Думан АНАШ. Шәкәрім қажының Сәбит Мұхановқа жазған хаты
Өткенге салауат.
Осы ғибратты тәмсiл есте жүрсе керек-тi. Бiздiң өткенiмiзде орасан қазына жатыр. Бiр ғана Мағжанды жетiк бiлу - Тәуелсiз елдiң iргесiн бекiтуге үлес қосам деген ұланның санасында қаншалықты сiлкiнiс, рухани ояну тудырар едi. Сондықтан бүгiнгi ұлттың жабыланған жадына, орасан шабуылға ұшыраған санасына қарсы тұрарлық немесе шипа болар ем не болуы мүмкiн?..
Бiз өткенге жиi оралып тұруымыз қажет. Бiздiң өткенiмiзде бәрi бар... Ұлы далада құрылған қағанат, сұрапыл соғыс, алтын күмбездi шәрлер (шаһарлар), босқын болған жұрт, аштық, бодандық, геноцид...
Осының бәрi бүгiнгi жас ұрпақ санасынан берiк орын алуға тиiс.
Қазақ сосын «Өлi риза болмай, тiрi байымас» дегендi де ауызға жиi алады.
Заманымыз жақын ғой, қазiргi мемлекеттiк ұлттық идеологияны сiңiруде бiр ғасыр бұрынғы Абай мен соның ақындық һәм азаматтық мектебiнен тәлiм алған, Алаш Ордаға көсем болған ұлт зиялыларының өмiрi мен iсiнiң өзi үлкен үлгi.
Жуырда «Абай» мемлекеттiк мұражай кешенiнiң директоры Төкен Ибрагимов ақсақал Шәкәрiмнiң елсiздегi саят қорада Сәбит Мұқановқа жазған хатымен таныстырған болатын.
Хат - бiр кездегi саяси-әлеуметтiк өмiрден, ұлт тұлғалары арасындағы қарым-қатынастан сыр шертедi. Шырғалаңға түскен Шәкәрiм ғұмырының бiр үзiгi көз алдыңа келедi. Бiрге оқиық.
Ардақты Сәбит бауырым!
Өткенге салауат.
Осы ғибратты тәмсiл есте жүрсе керек-тi. Бiздiң өткенiмiзде орасан қазына жатыр. Бiр ғана Мағжанды жетiк бiлу - Тәуелсiз елдiң iргесiн бекiтуге үлес қосам деген ұланның санасында қаншалықты сiлкiнiс, рухани ояну тудырар едi. Сондықтан бүгiнгi ұлттың жабыланған жадына, орасан шабуылға ұшыраған санасына қарсы тұрарлық немесе шипа болар ем не болуы мүмкiн?..
Бiз өткенге жиi оралып тұруымыз қажет. Бiздiң өткенiмiзде бәрi бар... Ұлы далада құрылған қағанат, сұрапыл соғыс, алтын күмбездi шәрлер (шаһарлар), босқын болған жұрт, аштық, бодандық, геноцид...
Осының бәрi бүгiнгi жас ұрпақ санасынан берiк орын алуға тиiс.
Қазақ сосын «Өлi риза болмай, тiрi байымас» дегендi де ауызға жиi алады.
Заманымыз жақын ғой, қазiргi мемлекеттiк ұлттық идеологияны сiңiруде бiр ғасыр бұрынғы Абай мен соның ақындық һәм азаматтық мектебiнен тәлiм алған, Алаш Ордаға көсем болған ұлт зиялыларының өмiрi мен iсiнiң өзi үлкен үлгi.
Жуырда «Абай» мемлекеттiк мұражай кешенiнiң директоры Төкен Ибрагимов ақсақал Шәкәрiмнiң елсiздегi саят қорада Сәбит Мұқановқа жазған хатымен таныстырған болатын.
Хат - бiр кездегi саяси-әлеуметтiк өмiрден, ұлт тұлғалары арасындағы қарым-қатынастан сыр шертедi. Шырғалаңға түскен Шәкәрiм ғұмырының бiр үзiгi көз алдыңа келедi. Бiрге оқиық.
Ардақты Сәбит бауырым!
31 жылы 3-февральда елсiздегi саят қорада жазылды.
II.ХII - жазған хатыңызды жаңада ғана алдым. Бүгiнгi Аягөзге жүрмек адамнан осы хатымды асығыс жаздым. Қолымда барынан аз ғана жазбамды жiбердiм. Олар: «Бәйшешек бақшасы», «Нартайдың әңгiмесi», «Қазақтың түп атасы» (25 жасымда жазғам), «Бозбала мен кәрiлiк» (32 жасымда жазғам), «Баламен айтысып жеңiлгенiм». Қолымда қаражаттық ақша жоқтығынан бұларды өзiңiз почта қаражатын төлеп алар деп доплатной қылдым. Бұрын басылған «Қазақ айнасы», «Еңлiк-Кебек», «Қалқаман-Мамыр» деген өлеңдерiмдi әрбiрiнен өз қаражатыммен 1000 (экземпляр) дана бастырып елге таратып едiм. «Қазақ, қырғыз, қалмақ, түрiк» шежiресiн де бiр мың бастырып таратым едiм. Соларды балаларға iздетiп, шежiренiң бiр жыртылып қалғаны табылып, бұрынғы басылғанында қате бар, әм қосылмаған сөздер бар болғандықтан көшiрiп, түзетiп жатырмын. «Әдiл-Мәрия» деген романымның көшiрмесi Алматыдағы осынан барып қызметке тұрған Бағдәулет Құдайбердiұлында шығар. Оның тұрағы Алматыда Ленинский көшеде № 63. Сол балада Американың Бичер Стоу деген әйелi жазған құлдар тұрмысы жайынан «Том ағай балағаны» деген қазақшаға аударғаным бар шығар. Бiрақ оларды бастырам деп рұхсат алып едi. Табылса менiң сөзше жазғанымды бастырғаныңыз мақұл. Өлеңшесiн өзiңiз бiлесiз.
Қолымда «Шын бақ әңгiмесi» деген пьесаға аударуға лайықты бiр романым бар. Бар болса да басқа кiсi оқи алмастық черновой болғандықтан көшiрмей жiберуге болмайды. Және Пушкиннiң «Дубровский» деген романын қазақша өлеңге аударып ана бiр жылы Семейде бастырып едi. Ол үйде бар едi, мына адамнан жiберуге болмады. Бұлардан басқа да аудармаларым, өлең сөздерiм бар. Бiрiншi уақыт тығыз болып, екiншi 45 жасымнан бергi өлең сөздерiм философия жағына салынып, об увлеченного вопроса обьективная рассуждение болғандықтан үкiмет басуға рұқсат қылмас және бұл кезде халыққа тарату да лайықсыз ба деп жiбермей қалдым. Себебi: жан сыры, жаратылыс сыры, дүниедегi тәмам жатақ, дiндер туралы жазылған. Қырықтан аса бергенiмде: Жан не? Дiн не? Барша ғалам қалай жаралған? Адам жаратушы жағынан не өзiнiң, ар-ынсабы жағынан салынған мiндет бар ма? деген сияқты ылғи дене сезiмiмен сезiлмей iш жаққа, әдетiне, дiнiне, танығанына, құмарына бұрылмай ойлайтын нүктесi - таза ақылмен ғана бiлетiн iстер туралы: дiн, ғылым - ғалым ойшыл философтардың бұл туралы жазған кiтап, айтқан сөздерiн өзiмше сынға алып, дұрыс алып терiс тастанып шығарған қорытындыларымен мен: пәлен пайғамбар, түлен философ, профессор айтты дегенге тоқтап қалмайым. Өз ақылым қабыл алмағанды кiм айтса да терiс көрем. Бiрақ, ақыл қабыл аларлық дәлел айтса, ол кiм болса да бас ұрам. Мақтанып кеттiм дейдi - мақтан емес, iздегенiм тәмам адам пайдасы болғандықтан ақылым айтқан ақиқатты айтпай тұра алмайым. Ерiксiзбiн.
Мен осыны айтып отырғанымда адамшылық арым барша адам баласына пайдалы деп отыз жыл инемен құдық қазып тапқан ақиқатты неге жiберiп, алдымен осыны басуын неге тiленбейсiң деп еркiмдi билеп, жан сыры, жаратылыс сыры деген қысқаша қорытындымды тағы жiбердiм. Әттең дүние, осыны құры қазақша ғана басып қоймай орысшаға жақсы переводпен смыслый переводтап, ғылымды азаматтың бiрi еңбек етiп переводын өзiме көрсетер ме едi? Қазақша тез басылып шығар ма едi? Тiрi күнiмде не қарсы айтылған дәлелдi сындарын, не бiлiмдi ойшылдардың қабыл алғанын бiлiп өлсем армансыз болар едiм. Бұл жан сыры, жаратылыс сыры басылмайтын болса тез қайтарғаныңызды өтiнем. Лажы болса қолжазбаларымның бәрiн қайтарып отырарсыз.
Тағы бiр тiлегiм, менiң қай жазбам болса да басылысымен баспахана қаражатымен маған әрқайсысынан елу данасын жiберсеңiз екен. Балаларыма, достарыма мұра iстеп беру үшiн. Қайсысы басылса да «Мұтылған» деген атыммен басылғаны жөн болар едi. Бiр сөзiм, менiң кейбiр өлеңдерiм қазақтың бұрынғы өлең жырларының әнiмен айтылмайды. Әрқайсысының өзiм шығарған әнi (мотивi) бар. Әндi хатпен ұғындыруға болмайды. Өзiм барып ұғындыруға, жергiлiктi үкiмет басындағы кейбiреулердiң қараңғылығынан, қолда қаражат, баста бостандық қалмай тұр.
Қош! Қош! Бақытты болыңыз!
Мұтылған.
(Шәкәрiм Құдайбердiұлы)
1931 жыл.
(Түпнұсқадан көшiрген Қазақ ССР Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкерлерi: Ә.Нарымбетов; Қ.Мұхаметханов. 5.1. - 1970 ж.)
Әдiлғазы ҚАЙЫРБЕКОВ, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсiреповтiң мемлекеттiк әдеби-мемориалдық мұражай кешенiнiң директоры, филология ғылымдарының кандидаты:
Бiзге Шәкәрiмнiң өзi хат арқылы тiл қатып тұр...
- Шәкәрiм қажының Сәбит Мұқановқа жазған хаты - Шәкәрiмнiң қолтаңбасы қалған жалғыз хат болып саналады. Өйткенi, бұған дейiн Шәкәрiмнiң қолтаңбасының қандай болғандығы бiзге белгiсiз болып келдi. Тек осы хат арқылы ғана жұрт Шәкәрiмнiң қолтаңбасын таныды. Мұның табылуына, хаттың Сәбит Мұқановтың жеке мұрағатында ұзақ жылдар бойы сақталып жатуы септiгiн тигiздi.
Сәбит Мұқанов «ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетi» деген кiтап жазған. Бұл кiтап 1932 жылы жарық көрдi де, одан кейiн әдеби қолданыстан мүлде шеттетiлiп, жабық күйiнде қалған болатын. Сәбеңнiң бұл кiтабы араға көп жылдар салып, 2008 жылы қайтадан жарық көрдi. Бұл кiтапта ХХ ғасыр басындағы бүкiл қазақ зиялылары, әдебиеттегi мықтылардың бәрiнiң аты аталады. Бiрақ, кiтапта Шәкәрiмнiң аты ғана аталмайды. Шәкәрiмнiң аты кiтапта неге жоқ? Себебi, 1930 жылы Сәбит Мәскеудегi Тiл бiлiмi институтында оқып, соның аспиранты болып, күзге қарай Алматыға келедi. Келгеннен кейiн Сәбиттiң Шәкәрiмге хат жазғандығы Шәкәрiмнiң хатынан бiлiнiп тұр. «Сiздiң 11-желтоқсанда жазған хатыңызды алдым» дейдi Шәкәрiм. Яғни, алдында Сәбеңнiң Шәкәрiмге жазған хаты болған. Ал мынау хат Шәкәрiмнiң Сәбеңе жауап хаты iспеттi. Шәкәрiмнен Сәбит Мұқанов бiраз кiтаптар сұратқан. Оның өлеңдерiн, шығармашылық өмiрбаянын сұратқан. Осының барлығына Шәкәрiм жауап берген. Алайда, Сәбиттiң кiтабына Шәкәрiм неге кiрмей қалды? Өйткенi, осы 1931 жылы ақпан айында Шәкәрiм хат жазып отыр. Ал, күзде Шәкәрiм қаза болады. Сол кездегi бiздiң чекистердiң «аса қырағылығының» нәтижесiнде Шәкәрiм оққа ұшып, денесi Құрқұдыққа тасталады. Осы оқиғадан кейiн, яғни, Шәкәрiмдi өлтiргеннен кейiн «Ол Қытайға қашпақшы болды, Кеңес үкiметiне қарсы едi, қажы болатын» деген сынды жала жауып, атын мүлде өшiруге тырысты. Кеңес үкiметiне қарсы екен деген әңгiме туғызды.
Мiне, осындай жәйттен кейiн хаттың ғайыптан тайып Сәбит Мұқановтың жеке мұрағатында сақталуы үлкен олжа болды. Өйткенi, бiзге Шәкәрiмнiң өзi хат арқылы тiл қатып тұр. Өзiнiң қандай шығармалары бар екендiгiн айтып отыр. Толстоймен хат жазысқанын айтып отыр. Өзiн толғандырып жүрген сауалдарды қойып отыр. Мiне, осының бәрi хаттың салмағын, құндылығын арттырады. Оның үстiне тiкелей өзiнiң қолтаңбасымен қалуы да бiз үшiн қымбат.
Жалпы, Сәбит Мұқановтың мұрағаты қорында Шәкәрiмнiң 1912 жылы Семейдегi «Жәрдем» баспасынан шыққан «Еңлiк-Кебек» атты атақты кiтабы бар. Сонан кейiн осы хатын атауға болады. Бұл хаттың түпнұсқасы Орталық мұрағатта сақтаулы. Бiзде көшiрмесi тұр. Сондай-ақ Шәкәрiмнiң фотосуретi бар. Бұл фотосуретте Тұрағұлға (Абайдың ұлы) жазып берген тағы бiр қолтаңбасын көруге болады. Бұл кейiнiрек табылды. Сондықтан екi мәтiндегi қолтаңбаны салыстыра қарағанда, жазудың Шәкәрiмнiң қолымен жазылғанына ешкiмнiң күмәнi тумайды. Бұл сурет анау-мынау ретушқа түспеген, суретшiлердiң қылқаламы боямаған, таза сақталған сурет болып табылады. Суреттi Шәкәрiм бiрнеше дана етiп шығарған болуы мүмкiн. Газет-журналдарда көптеп басылып жүрген суретiне қарағанда, бұл сурет бiзге таза сақталып жеткен сурет екенiн айтқым келедi.
- Жалпы, осы хатқа қарап отырсақ, Шәкәрiмнiң сол кезеңде қаржы жағынан қиналғандығы айқын аңғарылады. «...өзiңiз почта қаражатын төлеп алар деп доплатной қылдым», «...қолда қаражат, баста бостандық қалмай тұр» деген сөздерi осыған дәлел. Бұл турасында не айтар едiңiз?
- Шәкәрiмнiң өмiрбаянын зерттеушiлердiң барлығы сол кезеңде Шәкәрiм өмiрiнiң өте бiр қиын жағдайға тап болғандығын айтады. Жергiлiктi ГПУ органдарының аудандық бөлiмшесi Шәкәрiмдi кәдiмгiдей бақылауға алған. Ешқайда кетпеуге, келiп есеп берiп тұруға мiндеттеген. Соңына түсiп алғаннан кейiн Шәкәрiм елсiздегi саят қораға, оңашалыққа кетедi. Жазған-сызғандарын қайта қарап, өңдеп, түзеп дегендей өзiмен-өзi таза шығармашылық жұмысына ден қояды. Бiрақ бәрiбiр Шәкәрiмге маза бермейдi. ГПУ адамдары кiсi жiберiп отырады, соңына адамдар салып қояды. Қайта-қайта сұрауға шақырады. Осының бәрi Шәкәрiмдi қатты құлазытады. Осыдан кейiн Шәкәрiмнiң айналасындағы кейбiр адамдар оған Қытайға кету туралы ұсыныс жасайды. Шәкәрiмнiң «қажы» деген аты бар, қажы бастап барса, ол жақта жақсы қарсы алады, жағдайымыз түзеледi деп жанындағы адамдар оны елден кетуге көндiредi. Көнгеннен кейiн Қытайға кетуге жиналған сапарында соңына қуғын түсiп, оққа ұшты. Шәкәрiмнiң қазасы туралы әңгiме осылай дейдi.
Негiзi, Шәкәрiмнiң материалдық жағдайы қиын болды деуге келмейдi. Ол да үлкен тектi тұқымның өкiлi болды. О кезде байлық мал, төрт түлiк едi. Жұрт алдындағы малын базарға саудалап, ақша қылып, күн көрген. Сондықтан Шәкәрiмнiң жолын шектеу, жан-жақтан қысым жасау үлкен қиындыққа алып келдi.
- Жалпы, осы хатта айтылған шығармаларының барлығы сақталды ма?
- Мұны шәкәрiмтанушылар айтуы тиiс. Хатта роман деп айтып отырған шығармалары қолжазба күйiнде жоғалып кетуi де ғажап емес. Сәбит Мұқанов осы хатты кирилл қарпiне көшiрiп бастырып, 1952 жылы хатқа түсiнiктеме жазады. «Копиясы дұрыс, бұл хаттың Шәкәрiм Құдайбердiұлынiкi екенiн бiрiншiден, аталған кiтаптардан бiлемiн, екiншiден, хатта аталған Бағдәулет деген адам келiп айтты. Поштама салдым деген кiтаптары келген жоқ, адамы әкелiп берген жоқ. Хатқа «Мұтылған» деп қана қол қойылған», - дейдi Сәбең.
«Мұтылған» - Шәкәрiмнiң жасырын есiмi, «ұмытылған» дегендi бiлдiредi. Кейiнгi кезде өз шығармаларын тек «Мұтылған» атымен шығару туралы ойын да осы хатында айтады.
- Шәкәрiм Сәбеңнен басуын өтiнген шығармаларды Сәбит Мұқанов баспадан шығара алмады ғой?
- Бұл туралы Сәбең өзi айтып отыр ғой. «Жiберген кiтаптары маған келген жоқ. Берiп жiбердiм деген адамы әкелiп берген жоқ» дейдi. Оның ең басты себебi, бұлар 1931 жылдың басында хат жазысып отырса, сол жылы күзде Шәкәрiм атылып кеттi. Яғни, жала жауып, атылған адамды ақтап, кiтабын шығару Сәбитке оңайға соқпаған деп айтуымызға болады. Егер Сәбит «бiр кесiрi маған да тиiп кетер» деп хатты да, фотосуреттi де құртып жiберсе, бiз үшiн ештеңе де жоқ болып қалар едi ғой. Алайда, Сәбит Мұқанов хатты сақтай бiлдi. Кейiн Шәкәрiм ақталған кезде бiрiншi болып, Шәкәрiмнiң хаты бар деп жұртқа жария жасады. Бұл - 1969 жылдың 3-желтоқсаны болатын.
- Осы хатқа Сәбит Мұқанов жауап жазды деп ойлайсыз ба?
- Бұл жағы белгiсiз. Бұл хаттың алдында хат жазғанын Шәкәрiм айтып отыр. «Хатыңызды алдым» дейдi. Ал бұдан кейiн Сәбит оған хат жаза алды ма?.. Бұл жағы белгiсiз. Бұл жөнiнде Сәбең өзi де ештеңе айтпаған. Ол уақытта Шәкәрiм әлi ақталмай тұрған болатын.
Шәкәрiм 1931 жылдың 2-қазанында дүниеден озады. Хатта айтқан тiлек-өтiнiштерi орындалмай қалады. «Кеңес Үкiметiн орнатуға қарсы, бай-кулак тобына қатысы бар жан ретiнде» кiнә тағылады. Бұл - ол кезде ауыр кiнә болатын...
Балтабай ӘБДIҒАЗИЕВ, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетi филология факультетiнiң деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор, шәкәрiмтанушы:
Шәкәрiм - бiраз уақыт халықтың ортасынан есiмi алшақтап қалатынын сезген...
- Бiрiншiден, бұл хат арқылы Шәкәрiм мен Сәбит Мұқанов екеуiнiң арасы өте жақын болғанын аңғаруға болады. Өйткенi, Сәбеңе жазған хатында Шәкәрiмнiң: «Мен сiзге шығармаларымды жiберiп отырмын. Соны жарыққа шығаруыңызды өтiнемiн» деген өтiнiштерi бар. Сосын тағы да «қолымда қаражат болмағандықтан, өз қаражатыңызбен осы кiтаптарды шығарып, кейiн бiрер данасын салып жiберуiңiздi өтiнемiн», - дейдi.
Хатта Шәкәрiмнiң «Том ағайдың балағаны» деген американдық Гариел Бичер Стоудан аударған шығармасы туралы айтылған. Бұл шығармасы бiздiң қолымызға жеткен жоқ. Бiрақ осындай деректi хаттан көруге болады. «Романды Алматыда тұратын Бағдәулет деген адамнан берiп жiберген едiм. Содан хабар ала алмай отырмын. Мүмкiн болса, сол романды да алып, өзiңiз баспа бетiне шығарсаңыз» дейдi. Оның өлеңше жазылғанын немесе қара сөзбен жазылғанының қайсысы дұрыс деп ойлайсыз, өз еркiңiзде дегендей сөздер айтады. Соған қарағанда «Том ағайдың балағаны» екi түрлi нұсқада аударылғанын байқайсыз.
Хатта негiзiнен шығармаларын салып жiбергенi туралы, кейiнгi ұрпаққа мұра болып қалса деген ниетiн бiлдiргенi жазылған.
Сәбеңе жазған хатта айтылатын «Әдiл-Мәрия» романы - 1929 жылы жазылған роман. Мәрия деген қыз бен Әдiл атты жiгiттiң арасындағы махаббат арқау болған шығарма, сондай-ақ мұнда сол қоғамдағы сайлау науқаны көрiнiс тауып, ХХ ғасырдың басындағы әйел теңсiздiгi тақырыбы суреттеледi.
Хатта айтылатын Бағдәулет Құдайбердiұлы туралы деректi ешқайдан кездестiре алмадым. Мен осы хаттан кейiн Бағдәулет жайында бiраз сұрастырып едiм. Дерегi табылмады. Хатта оның тұрған мекенi, көшесiне дейiн жазылған. Басында Шәкәрiмнiң шығармалары осы Бағдәулетте сақталуы мүмкiн деген оймен бiраз қарастырғанымен, онан кейiн iзiне түсе қоймадым. Көрдiңiз бе, Шәкәрiм өз шығармаларын елден Алматыдағы Бағдәулетке жiберiп отырған.
Сонда, хатта айтылған шығармаларынан бiздiң қолымызға түспегенi тек «Том ағайдың балағаны» ғана болып тұр.
«Нартайдың әңгiмесi», «Қазақтың түп атасы» деген шығармалары жарық көрдi. «Қазақ, түрiк, қырғыз һәм хандар шежiресi» деген шығармасы 1911 жылы Орынборда басылған. «Қазақ айнасы» - Семейде шыққан үш кiтабының бiрi. «Әдiл-Мәриясы» да бар. «Шын бақтың айнасында» - адамның ең бақытты кезеңi қайсы деп өзiне сұрақ қойып, сосын адамның сәбилiк шағын, бозбала шағын, жiгiттiк шағын алып қарайды. Соңында ең бақытты кезең - балалық шақ деп ой түйедi. Пушкиннен аударған «Дубровскийi», Хафизден аударған өлеңдерi, «Еңлiк-Кебегi», «Ләйлi-Мәжнүнi» де бар. Сосын дiн туралы «Үш анық» кiтабы да жарық көрдi. Мұның бәрi елiмiзге белгiлi туындылар.
- Жалпы, осы хаттан кейiн Сәбит Мұқановтың жазған жауап хаты бар ма?
- Жоқ. Мен ондай хатты кездестiрмедiм. Сондықтан қандай жауап жазғанын бiлмедiм. Екеуiнiң алдында жазысқан хаттары туралы да мағлұмат жоқ.
Шәкәрiмнiң Толстойға хат жазғаны туралы дерек бар. Шәкәрiм Толстойға үш сұрақ қойдым дейдi. Бiрiншiсi, үлкен шығарма жазуы үшiн жазушы қандай дайындықта болуы керек деген сауал. Содан кейiн жазушы өзiнiң қатесiн қалай түзетуi керек дейдi. Үшiншiсiнде, жалпы, адамның арына ең ауыр тиетiн нәрсе не деп сұрадым дейдi. Толстой осы үш сұраққа мұқият жауап берген екен. «Адамның арына ең ауыр тиетiн нәрсе - жаныңдағы адамға келе жатқан қауiптi, зиянды бiлiп тұрып, сол адамға ескертпесең, айналаңдағы адамдарға төнiп келе жатқан қауiптi өзiң бiлiп тұрып, алдын ала ескерту жасап, аман алып қалуға әрекет жасамасаң, арыңа ауыр тиер нәрсе сол», - деп жауап берiптi Толстой. Жазушы өз қатесiн қалай түзетуi керек деген сауалға - «Бұл екiнiң бiрiнiң қолынан келмейдi, дегенмен, жазушы өзiнiң жазып-сызғанының бәрiн сүзгiден өткiзiп, қайтадан қарап, түзетiп отыруы керек» деп кеңес берген екен. Ал күрделi шығарма жазуы үшiн не iстеу керек деген сауалға «Күрделi шығарма жазатын жазушы ең алдымен өзi сол оқиғаның iшiнде жүргендей сезiнуi керек» дептi. Шәкәрiмнiң «Осындай сұрақтарыма жауап берген Толстойды мен өмiр бойы ұстазым деп бағалап өтемiн» деген сөзi бар. Бiрақ бұл хаттың мәтiнi жоқ. Қайым Мұхамедхановтың деректерiнде кездеседi, онда сұрақтары да, жауаптары да жазылған.
Мен Толстойдың да көптомдықтарын қарап шықтым. Ол жерден бұл турасында еш дерек кездеспедi. Қалған жерде мұндай хаттың түпнұсқасы жоқ. Бiрақ, бұл Қайым Мұхамедхановтың анық жазып отырған дерегi. Мүмкiн, соның жеке мұрағатында болуы мүмкiн.
Қазiргi уақытта Шәкәрiмнiң бiрнеше әндерi сақталған. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» әнi кейiнгi кезде орындалып жүр, «Анадан алғаш туғанымда» әнiн кезiнде Жәнiбек Кәрменов айтқан болатын. Бұл әндердi жинап жүрген адам да бар. Ол - Семейде тұратын Келденбай Өлмесеков деген жiгiт. Өзi - әншi. Шәкәрiм әндерiн ел iшiнен жинап, өз репертуарына енгiзiп, бiрден-бiр насихаттап жүрген жан. Келденбай - Шәкәрiмнiң ұзын-саны 14-15 әнiн айтып жүр.
Шәкәрiм Толстойға қатты елiктеген адам ғой. Толстой қартайған шағында ел iшiне кетiп қалып, өзiмен-өзi болған. Шәкәрiм де 1910 жылдан кейiнгi өмiрiн солай өткiзген. 1909-10 жылдары Меккеге қажылыққа барып келгеннен кейiн Саят қораға кетiп қалады. Ол жерде бiраз уақыт болады, төңкерiстiң кезiнде қайтадан қайтып келедi. Төңкерiстен кейiн қайта кетiп қалады. Сондай өмiр сүрген. Өзiн елден жырақ ұстауға бой алдырған. Мүмкiн өзiнiң белгiлi бiр уақыт аралығында ұмытылып кететiнiн сезген де шығар. «Құдай сездiредi» дейдi ғой. Өз шығармаларына атын «Мұтылған» деп сондай оймен қоюы да мүмкiн. Ғарифолла Есiмнiң айтуы бойынша, ол кiсi өзiнiң бiраз уақыт халықтың ортасынан есiмi алшақтап қалатынын сезген болуы да мүмкiн...
«Саят қорадан жолданған үшбу хат
немесе Шәкәрiмнiң Сәбит Мұқановқа жазған хаты жөнiнде»
«Алматы Ақшамы», №127, 31-қазан, 2009 жыл