригада және право. Алматы, 1986. – 18 б.;

Трудовое право Казахской ССР. Алма-Ата: Рауан, 1990. – 286 с.;

Семейно-арендный подряд. Аренда: (Пути становления и развития): В вопросах и ответах. Алма-Ата, 1992. – 190 с.;

Қазақстан Республикасының еңбек правосы. 1-бөлім: Оқу құралы. Алматы, 1992. – 42 б. (бірлескен авторлық);

Қазақстан Республикасының еңбек правосы. 2-бөлім: Жұмыс уақыты, демалыс уақыты. Оқу құралы. Алматы, 1994. – 42 б. (бірлескен авторлық);

Қазақстан Республикасының еңбек правосы. 1-бөлім: Еңбек шарты: Оқу құралы. Алматы, 1994. – 49 б.;

Трудовое право Республики Казахстан. Алматы, 1996. – 320 с.;

Қазақстан Республикасының еңбек правосы: Оқулық. Алматы: ҚазМЗУ, 1999. – 288 б.;

Трудовая дисциплина: правовые аспекты. Алматы: КазГЮА, 2003. – 68 с.;

Водное право Республики Казахстан в его прошлом и будущем. Шымкент: Ғасыр-Ш, 2005. – 330 с.;

Қазақстан Республикасының еңбек құқығы: Оқулық. Шымкент – Түркістан: Нұрлы бейне, 2007. – 360 б.

Қайрат Әлімжан

Abai.kz

0 пікір