Сәрсенбі, 25 Қараша 2026
Алаң 123 0 пікір 25 Қараша, 2026 сағат 15:28

Ұлттық Ғылым академиясының бүгінгі хәлі нешік?

Сурет: kaz.zakon.kz сайтынан алынды.

Қазақстан ғылымының қара шаңырағы — Ұлттық ғылым академиясы (ҰҒА) төңірегіндегі жағдай әлі де күрделі күйінде қалып отыр.

Көпжылдық реформалар мен трансформациядан кейін мекемеде небәрі 19 толыққанды (нақты) академик қана қалды. Енді оған қоса, қаржыландыру тапшылығына байланысты академия штатының жартысына жуығы қысқаруы мүмкін деген көңіл алаңдатарлық деректер алдымызды кескестеп шықты.

Реформадан кейінгі ахуал: Қанша академик қалды?

2022 жылдың маусымында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе қайтарып, оны беделді ғылыми орталыққа айналдыруды тапсырған еді. Кейін жаңа ұйым құрылып, 2023 жылы Президент жанындағы академия мәртебесін алды, ал 2024 жылы елдегі жалғыз жоғары ғылыми ұйым деп танылды. 2025 жылдың көктемінде бұрынғы республикалық қоғамдық бірлестік (РҚБ) өз еркімен таратылып, трансформация процесі аяқталды.

Талаптар қатайтылғаннан кейін қазір Ұлттық академия құрамында:

  • 19 нақты академик;
  • 139 құрметті академик (11 адам қайтыс болған);
  • 8 шетелдік мүше бар.

Ғылыми атақтарға қойылатын талаптардың күшейтілуі (ғылыми дәреже, кемінде 10 жылдық өтіл, рейтингі жоғары журналдардағы мақалалар, бесжылдық бағдарламаны қорғау) кадрлық іріктеуді мейлінше қатаң етті. Тіпті 2024–2026 жылдары өткен алты байқаудың екеуі үміткерлердің қажетті балл жинай алмауына байланысты өтпеді деп танылған.

Міндет көп, қаржы аз: Штат 34 адамға дейін қысқаруы мүмкін

Ең күрделі мәселе — қаржыландыру мен кадр тапшылығы. Директорлар кеңесі бекіткен штат бойынша 60 бірлік қарастырылғанымен, қазір мекемеде 48 қызметкер ғана жұмыс істейді. Ал 2027–2029 жылдары қаржыландыруды одан әрі қысқарту көзделінгендіктен, оның аяғы:

  • Қаржының азаюы штатты 34 бірлікке дейін қысқартуға әкелуі ықтимал;
  • Бұл білікті мамандардан айырылу, ғылыми-техникалық тапсырмалардың сараптамасын кешіктіру, өңірлік үйлестірудің әлсіреуі сияқты тәуекелдер туғызады;
  • Академия негізінен жылдық мемлекеттік тапсырмалар аясында қаржыландырылады, бұл тұрақты стратегиялық жұмыстарды жүргізуге жеткіліксіз екені де еш дау туғызбайды.

Ерекше мәртебе бар, бірақ шешім қабылдауға ықпал шектеулі

2024 жылдан бері академия 75 өңірлік және салалық болжам сессиясын өткізіп, 220 перспективалық міндетті анықтады, 240 ғылыми-техникалық тапсырмаға сараптама жасады, ғылыми басымдықтар үлгісі мен қолданбалы ғылым тұжырымдамасын әзірлеуге атсалысты. Сонымен қатар сирек кездесетін материалдар, жаңа дәрі-дәрмек, су ресурстарын басқару, сейсмикалық тәуекелдер сияқты сегіз ірі бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр.

Алайда академияның мемлекеттік органдарға жолдайтын ұсынымдары мен сараптамалық қорытындылары ұсынымдық сипатта ғана қалады — шенеуніктер оны орындауға міндетті емес. Сондай-ақ жарғы мен академиктерді сайлау ережелерін Ғылым және жоғары білім министрлігі бекітеді. Академия ғалымдары бұл өкілеттіктерді Қамқоршылық кеңеске беріп, мемлекеттік шешімдер қабылданар алдында міндетті ғылыми сараптама жасайтын Science for Policy («Саясат үшін ғылым») тетігін енгізуді ұсынып отыр.

Түйін: Ғылымнан нақты нәтиже мен коммерцияландыру талап етіліп жатқан кезеңде, елдің бас ғылыми институтының өзі кадр мен қаржы тапшылығына тірелуі — жүйелі қайшылық. Егер мәртебесі жоғары болғанымен, мүмкіндігі мен қаржысы шектеулі күйде қалса, реформаның басты мақсаты — Қазақстанда қуатты әрі тәуелсіз ғылыми-сараптамалық орталық қалыптастыру міндеті толық орындалмай қалуы мүмкін.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

0 пікір