Жексенбі, 29 Қараша 2026
107 0 пікір 29 Қараша, 2026 сағат 10:47

Алматыдағы сайлау учаскелерінде таңертеңнен бастап кезек пайда болды

Сурет: Алматы қаласы әкімдігінен алынды

Алматы қаласында мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына тұрғындардың белсенді қатысып жатқаны байқалады. Таңертеңнен бастап мегаполистегі бірқатар сайлау учаскелерінде дауыс беруге келген азаматтардың кезегі қалыптасты.

Учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің айтуынша, қала тұрғындары сайлау учаскелеріне олар ашылмай тұрып-ақ келе бастаған. Алғашқы дауыс берушілер қатарында отбасылық жұптар, аға буын өкілдері мен жастар бар.

Сайлаушылар санының көптігіне қарамастан, дауыс беру қалыпты режимде өтіп жатыр. Күту уақытын қысқарту мақсатында учаскелерде бюллетень таратуға арналған қосымша үстелдер ұйымдастырылған. Еріктілер сайлаушыларға учаске ішінде бағыт-бағдар беруге көмектессе, бақылаушылар дауыс беру рәсімінің сақталуын қадағалап отыр.

Еске салайық, Алматы қаласында барлығы 670 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Қала тұрғындары өздерінің қай учаскеде дауыс беретінін Telegram желісіндегі @almaty_maslihat_2026 боты немесе 109 бірыңғай нөмірі арқылы біле алады.

Ал 41 сайлау учаскесінде бір күндік тіркеу қызметі қолжетімді. Бұл қызмет Алматы қаласында тұрғылықты жері бойынша тіркеуі жоқ азаматтарға дауыс беруге мүмкіндік береді.

Дауыс беру кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады.

Abai.kz

0 пікір