Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ: Билік десе әкесін, байлық десе бабасын сататындар бұрын да болған, қазір де бар
Қоғам һәм мемлекет қайраткері, дарабоз қаламгер Әбіш Кекілбайұлының 70 жылдық мерейтойы қарсаңында шыққан 5 томдық «Сыр десте» кітабының бір томында Кекілбайұлының соңғы 10 жылда жарық көрген сұхбаттары жинақталыпты. Оқып шыққан соң, кемеңгердің тәуелсіздік, мемлекеттілік, тіл мен тарих туралы келелі ойларының бір бөлігін газетке беруді жөн көрдік.
- Ел сізді қаламгер һәм қайраткер деп таниды. Осы екеуінің қайсысы жаныңызға жақын?
- Мен қиян шетте, қиын кезеңде дүниеге келіппін. Отызыншы жылдар ойранынан, ит сілікпелері шыққан қамырықты қауымның көңіл күйін жастайымнан естіп, көріп, біліп өстім. Оған дүниежүзілік қырғын соғыстың қияметтері қосылды. Одан кейінгі тауқыметтерді де өз басымыздан өткердік. Бұның бәрі сезімтал көкірекке қандай әсер қалдыратыны, айтпаса да түсінікті. Оны басқалармен бөлісудің көркем әдебиетпен шұғылданудан басқа жолы жоқ еді. Біздің буынның әдебиетке қаптай ұмтылуының басты сыры осында ма деп қаламын. Соған қарағанда, өз басым, қаламгерлікті әу бастан-ақ қауыммен ұдайы сұхбаттас жүргенді ұнататын қайраткерлік деп ұққан сияқтымын. Содан да болар, ол екеуін бір-біріне қарсы қойып, біреуіне басым, біреуіне бәсік маңыз беру маған тән емес.
Қоғам һәм мемлекет қайраткері, дарабоз қаламгер Әбіш Кекілбайұлының 70 жылдық мерейтойы қарсаңында шыққан 5 томдық «Сыр десте» кітабының бір томында Кекілбайұлының соңғы 10 жылда жарық көрген сұхбаттары жинақталыпты. Оқып шыққан соң, кемеңгердің тәуелсіздік, мемлекеттілік, тіл мен тарих туралы келелі ойларының бір бөлігін газетке беруді жөн көрдік.
- Ел сізді қаламгер һәм қайраткер деп таниды. Осы екеуінің қайсысы жаныңызға жақын?
- Мен қиян шетте, қиын кезеңде дүниеге келіппін. Отызыншы жылдар ойранынан, ит сілікпелері шыққан қамырықты қауымның көңіл күйін жастайымнан естіп, көріп, біліп өстім. Оған дүниежүзілік қырғын соғыстың қияметтері қосылды. Одан кейінгі тауқыметтерді де өз басымыздан өткердік. Бұның бәрі сезімтал көкірекке қандай әсер қалдыратыны, айтпаса да түсінікті. Оны басқалармен бөлісудің көркем әдебиетпен шұғылданудан басқа жолы жоқ еді. Біздің буынның әдебиетке қаптай ұмтылуының басты сыры осында ма деп қаламын. Соған қарағанда, өз басым, қаламгерлікті әу бастан-ақ қауыммен ұдайы сұхбаттас жүргенді ұнататын қайраткерлік деп ұққан сияқтымын. Содан да болар, ол екеуін бір-біріне қарсы қойып, біреуіне басым, біреуіне бәсік маңыз беру маған тән емес.
Жалпы, жазушылықты адамзат, қоғам, отан, ұрпақ, болашақ тағдырына енжар қарай алмайтын елгезектік пен ол жайында ой бөліспей отыра алмайтын сыршылдықтан өрбитін өнер ғой деп санаймын. Адамдардың әсер-түйсігіне, ой-сезіміне, парасат-құлқына, іс-әрекетіне ықпал ету арқылы тіршілікті де өзгерткісі келетіндер сөз құдіретіне жүгініп, қолына қалам алады ғой деп ойлаймын.
Біле білген кісіге, бұл - біздің ұлттық әдебиетіміздің бойында әуелден бар етене қасиет. Ежелден тек жау тоқтатар батыры мен ел тоқтатар ақылманына ғана дес берген жауынгер қауымдардың рухани өміріндегі басты тұлға - абыз. Ол ақындық пен жыраулыққа сүйеніп әрекет еткен. Ұлт ұстазы, рух сардары ретінде қайрат қылған. Ол үшін халық мерейі мен қауым мүддесі бәрінен жоғары. Төл әдебиетіміздің сүйегіне сіңген бұл қасиет қазіргідей қайта түлеу кезінде күшейе түспесе, әлсірей қоймайды деп пайымдаймын.
Ешқашан бірыңғай шығармашылықпен айналысатын жағдайға ие болған емеспін
- Мектепте жүргеннен қолыма қалам алып, жиырма үш жасымда жазушылар ұйымына мүше болып, әдебиетшіге тиесілі ащылы-тұщылы сыбағаның талайының дәмін татып көргенім рас. Бірақ ешқашан бірыңғай шығармашылықпен шұғылданып кете алатындай жағдайға ие болған емеспін. Жастайымнан құмар болған әдебиетпен баспасөз, мәдениет, мемлекет, тіпті әскер қызметінде жүріп айналысуға тура келді. Бірақ дәреже қуалап жүрген жоқпын. Марқұм Димекең: «Үлкен жазушысың, ақылың бар азаматсың. Есік қашан да ашық, ұялма, келіп тұр» деп өз аузынан айтса да, бірен-саран мәжілістеріне барғаным болмаса, есігін қағып көрген емеспін. Бұрын етене таныстығым жоқ Нұрсұлтан Әбішұлы бірінші басшы болған соң, көп ұзатпай шақырып алып: «Заманды байқап жүрсің. Тарихпен, өткен-кеткенімізбен, әдебиет, мәдениет, тілдің, тұрмыс-салттың мәселелерімен көптен шұғылданып келесің. Мемлекет қызметінің де шет жағасын көрдің. Ендігі жерде ұлт саясатымен өзіміз айналыспасақ болмайтын түрі бар. Жаңа бөлім ашпақпын. Соған сені ұсынамын» деді. Сөзін жерге тастай алмадым. Оның үстіне мынадай алмағайып кезеңде бас тартқаным жаны ашымастық, қиындықтан қорыққандық болар деп ойладым. Мен үлкен саясатқа осылай келгем. Құдайға шүкір, жұртшылық үш рет Парламентке ұсынып, депутаттыққа сайлады. Егемендік алғалы бері Елбасымыз төрт рет қасына қызметке шақырды. Маған тағдырдың егемендігіміздің, тәуелсіздігіміздің, елдігіміздің мәселелерімен айналысатын кезде мәртебе бұйыртқанына мың тәуба.
СУРЕТКЕРДІҢ САЯСАТКЕРЛІК БОЛМЫСЫ ТУРАЛЫ
- Суреткерлік те, саясаткерлік те әуелден оңай емес еді. Әсіресе өтпелі кезеңде тіптен қиындап кетті. Бірақ өз тағдырыңнан өзің бәрібір қашып құтыла алмайсың. Расын айтсам, көп нәрсе қолымнан келмейді. Соның ішінде, қазіргідей қым-қуыт кезеңде ел үшін, мемлекет үшін еш қиналмай, тып-тыныш үйде жату қолымнан келмейді. Жастайымнан жұрт басындағы қиындықтарды көріп өскендігімнен болар, кісі аяғышпын. Ал саясаттың беттен алуды, іштен шалуды қажетсінер жерлері көп екен. Ол қолымнан келіп жатқан жоқ.
ЖАЗУШЫЛЫҚ ӨМІР ҮЙРЕТКЕН ҚАҒИДАЛАР
- Ақылың тасып бара жатса, қолыңда қаламың бар, өз өнеріңе жұмса. Басқалардың өз ақылдарын қайда қоярларын білмей жүргенін ұмытпа.
Қаламдастарыңның жазғандары көңіліңнен шығып жатса - айтқың келсе, айт. Шықпай жатса - ауызыңды ауыртпа. Өзгені жамандаған өз қадірін түсіреді. Етікші етігін қанша мақтағанмен, жұрт бәрібір қалтасына қолайлысын, аяғына ыңғайлысын алады.
ОҚЫРМАННЫҢ КІТАПҚА ДЕГЕН ҚҰЛҚЫ ЕМЕС, КІТАП САТЫП АЛАР ҚАУҚАРЫ ӘЛСІРЕП КЕТТІ
- Қайбір жылы Абрам Линкольн туған Кентуккиге барып, жергілікті университеттің филология факультетіндегі шәкірттерімен жолыққанда, олар Азия, Африка, Еуропа әдебиеттері түгілі, өз классиктерінің шығармаларына шорқақ екендігін байқатты. Ал біздің қойшыларымыздың Шекспир мен Бальзакты, Гейне мен Тагорды, Джек Лондон мен Дюманы қойны-қоныштарына тығып жүріп, мал шетінде оқып отырғанын талай көрдік. Оқырман жоғалып кеткен жоқ. Оның кітапқа деген құлқы емес, кітап сатып алар қауқары әлсіреп кетті.
БАЛЬЗАК ПЕН ДЮМА БІЗДІҢ ОРТАҒА ТАП БОЛСА, НЕ ӨНДІРЕР ЕДІ?
- Мемлекеттік мәдениет саясаты нарық қыспағында қалып, бастарымен қайғы болып кете жаздаған қаламгерімізді жазу үстеліне қайта оралтудың экономикалық амалдарын табу керек. Пушкин айтқандай, бұлбұлдың да жем жейтінін ұмытпаған жөн. Ұлттық әдебиет пен өнерді таратуды, оны насихаттауды ұтымды бизнеске айналдырудың әдістерін табу әдебиетшілер мен артистердің емес, әлеуметтік қоғам орнатып жатқан мемлекет үкіметінің міндеті болуға тиісті. Біздің өз Лапин, өз Третьяков, өз Морозовтарымыз бой көрсетпей жатыр. Егер Бальзак пен Дюмалар шығармаларын қашан жазып біткенше қамап қойып, қолжазбаларын дереу кітап қып әкеп беретін әдеби агенттері мен баспагерлері жоқ мына біздің ортаға тап болса, олардың да не өндіре қоятындары неғайбіл...
ӘЛЕМДІК РУХАНИ САХНАҒА УӘКІЛ БОЛЫП САЙЛАНЫП ЕМЕС, САЙЫСҚА ТҮСІП, КӨТЕРІЛЕ АЛАСЫҢ
- Әлемді әркім өз көкжиегімен шектеп келді. Кейде оған үстемдер ұстатқан дүрбімен үңілдік. Кейде оған ауыл сыртындағы төбешіктің үстінен қарап, көз салдық. Кейде ақылың, ауызың, қиялың жеткен жерге қарымың жетпей қор болдық. Қазіргідей жарық жалған баланың алақанындай жайылып алдыңда тұрғанда, әлемдік рухани игіліктердің көлемі ұлғайып, көркі ажарлана түсетіндей. Бар құдіретін басқалардың санасына да жете алатындай қып құлпыртып жеткізе алсақ, Бетховеннің қасына Құрманғазы, Моцарттың қасына Тәттімбет, Гетенің қасына Абай, Дантенің қасына Йассауиды отырғызбайтындай ешкім табыла қоймас. Сырттан шот салып-ақ талайдың аяғын көктен келтіре алатын Қажымұқанның қазақша күреспей, классикалық күресте додаға түскенінен, көк желкеден бір-ақ соғып, қонжита салар бұрынғының алыпсоқ сайысына баспай, ұратын жерден ғана ұрып, ұпай жинайтын қазіргінің аңдыспа сайысына түскен Бекзатты Сиднейдің төбеге көтергенінен түсе қоймаған қазақы абырой Жәнияның Дина апасына ұқсап домбыра тартпай, фортепианода ойнап, Айманның Фатима апасындай қобыз шалмай, скрипка шалып, жүлде алғанынан түсе қоймас. Карпат бақташыларының волынкадағы құйқылжытқан ежелгі саздарын симфонияға айналдырып, әлемді таңдандырған Энескуге риза болған румындар сияқты бізге де дала бақташыларының әуендерін дәл солай әрлеп баққан Мұқан Төлебаевқа неге риза болмасқа? Фараби ақсақалдар арасында мақал айтып, Сәтбаев айдаланың тезегін теріп, аттарын шығарған жоқ қой. Біреуі - ар жағы грек, бер жағы араб, парсы ойшылдарымен жарысып, екіншісі - ар жағы Еуропа, бер жағы орыс инженерлерімен жарысып атақ шығарды. Бүгінгі ұрпақтың да ар жағы - адамзат, бер жағы - жуық шартараптың жүйріктерімен жарысуға жүректері шыдайтындай талантты да талапты өкілдері шығып жатса, олардың беттерінен қақпаған дұрыс. Әлемдік рухани игілік сахнасына уәкіл болып сайланып емес, сайысқа түсіп, озып шығып, көңілің жайланып көтеріле аласың.
ПРОЗА НЕГЕ ДАМЫМАЙ ҚАЛДЫ?
- Үлкен тарихи процестің қақ ортасында жүрген біздер оның бір шетін көрсек, екінші бір шетін көрмейміз, төменгі қабатына түссек, жоғарыда не болып жатқанын білмейміз. Сондықтан біздің бұл тұрғыдағы сөзіміз құр ойбай, бос бажыл боп шығуы мүмкін, эмоциялық тұншығулар мен өксулердің көрінісі болуы мүмкін... Қысқасы, маған салсаңыз, дәл бүгінгі заман туралы шығарма жазу әлі ертелеу. Әдебиет жанрларының ішінде, бүгінде поэзия жақсы өрбіп келе жатыр. Поэзия - ауырып жатқан кісінің қалай ауырып жатқанын баяндайтын көл-көсір әңгімесі емес. Поэзия - науқас адамның ыңқылы, күрсілі, ойбайы. Міне, қоғамда сол процесс жүріп жатқандықтан, соны белгілейтін жанр өрістеп келеді. Қазір көп пікірлер кезеңі, плюралистік кезең. Сондықтан пікір айтатын жанрлар да - публицистика, эссе, тағы басқалары өркендей түсуде. Ал басынан аяғына дейін сағызша созып айтатын жанрлар іске қосылмай жатыр. Бұл - заңды. Себебі процестер аяқталған жоқ, ортасында жүрміз қазір.
ҚАЗАҚТЫҢ ПОЭЗИЯСЫНДАЙ МЫҚТЫ ПОЭЗИЯ ЖОҚ
- Мен өзге ұлттардың әдебиетін біршама білемін, осының ішінде қазақтың өлеңіндей өте мәнді, өте әдемі, барлық жағынан жетілген өлең өте аз. Қазақтың поэзиясындай мықты поэзия жоқ. Әсіресе жастар поэзисы. Осы поэзияның деңгейіне әдебиеттің қалған жанрлары да жетер болса, қазақ әдебиеті ең бір дамыған, оқсаулы әдебиет боп шығар еді.
ЕУРАЗИЯНЫ ЕНШІЛЕГЕН ТАРИХЫМЫЗ БАР
- Түркі дүниесі деген ұғым адамзат санасына сіңгелі екі мың жылдың жүзі болды. Ол кезде түркі атына телінетін дербес мемлекеттік құрылым болмағанмен, біз сол кезде түркі тілінің болғанын жақсы білеміз. Өйткені әлгі үлкен көшпелі империялардың ізін ала өз мемлекетін құрған ғұндардың түркі тілінде сөйлегендерін тарих айғақтап отыр. Ендеше, олар - Еуразияның ең байырғы мекендеушілері және оның игерілуіне сіңірген еңбегі өте зор деп айтуымыз керек. Біздің жыл санауымыздың аз-ақ алдында Қиыр Шығыс пен Орталық Азияда текетіресіп тұрған екі үлкен мемлекет болды. Оның бірі - Қытай да, екіншісі - жаңағы біз айтып отырған ғұндар еді. Көшпелі мал шаруашылығы жер бетінің қалған континенттерінің ешқайсында да емес, ең алдымен, осы Еуразия кеңістігін игеру барысында қалыптасқан-ды. Сол көшпелі империялардың үш материкке дейін ықпал ете алғаны және осы заманға дейін түрін жоғалтпай жете алғаны түркілер еді. Олардың үш отаны болғанын білеміз. Алдымен мемлекет ретінде танылған жері - Оңтүстік Сібір. Одан кейінгі дәуірлеген жері - Орталық Азия мен қазіргі Қазақстанның кеңістігі. Үшіншісі - Анадолы түбегі. Мінеки, осы ұлан-ғайыр кеңістікте түркі әлеуметі үш түрлі сапалық эволюциялық деңгейден өтті деп айта аламыз. Оңтүстік Сібірде бастапқы мемлекеттік деңгейінен өтсе, Орталық Азияда шын мәніндегі үлкен феодалдық мемлекетті түзді. Ал Анадолы даласында әлемдегі ең күшті империя құрды. Батыстан, Шығыстан, Оңтүстіктен бірдей қысым көріп тұрған Византия империясы жаңа қоныс аударып жатқан көршілерін әуелі көмекке шақырды. Солардың есебінен тұрақты әскер ұстады және оларды саяси өміріне белсене қатыстырды. Соның барысында бұл халық әлгіндей қарым-қатынасқа бейімделе отырып, байырғы үрдістерін, тілін, дінін ұмытпай, қайта оны байытып, дүниежүзіндегі арғы-бергіде өмір сүрген империялардың ішіндегі ең ұзаққа шыдас берген империяны - Осман империясын түзуге жағдай туғызды. Ол алты ғасыр үстемдік құрды. Ал оған дейін селжүктер бес ғасырдай үстемдік құрды. Екеуі де, түптеп келгенде, бір халықтан шыққан билеуші әулеттер еді. Түркі әлемінің күні кешегі дүниежүзілік колониализм тұсында да із-түзсіз жоғалып кетпеуінің бірден-бір кепілі болды. Түркілерге біртабан жақын моңғол үстемдігінің өзі үш жүз жылға жете алмады. Ал ғұндардың Еуропадағы үстемдігі бір ғасырға жеткен жоқ. Франзуз революциясы тұсынан бастап Түркияда танзимат деген саясат жүргізілді. Танзимат - қазіргі тілмен айтқанда, модернизация деген сөз. Кезінде Шығыс Еуропаның көп жерін алып, Батыс Еуропаға аяқ салған түрік мемлекеті өзінің жаңа бәсекелестерінен қалып қоймауға қам жасады. Бұл процесс жиырмасыншы ғасыр басындағы «Жас түрікшілдер» қозғалысына ұласты. Бірінші дүниежүзілік соғыстың нәтижесінде, бұрынғы отарларынан айырылып қалған Түрік мемлекеті енді ұлттық мемлекет ретінде дәуірлеу саясатын ұстанды. Бұл жаңа ағым Мұстафа Кемал Ататүріктің есімімен тығыз байланысты. Кемалистік бұл қағида сол Кемалдың көзі тірі кезінде ойдағыдай жүзеге асты.
ТӘУЕЛСІЗДІКТІ ТҮЙСІНГЕН АДАМ ҒАНА ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ҚАДІРІН БІЛЕДІ
- Саяси салиқалылық әлі орныға алмай жатыр. Демократияны бейпілдік деп ұғу басымырақ. Біз үшін мемлекеттілік - ертең де ел болып, жұрт болып қалуымыздың бірден-бір кепілі екенін, сондықтан одан асқан құндылық жоқ екенін әлі жете түсініп болмаған сияқтымыз. Әншейінде кез келген өзгеріске орай немесе шетелдік сериалдардағы кейіпкерлердің есіміне орай жаңа туған сәбилеріне ат еншілеп жататын елгезек жұртымызда қазір Азаттар мен Бостанбектердің саны баяғы Сайлаубайлар мен Сиезбектердей көп емес сияқты. Бұрын пәлен жылдар бойына көпе-көрнеу озбырлықтарға жақ ашпай келген болсақ, қазір әлі қаз тұрып кете алмай жатқан балаң тәуелсіздігіміздің уығын ортақ шаңыраққа шаншып, жабыла түзесудің орнына, жабыла күстаналауға құмармыз. Мемлекет пен билікті әдетте зейнетақымыз кешігіп қалғанда, қора-қопсымызға ұры-қары түскенде, өз тіліміз бен дінімізді менсінбей, басқалардың жетегіне еріп кеткенде барып еске аламыз. Мемлекет - біреулеріміз үшін бірдеңесін оңай қымқырып кететін ашық-шашық қоймадай, біреулеріміз үшін бар өшімізді содан алатын көз күйігіміздей ғана көрінеді. Оның болысуын талап етсек те, оған болысуды ойға ала бермейміз. Әлемге әмірі жүріп тұрған АҚШ-тың өзінде: «Маған елім не берді деп емес, мен еліме не бердім деп өмір сүру керек» деген қағида әр америкалықтың жадында болады. Одан әлдеқайда кедей, әлеуеті әлдеқайда төмен елде тұрып жатқан бізге не жорық?!. К.Кэлхаунның айтуынша, белгілі бір ұлттың өкілі екендігін мойындайтын адамдар ғана әлемдік тарихи процестерге тікелей қатысы бар екендігін жеткілікті түсіне алады. Мұндай пікірді әлемдік қоғамдық ой әлдеқашан мойындап қойған. Тәуелсіздік - біздің ұлтымызға да, ұлттық зиялы қауымымызға да әрі сын, әрі сый. Әуелі үлкен сыннан абыройлы өте алсақ қана, үлкен сыйға ие бола аламыз. Өйткені тәуелсіздігіміз баянды болмай бағымыз ашылмайды.
ІС СЫНМЕН АЯҚТАЛМАЙДЫ, БАСТАЛАДЫ
- Жалпы, маған өзінің халқын сынайтын адамдар, өзін сынайтын, өзіне көңілі толмайтын жандар ұнайды. Бұл жағынан алғанда, әйелдерді жақсы көремін. Әйелдер өздерінің сұлу екенін біліп тұрса да айнаға күніне қырық рет барады. Сонда олар «мен сұлу емеспін» деп бармайды, өзінің сұлулығын арттыру үшін қырық рет барады. Өзінің ұлтын, өзін сынайтын адамдар да осы айнаға қарағыш әйелдер секілді. «Бізге осы да жарайды» деген немқұрайлы алқам-салқамдық пен «бәрі бізге қарап отыр, біз деген беренбіз» деген кеудемсоқтықты суқаным сүймейді. Ұлттың жауы - мақтаншақтық, бөспелік, дарақылық. Сондықтан «ұлтыңды жақсы көрсең - алдымен өзіңе өзің сын көзбен қара» деген қағида бар.
ӘЛЕМДЕ БОДАН БОЛМАҒАН ҰЛТ ЖОҚ
- Жер бетінде ешкімге ешқашан бодан болмаған бірде-бір мемлекет жоқ. Бір ғасырларда римдіктер элладалықтарға бағынса, екінші ғасырларда, керісінше, римдіктер элладалықтарды бағындырды. Бір кезде Шығыс елдері Батыс елдерін жаулап алса, келесі кезекте Батыс елдері Шығыс елдерін жаулап алды. Ұлы мемлекет те, кіші мемлекет те бұдан қашып құтыла алмаған. Мемлекеттің бағын тайдыратын әлеуметтік, саяси-діншілдік, алауыздық сияқты болып көрінгенмен, түп себебі басқа. Ол - дамудағы кенжелік. Тек өз тәжірибесімен шектеліп, қалған дүниенің жетістіктерінен хабарсыз қалушылық. Соның салдарынан сырттың озбырлығы мен іштің наразылығына жем болушылық. Ол келеңсіздіктен құтылудың жалғыз «жарғысы» - алға тырысу. Өз буына өзі піскен кеудемсоқтық емес, жан-жағына көзін ашып қарайтын, өзгелер жеткен жетістіктерден өзі де бағын сынап көруге тырысатын елгезектік қана елдіктің көсегесін көгертеді.
ӘДІЛЕТ ТАРТЫССЫЗ ОРНАМАЙДЫ
- Айтыңызшы, Қорқыт неге дүниеден баз кешті? Қожа Ахмет Йассауиге халық неге қарсыласты? Абай неге «көпте ақыл жоқ...» деді?
- Рас... Бірақ бұл тек біздің қазаққа ғана тән емес. Бруно мен Галилей инквизиция отына өртелді. Сократ қарғыс тасының астында қалды. Аристотель өмірінің соңында қашып-пысып күн кешті. Ғайса пайғамбар ашаға керілді. Мұхаммед пайғамбар өз тайпаластарының талапайына ұшырады. Демек, тоғышарлық, дүмбілездік үстемдік құрған жерде сара сана мен кемел парасаттың күні қашан да қараң болған. Кешегі 37-ні де тек қатыгез билік қана емес, ең алдымен, «біз көппіз!» деп кеудесін төмпештейтін дүмбілез сана тудырған-ды. Ол - біреуді жау, біреуді дос санап, атыстырып-шабыстырмай тұра алмайды. Ол - дүниедегінің бәрін ақ пен қараға бөлуге құштар. Ол - барлық уақытта «бізге анау керек емес, мынау керек» деп үзілді-кесілді тон пішуге құмар. Күмілжігендерді, күмән айтқандарды, алдын-артын салмақтап, саралап сөйлейтін сарабдалдықты кемшілік санайды. Тепсінгенді ерлік, қазымырлықты өрлік көреді. Қатыгездікті қастерлейді. Күші асқаннан қорқады, білігі асқанды жек көреді. Тоғышарлықтың бірден көзге ұрып тұратын сипаты - осы. Ол ылғи көптің атын сатып күн көреді. Абайдың «көпте ақыл жоқ» дейтіні көптен, халықтан көңілі қалғаны емес, көптің атын жамылған әлгіндей зорлықшыл тоғышарлықтан көңілі қалғаны...
Әркім жеке жауап береді. Мүңкір-Нәңкір де әркімнің жанын жеке-жеке алатын көрінеді-мыс. Адамға абырой да, пәле-жала да, ажал да атының басын тіктеп, жеке келетін сыңайлы. Сондықтан қай сөзіміз бен қай ісімізде де көпке иек артпай, өз жүрегімізге жүгінгеніміз лазым шығар...
ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
- Ұлттық идея - керек кезінде ауызға алсақ, бәрі оңынан орала кететін дұға сөзі емес. Ол көбіне-көп бұрын басы бірігіп көрмеген этникалық топтардың тарихи қалыптасқан жағдайға қарай бір ұлт, бір мемлекетке бірігер тұста өз еріктерімен келген ортақ пәтуасын білдіреді. Мәселен, бұрын ағылшын, шотлан, валий, солтүстік ирланд халықтары бірігіп, Британия мемлекетін құрды. Олар өз ұлттық бірлігінің сыры - тәжға деген адалдық, парламентке деген құрмет, британдықтар ие болып отырған азаматтар мен құқықтарды қалтқысыз қастерлей білу деп түсінеді. АҚШ әр алуан иммигранттар елі екені белгілі. Оларды біріктіріп тұрған тарихи-мәдени тамырлар да әр алуан. Сондықтан олар өздерінің басын қосып тұрған - Тәуелсіздік Декларациясы мен АҚШ Конституциясының мұраттары деп есептейді. Француздар да бір кезде Римнің қол астында болған әлденеше этникалық топтардан құралған. Олар да өздерінің бүгінгі таңдағы ұлттық сәйкестілігін 1789 жылы болған Француз революциясының дәстүрлері мен қағидаларына апарып саяды. Осы заманғы мемлекеттердің көпшілігі осы тақылеттес азат азаматтардың бәрі өз еріктерімен мойынұсынатын теңдік, бостандық, даму қағидаларына негізделген.
АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТКЕ АНТИПОД ЕМЕС
- Осы заманғы азаматтық қоғамсыз жаппай жасампаздық пен әлеуметтік белсенділікті көзге елестету еш мүмкін емес. Бізде азаматтық қоғамды ұлттық мемлекеттің антиподы ретінде қарастыратын ұшқары ұғым қалыптасуда. Осы заманғы демократиялық қоғамды мемлекеттік билік институттарынсыз көзге елестету қандай мүмкін болмаса, азаматтық қоғам институттарынсыз көзге елестету де сондай мүмкін емес. Оза дамыған елдерде мемлекеттік билік пен азаматтық қоғам ешқандай саяси саудасыз-ақ, артық дабыра-даусыз-ақ өзара міндет бөліскен. Табиғат қорғау, ұлттық менталитет пен мәдени-рухани құндылықтарды, табиғи-тарихи жәдігерліктерді, діни жарасым мен тәрбие мәселесінен туындайтын көп қызмет пен көп міндетті заңға сүйене отырып, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам институттары, жанұя мен қоғамдық бірлестіктер өз мойындарына алған. Бәрін мемлекетке ысырып қою - мемлекет монополизмін арттырады. Ал бізде әзір әлеуметтік белсенділік бір-ақ салада - бәрін мемлекеттен талап етумен шектеліп келеді. Сөйтіп, ортақ жағдайды жақсартудың басқа тетіктерін, құқықтық тетіктерін іске белсендіре қоспаймыз. Бұл саяси монополизмді бәсеңдетудің орнына күшейтуге ұрындырып отыр. Бәрін бәрібір билік орындары шешетін жерде билік монополизмі орын алмай қоймайды.
СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС ТЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ТУҒЫЗУЫ МҮМКІН
- Соған сәйкес күрес жүргізетін тиісті құрылымдар да бар. Алайда бұл тек жазалау жолымен түзеле қалатын кемшілік емес. Ондай жолмен әрқилы деңгейдегі экономикалық қуғын-сүргінді көбейтіп, жасанды монополизмді одан әрмен күшейтіп алуымыз ғажап емес. Бұндай жағдайда сыбайлас жемқорлықпен күрестің өзі сыбайлас жемқорлықтың бір түріне айналып кетуі мүмкін.
МҰНАЙЫ БАР ЕЛДІҢ МҰҢАЯ БЕРУІНІҢ СЕБЕБІ НЕДЕ?
- Жерің қанша бай болғанмен, елің өз-өзінен қарық бола қалмайды. Өз байлығын өзі толықтай игере алған халық қана бар мұратына жете алады. Мұнай сонда ғана мұңайтпайды.
ЕЛДЕ ТҰРЫП, ШЕТЕЛГЕ КӨШКЕНДЕЙ БОЛДЫҚ
- Социологтардың айтуынша, жаңа ортаға тап болған адам тосын әлеуметтік, мәдени қарым-қатынастардың ықпалына түсе бастайды екен. Олардың кәсіби машығы, тұрмыс-салты, тіпті психологиясы мен тілі айта қаларлық өзгерістерге ұшырайды екен. Ал олардың балалары, кейбір араларына қылау түсірмей, қасарысып, өздерімен өздері болып, ірге ажыратпай, бірге отырып, тұрмыс құратын «қиқар анклавтар» болмаса, барлық деңгейде әлгіндей өзгертуші ықпалдардан өтіп, «жаңа композит» болып шыға келеді екен. Ал үшінші ұрпақ - немерелер әлгіндей «аккультурация», «мәдени ассимиляцияға» ұшырамай қоймайды екен. Сондықтан тұрмыс жағдайлар түзіле, жаңа ортаға жылдамырақ бейімделіп, иммигранттардың ілуде біреуі болмаса, көпшілігі бұрынғы отандарына орала бермейді екен. Ал балалары ондайды, тіпті ойларына да алмайтын тәрізді. Немерелерге «ата-бабалар мекенін» сағынту қиынның қиыны көрінеді. «Иммигранттардың американдануын» зерттеген Пиоре, Херберг, Сауэлл, Гордон, Сэлинстердің осындай тұжырымдарымен, деректерімен танысқанда, менің есіме біздегі социолингвистикалық ахуал түсті.
Біздегі қалаға көшкендер мен басқа елдердегі қалаға көшкендерді салыстыруға келмейді. Басқа елдердегілер өз тілінде сөйлейтін ауылдық мекенінен өз тілінде сөйлейтін қалалық мекенге көшеді. Кәсібі, тұрмыс тәртібі өзгергенмен, тілі өзгермейді. Ал бізде әлгі айтылғандардың бәрі де - тұрмыс-салт та, кәсіп те, тіл де түгел өзгеруге мәжбүр болады. Сондықтан біздің қалаға көшкеніміз ішкі қоныс аударудан (миграциядан) гөрі сыртқа қоныс аударуға (иммиграцияға) көбірек ұқсайды. Біздегі социолингвистік ахуалдың басқа елдердегі иммиграциялық процестерді еске түсіруінің сыры да осында жатса керек.
Бір кездері Алматы көшелерінде қазақша сөйлеп бара жатқандарды кезіктіріп жарытпайтынбыз. Тіл туралы айтысу, біздің тұсымызда шықты деуге болады. Біздің буын тілдік нигилизмді жоюға көп күш салды. Бірақ біздің буынның ол ұмтылыстарына қарамастан, Қазақстандағы урбандану процесі, жоғарыда айтылғандай, басқа елдердегі иммиграциялық процестерге ұқсайтын сипатынан көп өзгере қоймады. «Баяғы жартас бір жартас» күйінде қала берді. 60-жылдары қалаға келген біздің өзіміз немерені қойып, шөбере сүюге көштік. Олар түгілі өзіміз «аккультурациядан» толықтай өтіп, мәдениеттік, тілдік «ассимиляцияға» ұшырадық. Әйтпесе, басшы мекемелеріміз ана тілімізге есіктерін айқара жауып, басшы «папалар мен мамалар» түгілі, басшы «аталарымыз бен әжелеріміз» әліге дейін қазақша шорқақтыққа қысылудың орнына, өркениеттің басты белгісіндей көріп, мәртебе санап, мардымсып жүрер ме еді?! Қысқасы, енді сәл кешіксек, біздің ұлттық болмысымыздан жұрнақ та табылмай, жұрдай болып қалуымыз әбден мүмкін еді. Біз әлгіндей процестер қаланы қойып, ауылдарымызды әжептәуір меңдеп алған тұста тәуелсіздік алдық.
Ал өз басыма келер болсақ, балаларым қазақша біледі. Дегенмен тірідей жат болып бара жатқан ұрпақ жайында қамығатындар санатында, әрине, мен де бармын.
ТІЛДІҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ЖУРНАЛИСТЕРДЕ ЕМЕС, ҮКІМЕТТЕ
- Мемлекеттік ісіміздің насихатшылық қызметінің ойдағыдай өрістей алмай отырғандығы да өз салқынын тигізбей жатқан жоқ. Кейбіреулер қазақ тілінің және сол тілдегі ақпарат құралдарының дәрменсіздігіне телігілері келеді. Шындығына келгенде, реформаны түсіндіру мен насихаттау, сол арқылы оларға кеңінен әлеуметтік қолдау табу, ең алдымен, реформашыл күштердің, оның ішінде Үкіметтің басты міндеті болса керек. Ал бізде ондай орасан ауқымды және ауыр міндет жалғыз Елбасына жүктеліп қойғандай. Мұндай «сыпайыгершіліктің» ар жағында реформашыл команданың өз лидеріне ұқсап, екі тілге бірдей жетік болуға әлі күнге дейін талпынбаған самарқаулығы жатса керек. Өкінішке қарай, оған мысал өте көп. Оларды сөзбен тізбей-ақ, Үкімет мүшелерінің өздері ұсынатын заң жобаларын Парламентке өздері келіп баяндаудан қашқалақтайтынын айтсақ та жеткілікті. Көбіне-көп орынбасарларын жұмсайды. Ондай баяндамалардағы мемлекеттік тілге деген ізет сөз бастардағы амандасумен, сөз ортасындағы бірер қыстырмамен, сөз аяқтардағы «көп-көп рақметпен» шектеледі. Бастан-аяқ қазақша баяндаманы түсімізде болмаса, өңімізде тыңдай алмай-ақ қойдық. Мемлекеттік тіліміздің ресми мінбелердегі халі осындай болғанда, ол тілде саясат жүргізу мен білім берудегі ояздықтардың неге селт етпейтіндігіне себеп іздеп, бас қатырмаса да болады. Қазақ тілінің, мемлекеттік тіл мәртебесін былай қойып, тым болмаса орыс тілі деңгейінде қолданылуы үшін Қазақстан Үкіметі біршама қадамдар жасауы қажет. Мемлекеттік тілді қорғай алмау - мемлекеттік шекараны қорғай алмаумен тең. Үкімет мемлекеттік тілді мемлекеттің туындай қастерлеп, мемлекеттік шекарадай қырағы қорғай білуі шарт. Мемлекеттік шекарасына немқұрайлы қарайтын ел мемлекеттілікті қалай тәрк етіп алатын болса, мемлекеттік тіліне жүрдім-бардым қарайтын қауым да дәл сондай келеңсіздіктің кебін киеді. Сондықтан мемлекеттік тілді құрметтеуді ең алдымен мемлекеттік билік орындары көрсетуге тиісті. Мемлекеттік лауазым иелері мемлекетке адалдығын, мемлекеттік тілге деген ізет-ынтасымен дәлелдейтін болсын! Шекараның ең сенімді сақшысы - отаншылдық. Мемлекеттік тілге құрмет - отаншылдықтың ең басты қасиеті.
СІЗ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ҮШІН НЕ ІСТЕДІҢІЗ?
- Өзімді тілдің жолында шырылдап жүрген көп мұңлықтың бірімін деп есептеймін. Саясатшы ретінде - тіл туралы тартыс-таластың ешқайсысынан да тайынған емеспін. Қай мінбеңізден де қазақша сөйлеп келемін. Адам ретінде - балаларымды ана тілінде сөйлеттім, олардың да өз балаларын ана тілінде сөйлетуін талап еттім. Азамат ретінде - тұңғыш тіл туралы заңымыз қабылданғанда, Жоғарғы Кеңеске депутат емес, көлденең көк атты басыммен барып, сөз сөйледім. Заң дауысқа қойылардың дәл алдында, сол кездегі бірінші хатшы Нұрсұлтан Әбішұлының араласуымен әрең сөз алдым. Залға қарап: «Кеше бастарыңызға не қилы зобалаң түсіп, ел ауып, жер ауып келгендеріңізде сіздерден ештеңесін аямаған қазақ халқына енді тіл екеш тілін де қимай, жылатып-сықтатып, жалынтып-жалбарынтқыларыңыз келіп отыр ма?» дедім...
Ақиқатына келсек, кезінде ұлт ретінде жойылып кетуге сәл-ақ қалғанымыз да, енді айқындалып отыр. Ұлт ол - сіз бен біз. Әрқайсысымыз өз қолымыздан келетінді түгел істесек, тілдің де көсегесі көгереді. Біздің тіліміздің өз мәртебесіне өзі бекем болуына заң қолбайлау болып тұрған жоқ... Қанша үлкен тұлға десеңіздер де, жетесіздерді желкелеп, санасыздарды сабап тіл үйрететін билік менде де, ешкімде де жоқ.
АБАЙДЫ САБАП ЖЫЛАТҚАНДАРДЫ, ШОҚАНДЫ САЙЛАМАЙ ҚҰЛАТҚАНДАРДЫ «ПЕРІШТЕЛЕР ҚОҒАМЫ ЕДІ» ДЕП ҚАЛАЙ АЙТА АЛАМЫЗ?..
- Материалдық құндылық жолында рухани құндылықты ығыстыра салатын ұрпақ өсіп келе жатыр деген қорқыныш жоқ па?
- Ондай қорқынышты Тоныкөк пен Қорқыттан бастап, бәрі айтып келеді. Тұтас бір «Зар заман» әдебиетін сол уайым туғызды. Бірақ Мөңке мен Бұқар, Шортанбай мен Дулат, Әбубәкір мен Мұрат айтты екен деп, «қынама бешпет» киілмей, «саптама етік» тігілмей, «жез самауыр ызыңдамай», «қыз жігітке қырындамай» қалған жоқ. Өңшең періштелерден тұратын қоғам кеше де, бұрнағы күні де болған жоқ. Абайды сабап жылатқандарды, Шоқанды сайламай құлатқандарды, қорадағы малын тартып алып, қаршадай қатын-баланы бақадай шулатқандарды періштелер қоғамы еді деп қалай айта аламыз?! Билік десе әкесін, байлық десе бабасын сататындар бұрын да болған, қазір де бар, олармен бұрынғылар да күрескен, біз де күресеміз. Рухани құндылықтар жолында күресе жүріп, мақұлық емес - адам, тобыр емес - халық болуға тырысамыз.
БӘСІҢ БӘЛДІ БОЛСЫН ДЕСЕҢ...
- Болашақ ұрпақтан не күтесіз? Кейін сіздің кітаптарыңызды дәл өз көкейіңіздегідей оқи алатын зерделі ұрпақ бола ма?
- Келешек ұрпақтардың бізден ақылсыз болмайтынына сенімім кәміл.
- Жастарға қандай өсиет айтасыз?
- Қазіргі адам - нарықтық мүлік, нарықтық зат. Білімді, білікті, кәсіби сауатты, бәсекеге қабілетті болсаң ғана нарықта өтімділік қасиетке ие боласың. Сондықтан сіздер өмір бақи оқуды қажетсінетін заманда өмір сүріп отырғандарыңызды ұмытпаңыздар. Бәсің бәлді болсын десең - жетіле, шындала, қайрала түс!..
СӨЗ СОҢЫ:
Біз «бір өзінде қырық кісінің ақылы бар хан табылса, оны қателестірмей түзу жолға салып отыратын аузы дуалы би табылса, бәрі де ойдағыдай болады» деп санаймыз. Бұған тек бұқара ғана емес, небір дүлдүл ойшылдар да сенген. Солай пайымдаған Сократ, Платон, Аристотельдер өз ойларын жүзеге асырмақ түгілі, бір жағынан билік әлемінен, екінші жағынан сабырсыз тобырдан қыспақ көріп, бастарымен қайғы болып кеткен. Өзіміздің Тоныкөк, Қорқыт, Сыпыра жырау, Асан Қайғылар да соларға ұқсас хал кешкен.
Әз-Жәнібектің ақылманы да: «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» деуге мәжбүр болған...
Әзірлеген Шыңғыс МҰҚАН
«Айқын» газеті, 05.12.09.