Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 6568 0 пікір 24 Қараша, 2009 сағат 11:28

Қобызшы Жаппас Қаламбаев

Қазақтың көне тарихымен бірге жасасып келе жатқан қасиетті қобыз аспабының ел арасында кеңінен таралуына өлшеусіз үлес қосқан, Қорқыт пен Ықыластың өнерін ілгері жал­ғастыруға бүкіл саналы ғұмырын арнаған Жаппас Қаламбаев 1909 жылы наурыз айында қазіргі Оңтүстік Қазақстан облы­сы, Созақ ауданында өмірге келеді. Та­рих­та бұл өңір Қоқан хандығына қараған жерлерді орыс патшалығы өзіне бағын­ды­рып алған кезде Сырдария губерния­сы­ның Түркістан уезіне енген болатын. Арқа­дағы Шымкент уезіне бірік­тірілген старшыны Баспақ Тиесовтің болыс­тығына тіркелген тұрғындардың тізі­мін­де атақты қобызшы Ықылас Дүкеновтің де барлы­ғын тарихи құжаттар дәлел­дей­ді. Шу және Талас өзендерінің төменгі сағасын мекендеген көшпелі елдің ішін­де Ықылас пен Сүгір күйші­лердің ауылы аралас, қойы қоралас болып жүргенін көнекөз қарттар да әңгімелейді. Сол ұлы күйші­лер­дің өкшесін алып, дүние есігін ашқан Жаппас Қаламбаевтың да төрт түлік малды тіршілік көзіне айналдырған дала қазақтарының тұрмыс ауанымен Бетбақ­дала, Сарыарқаны ен жайлап, Мойын­құм, Көкшеқұмды қыстап шыға­тын қалың елдің арасында балалық шағы өтеді. Жиырмасыншы ғасырдың басында Созақ ауданында құрылған Түркістан уезінің он екі болыстан тұра­тын елінің Үлкен Шу болысына Тама­ның Дәулеткелді, Қызыл­құрт аталары­ның ұрпақтары енген.

Қазақтың көне тарихымен бірге жасасып келе жатқан қасиетті қобыз аспабының ел арасында кеңінен таралуына өлшеусіз үлес қосқан, Қорқыт пен Ықыластың өнерін ілгері жал­ғастыруға бүкіл саналы ғұмырын арнаған Жаппас Қаламбаев 1909 жылы наурыз айында қазіргі Оңтүстік Қазақстан облы­сы, Созақ ауданында өмірге келеді. Та­рих­та бұл өңір Қоқан хандығына қараған жерлерді орыс патшалығы өзіне бағын­ды­рып алған кезде Сырдария губерния­сы­ның Түркістан уезіне енген болатын. Арқа­дағы Шымкент уезіне бірік­тірілген старшыны Баспақ Тиесовтің болыс­тығына тіркелген тұрғындардың тізі­мін­де атақты қобызшы Ықылас Дүкеновтің де барлы­ғын тарихи құжаттар дәлел­дей­ді. Шу және Талас өзендерінің төменгі сағасын мекендеген көшпелі елдің ішін­де Ықылас пен Сүгір күйші­лердің ауылы аралас, қойы қоралас болып жүргенін көнекөз қарттар да әңгімелейді. Сол ұлы күйші­лер­дің өкшесін алып, дүние есігін ашқан Жаппас Қаламбаевтың да төрт түлік малды тіршілік көзіне айналдырған дала қазақтарының тұрмыс ауанымен Бетбақ­дала, Сарыарқаны ен жайлап, Мойын­құм, Көкшеқұмды қыстап шыға­тын қалың елдің арасында балалық шағы өтеді. Жиырмасыншы ғасырдың басында Созақ ауданында құрылған Түркістан уезінің он екі болыстан тұра­тын елінің Үлкен Шу болысына Тама­ның Дәулеткелді, Қызыл­құрт аталары­ның ұрпақтары енген. Олар - Бұзау, Жалпақ, Есенқара, Барақ, Жолдыбай, Өтеміс, Қойлыбай, Ерназар, Қошқарбай, Айдар-Балта, Сартама болып келеді. Кешегі шертпе күйдің шебері Сүгір де, оның шәкірттері Жаппас та, Ергентай Борсабаев та Бұзау ата ұрпақ­тары болып келуінің өзі бұл әулетке Қы­дыр атаның қоңыр қобыз бен домбыра аспабын теліп кеткендігі туралы аңыз әңгіменің шындыққа жанасатынын байқатады. Сүгірдің түсіне Қыдыр ата еніп: "Көген аласың ба, домбыра аласың ба?" деп сұрағанда қалақтай қара домбы­раны қалап алғаны, бала кезінде Қыдыр ата қобыз сыйлап кеткен Ықылас күйші де сүйек жағынан бұл әулетке ұзақ емес.

Жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп-қонып жүрген елдің ішінде қоңыртөбел тіршілігін күйттеп жүрген үлкен аталары Қаңтарбайдан - Ысқақ, Иса, Қаламбай, Жақып атты төрт ұл дүниеге келсе, Қалам­­байдан да төрт ұл - Қасымбек, Аппаз, Әубәкір, Әмзе туады. Ел ішін қызыл шешек жайлаған қиын кезде Қаламбайдың өзге ұл-қыздары болған да шығар, со­лар­дың ішінде қатарға ілік­кендері осы балалар еді. Туабітті бауы­рын жерден көтергеннен жоқшылық тауқыметін көріп, талпынған жас бала­лардың еті тірі болып өседі. Тұңғыш ұлы қашанда ата-анасына бөлекше ыстық көрінетіні белгілі. Жап­пастың төрт-бестегі кезінде әкесі Қа­сымбек үй іргесінде бал­та­мен ағаш шауып жатқанын байқап: "Әке, не істеп жатырсыз?" деп сұрайды. Сонда Қасымбек: "Балам саған лайықтап домбыра шауып жатырмын!" деп жауап береді. Қасымбек баласының ән-күйге әуестігін ерте бастан сезсе керек. Шағын денелі Жаппас та өте аңғарымпаз, сергек болып өседі. Жаппас әуелі қолына дом­бы­ра алып, бұл аспапты тез меңгеріп кетеді. Әкесі өзінің қара қобызын қолына сирек алатын. Бұл қобыз бәлкім ертедегі ата-бабаларынан қалған көне мұра да болар. Кешкілік ас ішіп, бастары қосылып отырған сәттерінде қара қобыздың қылын шайырлап, еспесін нықтап, ыңырантып шалған кездері есінен кетпейді. Қора­сындағы азын-аулақ ұсақ малының жайын ойлап, ел қатарлы тіршілік кешіп жүрген Қасымбектің күш-қайраты қайтпаған кезінде төтеннен кесел жабысып, төсек тартып жатып қалады. Әуелгіде ауруға дес бермей ертең, арғы күні тұрып кететіндей көрінгенмен кеселі құрғыр қыл бұрауды мықтап салса керек, күннен-күнге буын-буынды алып, ең­сесін көтертпеуге айна­ла­ды. Қамшының сабындай қысқа өмі­рі­нің тым ерте тұйықталып, татар дәм-тұзы­ның тау­сы­лып келе жатқанына көзі жеткен Қа­сым­бек буыны қатпаған бала болса да келе­шегінен көп үміт күтетін ұлы Жап­пас­ты шақырып алып, соңғы сөзін ай­тады:

- Мына қара қобыз атамнан қалған, көзімнің тірісінде шаң жуытпай сақтап ке­ле жатқан асыл мұраны өзіңе аманат етіп қалдырғалы отырмын. Құлыным, ата-бабамыздан қалған қылқобызды көзіңнің қарашығындай сақтап жүргейсің! Бұл қара қобыз сенің алдағы өміріңе таусыл­мас азық болар деп ойлаймын! - дейді қамығып.

Қара қобыздың матадан тігілген сырт­қы қабын шешіп, шанағын маң­дайына тигізеді де қайта салып, бір жапырақ бо­лып мұңайып отырған ұлына ақырын ұс­тата берген. Ақыреттік сөзін айтып, аға­йын-туыспен үнсіз жатып қоштасып, тік­теп келген ажалды қасқайып қарсы алған еді.

Қаршадайынан жетімдік тауқыметін тартқан Жаппас інісі Жарылқасын екеуі ауыл адамдарына ілесіп, 1919 жылы Түркі­стандағы жетім балалар үйіне келеді. Әке­ден айырылып, ішер асқа, киер киімге жарымай жүрген тек бұлар ғана емес екен, жетім балалар үйінің іші-сырты тол­ып жүрген көгенкөз жетімдер. Сонау Қы­зыл­ордадан бергі жердегі, Түркіс­тан­ның төңірегіндегі ауыл-аймақтан әке-шеше­лері­нен аштықта айырылып қалып, жама­ға­йындары тапсырып кеткен жүдеп-жада­ған, құрсақтары қабысып, көздерін кіреуке шалған балалар жетерлік. Ашыл­ғанына көп бола қоймаған жетім балалар үйінде төсек-орын, ас-ауқат да жетісе бермейді екен. Жаппас сияқты ересектері кішкен­тай балаларға орындарын беріп, жаз маусымында үйдің іргесіне, аулаға төсегін көтеріп келіп, жантайып жата кететін кездері де жиі кездесті.

Сабақтан босағанда ермегі ауылдан серік етіп алып шыққан әкесінің қара қобы­зын қолына алады. Соңынан өзі қа­тар­лас жетім балалар шұбырып еріп, қала­ның орталық көшелеріне қарай беттейді. Адам аяғы үзілмейтін орта­лықтағы базардың кіреберіс қақпа аузына жайғасып отырып алып, қара қобызды аңыратып шала бастайды. Қарсы алдына түгі аладақ болып түскен көнетоз ты-мағын төңкеріп қояды. Қор­қыт пен Ықыластың күйлерін бірінен соң бірін толғап тартып, аңы­рата жөнеледі. Үлкен қақпаның аузын­да ырғай-ырғай күй толғап отыр­ған қар­ша­­дай бала әрі-бері өткен жан­дардың ықыла­сын еріксіз өзіне аударады. Қобыз үні бойларын алып, қаршадай баланың қара қобызды есілтіп тартуы қызық көрінеді. Қалта­ларына қол салып, қойын-қонышынан түйілген ақшаларын алып, шетінен шыға­рып, тиын-тебен, жапырақ-жапырақ теңгелерді баланың алдындағы бас киімге тастайды. Арадағы ілкі сәт үзілісте сырт­тай бақылап тұрған балалар Жаппастың қасына жетіп келіп, тымақтағы ақшаны төңкеріп алып кетеді. Көне бас киімнің іші­не қанша ақшаның түскенімен Жап­пастың шаруасы бол­май­ды. Қолын суы­тып алып, тағы да қара қобызды шалуға кіріседі. Түскен табысты алып кеткен балалар қалың елдің арасына сіңіп жоқ болып кетіп, біраздан соң осы төңірекке қайтып жи­­на­ла­ды. Қол­дарын­да жапырақ-жапырақ тандыр нан, қа­уын-қар­быздың ті­ліктерін езу­лері­нен суын сор­ға­лата ағыз­­­ған, тауық­­тың етін си­ра­ғынан ұс­тап, аш­қа­рақ­тана жұл­ма­лағанын сырттай бай­қап қалатын. Құрсағы то­йып ас ішіп, әріп танып көзі ашылып қалғанда Түр­кіс­тандағы же­тім балалар үйі жабылып қалды. "Енді қайттік? Ер­теңгі күніміз не болмақ?" деп аң­та­рыл­ған жетім ба­ла­лар көшеге шұ­бырып ке­те­ді. Күзге са­лым базар, шайхана, те­мір жол бе­ке­тінің тө­ңі­регін жа­ға­лап, қара қо­бызын ұзақ шалып отыр­ғанмен мар­дымсыз тиын-те­бен тү­сетін бол­ды. Өзге ашөзек жетім ба­ла­ларға талғажау тауып бермек түгі­лі өзі де бүйірі том­пайып ас ішпейтін жағ­­дайға жетеді. Күнкөріс қиын­дап кеткен соң білім­нің соңына түссем деген үміті көмескіленген Жаппас қайтадан елге ора­ла­ды. Бұл кезде Жаппас қара қобызын жанынан бір елі тастамай жүріп, дом­бы­раға қолы бі­раз суып та қал­ған еді. Ауыл ай­маққа сыйлы Сүгір күй­шінің үй­ге со­ғып, ықы­лас біл­дір­гені Жап­­пас­тың кө­ңілін өсіріп жі­берді. Күйші жас ба­ланың бо­йын­­да­ғы ұш­қынды көптен сезіп жүр­ген еді. Ауылдағы жиын-той­­да естияр жандармен бірге жүретін Сүгір күйшінің маңайын жиі төңі­рек­тейтін болды.

- Мына Түркістаннан келген, қала көрген балаға домбыра тартқызсақ қалай болар екен? - деп көпшілікке көз қиы­ғын тастап қоятыны бар.

- Жаппас домбыра тартушы ма еді?

- Оның қолынан қобызы түспеуші еді ғой! - деген сөздер естіліп қалады.

- Домбыраны тартса қобыз шала­тындар тартсың! - деп Сүгір Жаппасты қайрай түседі.

Жиылғын ел таңырқасып, тым-тырыс болып қалғанда Жаппас та қолына домбыра алып, Сүгір күйшінің сазы көңілінде жатталған күйін шертеді.

Елдің беделді азаматтарының мал-мүлкін тәркіліп, ит арқасы қияңға жер ау­дару, салық түрлерін көптеп салып, нара­зы­лық білдіргендерді Созақтағы абақтыға жауып тастау сияқты шолақ белсен­ді­лердің залымдық іс-әрекеттері шегіне же­тіп, халық еріксіз қолына қару алып, әділетсіздік пен зорлық-зомбылыққа қар­сы шығады. 1930 жылғы ақпан айының басында бұрқ ете қалған тарихта "Созақ көтерілісі" деген ат­пен белгілі болған бүлін­шіліктің басшы­ларының көпшілігі де Сүгір күйші мен Жаппастың ауылдас туысқандары, Тама ру­ларының белді аза­мат­тары - аз күндер хан болып сайланған Шалақұлы Сұлтанбек пен бас сардары бол­ған, атақты мерген Арал­байұлы Салықбай болатын. Халықтың бұл бас көтеруі бодандыққа, жаңа жүйенің қанды шеңгеліне қарсы шығып, бос­тан­дыққа ұмтылған жанайқайы еді. Кеуделерін кек кернеп, ашу-ызадан булыққан елдің азаматтары алдын-ала келісілген уақытта - ақпанның 7 жұлдызында таң ата бас қосып, аудан орталығы Созақ қыстағына басып кіріп, "Шаш ал десе, бас алатын" шолақ белсенді­лерді қолға түсіріп, жаппай сабау, кек қайтаруға қызу кірісіп кетеді. Бас көтеру­шілер қолына не түссе сонымен - шиті мылтық, таяқ, орақ, балта, айырмен қару­ланып, кеңселерді, кооперативтерді, қамба мен дүкендерді тонайды. Абақтының есігін бұзып, қамауда жатқан адамдарды босатып алады. Көшеге шыққан көтері­лісшілер маңдайларын ақ сұрыппен байлап, ақ ту көтеріп, кеңес орындарына басып кіріп, шаш қойған қызметкерлерді ұрып-соғып, көшеге алып шығып, аяусыз жаза­лайды. Артынша Созаққа қарай қаптаған бақай­шы­ғына дейін қаруланған қызыл әскер көтерілісшілерді аяусыз қырғынға ұшыра­тады. Бұдан кейінгі сахара елінің өмірі аянышты еді. Бұрын-соңды мұндай қия­мет-қайымды көрмеген халық төбесінен жай түскендей ата жұртын тастап топ-топ болып, жаяу-жалпылы күнгейді бетке алып, "Кіші Октябрьдің" зардабынан тоз-тозы шыққан ел Өзбекстан мен Тәжікстанға, Түркімен­станға қарай үдере қашады.

Созақ көтерілісі басталғанда оның басшылары шыққан және кіндігі болған №12 ауылда Сүгір күйші мен Жаппас Қаламбаевтар тұрып, өмір сүргенімен олар көтеріліске қатыспай тысқары қалады. Сол жылы Сүгір күйшінің жасы 52-лерде, ал Жаппас болса 21-дегі тепсе темір үзетін, бойында күш-қайраты тасқындаған қылшылдаған жігіт кезі болатын. Көтеріліс туралы қағаз бетіне түскен тарихи дерек­терден, сол қанды оқиғаның басы-қасын­да болған көптеген көнекөз қарттарың айтқан әңгімелерінен қос өнер иесінің көтеріліске қатысқаны туралы ешбір деректі кезіктіре алмадық. Жаппас Қалам­баев өзінің ауыл­дасы әрі туысқаны, бәрі­нен де рухани жақын ұстазы Сүгірдің қас-қабағына көбірек қараған болса керек.

1934 жылы Ал­ма­тыда өтетін ха­лық та­лант­­тарының бүкіл­қазақ­стандық сле­тіне қатысуға оңтүстіктің шал­ғайын­дағы Созақ ауданынан да өнерлі жан­дар іздестіріле бас­тайды. Ауыл-ауыл­дағы өнерлі жандар­дың бұл тізіміне алғаш­қы­лар­дың қа­та­рын­да Сүгір мен Жаппастың да есімдері ілі­н­­ген бо­ла­тын. Сүгір күй­­ші Ал­ма­тыға барып, өнер көр­сетуге құмбыл бол­мады. "Бір ауылдан екеу­міздің бірдей бар­ғаны­мыз жараспас, сенің жасың кіші ғой, өзің ба­рып бағыңды сынап қайт!" дейді Жап­пас­қа. Бұл оның өзінің өкшесін алып, бойын­дағы өнерін ұштап келе жатқан жасқа жолын бергені, тілектестік білдіргені болса, екінші жағы­нан кешегі Созақ көтерілісінде төңіре­гін­дегі жа­қын жандарды қынадай қырып сал­ған кеңестің солақай саясатына әбден зәрә­зәп болып қарайған көңілінің қара бұл­ты әлі ыдырай қоймаған еді.

Бүкілқазақстандық халық талант­тары­ның тұңғыш өтетін слетіне жер-жерден өңшең өнерпаздар бас қосады. Әуелі құдай, ата-бабаларының рухы қолдап, бойын­дағы өнерін ірікпестен үлкен сах­нада көпшіліктің талқысына салуға жол ашылады. Сол жылдары жарық көрген газет-жорналдар астанадағы Бүкілқазақ­стандық халық таланттарының тұңғыш слеті күндерінен жаңалық хабарларды жамырай жазады.

"Әсіресе, Оңтүстік облысы Созақ ау­да­­ны­нан келген бір жас жігіттің қобыз тарт­­қаны жұртты өте ынтықтырды. Бұл Қа­лам­байұлы деген жолдас. Қобызбен "Жез киік", "Аққудың атылуы", әсіресе "Қас­­­қырдың ұлығаны" деген күйлерді тарт­қанда таң қалмаған адам болмады. Жап­пас көрке­мөнерші қобызымен "Өз күйім" деген күйді тартты. Бұл "Өз күйі" өзінің қо­быз­шылық тәжірибесіне қарап тапқан табысы болса керек, сондықтан өзі де атын "Өз күйім" деп тартып отырғаны сол көрінеді" деп жа­зады "Социалистік Қа­­зақ­­стан" газеті 1934 жылы 16 маусым күні.

Жиырма бестегі жалындаған жас жігіт Жап­пас Қаламбаев үл­кен сахнаға тек қо­быз­да күй толғаймын деген оймен шы­ғып, елдің қошамет-ілтипатына көңілі шал­қыған соң өзі жақсы көретін "Жал­ған-ай" әнін де шырқап жіберсе керек. Қобыз үнін баяулатып, даусын қаттырақ шы­ғарып шырқаған ән әуезі жүректен тербеп, құйқылжи естіледі. Әрі қобызға қосылып, ән шырқағаны тосын көрініп, көпшілік ел риза болып, дуылдата қол соғады. Кон­церт­тен соң ауылдан келген талантты жасты қаума­лап, жөн-жосық сұрас­қан жандар да көп болды. Ұлттық өнердің білгірі, оқымысты-ғалым Ахмет Жұбанов­пен де осы сапарында жүздесіп, тілдесуінің сәті түскен. Осы Ал­матыға жолы түскен өнер сапарында Қазақ­стан­ның түкпір-түкпірінен өнер жолын қуып келген сирек дарын иелері Дина Нұр­пейісованы, Оқап Қабиғожинді, Лұқ­пан Мұхитовты, Қали Жантілеуовті, Дәулет Мықтыбаевты, Әбі­кен Қасеновті, Ғари­фолла Құрманғалиевті алғаш көріп, тіл­десу­­д­ің сәті түседі. Ел арасындағы талант иелерін тауып, олардың өнерін ұштай түсу, қолдау көрсету мақ­сатында ұйымдас­ты­рылған слетте ерекше көзге түскен жас өнер иелерін Алматыға алып қалып, жа­ңа­дан шаңырақ көтеріп жатқан өнер ұжым­дарына орна­ластыру да қолға алын­ған болатын. Ахмет Жұбанов­тың тікелей жетекшілігімен ұйым­дас­ты­рылған Құр­манғазы атындағы ұлт аспаптар ор­кестрі­не қобызшы болып жұмысқа қабыл­­да­нады. "Адамды орта билейді" деген тап рас екен. Алғашқы өнер­паз­дардан бірік­тірілген ұлт аспаптар оркес­трінде қыз­метке кіріскенде халық талант­тарының қайта дайындаудан өтуіне тура келді. Көп ас­пап­тың басын қосып, бір үн­мен толғау үшін музыкалық сауаттылығы ала-құла жандарды оқытып, бағыт-бағдар беруде академик Ахмет Жұбанов бастаған білікті маман­дардың көп тер төгуіне тура келді. Ахаңның басшылығымен оркестрде қыл­қобыз тобы ашылып, оған Жаппастың өзі жетекшілік етеді. Қобыздың оркестрге лайық­талған үлгілерін жасау шеберлер Романенко мен Қамбар Қасымовқа жүк­теледі. Өнерпаз­дардың көпшілігі ор­кестр­де жұмыс істей жүріп, ара-арасында кон­сер­­ва­торияда музы­калық сауат ашуға ден қояды.

1936 жылы мамыр айында Мәскеу қа­ласында өткен Қазақ өнері мен әдебие­тінің күндеріне Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің құрамында оркестр­дің жеке орындаушысы және әртісі ре­тін­де қатысқан қобызшы Жаппас Қалам­баевтың өміріндегі елеулі кезеңдердің бірі болды. Академик Ахмет Жұбановтың басқаруы­мен ұлт аспаптар оркестрі Құр­ман­ғазының "Сарыарқа", "Адай", "Серпер", "Көбік шашқан", "Қосалқа" күй­лерін асқан шебер­­лікпен орындайды. Сол кездегі Одақтан шығатын газеттер: "Концертте оркестр мен ән­шілер ғана емес, екі тізе­сінің арасына қойып ысқы­мен ойнайтын қобыздар да ән салды" деп жазған еді.

1941 жылы тыныш жат­қан елге фашис­тік Гер­мания тұтқиылдан шабуыл жаса­ғанда Отан қорғауға ұлт аспаптар ор­кестрінің құрамындағы біраз өнерпаз - ер азаматтар да майданға аттанады. Өнер ұжымының қатарын толықтыру мақ­сатында Қали Жантілеуов пен Лұқ­пан Мұхитовтармен бірге Жаппас Қаламбаев та ел ара­лауға шығып, та­лантты жас­тарды іздестіре­ді. Олар рес­пуб­лика облыс­тары мен ау­дандарынан біраз жас­тарды алып келіп, өнерге баули­ды. Жаппас Қаламбаев Алматы қаласын­дағы мектеп оқушы­ларын аралап, №38 орта мектептің көр­кем­өнер­паз­дар үйірмесі мүшелерінің өнерін бай­қап жүріп, талант­ты оқушы жас Фатима Балғаеваны кезік­тіре­ді. Жаппас Қалам­баев­тың ақыл қо­сып, бағыт-бағдар беруі­мен Фатима мек­теп бітірген соң Құр­ман­ғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрі­не келіп, еңбек етеді. Киелі қобыз өнеріне ден қой­ған талантты жас оркестрде ұзақ жылдар же­місті еңбек етіп, кейін Қазақ­стан­ның ха­лық әртісі, профессор атағын алады. Өзі де көптеген та­лантты жастарды тәрбие­леуге үлес қосады.

1944 жылы Ташкент қаласында өткен Орта Азия және Қазақстан өнер шебер­лерінің онкүндігінде Жаппас Қаламбаев бастап барған шәкірттері де Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің құра­мында өнер көрсетіп, көрерменін риза етеді. Сол жолы оркестр өзге респу­бли­ка­дан келген өнер ұжымдары арасында жүлделі бірінші орынға ие болады. Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қа­жыр­лы еңбегі және Құрман­ғазы атын­дағы ұлт аспаптар оркестрінің құрылғанына он жыл толу құр­метіне бір топ өнер шебер­лері­мен бірге Жаппас Қалам­баев­ та Қазақ КСР-інің еңбек сі­ңір­­ген өнер қайраткері құр­метті ата­ғына ие болады.

Акедемик Ахмет Жұбанов өзінің "Ға­сыр­лар пернесі" ат­ты кі­та­бын­да қыл­қо­быздың ше­бері Жаппас Қалам­баев туралы жылы пікір білдіреді. Атақ­ты Ықылас қобызшының өмірі мен шы­ғар­машылық қызметі туралы мол мағлұматты осы Жаппас Қаламбаевтан алғанын да жазады.

Белгілі қылқобыз шебері Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері Жаппас Қаламбаевтың 60 жасқа және шығарма­шылық қызметіне 40 жыл толған мерейтойы Алматыдағы Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияның кең залында аталып өтіледі. Жаппас Қаламбаевтың қыл­қобызда орындаған "Жезкиік", "Қасқыр", "Мұңлық-Зарлық", домбырада орындаған "Тоғыз тарау", "Жұман", "Аққу" күйлері мен өзінің "Марш" күйі, "Кең өлке" әні, "Күй толғау" романсы қазақ музыкасының алтын қорына қо­сыл­ған айтулы шығармалар болып есептеледі. Жаппас Қаламбаевтың қазақтың музыка өнеріне сіңірген еңбегінің негізі Қорқыт пен Ықылас, Сүгір күйлерін қобыз ша­нағы­на түсіріп, қайта жаңғыртып жеткізе білуінде жатыр. Қылқобыздың сиқырлы үнін ғасырлар сарынымен ұштастырып, кейінгі ұрпақтың құлағына құя білуде Жаппас Қаламбаевтың еңбегі ерекше бол­ға­нын оның соңынан қалған өнер мұрасы дәлелдесе керек. Жаппас Қалам­баев­тың 60 жасқа толған мерейтойы шын мәнінде қазақтың ұлттық өнерінің мере­кесі ретінде аталып өтіледі.

Қазақ халқының қайталанбас қыл­қо­быз шебері Жаппас Қаламбаев 1969 жылы 2 желтоқсанда өмірден өтеді. Өзі 35 жыл бойы үздіксіз халқына бойындағы талан­ты­мен қызмет еткен Алматы қаласының халқы арулап, соңғы сапарға шығарып салады. Қазақтың қасиетті қобыз өнерін халқына қайтаруда өлшеусіз еңбек сіңір­ген сирек дарын иесінің өнер деп соққан жүрегі осылайша тоқтайды.

Жаппас Қаламбаев өмірінде екі рет үйленіп, олардан тоғыз перзент сүйеді. Алғашқы әйелі Күләштан Жұман атты ұл, Дина, Жаңыл, Тәжікүл атты қыздар көреді. Тұңғыш баласы Жұманды жақсы көр­гендіктен ол жастай қайтыс болғанда ұлымен аттас күй де шығарады. Екінші әйелі Гүлжәмиладан Шәмшінұр, Қуаныш, Сәуле, Құндыз, Мәлік, Бақыт атты ұл-қыз сүйеді. Ұл-қыздарының көпшілігі өнерге бейім болып өседі. Осы ұл-қыздарының ішінен ортаншы қызы Құндыз Қаламбаева әке жолын қуып, өнер жолына түседі.

Жаппас Қаламбаев сол 1969 жылы қызы Құндызды А.Жұбанов атындағы музыка мектебінің бірінші сыныбына әкеледі. "Қызым сені арнайы музыка мектебіне беріп отырмын. Бұл мектепті бітірген соң кон­серваторияға түсесің. Оның аспиран­турасын бітірген соң ұзақ жылдар өнер саласында еңбек ететін боласың! Келешекте мен сияқты өнерге еңбегі сіңген әртіс атана­сың!" деген сөзді құлағына құйып кетеді. Жеті жасар Құндыз әкесінің осы сөзін құлағына мықтап тоқып алады. Әке сөзі оның бүкіл өміріне темірқазық болып қалады. Жаппас Қаламбаев 37 жасында Қазақ КСР-нің өнеріне еңбегі сіңген әртіс атағына ие болса Құндыз да 37 жасында осындай лауазымға ие болады.

Жаппас Қаламбаевтың қызы Жаңыл­дың өмірлік қосағы болған Созақтың тумасы Генерал Асқаров та республикаға кеңінен танылған күйші әрі сазгер еді.  Мектеп бітіріп, Алматыға оқу­ға түсуге келіп, Қазақстанға бел­гілі өнер иесі, жерлес ағасы Жап­пас Қаламбаевпен танысып жүріп, қобызшының қызы Жаңылмен көңілдері жарасады. Генерал Асқаровты Жаппас Қалам­­баев­пен де, оның қызы Жаңыл­мен де табыс­тыр­ған әуелі құдай, одан соң өнердің киелі жолы еді.

КСРО және Қазақстанның халық әртісі, профессор Шамғон Қажығалиев: "Жаппекең болмы­сынан кішіпейіл, аз сөйлейтін, адам­дар­мен тез тіл табыса­тын ақжарқын жан бол­ды. Жаппекең­мен оркестрде 30 жыл бірге қызметтес бол­ған­да бар­маған, көр­меген жеріміз жоқ. Алды­мен өзіміздің Қазақ­станның 19 об­лыс, 280 аудан орта­лығын, 300 колхоз-совхозды аралап, өнер көрсеттік. Барлық 15 одақ­тас рес­пу­блика орта­лы­ғы, Мәскеу, Ленин­град, Киев, Минск, Сверд­лов, Новосібір, өзге де қалаларға, көптеген шетелдерге гастрольдік сапар­мен бар­дық. 1949 жылы Кремльде Ста­лин, 1958 жылы Хру­щев,1967 жылы Бреж­нев бастаған саяси бюро мүше­лері­нің, 1957 жылы Қытай­дың астанасы Пе­кин­де Мао Цзе Дун бастаған ел басшыларының алдында кон­церт бер­дік. Осылардың бәрінде Жаппекең дом­быра мен қобызда көп­теген күйлер тартты, ән де айтты.

Жаппас Қаламбаев халық арасынан шыққан өте сирек талант иесі, ХХ ғасыр­­дың үздік музыканты. Шебер орын­даушы әрі дирижер, көп қырлы, бір сырлы талант иесі бола білді" десе, КСРО және Қазақ­станның халық әртісі Еркеғали Рахмадиев: "1967 жылы Жам­был атын­дағы мемле­кет­тік консерва­тория­ға ректор болып келгенде билік­тегі­лер қылқобызды оркестрден шы­ғарып тастағанда Жап­пе­кең­ді осы оқу орнынан қылқобыз класын ашып, же­тек­­шілік етуге шақырдым. Қазіргі қобызшы болып жүрген Базархан Қос­басаровтар ол кісінің алғашқы шә­кірт­­терінің бірі еді. Жаппас ағаның жасы егде тартып қалған кезі болатын. Ол уақытта барлығы Мәс­кеуге бағынатын заман, Жап­пекеңді аға оқытушы қыз­метіне қабыл­дадым. Кон­сер­­ва­ториядағы бұрын­нан 15-20 жыл оқытушы болып істеп жүрген кейбір жан­дар "Ректор Рахмадиев музыка­лық сауаты жоқ шалды алып келіп, аға оқытушы­ның жалақысын төлеп отыр" деп үстімнен домалақ арыз да жазды. Ол кезде домалақ арызды Орталық коми­тет­тен де келіп тексеретін. Ал, шын­ды­ғында күйді құла­ғы­мен естіп, нотаға түсіретін Жаппе­кеңдей тума талант қос бірдей музы­калық жоғары оқу орнын бі­­тір­ген­дер­дің арасы­нан да кезікпейтін. Жаппе­кең­нің жара­тылысы өте талантты адам болатын. Қылқобызды да, дом­быраны да шебер тартады. Домбыраға арнап шығарған үздік күйлері де болатын. Осын­дай қиын-қыс­тау кездің өзінде бар күшімді салып жү­ріп, Жап­пекеңді сақтап қал­дым. Бірақ бір жылдан кейін Жаппекең қайтыс болып кетті", ал Қазақ­станның ха­лық әртісі, профессор Алда­берген Мыр­за­­беков: "Жап­пас Қалам­баевтың бойын­дағы тағы бір ерекшелігі тек қылқобыз тартумен бірге ұлт аспаптар оркестрінде дири­жер­лік жаса­ған кезі де болды. Арнайы маман­­дық түрін игер­мес­тен үлкен ор­кестрге дири­жерлік жасау екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Осы­лайша қазақ­тың қылқобыз өнерінің жа­рық жұлдызы Жаппас Қалам­баев туралы қобызшымен кезінде өнер соқпағында қызметтес, дәмдес-тұздас, жақын қа­рым-қатынаста болған, бұл күнде жас ша­ма­­лары 75-85-дердегі жан­дар­дың асқан дарынды жан туралы пікірі мен көз­қарасы, ой топшы­­лауы бір арна­дан тоғы­­сып жатады. КСРО және Қазақ­станның халық әртісі Бибігүл Төле­ге­нованың ол кісіні "Жібек ата" деп тектен-текке атамағанына көзіміз жет­кен­­дей болды. Көзі тірісінде ол кісіні көрме­ген, бірақ аты-жөнін қыл­қобы­­зы­ның үні­мен бірге естіп, жадында қатталып қалған 50-60-тардағы азамат­тардың да Жаппас Қалам­баев туралы жақсы пікірде екенін аңғарамыз. "Жаппас Қаламбаев қазақ өнерінің кө­гін­де жанған жарық жұлдыз­дардың бірі ғой!" деген жылы сөздерін де естідік. Ал одан жас мөлшері төмендеген сайын 20-30-дардағы жастар­дың қобыз­шы Жаппас Қаламбаев туралы түсінік-ұғым­дары ала-құла болып келеді. Ұлттық наси­хат­тың кемшілігінен болар жалғыз Жап­пас Қалам­баев емес қазақ мәдениеті тари­­хын­дағы небір жақсыларымыз бен жай­саңдарымыздың есімдерін кейінгі жас ұрпақ жетік біле бермейді. Қазақстанның халық әртісі Қаршыға Ахмедияров аға­мыз айтқандай, дүние салғанына 40 жыл өткен қылқобыз шебері Жаппас Қалам­баевтың зиратының әлі күнге ескерусіз, елеусіз жатқаны көп жайттан хабар берсе керек. Тіпті, қылқобыз шебері Жаппас Қалам­баевтың туғанына бір ғасыр толған мерейтойы халқының арасында көңіл толарлық дәрежеде аталып өтілмеуі, билік орындары тарапынан ешбір ынта-ықы­ластың байқалмауы көңілге қаяу түсіреді. Жаппас Қаламбаевтың туып-өскен Оң­түс­­тік Қазақстан облысы, Созақ ауданы­ның шалғайындағы Шу ауылында кешегі кеңестік кезеңде есімі берілген көне орта мектеп бар. Жыл сайын ескі жайды жа­мап-жасқаумен ауыл балалары білім алып келеді. Көне мектепті жаз айында күрделі жөндеуден өткізуге, қажетті құрал-жаб­дық­тармен қамтуда ауылдан түлеп ұшқан Жап­пекеңнің туысы, кәсіп­керлікпен айна­­­­лысып жүрген Алма­тыдағы "ГеоСтрой­Сервис" бірлестігінің бас директоры Сыздық Борсабаев көп еңбек сіңірді. Сыздықтың ұлы күйші Сүгір Әліұлының туғанына 125 жыл және оның шәкірті Ергентай Борсабаевтың туғанына 80 жыл толған 2007 жылы Созақ ауданы­ның орта­лығында ұлан-асыр ас беріп, күй өнерін насихаттаудан республикалық байқау өткізгенін жұрт жақсы біледі.

Адам баласы ертеңгі күнге үміт ар­туын тоқтатпайды. Мұндайда: "Уақыт бәріне төреші. Ешкімнің еңбегі ұмы­тыл­майды, уақыт бәрін орын-орнына қояды" деген қағиданы көңі­лімізге қан­ша тоқ санайық десек те сол сирек та­лант ие­лері­нің қадір-қасиетін шын сезі­ніп өскен, халқына сіңірген еңбегінің бағасын жетік білетін көзкөрген, жақын араласқан жандар біртіндеп өмірден өтіп бара жат­қа­­нын көріп-біліп оты­рып, олардың келе­­шекте шынында да лайықты орнын алатынына күдікпен қарайтын кезің болады екен. Талант иесінің нағыз баға­сын беріп, өнердегі орнын айқын­дап кететін оның қатар өмір сүрген замандас­тары, халықтық дәстүрлі өнердің қадір-қасиетін шын сезініп өскен жандар емес пе деген ойға тоқтаймыз. Әуен мен сарынның түсін ажыратып, дәмін татқан Жаппастану өнері мен ілімі телегей теңіз тұңғиық әлем іспеттес.

Авторы: Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЕВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері.  «Егемен Қазақстан», 386-388 (25785) 24 ҚАРАША СЕЙСЕНБІ 2009 ЖЫЛ

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321