Сейсенбі, 29 Қазан 2024
Жаңалықтар 3404 0 пікір 17 Қараша, 2009 сағат 08:19

ЛИБӘЙ – ҚАЗАҚ ЕМЕС

Мен жас жігіт кезімде, Үрімжіде жүргенімде, бір қытай қызына «ғашық» болдым. Бірақ, батылым барып, ештеңе айта алмадым. Қалай болар екен деп, жүрексіндім. Серік болатын ыңғайлы жігіт болмады. Дәл сол кезде осы Өмірбек БАЙГЕЛДІ кездескенде екеуіміз бажа болып шығатын екенбіз.

Ал енді қазір кеш. Иә, ішіп жарытпаймыз, иә, жеп жарытпаймыз, иә жатып жарытпаймыз. Әне сонда Өмекең қалай отбасып қалды екен? Аудармашының сөзіне қалай сенді екен? Өзі қытайша түсінбейді. Барған еліміздің бәріне қарыздар болып, айтқанын істей берсек, тәуелсіздігімізден не қалады?

Ал Мұхтар ҚҰЛМҰХАММЕД ше?

Ол баламыз неге сонша асығып, Өмекеңе «ҚР Мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер» атағын бере қойды екен?  Бұл неғылған асығыстық?

Мен жоғарғы оқу орнын қытайша оқып бітірдім. Шыңжаң Педагогикалық Институтында қазақ-қытай тілдері грамматикасынан сабақ бердім. Әдеби аудармашы болдым. 1962 жылы көктемде мен де Қазақстанға қашып өттім.

Міне содан бері 47 жыл болыпты. Қытай тілін «судай» біліп тұрсам да ешкім мені керек еткен емес. Барлық құпия орындарда анкетам-резюмем бар.

Ал қытай архивтеріндегі «қазақ тарихына қатысты мәліметтерді зерттеуге» келгенде, ылғи қытай тілін білмейтін біреулерді жіберіп отырды. Мәселен, бір кезде Қойшығара САЛҒАРИН жіберілді. Оған да атақ, ақша берілді. Енді міне Өмірбек Байгелді де...

Неге бұлай?

Мен жас жігіт кезімде, Үрімжіде жүргенімде, бір қытай қызына «ғашық» болдым. Бірақ, батылым барып, ештеңе айта алмадым. Қалай болар екен деп, жүрексіндім. Серік болатын ыңғайлы жігіт болмады. Дәл сол кезде осы Өмірбек БАЙГЕЛДІ кездескенде екеуіміз бажа болып шығатын екенбіз.

Ал енді қазір кеш. Иә, ішіп жарытпаймыз, иә, жеп жарытпаймыз, иә жатып жарытпаймыз. Әне сонда Өмекең қалай отбасып қалды екен? Аудармашының сөзіне қалай сенді екен? Өзі қытайша түсінбейді. Барған еліміздің бәріне қарыздар болып, айтқанын істей берсек, тәуелсіздігімізден не қалады?

Ал Мұхтар ҚҰЛМҰХАММЕД ше?

Ол баламыз неге сонша асығып, Өмекеңе «ҚР Мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер» атағын бере қойды екен?  Бұл неғылған асығыстық?

Мен жоғарғы оқу орнын қытайша оқып бітірдім. Шыңжаң Педагогикалық Институтында қазақ-қытай тілдері грамматикасынан сабақ бердім. Әдеби аудармашы болдым. 1962 жылы көктемде мен де Қазақстанға қашып өттім.

Міне содан бері 47 жыл болыпты. Қытай тілін «судай» біліп тұрсам да ешкім мені керек еткен емес. Барлық құпия орындарда анкетам-резюмем бар.

Ал қытай архивтеріндегі «қазақ тарихына қатысты мәліметтерді зерттеуге» келгенде, ылғи қытай тілін білмейтін біреулерді жіберіп отырды. Мәселен, бір кезде Қойшығара САЛҒАРИН жіберілді. Оған да атақ, ақша берілді. Енді міне Өмірбек Байгелді де...

Неге бұлай?

Себебі қытай тілін білетін адам жіберілсе, ол өтірікке алданбайды.

Мен 1960 жылы Шіңжаң Педагогикалық Институтында ұйғыр тілі факультетінде оқытушы және әдеби аудармашы едім. Бір күні маған «Қытайдың бес мың жылдық әдебиеті» курсын аудару міндеті жүктелді. Мен:

-          Қытайша ескі әдеби тілді білмеймін. Оны қазіргі бұқаралық әдеби тілге

аударып беретін адам керек. - дедім.

Олар ондай адамды алдырды. Бір орта бойлы, аққұба, арық, көзәйнекті, биязы мінезді, орта жастағы адам келді. Бұрын өте үлкен капиталисттің баласы болған, Нью-Йоркта оқыған, Париж университетінде доцент болған екен. Бұл күндері отанына оралып, саяси сенімсіз адам ретінде бақылауда жұмыс істейді екен.

Ол жаңа тілде жазған лекцияларын маған беріп отырды. Мен оны қазақшаға аударып, Нұрсапа Мәмекеұлы АМАНЖОЛОВ деген оқытушыға беріп отырдым. Ол кісі қазір Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Балқаш қаласында тұрады. Үлкен ақын.

Ол кісіден Шарпидден ОМАР дейтін оқытушы алып, ұйғырша лекцияларында пайдаланды. Ташкенттен аспирантура бітіріп барған.

Мен дайын қолжазбамен ғана шектеліп қалмай, қытай тіліндегі, үлкен ғалымдардың еңбектерін іздей бастадым. Бір күні Үрімжі қаласының Яңхаң көшесіндегі «Шың хуа шудян» кітап дүкеніне барсам «Ли бәй» деген кітап тұр екен. Сатып алдым.

Кітапты Пекин Университетінің профессоры Уаң ЯУ дейтін кісі жазыпты. Ол бұл кітапты 1954 жылы 27 наурыз күні жазып бітіріп, осы жылы қыркүйекте бірінші басылымы жарық көрген. 1960 жылға дейін 13 рет басылған. Әр жолы 128 мыңнан - 134 мың данаға дейін таралып отырған.

Міне осы кітапта не дейді?

Шудағы өмір

(2 тарау, 7 бет)

«Либәй жаңа эраның 701 жылы туып, 762 жылы өлген. 62 жыл өмір сүрген. Либәй туған кезде Таң династиясы әлі Узы Тян патшайымның үстемдігінде еді. Ол бес жасқа келгенде Таң Жұң Зұң таққа отырды. Ол он жасқа келгенде Таң Шуәң Зұң патша болды. Онан соң Тян Баудың алғашқы дәуірлеу кезеңі басталды. Либәй 54 жасқа келгенде Таң дәуірінде аса ауыр көтеріліс болып, Шуәң Зұң патша ШУҒА табан аударды. Келесі жылы (756) Таң Су Зұң билікті қолға алды. Тағы 6 жылдан кейін Либәй өлді. Сондықтан оның өміріндегі маңызды іс әрекеті жалпы Таң Шуәң Зұң билеген сол 40 жыл ішінде болды.» («Либәй» 7 бет).

Ал ШУ деген сөз не мағынада?

«Шу 1. ел аты. Үш елдің бірі. Лю Би құрған (жаңа эраның 231-263 жылдары). Қазіргі Сы Чуан өлкесінде құрылып, кейіннен Гүй Жу, Юн Нән және Шән Ши өлкелеріне дейін кеңейген. 2. Сы Чуан өлкесінің басқаша атауы. («Шын Хуа Шудян», 1987 жыл Бейжің. 420 бет).

Қысқасы ШУ әрі мемлекеттің - патшалықтың аты, әрі өлкенің аты болған. Хуаң Хы - Сары өзеннің солтүстігі. Бейжіңге алыс емес. Бұл Шудың біздің Шуға, қазақтың, оның ішінде Дулаттың Шуына ешқандай қатысы жоқ. Екі Шу - бір біріне тек омоним сөздер. Дыбысталуы бірдей, мағынасы, географиясы мүлде басқа атаулар. Екеуінің арасы 10-15 мың километр жер. Осыншама алыс жерге қытайдың Таң Шуәң Зұң патшасы қалай және не үшін қашып келеді? Бұл бөтен жер, бөтен ел. Ол кезде мұнда Түркештер әлсіреп, басқа хандықтар құрыла бастаған. Мұнда да қырғын соғыс. Қытайлар ол кезде Беспалыққа да жете алмайтын. Хуаң Хының маңайынан шыға алмайтын.

Жоғарыдағы «Либәй» атты кітапта былай дейді: «Либәйдың жастық шағы Сы Чуанда өтті. Батыс Шу Таң дәуірінде өте гүлденген бай өңір еді. Ауыл шаруашылығы, қол өнері жоғары деңгейде дамыған. Шетелдік саудагерлер көп келетін.» («Либәй», 8 бет). «Оның ата-бабасы қандай болғанына қарамастан, Либәйдың балалық және жастық шақтары Шуда өткен.». «Әкесі Сюй патшалығы тұсында күнәһар болып, жер аударылып, аты жөні өзгертілген, батыс жаққа жер аударылған.». («Либәй», 9 бет).

«БАТЫС» деп отырғаны Сы Чуанның - Шудың батысы. Бұған дейін қоныстары осы Сы Чуанның батыс Шудағы Миян Жу аймағы, Жаң Мин ауданы, Чиң Лән ауылы болған. Таң династиясы кезінде Миян Жу - Ба Шы, Хан династиясы дәуірінде Гуән Хан деп те аталған. Сондықтан Либәй - Кы Ба Шы немесе Гуән Хан адамы деп те танылған. Шынында бәрі бір жер. («Либәй», 12 бет).

«Ол өзін ылғи Шу Рын деп атаған»  («Либәй», 13 бет).

Егер Либәйдың туған жері қазақтың «Шуы» болса, оны ол өз өлеңдерінде, иә естелік мақалаларында тым болмаса бір рет жазар еді ғой. Ол барлық шығармасында Сы Чуән өлкесіндегі Батыс Шуды сағынып жазады.

Либәй өз өлеңдерінде, естеліктерінде Қытай Шуы табиғатын жырлайды, сағынады. «Одан 25 жасымда кеттім, қайтым келмедім» деп зарығады. Ал Өмірбек пен Зейнолла ол байқұсты қазақтың Шуына сүйрелеп әлек.

Либәй ең алдымен қытай Шуындағы үш биік (Сән Фың) тауынан шығып, іргелес тұрған Ху Бей жеріне барған. Онда Ән Луң деген жерде он жыл тұрған.

Жалған ғалым тарихшылар, «лингвисттер» жұртты алдау үшін омоним сөздерді пайдаланады. Басқа тілдегі айтылуы, атауы қазақ сөздерімен бірдей сөздерді тауып алады да ауызы жыртылғанша айғайлап қуанады.

Мәселен, осы Шу сөзін Шумер сөзімен шатастырып, Шумерлер осыдан біздің жыл санауымыздан 4 мың жыл бұрын қазақтармен туыс болған екен. Шумерлер түркілермен тектес халық деп жүргендер де бар. («Ана тілі» 2009 жыл 3-9 қыркүйек. Әбілфайыз «Алтай» Ыдырысов.).

Қазіргі кейбір ғалымсымақтар мен жазушысымақтардың айтуынша Махмұт Қашқари да қазақ көрінеді.

Енді міне Либәй - Елдібай болды.

Ал Шыңғысхан - жазушы Мұхтар Мағауиннің арғы атасы екен. Бұл «жігіттің» жазушы екеніне де, ғалым екеніне де, керей екеніне де таласым жоқ. (Бауырым). Бірақ «Шыңғысханның - қалмақтың ұрпағымын» дегеніне жүрегім ауырады. Мен сенен тірідей айырылып, қалай жер басып жүремін?!

Егер дәл осылай сөз ұйқасына, мағына ұйқасына қарап, немесе кімнен қатын алғанына қарап бал аша берсек бүкіл адамзат - дүниедегі 8,5 мың ұлт түгел қазақ болып шықпай ма?

Ал корейлерді керейлер екен деп жүргендер де бар. Олардыкі түбір тіл. Ал біздікі жалғамалы (аглютинативті) тіл. Түрі де, салты да, мінезі де, діні де басқа. Ал Жұмаш КЕНЕБАЙ олардың тілі қазақ тілімен ұқсас екен деп келді.

Егер ұйқасына қарап туыстастыра берсек онда наймандар (нәймін -8) қалмақ болып шығады. Аты қалмақ болғанымен заты қазақ қой. Сөз ұйқасына қарап қазақпен қалмақты қалай туыстырамыз. Кімнен кім сөз алмаған. Кімді кім қалай деп атамаған?!

Либәй сол кездегі Шу өлкесіне, кейінгі Сы Чуәнға қарасты Ху Бей өңіріне барып, Ән Луң деген жерде он жыл тұрады.

Сол жерде бұрынғы Таң династиясы кезінде Таң Гау Зұң тұсында үлкен ұлық болған Шүй Иүй Шы деген кісінің немере қызына үйленген. Аты айтылмайды. Әйелінің атын өлеңдерінде Либәйдің өзі де атамайды. Балалары болмайды. Либәй ыңғи арақ ішіп, қаңғып жүреді. Ол астана Чаң Әнға кетуге айналғанда әйелі тек «қашан қайтасын?» деп сұрайды.

Бірақ Либәй оған қайтып бармайды. Есіне де алмайды. («Либәй», 27 бет).

Кітапта автор Уаң Яу былай дейді: «бес жастан он бес жасқа дейін Либәй үйде кітап оқып, семсерлесуді үйренген. Үйретуші әкесі болу керек». «Бес жасында жыл қайыру қағидаларын жаттап, он жасында оқымаған кітабы қалмаған». («Либәй», 14 бет).

Қытай халқында жыл қайыру 60 қағидадан тұрады екен.

«Ол 16 жасынан 20 жасқа дейін Дуң Яң Зы дейтін қашқын екеуі Мин Шән тауында тығылып жүреді - ол қазіргі Чың Ду қаласы жанындағы Чин Чың Шән тауы. Қанша жыл қалаға кірмеген». («Либәй», 15 бет). «20 жасынан кейін ол Шу өңірінің ішкі жағында кезбе бола бастады» («Либәй», 16 бет).

«Ол 25 жасында Шудан шығып кеткен соң қайта айналып келмеген. Сақталған шығармаларының көп бөлігі Шудан шыққан соң жазылғандары... Шамасы ол Шудан кеткен соң ұзамай әке-шешесі дүниеден өткен сияқты. Жинақтарында аталатын аға-інілері әйтеуір аталастары ғана». «Қаңғырып жүре берген. Жаң Миң атты өз ауылында болмаған. «Таң жырлары» атты жинақта: Либәйдің жалғыз қарындасы болған. Аты - Иө Юән. Осы ауылда тұрмысқа шыққан. Ауылда моласы бар деседі. Ол өзі Шудан шыққан соң ғана үйленген. Әйелі Сы Чуәнды мүлде көрмеген. Ендеше оның Шуда қалған жаңғыз жақыны тұрмысқа шыққан қарындасы ғана. Бірақ өлеңдерінде оны да сағынған бір ауыз сөз жоқ». («Либәй», 20 бет).

Либәй тек Шудағы өзен, көлдерді, тауларды, орманды ғана өлердей сағынып еске алады. Тірі жанның атын анық атамайды. Неге?

Осы кітапта тағы да «Ол 25 жасында (жаңа эраның 25 жылы) амалын тауып, өзінің қабілет пен қарымын дамыту үшін, ол өзінің сүйікті ата-жұрты Сы Чуәннан ажырасты. Ол өзінің өлеңінде «Ер жігітте төрт талап болуға тиіс дейді екен». Сондықтан семсер асынып ел кезуге шықтым» - дейді. Ол үш биіктен Ху Бейге бет алады. Жолда ол ақ көбігі бұрқыраған асау Шуға қарап тұрып өлең жазады». («Либәй», 20-21 бет).

Әрине бұл жерде Уаң Яу да бір қасіретті терең сырды жасырып отырғандай. Ұлы ақынның, шынай ғажап таланттың беделіне көлеңке түсіргісі келмейтіндей. Неліктен Либәй тек Шу өңірін, ондағы тамаша табиғатты қимайды? Ол әлі өте жас қой. Махаббат қайда? Туыс қайда? Иө Юан дейтін жалғыз қарындасы бар деп еді ғой? Оның да ойдан шығарылған жәй бір өтірік болғаны ма?

«Либәй бір өлеңінде «батпаққа аунап мас болам, 360 күн бойы. Аты әйелім болғанмен, тым алыста тұр бойы» - дейді». («Либәй», 27 бет).

Әйелімен арасы неге суық? Либәй негізгі тұрағы осы ауылда болғанымен, неге үнемі арақ ішіп, әр жерде қаңғырып жүреді?  Неге 25 пен 35 орда бұзар жастың арасында ылғи ауыл кезіп, арақ ішіп келіншегінің жанында жатпай, қаңғырып жүреді? Қалай шыдайды?

Осы сұрақтарды әлгі көмекші профессорыма қойғанымда ол былай деп жауап берді:

-          Либәй 20 жастан 25 жасқа дейін патша сарайында болған. Тоқалы мен қызы қызыға берген соң, патша оны әтек етіп тастаған. Ол кезде де, бұрын да патшаларда сондай жаман әдет болған. Міне осыдан кейін патша сарайындағы өмірден мән кетіп, мәңгіріп ел кезуден басқа ермек қалмаған. Адамға, қызға, келіншекке деген сезімдер жойылып; тек отанға, туған жерге деген махаббат қалған. Поэзияға деген құштарлық. Қиялға деген құштарлық қалған. Сондықтан Либәй тек ел аралап, арақ ішіп, жыр жазып, елді талантымен таңғалдырудан басқа амал таппаған. Бұл жағын ғалымдарға саясат айтқызбайды. - деген еді.

Бұл сөздің растығына менің көзім енді жетіп жатыр. Мәселен «Жүңго

тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» атты томдардың 2 кітабын оқып көріңіз. (Ұлттар баспасы. Бейжің. 2003 жыл. 997 бет).

Осы том түгелімен Таң дәуіріндегі Түрік-Қытай, көршілер, көшпенділер арасындағы аласапыран оқиғаларды баяндайды. Ескі Қытай архивінен алып дайындаған қытай ғалымдары, ал аударғандар Шыңжаңдағы қазіргі ең атақты қазақ тарихшылары.

«Таң Су Зұң заманы (758 жыл)».

«Қарауыл Юйді орда сыртына ертіп келгенде қаған онан: «сен Тәңір қағанның несі боласын?» - деп сұрады. Юй: «мен көктің ұлына немере іні боламын» -деді. Осы кезде әтек Ли Лиң Жүн Юйдің бас жағында тұр еді. Қаған: «Хан, сенің бас жағында тұрған кім?» -деп тағы сұрады. Юй: «бұл сарай әтегі».  (570 бет)».

Міне көрдіңіз бе, керек десеңіз патша сарайларында әтектер ұстау үлкен дәстүр, дәреже, мәнсәп болған. Әсіресе өте талантты, оқымысты адамды сарай кеңесшісі, сарай ақыны етіп ұстау өте пайдалы ғой. Бірақ ол өте қауіпсіз болуы керек. Ал қауіпсіздіктің басты кепілі оны әтек етіп тастау.

Міне осы бақытсыздық Либәйдің да басына түскен-ау?! Ал Өмірбек «Либәй патша кеңесшісі болған» деп мәз болады.

Мұны азырқансаңыз патша сарайындағы әтектер туралы қытайдың кинолары да бар. Ағылшынша аударылған.

Қыз беріп алдарқату саясаты, шпион енгізу саясаты Таң династиясы дәуірінде де болған. Мәселен сол 758 жылдың өзінде патша Таң Су Зұң өзінің кіші қызын Мойын шорға тоқалдыққа берген: «Ханшаны патша өзі Шияң Яңға дейін әкеліп салып, оған толып жатқан жұбатулар айтты. Ханша өзінің жасын көлдетіп тұрып «Ел басына күн туып тұрғанда, өлсемде өкінбеймін» -деді (569 бет)».

Бұл жерде тағы да бір қайталап ескертетін нәрсе Таң династиясының ең күшейген кезінде, Либәй ақынның кезінде қазақтың Шуы, Суябы түгілі Шыңжаңдағы Беспалық қаласына, Алтай тауларына да қытайдың аяғы жетпеген. Қытайдың адымы Хуаң Хы өзенінің ар жақ-бер жағынан аспаған. Көршілері және өз ішіндегі бақталастары маза бермей Түрік, Ұйғыр хандықтарынан үнемі көмек сұрап, мыңдаған топ (орама) торғын торқа, жібек сыйлықтар беруге мәжбүр болған. Осы кітапта мұндай кіріптарлықтың жүздеген фактілері келтірілген. Керісінше де болып отырған. Өзара қырқысқан түрік хандарының бақталастары да қытай империясынан әскери көмек алып, артынан қайта опасыздық пен шабуыл жасап кірген.

Мысалы Либәйдің үш жасында Узы Тяң патшайымының тұсында 703 жылы болған оқиға. «Түрік ханы Бөгі шор Баға тарқанды елші етіп жіберіп, өзінің ұлына қызын беруді сұрайды. Патшайым келіседі. Елшіні салтанатпен қарсы алады. Сол жылы Узы Тяңның орнына Таң Жүң Зұң патша болады. Таң Жүң Зұң таққа отыра сала Бөгі шор Миң Шаға шабуыл жасады» (Осы том. 515 бет).

Бұл кезде Шығыс түрік қағанаттары қазіргі ішкі моңғолияда, Сы Чуән - Шу өлкесімен шекаралас болатын. Ал қазақтың Шуы мен Суябы қытайдың түсіне де кірмейтін. Сонда Либәйдің әке-шешесі мұнда не үшін және қалай келеді? Немесе Дулаттар қытайдың Сы Чуәнына не үшін барады? Өтіріктің де қисыны болуы керек қой?

Осы арада біз енді қытайдың өзіне сенеміз бе? Жоқ, қытайша әліпті таяқ деп білмейтін Өмірбек Байгелдіге сенеміз бе?

«Жаңа эраның 755 жылы 10 айдың 1 күні Ән Лу Шән 150 мың қолмен Фәң Яңда «Бейжің маңында» көтерілді. Міне бұл Тяң Бау бүліншілігінің басталуы еді. Содан тұп тура 762 жылға дейін созылды. Таң династиясының әскери қосындары шақырумен келген Хуй Гі (ұйғыр) әскерімен бірігіп, 8 жылдай сергелдеңге салған үлкен бүліншілікті әрең аяқтады.» («Либәй», 78 бет).

Демек Либәй туған кезде де, Либәй қартайған кезде де Таң патшалығының Дулаттар қызығар қоярлық сиқы болмаған. Мұның бәрін қытай ғалымдарының, қытай архивтерінің өзі дәлелдеп отыр.

Ал Либәй үйленген бе? Туыстары кім?

Бұл сұраққа да осы кітапта жауап берілген. Бірақ өте қисынсыз, дәлелсіздеу. Уаң Яу бір кітаптан мынадай бір үзінді келтіреді: «Либәй алдымен Шүй Юй Шы деген кісінің немересін алыпты. Бір ұл, бір қыз туыпты. Ұлының аты Миң Иө Ну. (Айқұл деген мағынаны білдіреді. Ә.Д.) Қызы тұрмысқа шыққан соң өлген. Кейін Лию немересіне үйленеді. Ол өлген соң Дуң Лю деген жерде үйленеді. Ұл табады, аты Бо Ли. Сірә өлеңдерінде жиі айтылатын бала Бәй Вин болу керек. Ең соңында үйленгені патша Зұңның туысы.» («Либәй», 88 бет).

Бұл қауесеттерде ылғи атақты адамдардың ең соңында тіпті патшаның туысына үйленеді. Бұл кезде бірі шал, бірі кемпір болған. Мұны да тастап «серуенге» шығады. Қартайғанда неғылған саяхат, неғылған серуен?

Осыншама әйелмен үйленген де біреуінен анық ұрпақ қалмайды. Әйтеуір жаңғыз тұра алмай жасаған далбасалары болу керек.

Оның үстіне қарындасының аты да Ай, ұлының аты да Ай, өлеңінің аты да Ай. Бір ұлының аты Әйнек. Бәрі романтикалық атаулар. Әйтеуір бәрі де қиялдан туған аңыздар екені көрініп тұр.

Енді біз осы атауларды Толғанай, Айбек, Әйнек деп аударайық. Ал әйелдерінің аты мүлде жоқ. Оларға да ат тауып қоялық.

Бәрі де әйтеуір әйелім болса, ұлым болса деген арманнан туған аңыздар ғана.

«Батыс өңірді игеру» - Қытай империясының неше мың жылдан бергі арманы. Таң заманында батыс өңірге қазіргі Шыңжаң кіретін. Шыңжаңды тек Чың патшалығы ғана өзіне бағындырды. Соның өзінде де 1949 жылға дейін Шыңжаңдағы 10 облыста 200 мың ғана «Ханзу Рін» - қытай адамы болды. Шыңжаңды толық меңгере алмай бірде олай, бірде былай болып тұрды. 1944 жылы Гомендаң қытайларымен ұйғыр-қазақтың қалай соғысқанын мына мен де өз көзімен көргенмін.

Шыңжаңды қытай қазір ғана толық меңгерді. Қазір шекарада қытай армиясы тұр. Бұрын болмайтын. Қазір Ханзу тұрғындары Шыңжаңда 50-60 миллионға жетіпті. Демек қытай Шыңжаңды - «Батыс өңірді» қазір демографиялық жақтан толық меңгеріп болды. Енді міне Қазақстанға - Алматы облысына ауыз сала бастады. Оған енді Өмірбек Байгелді сияқты көңілшек, мақтаншақ сенаторларымыз көмектесіп жіберсе, бұл арман да алыстағы қиял емес. Көрінген таудың алыстығы жоқ. Алатауға Байгелдінің де ағайындары қаптайды. Шерхан Мұртаза қытай тілін үйрене берсін.

Қазір Шаңхай, Бейжің қалаларында қазақтың 1200 ұл-қызы оқып жатыр. Міне бұлар да болашақ «Елібай», «Толғанайлар» ғой?!

Қытайша Иө Юән - ай шеңбері, Миң Иө - жарық ай деген сөз. Міне осылай мағынасына, ұйқасына қарай аудара берсек Маоны - Жүндібай, Жаң Зы Миңды - Жақып, Ху Жың Тауды - Құнанбай ете салуға болады ғой.

Айтпақшы менің әлгі ақылшы профессорым: «Патша Либәйдың өзін де, әкесін де әтек етіп тастаған. Қарындас қайдан болады. Ол да өзінің өлеңі сияқты қиялдан туған.» - деген еді.

Міне біз енді дәл осындай тұқымы тұздай құрыған әтек, қияли қытай ақынын Дулат деп мақтанып, жыртылып айырылудамыз. Бір өлген әтек қытайды қазаққа бере тұрғанда олардың бірдеңесі кете ме? Ал бізге не керегі бар? Осыдан мың жыл бұрын өліп қалған қытай түгілі, тірі Олжастардың өзінен де опа көріп отырғанымыз жоқ қой?! Олжас Сүлейменов пен Мұрат Әуезов қазақ тіліне қарсы болып келеді. Қазақ - Чечен қақтығысы кезінде қазақтарды «сволочтар» деп атады.

Таң династиясы (618-907) үш жүз жыл өмір сүрген. Оның ең дәурлеген кезеңі екінші жүз жылдығы. Осы үш жүз жыл ішінде қытайда үш мың ақын дүниеге келген. Олардың 900 томдық антологиясы жарық көрген. Сол үш мың ақынның ішінде үш-ақ ақын классик болып танылған. Олар: Уаң Ви - пейзаждық өлеңнің құдыретті шебері, Либәй - романтик, Ду Фу - реалист.

Ақыр алған соң осы үшеуін де алмаймыз ба? Үшеуін үш жүздің ақыны етіп шығармаймыз ба? Уаң Ви - Уақ болсын! Либәй - Дулат, Ду ФУ - кіші жүз Кекілбаевтың бір атасы болсын. Қазір Ақтөбе жақта онсызда қытай қаптап жүр ғой?!

 

 

Әбдеш ДАЙЫРБАЕВ

Алматы облысы,

Еңбекшіқазақ ауданы,

Саймасай ауылы

«ҚАЗАҚСТАН» апталығы, №41 (281), 12-қараша, 2009

 

0 пікір