Айдос Сарым. Родино Отанынан айрылып қала жаздады
Жақында ғана қазақ-орыс-моңғол шекарасында Голливудтың, Түркия мен Бразилияның кинорежиссерлері мен сценарийшілерінің түсіне кірмейтін шым-шытырық оқиға болды. Баян-Өлгийден Атамекенін аңсап келе жатқан қазақ анасы нәрестесінен айрылып, үш шекара тоғысында дүниеге келген қазақ баласы Отанымен табыса алмай қала жаздады...
Оқиға былай өрбіген көрінеді. Моңғолиядан атажұртын бетке алып қандастарымыздың бір тобы жолға шығады. Олардың қатарында "қалай болғанда да еліме жетіп босанайын" деп шешкен үш баланың анасы 26 жастағы Сұлушаш Қалқаман деген қандасымыз да бар болатын. Олар мінген автобус орыс-моңғол шекарасынан аман-есен өтіп, орыс-қазақ шекарасына қарай бұрылады. Ресми деректерге сүйеніп айтар болсақ, қандастарымыз мінген автобус 22 қазан күні моңғол-ресей шекарасынан 90 шақырым жерде, Ресейдің Алтай аймағының Родино атты аудан орталығының маңында алдынан шыққан "Жигули" автокөлігімен қақтығысып қалады. Қақтығыстан ешкім жапа шекпепті, тек Сұлушаштың толғағы басталып кетеді. Абырой болғанда ағайындары оны тез арада аудан орталығындағы ауруханаға жеткізіп үлгіреді...
Жақында ғана қазақ-орыс-моңғол шекарасында Голливудтың, Түркия мен Бразилияның кинорежиссерлері мен сценарийшілерінің түсіне кірмейтін шым-шытырық оқиға болды. Баян-Өлгийден Атамекенін аңсап келе жатқан қазақ анасы нәрестесінен айрылып, үш шекара тоғысында дүниеге келген қазақ баласы Отанымен табыса алмай қала жаздады...
Оқиға былай өрбіген көрінеді. Моңғолиядан атажұртын бетке алып қандастарымыздың бір тобы жолға шығады. Олардың қатарында "қалай болғанда да еліме жетіп босанайын" деп шешкен үш баланың анасы 26 жастағы Сұлушаш Қалқаман деген қандасымыз да бар болатын. Олар мінген автобус орыс-моңғол шекарасынан аман-есен өтіп, орыс-қазақ шекарасына қарай бұрылады. Ресми деректерге сүйеніп айтар болсақ, қандастарымыз мінген автобус 22 қазан күні моңғол-ресей шекарасынан 90 шақырым жерде, Ресейдің Алтай аймағының Родино атты аудан орталығының маңында алдынан шыққан "Жигули" автокөлігімен қақтығысып қалады. Қақтығыстан ешкім жапа шекпепті, тек Сұлушаштың толғағы басталып кетеді. Абырой болғанда ағайындары оны тез арада аудан орталығындағы ауруханаға жеткізіп үлгіреді...
Сұлушаш аман-есен босанып, дүниеге тағы бір қазақ баласын алып келеді. Родино аудандық ауруханасының бас дәрігері Сергей Сердюк: айтуынша: "Ана мен баланың денсаулығына ешқандай зақым келмеген. Сұлушаш орысша түсінбегендіктен, ал арамызда бірде-бір адам қазақша ия моңғолша тілдесе алмағандықтан, барлығын оған ыммен жеткізуге тура келді. Ол тәжірибелі ана болғандықтан бұл жағынан ешқандай қиындық бола қойған жоқ", -дейді.
Сұлушаш нәрестесімен бірге ауруханада жатқан кезде, оның туған-туыстары Қазақстанға қарай жүріп кетуге мәжбүр болады. Ресей жерінде транзитпен жүрген қандастарымызға орыстың жергілікті әкімшілігі қол ұшын беріп, оларды бәле-жаладан аулақ болуы үшін милициямен Кереку қаласына дейін шығарып салады...
Ресейдің ақпарат құралдарының дерегі бойынша, 27 қазан күні Родино ауданына Сұлушаштың Байқал деген туысы келіп кетіпті. Ептеген орысшасы бар ағайын Сұлушаш пен оның ұлын алып кетуге тырысады, ол үшін жергілікті АХАЖ қызметіне жүгінеді. Ол жақта қандай әңгіме болғаны қайдам, әйтеуір істің соңы баланың атын РОДИНО деп атаумен тынады! Қолына АХАЖ-дың қағазын алып, ауруханадан Сұлушаш пен Родиноны алып, Балқаш қандасымыз елге қарай қозғалады. Қызықтың барлығы осы жерден басталады...
Сонымен, орыс-қазақ шекарасынан өте берген кезде Ресейдің кеденшілері жоқ жерден дау шығарып, Родиноның Қазақстанға өтуіне тыйым салады. Себебі, әлемдік тәжірибе бойынша, кәмелетке толмаған бала шекарадан өту үшін ия анасының, ия әкесінің төлқұжатына жазылуы керек. Ресей шекарашылары бөтен елдің төлқұжатына ешқандай өзгерту енгізе алмайтынын айтып Родино аудандық АХАЖ қызметінің құжатына пысқырып та қарамайды. Олар қандастарымызға "уақытша онкүндік виза ашып, Тува қаласындағы Моңғолияның консулына барыңдар" деп кеңес береді.
Визасының уақыты аяқталып, ақшасы таусылған қандастарымыз не істей алады? Орысша ләм-мим дей алмайтын Сұлушаш пен Байқал әбден әбігерге түсіп, ресейлік шенеуніктердің сөздерін түсіне қоймайды. Олар қазақшалап өз наразылықтарын айта бастаса, Ресей сақшылары оларды ұқпайды. Орыс шекарашыларының бұл тірлігін "баланы қалай болғанда да алып қалу" деп түсінген қандастарымыз жылап-еңіреп, тиісті құжаттардың барлығы ресмиленгенге дейін баланы Родино ауруханасына апарып, жергілікті дәрігерлердің мейірімділігіне сеніп, аманат етіп қалдырады...
Сонымен Сұлушаш елге қайтады, ал Родино аудандық ауруханада қалады. Анасынан айрылған нәрестеге жергілікті дәрігерлер оң көзімен қарап, оны барынша жетімсіретпеуге тырысады. Жоғарыда аталған дәрігер Сергей Сердюк: "Шыңғысханның мықты ұрпағы болып шықты бұл бала. Осы күндері ауруханада тымау кеңінен тарап, екі баланың бірі суықтап, тымауратып жатқан кезде, мына бала мыңқ етпеді" - деп қайран қалады. Жергілікті қазақ диаспорасы Родиноға бола қаражат жинап, біреулері баланың тамағын, екіншілері - киімін алып келіп жатады.
Ендігі әңгіме өзіміздің қандастарымыздың надандығы мен ресей дәрігерлерінің адамгершілігі хақында болмақ. Родиноға әбден бауыр басып кеткен дәрігерлер оның ата-анасын күтіп зар болады. Қайта-қайта жергілікті шекарашылар мер көші-қон басқармасына қатынас хат жазып, телефон шалады. Баланың туған туыстарынан бейхабар ақхалатты азаматтардың қолында тек Байқалдың ұялы телефонының нөмірі жазулы екен. Соған қайта-қайта қоңыраулата береді. Ешкім телефонды көтермейді. Күндердің күнінде телефон иесі "Біздерді енді мазаламаңыздар. Біздер кедей адамдармыз. Сұлушашқа оның баласы шетінеп кетті деп айттық" деп жауап қатады. Амалсыз дәрігерлер жергілікті баспасөз өкілдеріне хабарласып, анасын күтіп жатқан Родино туралы арнайы телесюжет жасайды. Оны Ресейдің барлық телеарналары көрсетіп, бір шеті еліміздегі аймақтық телеарналарға дейін жетеді.
Дәрігерлердің осындай табандылығының арқасында баласының амандығы туралы хабар Қарағанды облысының Абай ауданына барып орын тепкен Сұлушашқа дейін жетіпті. Ақыры туған-туыстар жиналып, нәрестені қалай болғанда да елге қайтаруға жұмыстанады. Родино ауруханасының медбикесі Ольга Ефременко: "Күндердің күнінде ауруханаға біреулер телефон шалып, "Біз Родиноның туыстарымыз. Біз оны міндетті түрде алып кетеміз" деп еңкілдеп жылағанын естігенде, қуанышымның шегі болмады" дейді.
Не керек, бүгінгі күні үш елдің ресми органдары "контрабанды нәрестенің" мәселесін шешіп болған сияқты. Сұлушаш пен оның туыстары Родиномен қауышу үшін қажетті құжаттарын әзірлеп, жол құнын өтейтін қаражат тауыпты. Родиноның анасымен тезірек кездесуіне Алтайдағы қандастарымыз да ат салысып, қаржылық көмек көрсетуге дайын екендіктерін айтып жатыр. Құдай қаласа, жақын арада Родино көп күттірген Отанына оралады! Хэппи энд!
Алайда, осы оқиғаның барысына қарап бірнеше ойға келдік. Дүниеге келмей жатып көші-қонның барлық сұмдығы мен машақатына тап болған Родиноның Отанына оралуы жалпы қазақтың Атамекеніне оралуының нақты көрінісі іспеттес. Нәрестені бәле-жаладан, ауру-сырқаудан сақтап, мейірімді адамдарға табыстырғанына қуанамыз. Оны елін аңсап кеткен ата-бабаларының аруағы қолдады, желеп-жебеді деп түсінеміз. Осындай бейнетті басынан өткеріп, атажұртына аман оралған Родиноның болашағы жарқын болады деп сенеміз!
Осы аталған оқиғаның барысында еліміздегі көші-қон органдарының жұмысда шикіліктің басым екені тағы да көрініп қалды. Қандастарымызды көшіру мәселесінде көп жағдайда немқұрайлылық танытып, "келсе келсін, келмесе керуен атсын" деп жүріп жатқандаймыз. Біздің ойымызша, алдағы уақытта Қазақ үкіметі Ресейдің Моңғолиямен шекарасындағы өкілдері мен заңгерлерінің сандарын, қажет болса арнайы консулдықтарының санын арттыруы тиіс! Еліне қарай бет алған әрбір азаматтың денсаулығы, қаржылай мүмкіндіктері мұқият зерттеліп, көші-қон қызметтерінің назарында тұрғаны абзал.
Амалсыз Америка не Франция сияқты зиялы елдердің осындай жағдайдағы тіршілігі есіңе келеді екен. Егер олардың азаматтары жат жақта қиналып қалса, бірден мемлекет басшылары сөз сөйлеп, партиялары мен баспасөзі дүрліге көтерілер еді. Қажет болса бұл елдердің өз азаматтарын құтқару үшін әлемнің қай шетіне болса да әскері мен дипломаттарын жіберіп, мәселенің оң шешімін тапқанға дейін күресетінін білеміз. Ал біздер ше? Ресей дәрігерлері мен баспасөзі үндемей жатса, осындай оқиғаның орын алғанын естімей де қалар едік! Біздерге өз азаматтарымызға деген жауапкершілік жетпей жатыр. Біз мемлекеттік деңгейде «Бір қазақ - бар қазақ, бар қазақ - бір қазақ» деген түсінікті қалыптастыра алмай келеміз. Осы бағытта ұлттық деңгейде біраз жұмыс атқару қажет! Алдағы жылдары Қытайдағы, Өзбекстандағы, Ресейдегі, Моңғолиядағы, т.б. жерлердегі қандастарымыздың барлығын елімізге аман-есен көшіруге жазсын! Еліміздің әрбір азаматына, шетте жүрген әрбір қандасымызға абай болайық, ағайын!
«Абай-ақпарат»