Сәкен СЫБАНБАЙ. «Екі жұлдыз» – батылдық байқауы ма?
Онда жұлдыздарымыз сахнаға... арыстанмен шықсын!
Тұсауы кесілгелі бері сыннан көз ашпай келе жатқан «Екі жұлдыз» тележобасының, соған қарамастан, көпшілік арасында әжептәуір қызығушылық туғызып отырғанын мойындау керек. Бұл қызығудың себебін елімізде мұндай бағыттағы шоу-бағдарламаның енді жасала бастауымен, яғни бұрын-соңды осы іспетті жобаның біздің эфирде мүлде кездеспеуімен, сондай-ақ дәл қазір де теледидарда жұрт жаппай жабылып көретіндей өзге думан рухтас дүниенің болмауымен түсіндірген жөн тәрізді.
Дауыс және дарын
Онда жұлдыздарымыз сахнаға... арыстанмен шықсын!
Тұсауы кесілгелі бері сыннан көз ашпай келе жатқан «Екі жұлдыз» тележобасының, соған қарамастан, көпшілік арасында әжептәуір қызығушылық туғызып отырғанын мойындау керек. Бұл қызығудың себебін елімізде мұндай бағыттағы шоу-бағдарламаның енді жасала бастауымен, яғни бұрын-соңды осы іспетті жобаның біздің эфирде мүлде кездеспеуімен, сондай-ақ дәл қазір де теледидарда жұрт жаппай жабылып көретіндей өзге думан рухтас дүниенің болмауымен түсіндірген жөн тәрізді.
Дауыс және дарын
Ел арасындағы осы қызығушылық теледуманның ақырғы нәтижесіне өз әсерін тигізуі де ғажап емес. Өйткені, қатысушы жұптардың өнерін таразылаушы қазылар алқасы берген ұпай - жалпы бағалаудың тек 50 пайызы ғана. Қалған 50 пайыз - қоңырау шалу немесе SMS арқылы дауыс беретін көрерменнің құзырында. Демек, қабағы түксиген қазыларымыз қанша маңызданса да, мәселенің бәрін олар шешпейді деген сөз. Негізгі шешуші күшке ие - сүйіктілері үшін бар дауысын аямауға әзір телекөрермендер. (Бірақ олардың берген дауыстарын пайызға шағып есептеу қаншалықты әділ жүргізіліп жатыр - белгісіз. Оны ұйымдастырушылардан басқа ешкімнің бақылауға мүмкіндігі жоқ. Ал қазылар алқасының қандай баға қойып жатқаны бәрімізге белгілі, өйткені, олар көргенін қатысушылардың, залдағы жұртшылықтың, телеэкран алдындағы көрерменнің көзінше бағалауда).
Қалай болғанда да, шоу қорытындысының қаншалықты әділ болатынына аздаған күмәннің бары рас. Байқасаңыз, қазір жұртшылықтың қатысушы жұптарды әнді орындау шеберлігіне, өзара үйлесімді дуэт айта алуына, туынды мазмұны мен табиғатына сай сахнада сәнді де мәнді қойылым жасай білуіне қарап бағалап жатқаны шамалы. Олар тек өздері жақсы көретін сүйікті әншісіне ғана дауыс беріп жатыр! Ал ол ойдағыдай өнер көрсетуде ме, жанындағы серігімен жарасымды жұп құра алуда ма, екеуінің әнді орындауы, дауыс мүмкіндігі бір-біріне қаншалықты сайма-сай, тіпті сахнадағы жұбы ән сала ала ма, жоқ па - бұ жағына, әсіресе жастар жағы, қарайтын емес. Сондықтан да қазылар бағасын есептемей, тек «Екі жұлдыздың» әр көрсетілімінен кейінгі телекөрермен көзқарасына сүйенер болсақ, Мейрамбек Бесбаев-Сәуле Рахмедова, Сәкен Майғазиев-Әйгерім Жаңылбаева, Қайрат Түнтеков-Линда Нығматуллина жұптарының кезек-кезек алға суырылып шығып жатқанын байқауға болады. Яғни, ертең жеңіске де осылардың бірі жетуі мүмкін деген сөз.
Бірден айтайын, мен бұл жұптардың бірінің ықтимал жеңісіне тіпті де қарсы емеспін. Дегенмен, қай-қайсымыз (мейлі, ұйымдастырушылар, мейлі, қатысушылар, мейлі, көрермендер, қала берді, жалпы өнер) үшін де қабілет-қарымы жеңіс тұғырына лайықты жұптың жұлдызы жанғаны жөн емес пе? Мейрамбек пен Сәкеннің әншілік дарынына ешкімнің дау айта алмасы анық. Алғашында жанындағы серіктерінің мүмкіндігіне қарайлаймын деп, сәл кібіртіктегенімен, шоу барысында екеуі де өте жақсы өнер көрсетіп келеді. Алайда жұптың мықтылығы - екі жұлдыздың бірінің ғана жүйріктігіне байланысты емес, керісінше, екеуінің үн үйлесімділігінде, сахнадағы өнерлерінің бірге өрілуінде емес пе? Бірі әнді керемет айтып, екіншісі оған ілесе алмайтын жұптың жеңімпаз атануы - қаншалықты жарасымды һәм әділ болмақ? Сәуле мен Әйгерімнің өнерлі арулар екеніне келісеміз, бірақ, мойындау керек, ән айта білмейтіні бадырайып көзге ұрып тұр ғой! Олардың (бұл қатарға Салтанат Қалиеваны және бүгінде жобадан шығып кеткен тағы біреулерді қосуға болады) бұл кемшілігін керемет көркімен де, ғажап сымбатымен де, сәнді киімімен де, әдемі декорациямен де, тамаша қойылыммен де жасырып-жабу қиын-ақ. Бұл - олардың кінәсі емес, соры. Кінә - оларды дайындығы осындай шикілі-пісілі күйде елдің алдына шығарып отырған ұйымдастырушыларда. Нәтижеде осындай үні бір-бірімен үндеспейтін үйлесімсіз жұптардың шабытты өнерінен гөрі шаршаулы қиналысына көбірек ұқсайтын нөмірлерді тамашалауға мәжбүр телекөрерменге обал (бұл жерде әңгіме жобадағы барлық жұптарға қатысты болып отырған жоқ).
Күдік пен күмән
Рас, ұйымдастырушылар да, қатысушылар да, жүргізушілер де: «Екі жұлдыз» - әншілер байқауы емес, бұл жерде қатысушылардың вокалдық мүмкіндігіне қараудың қажеті шамалы, сахнада жарасымды жұп құрып, жұлдызды шоу жасай алуы ғана керек», - деген уәжді құлағымызға қайта-қайта құйып жүр. Кім біледі, бәлкім, бұған иланатындар да бар шығар, бірақ, меніңше, бұл - қисынды ойлау жүйесі қалыптасқан кез келген адам үшін күлкі тудыратын түсініктеме. «Сахнада ән салып тұрған екі адамның дауысына мән берме» деген не сөз? «Өнер көрсетушілердің тек өзара жұптасып жүріп-тұруын, биін, киімін, декорациясын, қойылымын ғана бағалау қажет» болса, онда неге ол байғұстар ән шырқауға тырысып, бекерге әуре болып жатыр?
Меніңше, ұйымдастырушылар жобаға қатысушылардың көпшілігінің дауысы жоқ екенін алдын ала сұрыптау кезінде-ақ білген. Білсе де, неге екенін қайдам, қатыстыруды қажет деп санаған. Және сол кемшіліктерді жабу үшін, жаба алмаса да, ел назарын одан басқа бағытқа аудару үшін «бұл - вокал байқауы емес» деген күлкілі уәжді сан рет қайталауға мәжбүр. Әйтпесе, Ресейде әнші Тамара Гвардцители мен актер Дмитрий Дюжевтен құралған жұптың жеңіп шығуы вокал жағынан болсын, басқа тұрғыдан болсын, қаншалықты жарасымды да әділ болғанын көрші елдегі «Екі жұлдызды» көрген екінің бірі біледі емес пе...
«Ұзынқұлақ» мұның тағы бір себебі болуы мүмкін екенін ескертеді. «Екі жұлдыздың» негізгі ұйымдастырушысы, бас продюсері Динара Адам - әнші Қайрат Түнтековтің де продюсері екен. Қайраттың әнші ретіндегі талантына ешқандай дау туындауы мүмкін емес. Оның жұбы - актриса Линда Нығматуллина да жобада өзін өте жақсы қырынан көрсетіп жүр. Бірақ бәрібір бұл факт «жобаның астарында мүмкіндігінше Қайратты жеңімпаз ету саясаты жатуы да мүмкін» деген болжамның туындауына кедергі бола алмайды. Қатысушыларды іріктеу кезінде таңдаудың кәдімгідей даусы бар актер-актрисаларға емес, атлет, балерина және басқа да модельдерге түсуі де - біраз нәрсені аңғартпас па екен? Бірі ән айта алатын, екіншісі мүлде айта алмайтын жұптардың сұрыпталуы - болашақ жеңімпаздардың потенциалды қарсыластарын әу бастан әлсірете түсу үшін жасалуы ғажап емес деп болжаушылар да жеткілікті (анығын өзінен білейік десек, Динара Адам жоба басталғалы бері сұхбат беруден бас тартып келеді)...
Жұлдыздар һәм жүректілік
Иә, «Екі жұлдызда» дауыс үйлесімділігі жақсы жұптардың да бар екені рас. Олар - Берік Тұрсынбеков пен Мөлдір Әуелбекова, Қайрат Түнтеков пен Линда Нығматуллина, Лидия Кәденова мен Лидо...
«Жұп» демекші, кей жұптардың өнері үйлескенімен, құрамы құлпырмай тұр. Мәселен, Лидия апайдың қыз балаға серік болуының өзі түсініксіз. Ділназ Ахмадиеваның кетіп қалуына байланысты құрылған жігіттер дуэті - Тәңірберген Бердіоңғаров пен Ерболат Құдайбергеновтың жұбы да аса жарасып тұрған жоқ: көз қызықтырып, көңіл қыздырар «қыз-жігіт» факторы болмаған соң, бірі Айға, бірі сайға қарап, тіпті өздерінен-өздері қысылатын сияқты ма, қалай...
Мені бәрінен де тележүргізуші Баян Есентаеваның жұртшылыққа қарата айтылған: «Қатысушылардың вокалдық қабілетін саралауға тырыспаңыздар, керісінше, кәсіби әншінің басқа сала өкілімен сахнада үйлесімді өнер көрсетуге дәті барған батылдығын бағалаңыздар!» - деген ұсынысы ерекше таң қалдырды. Біріншіден, қатысушыларымыздың батылдығын танытудың «бақырғаннан» («б» мен «б»-ны байланыстырар ассонансқа әуестігім үшін кешірім өтінемін, «ән салудан» дегенім ғой) басқа да жолдары бар. Екіншіден, бұл да - жобада «дауыссыздардың» көптігін ақтап алу үшін ойлап табылған кезекті сылтаудың бірі. Әйтпесе «Екі жұлдыздың» шет елдердегі жобалары - негізінен вокалға мән беретін байқаулар. Мәселен, ресейлік «Две звезды» байқауын оның ресми сайты былай сипаттайды: «...развлекательная телепрограмма, выходящая на Первом канале с 2006 года. Идея заключается в соревновательном исполнении популярных песен прошлого двумя известными людьми, как правило, представителями российской эстрады и шоу-бизнеса. Один из участников при этом известен именно благодаря своей музыкальной карьере, а второй выступает своего рода «любителем».
Демек, «Екі жұлдыз» - сахнадағы екі жұлдыздың (бірі - әнші, екіншісі - шоу-бизнестің ән айта алатын өзге өкілі... депутат немесе заңгер емес) өзара үндесе ән айтып, жарасымды дуэт жасай алуын бағалайтын жоба. Яғни, қатысушылар бірінші кезекте ӘН АЙТА БІЛУІ шарт. Билеуі, образға сай киінуі, сахнаны безендіруі, кішігірім қойылым жасауға тырысуы - сол ӘНДІ жүректерге әсерлірек жеткізу үшін қажетті қосымша компоненттер ғана. Басқаша айтқанда, жақсы орындалған әннің бағасын одан сайын арттыра түсуге көмектесетін құралдар. Егер ән дұрыс шырқалмаса, қатысушыда дауыс болмаса, жаңағылардың бәрінің бағасы - бақыр тиын...
Ал егер «Екі жұлдыз» шынымен-ақ батылдықтың байқауы болса, онда сахнаға цирктің арыстанын немесе аюын шығарсын да, жұлдызымыз ержүректілігін сол аңмен бірге өнер көрсету арқылы байқатсын! Міне, сонда көрерменнің шынымен-ақ қатысушылардың вокалына мән беруге мұршасы да болмас еді...
(«Жұлдыздар отбасы» журналы, №24, 2009 жыл)
* * *
«Екі жұлдыздың» кешегі аптадағы көрсетілімінде негізгі тақырып - «Қазақстан халықтарының әндері» болды. Тура осыдан бірер ай бұрынғы Қазақстан халқы ассамблеясының 15-сессиясынан соң қойылған концерттік бағдарламаны қайта көргендей болдық. Оны мемлекеттік «Гүлдер» ансамблі әдемі ұлттық бимен бастағанымен, әрі қарай корей, татар, неміс, армян, әзербайжан... және қазақ жеріндегі өзге де диаспора өкілдерінің өнеріне ұласып кеткен-ді. Кешегі «Екі жұлдыз» да - кішігірім ассамблеяға айнала жаздады. Мұнда да еліміздегі барлық қауымды қамтуға, бәрінің де көңілін қалдырмауға тырысушылық, жалпақшешейлік тұнып тұр! Мұнда да украины, грегі, тәжігі бар, түрігі, өзбегі, ұйғыры бар... әйтеуір бәрін разы қалдық. Қазақтан басқасын...