Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4156 0 пікір 11 Қаңтар, 2010 сағат 06:01

Қазақ аудиторясына қызмет ету "Қазақ" радиосының ғана міндеті емес

Коммерциялық радиоларда мемлекеттік тілдегі әуендер мен бағдарламалардың аздығын көпшілік қауым жиі сынайды. Ең қызығы, тілдік көрсеткішке қатысты заң талаптары, шынымен-ақ, көптеген радио желілерінің «жетесіне» жетпеген сияқты. Біз осыған орай «NS радиосының» шеф-редакторы Балауса Адырбекті әңгімеге тартып, мұның себебі мен салдарын сұраған едік.

Коммерциялық радиоларда мемлекеттік тілдегі әуендер мен бағдарламалардың аздығын көпшілік қауым жиі сынайды. Ең қызығы, тілдік көрсеткішке қатысты заң талаптары, шынымен-ақ, көптеген радио желілерінің «жетесіне» жетпеген сияқты. Біз осыған орай «NS радиосының» шеф-редакторы Балауса Адырбекті әңгімеге тартып, мұның себебі мен салдарын сұраған едік.

- Мемлекеттік уақыт эталонын беретін коммерциялық радио болған соң мен «NS» ұлттық желісіне келген бетте радиодағы қазақшамызды дұрыстайық деп мақсат қойдым. Басында қазақша желіні жасауға болады, бұған ешқандай кедергі жоқ деп ойладым. Бірақ, өкінішке қарай, жұмыс барысы басталған кезде көп қиындықтар туындады. Сосын мынандай ұғым қалыптасқан: «мемлекеттік тілдегі бағдарламалар «форматқа» сәйкес келмейді, рейтингті түсіреді-міс». Радио ақпарат құралы болған соң, әуе толқынын музыкамен ғана толтырмай, ақпарат беріп, бағдарламалар жүргізу керек. Ал, жөні түзу бағдарламалар жасау үшін көп күш жұмсалды. Мәселен, кезінде Ертай Нүсіпжанов пен Жадыра Жұмакүлбай «Шашу» бағдарламасын ашып, нағыз қазақтілді аудиторияның алғысына бөленді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен қаншама хаттар келді. Яғни, бұл қазақтілді бағдарлама жасасаңыз, коммерциялық радиолардан да тыңдарман табылады деген сөз. Қазыбек Қасымның «Жұлдызды сенбі» хабары да жоғары рейтингке ие болды. Түптеп келгенде, бәрі де кәсіби біліктілікке байланысты.

Менің көзім жеткені, қазақ редакцияларын ашуды міндеттемей коммерциялық радиоларда мемлекеттік тілдің өрісі кеңеймейді. Коммерциялық радиолар қазақша сөйлеуі үшін онда толыққанды қазақ редакциясы болуы керек! Неге? Мәселен, біздің әріптестеріміз, орыс тілді редакциялар, толық құрамды штатқа ие болады да, ал бізде мұндай мәселе атымен жоқ. Яғни, бұл мемлекеттік тілді кемсітушілік емей не?! Тағы бір мәселе, өзге радиоларды білмеймін, бірақ біздің желіде ақпарат беруде мәліметтердің 80 пайызы - аударма.  Қысқасы,  нақты нұсқау келмейінше, радиоларда мемлекеттік тіл мәселесі көтерілмейді, тек қана әуендермен эфирді толтырып жүре береміз. Оның өзінде де қазақша әндер мен бағдарламалар мүлде болмайды.

- Сонда қазақ тілді аудиторияға қызмет ету тек «Қазақ радиосының» ғана міндеті ме?

- Сөзіңіз орынды. Мен мына нәрсемен келісемін: Біздің қара шаңырағымыз - «Қазақ радиосы» ғана ұлттық мәселені көтермеуі керек. Коммерциялық радиотораптары да Қазақстандағы әуе толқынында таралып жатқандықтан мемлекеттің мүддесін қорғауы керек. Ақпарат беруде, материал дайындауда мемлекеттік мүдде бәрінен де жоғары тұруы тиіс.  Қазіргі тыңдарман, көрермен, оқырман өте сауатты. Егерде жүргізуші тарапынан жөні дұрыс сауалдар қойылмаса, оны тыңдау кімге керек?! Қазақтілді аудиторияның қандай екенін күнделікті жаңалықтардың көрсеткішінен-ақ өз басым көріп отырмын. Мен орыстілді әріптестеріме: «Кешіріңіздер, бұл қазақтілді аудиторияның көрсеткіші, яғни, оларға жақсы, сапалы өнім дайындау керекпіз» деп жиі айтамын.

Қазақша әндерге байланысты та бір нәрсені айтайын: өз басым қазақ әнші-орындаушыларынан кешірім сұрағым келеді. Өйткені кезінде мен олардың әндерін қалай жинадым?! Олардың жартысы эфирден шықса, жартысы шықпады... Кейде редакция басшыларының тарапынан мемлекеттік тілді менсінбеушілік басым ба деп қаламын. Менің соған жүрегім ауырады. Сондықтан министрлік тарапынан коммерциялық радио болса да, оған қазақтілді редакцияны ашуды міндеттеу бастамасы көтерілсе игі болар еді. Бізде саусақпен санарлық радио стансалары бар, оларда ресейлік бағдарламалардың үлес салмағы басым екені жасырын емес. Құдай қаласа, осының бәрін тоқтатып, алдарына «шлагбауым» қоятын кез де келетін шығар.

- Жалпы, коммерциялық радиоларға мамандар тарту ісі қалай жүзеге асып жатыр?

- Егерде жас мамандарға мүмкіндік берілмей жатса бұл сұраққа қалай жауап беруге болады?! Менің айтарым, жастарды жұмысқа тарту мәселесін мықтап қолға алу керек. Жастардың қаншасы журналист мамандығы бойынша диплом алып жатыр, бірақ олардың дені оқу орнын бітірген соң жұмыссыздардың қатарына барып қосылуда. Біз «ойбай, елде маман жоқ» дейміз, біз тәрбиелемесек, маман қайдан шығады?!   Бұл аздай радиолар қазір жалаң рейтинг үшін ғана жұмыс істейтін болып барады.

- Ал рейтингті кім жасайды? Неге қазақтілді бағдарламалардың рейтингі төмендетіліп көрсетіледі?

- Мен қазақтілді бағдарламалардың рейтингі төмен дегенмен келіспеймін. Рейтинг мәселесін менің әңгіме еткім  келіп отырған жоқ. Бұл мәселенің де терең астары бар, оған араласқым да келмейді. Бірақ шамалы болса да, сұрағыңызға жауап берейін. Рейтингті «Gullup» сияқты компаниялар жүргізеді. Мен кезінде рейтингпен айналысатын менеджерлермен сөйлесіп көрдім. Олар маған анығын айтты. Бұл жерде қазақтілді бағдарламалардың деңгейі төмен деуге болмайды, сауалнама көбінесе орыстілді ортада жүргізіледі екен, яғни оған қазақ аудиториясы қатыспай қалады. Сол жігіттер «қазақтілді тыңдармандар сауалнамадан қалып қояды» дейді. Рейтинг өзіндік «дертке» айналған. Оның коммерциялық тұрғыдан саяси мәні бар. Бұл бөлек әңгіме.

- Бірақ қазақтың 67 пайызға жетуі бұл аудиторияның өз сұранысын туғызады ғой. Осы тұрғыдан тыңдарманмен кері байланыс бар ма?

- Кері байланыс бар. Осыған дейін жүргізілген хабарларда тыңдарманмен тығыз байланыс болды деп айта алам. NS радиосы Қазақстанның барлық аймағына тарайтынын ескерсек, біздің де тыңдарманымыз жеткілікті.

- Ал мемлекеттік тілдегі бағдарламалардың өзге тілдегі бағдарламалардан  кем түспеуін талап ететін «БАҚ туралы заң» талабы неге орындалмайды?

- Өз басым ел ішінде «50 де 50» деп аталып кеткен заңға күлкім келеді. Мұндай пайыздық көрсеткіш қойылмауы керек. Неге қазақ тіліндегі хабарлар 70 пайыз, 80 пайыз болмайды?! Ал бізде қазіргі көрсеткіш - «50 де 50» емес, «80 де 20». Қазақша әуендерге дейін аз қойылады. Мемлекеттік тілдегі хабарлар барынша көп болуы керек. Сапалы өнім болса, тыңдайтын құлақ табылады. Сауатты, коммерциялық жағынан ұтымды бағдарламалар қажет-ақ.

Тағы бір үлкен мәселе - бізде қазақтілді әндердің қоры болса да, қазақ әнші-орындаушыларымен тығыз байланыс жоқ. Бұл тұста отандық орындаушылардың әндерін радиолардан көптеп беруге міндеттейтін әрі бұл жұмысты үйлестіретін бір мекеме ашылса деген ұсыныс айтқым келеді.

- Коммерциялық радиоларға халық көп сын айтатынын білесіз бе?

- Иә, өкінішке қарай, сын көп. Ол үшін ренжімеймін де, өкінбеймін де. Бұған қақым жоқ. Өйткені халық үшін өнім жасайсың. Болашағы бар дүние болсын десек, тағы да айтам, қазақ редакцияларын ашып, қаракөз жастардың шығармашылығына жол ашылуы керек.

Меніңше, «БАҚ туралы» заңға алдағы уақытта толықтырулар мен өзгерістер енер болса, әуендердің пайыздық көрсеткіші көрсетілуі керек. Әйтпесе Батыстың дүниеден озған әншілерін дәріптеп, насихаттаудан құтылмаймыз. Тіпті, ұлттық әндерді насихаттайтын жеке дара радиолар қажет шығар.

- Ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне қатысты не айтасыз?

- Рас, коммерциялық радиоларда ақпараттық қауіпсіздік мәселесі қолға алынуы керек. Эфирден Никарагуадағы жарылыс немесе Сомали пираттарының қылмысын емес, ең алдымен Қазақстан жаңалықтарынан бастау шарт. Яғни, алдымен елдегі жағдай, әлеуметтік, саяси мәселелер айтылуы тиіс. Жұртты дүрліктіріп, сырттағы жарылыс, апаттар жайлы айтып, елді үркітуге қақымыз жоқ.

- Ресейдің бір әншісі қаза тапса, бәрі келіп соны біздің желілерде жоқтайды. Ал Қазақстанда мұндай оқиға болса, оған мән де берілмейді...

- Жоғарыда айтып өткенімдей, бұл да астары бар мәселе. Айтпағым, ақпаратты беріп отырған жүргізуші немесе редактордың сауаттылығына байланысты. Тілге жанашыр, өз ісін білетін, мемлекет мүддесін қорғайтын азаматтар келмейінше, кемшіліктер бола береді. Сондықтан Сіз бен Біз айдаладағы Ресейдің шашбауын көтеріп жүретін, тіпті, Ресейдің ақпарат агенттіктерінен жаңалықтарды көшіріп алып, сыдыртып оқып бере салатын радиожурналистерінің «тәсіліне» де куә боп жүре береміз. Өкінішке қарай, Қазақстанда радиолар қаншалықты аз болса, ақпараттық агенттіктер де саусақпен санарлық. Мүмкін, бұл мәселеге мән берілсе, жоғарыда айтылған «оқиғалар» да болмас па еді.

- Кейбір ақпараттық агенттіктерінің өзінде қазақ редакциялары емес, «аударма редакциялары» жұмыс істейді ғой...

- Иә, рас. Бірақ қалай болған күнде де екі тілді бірдей меңгеріп отырғанымызға тәуба деуіміз керек. Негізі, радиоға кәсіби мамандар келуі шарт, тек әдемі дауысы барлар емес, сөздің мәнін түсініп, тұшымды ой айтатын азаматтар келуі тиіс. Ал бізге «жұлдыз» болуды армандағандар ғана келеді.

Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТ

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321