Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ. МЕМЛЕКЕТТІЛІГІМІЗДІ НЫҒАЙТА ТҮСУДІ КӨЗДЕСЕК
1. Әділ тарих ел бірлігіне қызмет етеді
Ел азаматын отаншылдыққа баулудың, әркімнің бойында отансүйгіштік сезімді қалтқысыз қалыптастырудың және, әрине, тиісінше, ел бірлігін нығайтудың дұрыс амалы адамдарды тек қана әділ, адал, шыншыл тарихпен тәрбиелеу негізінде жатса керек. Бұл жұмыстың кемшіндігі салдарынан бізде өмірде де, өнерде де ел мүддесінен гөрі жалпыадамзаттық мүддені күйттеушілік, өзіміздің қара халқымыздың қамын ойлаудан гөрі, қайткенде әлемге танылуды мақсат тұтушылық белең алып кеткен.
Шын мемлекетшіл, шын мәніндегі отаншыл ұрпақ қатарын қалыптастыру үшін шынайы да әділ тарих жазылуы қажеттігі, соны тәрбие жұмысына кеңінен қолдану керектігі дау тудырмауға тиіс. Бұл орайда ең алдымен қазақ тарихының маңызды тұстарын және мемлекеттілігіміздің тарихын айқындап алу ләзім.
1. Әділ тарих ел бірлігіне қызмет етеді
Ел азаматын отаншылдыққа баулудың, әркімнің бойында отансүйгіштік сезімді қалтқысыз қалыптастырудың және, әрине, тиісінше, ел бірлігін нығайтудың дұрыс амалы адамдарды тек қана әділ, адал, шыншыл тарихпен тәрбиелеу негізінде жатса керек. Бұл жұмыстың кемшіндігі салдарынан бізде өмірде де, өнерде де ел мүддесінен гөрі жалпыадамзаттық мүддені күйттеушілік, өзіміздің қара халқымыздың қамын ойлаудан гөрі, қайткенде әлемге танылуды мақсат тұтушылық белең алып кеткен.
Шын мемлекетшіл, шын мәніндегі отаншыл ұрпақ қатарын қалыптастыру үшін шынайы да әділ тарих жазылуы қажеттігі, соны тәрбие жұмысына кеңінен қолдану керектігі дау тудырмауға тиіс. Бұл орайда ең алдымен қазақ тарихының маңызды тұстарын және мемлекеттілігіміздің тарихын айқындап алу ләзім.
Қазақ ғасырлар бойы тайпа-тайпа боп түрлі қағанат, ұлыс, хандық құрамында тіршілік кешкен замандарынан кейін, өмір сүру кеңістігі, шаруашылығы мен тұрмыс салты, тілі, діні, ділі бір болғандықтан, тарих сахнасына өз атымен 1456 жылы тұтас бір ұлт ретінде шыққан да, аз жылда тарихи атамекенінде мемлекеттілік шаңырағын көтеріп, жеке хандық түтінін түтеткен. Содан бері қазақтың күллі рулық бірлестіктері жаңа сапада - мемлекеттің өзіндік құрылымын түзген азаматтық қауым институттары деңгейінде дамыды. Осы жәйтті түсіндіруге бізде мән берілмейді, біз әлі күнге дейін ұлт болып қалыптасып болған жоқпыз деген қате де залалды пікір айтуға құмармыз.
Мемлекеттігіміздің іргесін қалаған Жәнібек пен Керей сынды қос сұлтанды ұлықтау азаматтарымыздың бойында мемлекеттілік сезімді, патриотизмді баулуға қызмет етері күмәнсіз еді. Бірақ биыл, «Қазақ елі» ескерткіші тұрғызылуына байланысты, мәселенің принципті жағын қараудан қаштық. Құдды негізгі себеп сонда жатқандай, олардың - мүсіндік топтағы «Жәнібек пен Керейдің түрі қазаққа ұқсамайды-мыс» деген орынсыз желеуге бой алдырып, қасиетті отаншылдық сананы қалай қорлай жаздағанымыз баршамызға мәлім.
Қазақ хандығы дербес ту тіккелі бергі әр кезеңде ел ағалары көне Созақ, Сарайшық, Ташкент, Түркістан қалаларын астана етіп, халықтың тыныс-тіршілігін Есім ханның «Ескі жолы», Қасым ханның «Қасқа жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» сынды заңнамалық құжаттармен реттеуді жолға қойды. 19-ғасырдың екінші жартысында оңтүстік өлкеміз жаулап алынып, жер-суымыз бен халқымыз орыс империясы қоластына біржола қаратылғанға дейін - мемлекеттігіміз небір өрлеу және құлдырау кезеңдерін бастан кешті. Отар жағдайында да елдің еркіндіксүйгіштігін көрсетер тағлымды серпілістер көп болды. Ішінде ұрпақ тәрбиесі кәдесіне асар тұстар мол сонау тарихымызды мемлекетшіл көзқараспен жаңаша түзіп, азаматтарды тарих арқылы тәрбиелеу, тарихтың көмегімен рухтандыру ісіне пайдалану - әлі орындалмаған парыз.
Шын тарихтың шырайын шындық кіргізе алады. Біз еліміздің орыс бодандығына өтуінің шындығы жайында күні бүгінге дейін әділ жаза алмай жүрміз.
Мәселен, қазақтардың Мәскеу мемлекетіне бодан болуы керектігі және онымен әскери одақ құру қажеттігі жайында тұңғыш рет 1594 жылы орыс тұтқынындағы ханзада Ораз-Мұхаммед пен Тәуекел ханның елшісі Құл-Мұхаммед арасындағы әңгімеде көтерілген. Содан, Тәуекел ханнан тиісті тілек-хат алған соң, Феодор Иоаннович патша 1595 жылғы 28 наурызда қазақтарды Мәскеу мемлекетінің бодандығына қабылдағаны туралы Тәуекел ханға, оның ұлдары Шаһмұхамед пен Күшік сұлтандарға грамоталар жібереді. Ол өзін, тіпті, басқа титулдарымен қоса, қазақтардың да патшасымын деп атай бастайды.
Бірақ ол жолы қазақ хандығының орыс мемлекетіне кіріптарлығы бодандық грамотадан әріге тереңдемейді. Бұндай әңгіме алғашқы бодандық құжаты жасалғаннан бір ғасыр өткен соң ғана, шын мәжбүрлік ахуалда қайта көтеріледі. Оған негізінен тарих сахнасына жаңа әрі күшті көшпенді мемлекет ретінде жоңғар хандығы шыққандығы, оның жайылымдық жер-су аумақтарын иелену үшін бірден өзіндей көшпенді көршісіне қырғидай тиіп, үздіксіз шабуыл жасауға кірісуі, сөйтіп, қазақ хандығымен қырқысуын ондаған жылдар бойы тоқтатпағандығы себеп болды.
Қазақияны 1680 жылдан билеп отырған Тәуке хан елі ұдайы Жоңғариямен соғыс жағдайында болған себепті, орыс патшалығымен жақындасу, онымен әр салада тату қарым-қатынаста болу жолын қарастырады. 1694 жылы Бірінші Петрге сауда-саттықты, достық қатынасты жаңғырту туралы хат жазады. Сонымен бірге ол, жалпақ Қазақияны басқаруды оңтайландыру мақсатымен, үш өлкені жайлайтын үш жүзге жеке билер тағайындайды, сосын, сонау ел басқару құрылымын жетілдіруді көздегендіктен, әр тарапта ғұмыр кешкен қазақ ордаларына жеке хандар сайлау жүргізілуін қош көреді.
Содан, жалпықазақ ханы Тәукенің көзі тірісінде, объективті түрде үш аймақты жайлап тұрған үш ордаға үш хан сайланады. Тарихи дереккөздер мәліметтеріне қарағанда,1703 жылы Орта жүз бен Кіші жүздің бір бөлігіне Қайып, 1710 жылы Кіші жүз бен Орта жүздің бір бөлігіне Әбілқайыр, 1712 жылы Ұлы жүзге Абдолла хан болып сайланған. Абдолла хан қайтыс болған соң, Ұлы жүзді 1720 жылдан Жолбарыс хан басқарды.
Жалпықазақ ханы Тәуке қаһан 1715 жылы дүние салды. Одан кейін жалпықазақ ханы (қаһан, бас хан) сайланған жоқ.
Сол 1715 жылдан бастап Орта жүз билеушісі Қайып хан барлық хандардың ішіндегі басты хан, яғни аға хан ретінде мойындалған. Орыс-қазақ байланыстары құжаттарында оның орыс мемлекетінің көмегін алуды көздегенін көрсететін біраз қатынас қағаздары сақталғаны байқалады.
Қазақ хандарының аға ханы Қайып хан 1718 жылы қаза тапты. Сонда, Қайып хан тәрізді аға хан лауазымына, 1719 жылдан Әбілқайыр хан ие болды. Оның ордасы сол жылдан бастап, «Ақтабан шұбырындыға» ұрындырған 1723 жылғы алапат жоңғар шапқыншылығы басталғанға дейін, Түркістанда орналасты.
Ескеретін жәйт, Тәуке ханның үлкен ұлы Болат жалпықазақ ханы болып сайланған емес. Осы уақытқа дейін көпшілік санасына сіңірілген бұл дерек - қате. Ол Қайып ханнан соң, 1719 жылдан Орта жүз ханы болды. Және айтылып жүрген 1730 жылы емес, «Ақтабан шұбырынды...» апаты кезінде әлде оның қарсаңында - 1723 жылы өмірден өтті. Содан соң Орта жүзге оның інісі, Тәуке ханның баласы Сәмеке сұлтан 1724 жылы хан сайланды.
Сәмеке хан қайтыс болғаннан кейін, Орта жүз ханы тағына 1739 жылы Тәукенің немересі, Орта жүздің Сәмекеге дейінгі билеушісі болған Болаттың үлкен ұлы Әбілмәмбет отырғызылды. Әбілқайырдың 1748 жылы қаза табуына байланысты, ол сол жылдан аға хан санатында есептелді. Көп жылдар Абылай сұлтанның қамқоршысы болды.
Әбілмәмбет ханнан соң, 1771 жылы, Абылай Орта жүздің және Ұлы жүздің бір бөлігінің ханы, сонымен бірге аға хан - сол кезгі ресми тілмен айтқанда: «күллі ханларның ағласы қылыб» сайланды.
Қазақ мемлекеттілігінің әділ тарихы ғылыми дәлелденген осындай деректер негізінде, бұрмаланбай, байыпты көзқарас тұрғысынан жазылуға тиіс. Солай етсек, бойымызды тек мифтерге билетуден, аңыздарға арқа сүйеп, өткендегі бабаларымыздың бірін әспеттеу, екіншісін қаралау секілді келеңсіз әдеттерден біржолата арыла аламыз. Сонда ғана ол біртұтас қазақ халқының мүддесіне қызмет ететін, мемлекеттілігін мақтан тұта алатын азаматтарды тәрбиелеудің және патриотизмнің бұлтартпас қайнар көзіне айналады.
Бүгінде талай жан бейнесін теріс түсінетін Әбілқайыр хан жоңғарларға қарсы азаттық қозғалысы жасақтарын 1710 жылдан 1730 жылғы тұтас қазақ айбынын асырған Аңырақай жеңісіне жеткенше басқарған адам. Әуелде Әбілқайыр баһадүр 1709 жылы башқұрт ханы болған-ды. Ол сол башқұрт тағынан 1710 жылы елге шақырылып, Қарақұмда өткен Кіші жүз бен Орта жүздің белгілі адамдарының құрылтайында, бұған дейін тек Жәдік сұлтан ұрпақтарын хан сайлап келе жатқан ежелгі дала дәстүрін бұзып, Кіші жүз ханы болып сайланды. Бұл оның жеке ерліктері мен қолбасшылық асқан дарыны, ақыл-ойының ерекше зеректігі мен ұйымдастырушылық қабілеті үшін оған көрсетілген құрмет әрі сенім еді.
Әбілқайыр хан қазақ еліндегі барлық хандар ішіндегі ірі беделіне сәйкес, 1719 жылдан аға хан болды. Ал 1726 жылғы Ордабасыда өткен қазақ хандары, сұлтандары, батырлары мен билерінің құрылтайында біріккен қазақ қолдарының жоғарғы командашысы - бас қолбасы болып сайланды. Қазақ жасақтары 1727-1730 жылдарғы шайқастардағы ірі жеңістерінің бәріне бас сардар Әбілқайыр ханның жоғарғы қолбасшылығы нәтижесінде жетті.
Үстіміздегі 2010 жылы даңқты Аңырақай шайқасына 280 жыл, қазақ қолының жоғарғы қолбасшысы, қазақтың аға ханы Әбілқайырдың туғанына 330 жыл толады. Бүкіл қазақ елі халқының патриоттық тәрбиесіне қызмет ететін осы даталарды атап өте аламыз ба, жоқ па - бұл біздің өзімізді өзіміз және азаматтарымызды, сондай-ақ, жас ұрпақты шынайы да әділ тарих арқылы тәрбиелеу ісіне қалай мән беретінімізге байланысты болмақ.
1730 жылғы көктемде орын алған Аңырақай жеңісінен кейін Әбілқайыр хан жоңғарлармен бітім жасасты. Содан соң батыс және батыс-терістіктегі шекараларға жаңа шабуылдарымен қатер төндірген дұшпандармен арақатынасты ретке келтіруге аттанды (бұл белес жаңа ғылыми дәлелдер алға тартылған осы уақытқа дейін «Әбілқайыр өзін үш жүздің ханы етіп сайламады деп өкпелеп, майдан даласын тастап кетті» деген жалғандықпен бұрмалап түсіндіріліп келді).
Сол жылғы мамырда Әбілқайыр ханның жазғы ордасына жиналған Кіші және Орта жүз сұлтандарының, батырлары мен белгілі адамдарының құрылтайында орыс патшасы үкіметімен келіссөз жүргізу мәселесі талқыланды. Сонда Ресейдің қоластындағы қалмақтар мен башқұрттардың, сондай-ақ орыс казактарының қазақ еліне шабуылдарын доғартуды көздейтін бітім жасау жөнінде шешім қабылданған. Соған сәйкес орыс патшайымы Анна Иоанновнаға хат жазылып, Петербургке арнайы елшілік аттандырылды.
Одан әрі, Бірінші Петрден көзі тірісінде: «Миллион сом жұмсасаң да, қазақтардан орыс қоластына қарағысы келетіндігі туралы бір жапырақ қағазды қайткенде қолға түсіру керек» деген тапсырмасын алған тілмәш Мәмет Тевкелевтің дипломатиялық іс-әрекеттері мен айлалы үгіті бар, Әбілқайыр ханның патшайымға жазған хатын Сыртқы істер алқасында істейтін әлде Тевкелевтің, әлде сол секілді пиғылдағы өзге тілмәштің орыс мүддесіне орайластырып тәржімалағаны бар, Әбілқайыр ханның бір жылдай қасында болған Тевкелевке сенген, орыс мемлекетінің протекторатында болу - жалпақ Қазақияны бір орталыққа бағындырылған мықты хандыққа айналдыруға жәрдемі тиеді деген өз үміті бар - орыс-қазақ қатынастарының қилы амалдарға толы жаңа кезеңі басталады.
Біздің елдің оқығандары қазақты патшалыққа бодан еткен Әбілқайыр хан деп біледі. Ал орыс тарихшылары Әбілқайыр ханды «орыстардың қас жауы, «Орынбор өлкесінің Бірінші Петрі» атанған генерал-губернатор Неплюевтің «жеке дұшпаны» деп таныған және өлкені отарлау жұмыстарын жүргізуге үкімет Әбілқайыр хан өлтірілгеннен кейін ғана кірісе алды деп есептеген. Бұл орайдағы өте танымды деректерді тарихшы Витевскийдің генерал Неплюевтің өмірі мен қызметін зерттеген әйгілі төрт томдық монографиясынан табуға болады.
Дегенмен, қазақтарды Ресейге Әбілқайыр хан өз еркімен қосты деп айту отарлаушы өкіметке тиімді еді. Бұл патша әкімшілігінің содан бері жоспарлы түрде жүргізген қанды жорықтарын бүркемелеуге пайдаланған қолайлы тәсілі болатын.
Өкініштісі, тәуелсіз ел тарихнамасы мұның шындығын, қатпар-қатпар астарын қалың көпшілікке әлі күнгі ашып бере алған жоқ.
Кеңес дәуірін алайық. Түркістан өлкесіндегі европалық кірмелердің үлес салмағы барлық халықтың 5 пайызы ғана екенін ескерген жергілікті коммунистік партконференциялар 1920 жылы Түркі республикасы мен Түркі халықтарының коммунистік партиясын құру жайында шешім қабылдады. Ал түркілердің күшеюінен сескенген орталық ол шешімнің орындалуына жол бермеді. Пролетариат көсемі Лениннің өзі бас болып, өлкені «Өзбекия, Түркмения, Қазақия» әкімшілік бірлестіктеріне бөлшектеуді ойластырды. Үзеңгілестеріне мұны мұқият қарастыруды тапсырды.
Азамат соғысы аяқталып, басмашылар қарсылығын еңсеру анық байқала келе, көсем дүние салысымен, өлкені бөлшектеу ісі шындап қолға алынды да, 1924 жылы күзге қарай толығымен жүзеге асырылды.
Жіктеп-межелеудің түпкі мақсатын дәл ұққан қазақ қайраткерлері Орта Азия мен Қазақстанды бір ортаазиялық федерацияға ұйыстыру, сөйтіп, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағына бір федерация болып кіру дұрыс болмағын алға тартты. Орта Азия мен Қазақстанды жеке экономикалық қауымдастыққа біріктіру идеясын ұсынды.
Кезінде большевиктер жүзеге асыртпаған осы идеяларды, тарихтан сабақ алу дәстүріміз кемшін түскендіктен, тәуелсіздіктің қарсаңы мен тұсында белгілі дәрежеде қолайлылық пен мүмкіншіліктер туғанда да өмірге енгізе алмадық.
Екі өлке - Казақ Республикасы мен Түркістан Республикасындағы қазағы көп аймақтар біріккеннен кейін, республикадағы қазақтың үлес салмағы халықтың үштен екісінен асты. Соған сәйкес, аңсаған ұлттық республикаға, ақыры, қол жеткені, енді оны бар талапқа сай келетіндей етіп жасау жұмысына кірісу керектігі 1925 жылы жария етілді. Бірақ кеңестік империя оған жол бермеді.
Қолдан жасалған ашаршылықтар, соғыстар, саяси қуғын-сүргіндерге қоса, түрлі саяси желеумен сырттан келімсектерді тоғыту салдарынан, қазақ 50-жылдары өз жерінде халықтың үштен біріне де жетпей қалды. Содан, белгілі демографиялық дүмпуді бастан кешіп, 2009 жылы ғана қайтадан, жалпы халықтың үштен екісін құрады. Сөйтіп, ұлттық мемлекеттің сандық алғышартына қол жетті. Алайда, таяуда жұртшылықтың талқылауына ұсынылған «Ел бірлігі доктринасы» жобасына қарағанда, оны жасаушылар ел бірлігін бұрынғысынша қазақ мүддесін әдемі сөзбен кері шегеріп, ортақ орыс тілі негізінде, тұғыры күдікті азаматтық қоғам құра отырып нығайтуды көздейтін боп шықты.
Еріксіз еске түседі, бұдан жиырма жыл бұрын республика Жоғарғы Кеңесінде қабылданған тәуелсіз мемлекет құру жайындағы Декларацияда қазақ ұлты мен өзге ұлт өкілдерінің бірлесіп қазақтың ұлттық мемлекеттілігін жаңғырту, нығайту жоспары ұлы мұрат ретінде атап айтылған еді ғой. Бүгінде, ел бірлігін көздеген құжат жасаушылардың, сонау әділетті мақсатты кері ысырып, «этностық емес, азаматтық мемлекеттік орнатамыз» деп даурығуы, меніңше, халқымыздың қасіретті тарихын білмеушілік, елемеушілік пен бұрмалаушылық салдарынан туған, өміршең болуы неғайбыл сыңарезу пайым ғана. Бұл құжат жобасы мемлекетұйыстырушы қазақтың ұлттық мүддесіне сай келмейді, сондықтан да қайта қаралуы керек.
Мәселенің басты себебі - патша үкіметі ашық бастап, кеңес дәуірінде әсіреқызыл, алдамшы ұранмен үдемелете жүргізілген орыстандыру саясатында жатыр. Тәуелсіздік кезеңінде отарсыздандыру шараларын ойластырмай, екпінімен дөңгелеп келе жатқан, тіпті, көршілердің астыртын саясатымен рухтанып, үдей түскен орыстандыруға тегеуірінді тосқауыл қоймағандықта жатыр. Және, әрине, тиісінше, билік тұтқалары сонау келеңсіз саясат құрбандарының қолында тұрғанында жатыр. Мұның бәрін жаңа заман тарихы жақсылап түсіндіріп беруге тиіс. Кемел келешекке әділ тарих қана кепіл бола алады.
2. Тарихпен тәрбиелеуге мән беру маңызды
Жақында «Тәуелсіздікті қорғау» халықтық қозғалысы ұйымдастыру кеңесінің шешімімен «Қазақстан Республикасы ұлттық саясатының тұжырымдамасы» жария болды. Қара күзде алға тартылған Доктрина жобасына балама ретінде ұсынылған құжат жобасы. Жоба болғандықтан да, талқылауға үлес қосу орайында, азаматтарды тарихпен тәрбиелеу ісінің жасампаздығы мен өміршеңдігіне құлай сенетін өзіміздің көзқарасымызға сәйкес, бірер ойды ортаға салуды жөн көреміз.
Байқалып тұр, бірқатар іс-дағдылық мінбер саясаткерлері, ұлт мәселесін олардан әлдеқайда тереңірек, ғылыми деңгейде зерттеп біліп жүргендердің қисын, ой-пікірлерін кері серпіп, ұлттық саясат жүргізудегі ұстанымның жөн-жобасына құжаттарында лайықты мән бермеген. Сөйте тұра олар қазіргі таңда доктрина емес, ұлт саясаты концепциясы қажет деген ойды бұзып-жарып енгізуге тырысуда. Алайда, осынау күрескерлер мынаны ескере бермейді - біріншіден, теріс бағаланған Доктринаға - оң деп ұсынылар Доктрина ғана балама бола алады, «Ұлт саясаты тұжырымдамасын» ертең, оның тағдырын шешуге қақылылар тап сондай сылтаумен, «Ел бірлігі доктринасына» балама құжат жобасы ретінде қабылдамай жатса, оған түк те таңырқауға болмайды; екіншіден, практикалық іс-әрекетте басшылыққа алатын принцип ұғымындағы доктрина - қызмет түрінің жетекші ойы, түзілістік ұстаным ретінде ұғылатын саяси тұжырымдама-концепцияны да бойына тоқи алады. Сондықтан, қайта қаралатын құжат доктрина сипатын сақтағаны жөн, тек, әрине, мазмұны жұрт талқысына күзде ұсынылған жобадан мүлдем басқаша болуға тиіс: «Ел бірлігі доктринасы» тәрізді азаматтық мемлекетті емес, «Қазақстанның ұлт саясаты тұжырымдамасында» ептеп нобайланғандай, шын мәніндегі ұлттық мемлекетті құруға, қазақ ұлты пен көптеген ұлыс өкілдерінен тұратын халықтың мемлекетқұрушы ұлт төңірегіне ұйысуы арқылы тұтасатын ұлттық бірлігін қалыптастыруға бағытталуы керек.
Қалың халық, әрбір практикалық қызметкер халқымыздың ұлттық бірлігін қалыптастыру, негізгі ұлт пен өзге этностық топтар, түрлі конфессиялар араларында жарасымды қатынастарды сақтау және дамыту орайындағы алда тұрған міндеттерді айқын ажырата алуы тиіс. Мұны құжатта тұжырымдап көрсету аса қажет. Ал ұлттық бірлікпен өрнектелетін ел тұтастығын нығайтуды қамтамасыз ету үшін - Қазақстанның қазіргі кезеңдегі полиэтностық келбетінің қалыптасу тарихын жақсы білу жөн. Өзін де, өзгенің де тарихпен тәрбиелеу содан басталады. Оны оқып-білуіне мұрындық боларлық негізгі белестердің қабылданбақ доктринада дәл тұжырымдалғаны абзал. Сонда мәселенің бүгінгі таңдағы өзектілігі ешқандай бұрмалаусыз, дәл түсініледі.
Құр бос сөз болмас үшін нақты ұсыныс айта кетейік: бұдан жиырма жыл ілгергі Декларацияда белгіленген тәуелсіз ұлттық мемлекет құру бағытындағы дәйектемеге төмендегі секілді деректерді қамтитын жолдар көпшілікке ой салатындай, әркімді мәселені терең ұғуға жетелейтіндей дәрежеде кіргені мақұл болар еді.
Дербес ұлттық мемлекеттілік жайынан аз сөз. Қазақтардың ұлттық мемлекеттігінің іргесі өз атамекенінде, Алтын Орда ыдырағаннан кейінгі тарихи жағдайда, тұңғыш рет өз атымен 1456 жылы қаланды. Аз уақытта Қазақ хандығы аталып, осы күнгі аумағында тарих сахнасына шықты. Халқымыз 17-жүзжылдықтың алғашқы жартысынан бастап екі ғасыр бойы өз жер-суын қорғау үшін, шығыстан дүркін-дүркін киліккен Жоңғар хандығының апатты шапқыншылығына, терістігі мен батысынан кимелеген орыс империясы казактарының, башқұрттары мен қалмақтарының қанды жорықтарына қарсы ұдайы соғысуға мәжбүр болды. Ұлттық бірлікті терең сезінудің арқасында, ғасырлар бойы аттан түспей, елінің алып аумағын найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, сақтап қала алды.
Патша өкіметі тұсындағы тәуелділік пен бодандық хақында. Үздіксіз соғыстан қажып, титықтаған елдің басшылығын Ресей империясының үкіметі 18-ғасырдың 30-жылдары айла мен арбау әдістерін оңтайлы қолдана отырып, батыс өлкені протектораттыққа алуға көндірді де, сол ғасырдың аяғына қарай қазақ жерін өз құрамына күшпен қосып алуға кірісті.
Империя 19-ғасырдың алғашқы жартысында қазақтың мемлекеттілігін толығымен жойды. Отарлаушыларға қарсы көтерілген қозғалыстардың бәрін қан-жоса етіп тұншықтырды. 19-ғасырдың екінші жартысында оңтүстік өлкені жаулап алды. Осылай, қазақ жер-суын Ресейге қосып алу аяқталды.
Мұстафа Шоқай кезінде тура атап айтқандай, орыс солдатының артында ұдайы орыс мұжығы ілесіп жүретін: сөйтіп, ішкі губерниялардан қоныс аударушыларды көшіріп әкеліп орнықтыру арқылы, патша өкіметі басып алған аумақтарын орыс жеріне айналдырып жіберуге тырысты. Осылай, Ресей империясы отарлаудың ең қатыгез де арсыз, мейлінше зымиян түрімен шұғылданды. Бұл жұмыс 1891 жылғы «Дала ережесі» деп аталған заңнамалық құжаттан соң мүлдем қарқындата жүргізілді. Күллі қазақ жер-суы мемлекет меншігі деп жарияланды. Соның негізінде қазақтардың шұрайлы қоныстары орыс қоныс аударушылары үшін озбырлықпен тартып алына бастады. Халық рухани қыспаққа түсірілді, мешіттер салуға тыйым салынып, шіркеулерді көбейту және жергілікті халықты шоқындыру әрекеттері орын алды, империяның отардағы болашақ сенімді орындаушы-қызметшілерін әзірлеу үшін балаларды орыс мектептерінде оқытуға мәжбүрледі.
Кеңес өкіметі тұсында жер мен сананың жаңаша отарлануы. Әйгілі орыс революциялары нәтижесінде қазақ мемлекеттілігімізді қалпына келтіріп жаңғырттық деп қуанды, алайда, империяның жаңа кейпін киген кеңес өкіметі оны 20-жылдардан бастап жаңаша ауыздықтады. «Большевиктердің аштық саясаты» (М.Шоқай) көшпенді жұртты ұлттық апатқа ұрындырды: қазақ 1917-18 жж. жалпы мөлшерінің бір ширегін, 1921-23 жж. сол кезгі мөлшерінің тағы бір ширегін, ал 1931-33 жылдары - аштан қырылғаны бар, шамасы жеткендердің шет елдерге асып кеткені бар, сол қарсаңдағы санының жартысын жоғалтты. Ашаршылық зобалаңы мен оған астастыра басталған репрессиялар ұлттық сананы ойсырата деформациялады.
Жер-суы мен халқы Орта Азиядағы 1924 жылғы ұлттық-аумақтық межелеуден соң бір шаңырақ астына топтастырылған кезеңде қазақ республика тұрғындарының үштен екі бөлігінен астамын құрайтын. Сол кезде биліктегі қазақ азаматтары «1920 жылы жарияланғанмен, шынайы келбетіне ие бола алмаған ұлттық республика үшін ұдайы күресіп келгендерін, енді, екі өлке жер-суы барша жұртымен бірігіп, халықтың алпыс сегіз пайызы қазақ болуы - бұл күрестің аяқталуын көрсетіп тұрғанын, сонымен бірге осы сәттің оны (ұлттық республиканы) жасау жолындағы жасампаз жұмыстың басталуын білдіретінін» айтқан еді. Алайда жаңа тұрпатты отаршылдар ондайды (шын мәніндегі ұлттық республиканың орнауын) қаламайтын, сондықтан да орталық өзіндік ой-пікір бар қазақ азаматтарын биліктен тез тайдырды...
Республика азаматтарын жазықсыз саяси қуғын-сүргінге ұшыратты. Тәркілеу, отырықшыландыру, ұжымдастыру сынды күшпен жүргізілген солақай реформаларға қарсылық ереуілдерін қарулы әскери жасақтармен қисапсыз қырғын жасай отырып басты (кеңес билігі тұсында саяси жазалаулардың нахақ құрбаны болған 340 мыңнан астам адам, соның ішінде тек 1937-38 жылдары сотталғандардың 120 мыңдайы және атылғандардың 25 мыңдайы Тәуелсіздік жылдары ақталды).
Фашизммен соғысқа халқымыз жарты миллионға жуық ұл-қызын аттандырды (олардың төрттен үш бөлігі майдан далаларында қаза тапты), әскери-өндіріс орындарымен бірге орталықтан қоныс аударғандарды, өз тарихи отандарынан сенімсіздік танытылып күшпен көшіріліп әкелінген түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерін - үлкенді-кішілі диаспораларды - құшақ жая қарсы алып, баспанасымен, нан-суымен риясыз бөлісті.
Өкіметтің тартымды уәделермен бүркелген алдамшы саясаты ашаршылық апаты салдарынан босап қалған кеңістікке Одақтың европалық бөлігінен, Сібірден көшіп келушілерге есікті айқара ашып қойды. Алып қазақ даласы концентрациялық лагерьге айналдырылып, Кеңес Одағының шартарабынан тасымалданған сотталғандар күшімен казармалық социализм көрігі қыздырылды. Индустрияландыру, тың игеру ұрандарымен қазақ жеріне жаңа өмір құрушыларды топырлата төгу арқылы ел аумағын жаңаша отарлап, «патша өкіметінің ғасырлар бойы қолынан келмеген істі кеңес өкіметі бір-екі-ақ жылда жүзеге асырды» (Н.Хрущев).
Республика картасында Кеңес Одағының шартарабынан өзге жұрт өкілдері өздерімен ала келген бөтен географиялық атаулар жыпырлап, қазақ ауылдары олардың ара-арасында ұсақ аралдай шашылып қалды. Қазақтың дәстүрлі экономикасы тұралатылды, санасы шегенделді, ұлттық мектептері жаппай жабылды. Билік күшімен осылай қалыптастырылған жағдай қазақ балаларын орыс мектептеріне беруге мәжбүрледі. Мемлекеттік, шаруашылық және қоғамдық тыныс-тіршіліктен қазақ тілі түгелге жуық дерлік дәрежеде ығыстырылып шығарылды, «коммунизмге бір ғана орыс тілімен бару» ұраны көтерілді, «орыс тілі - екінші ана тілі» ұғымы өмірге енгізілді.
Қазақтың өз жерінде халықтың үштен біріне де жетпейтін деңгейге түскен мүсәпір қалпын, тілін, тарихын, мәдениетін, әдеп-ғұрып, салт-дәстүрін ұмытудың аз-ақ алдында қалған қасіретті ахуалын өзге түгіл өзіне де білгізбеу саясаты жүргізілді.
Орыстандыру мен отарлау саясаты жеңісті шыңына шыққан елуінші жылдардың ортасында қазақ республика тұрғындарының үштен біріне де жетпей қалды. Тек содан бері халқымыздың бастан кешкен демографиялық дүмпу үдерісі нәтижесінде ғана қазақ халқы 70-80-жылдары ес жиып, қатарын көбейтті, «Қазақстан - халықтар достығының лабораториясы» деп әспеттелген саясат ауқымында мүмкіндік берілген деңгейге дейін сапалық тұрғыда да ілгерілей бастады.
Ұлттық сана-сезімі оянған қазақ жастарының 1986 жылғы 17-18 желтоқсанда орталықтың империялық озбырлығына қарсылық білдірген демократиялық қозғалысына төзбеген астам билік әскери күш қолданып, отар құлдарының метрополияға қарсы шыққан ақтық ұлт-азаттық көтерілісін тұтандырды. Желтоқсан ереуілі аяусыз басып-жаншылды, оның себеп-салдары жұртшылықтан жасырылып, мыңдаған азаматқа - жұмыстан, оқудан шығарудан және партиялық, комсомолдық жазалар беруден бастап, қисынсыз жалған айыптармен соттауға дейін -түрлі репрессиялық шаралар қолданылды.
Мемлекеттік тәуелсіздік тұсындағы ахуал. Бұл орайда қолдағы ірі жетістіктеріміз жайындағы көпке мәлім деректерді қайталамай-ақ, оған қосымша, кейбір кемістіктерімізді еске сала кеткен дұрыс болатын тәрізді. Мәселен, 1991 жылы Мемлекеттік тәуелсіздік акті қабылданғанда, жоғарғы билікте қазақ мүддесін көздеуден негізінен бойын аулақ салатындар мол болғандықтан, содан бір жыл бұрын жария етілген Декларация тұжырымдарын нақты орындаудан аулақтап, сол кезгі парламент «Қазақ Советтік Социалистік Республикасы» тіркесінен тек идеологиялық анықтауыш сөздерді алып тастаумен ғана шектеле алмады. Соның салдарынан «Қазақстан Республикасы», яғни «Қазақелі Республикасы» - халықтың емес, географиялық ұғымның республикасы деген мағына беретін тіркеске тоқталды. Бұл ел мен жер иесі болып табылатын қазақ халқына қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіруді парыз ретінде сезінбеудің, шындап келгенде, оны сыйламаушылық пен менсінбеушіліктің нақты көрінісі еді. Одан бергі оқиғалар сол көзқарасты түзеуге билеуші элитаның аса ынталы емес екенін дәлелдей түсуде.
Большевизм тұсындағы қасіретті бұрмалаулар үшін жалпы кеңестік билік те, Қазақ Республикасының кеңестік қуыршақ үкіметі де ешқандай жауапқа тартылған жоқ. Олардың әр кезеңдегі қылмысқа парапар қызметі, тіпті, тәуелсіздікке жол ашқан Желтоқсан көтерілісін лайықты ұлықтамау, қайта, оны мансұқтау әрекеттері үшін тәуелсіз мемлекетіміз тарапынан опыну сезімі көрінбеді. Бұл құбылыстарға саяси баға берілмеді. Әр кезеңдегі бас айыпкерлер мен санасыз қолшоқпар-орындаушылардың атын атап, түсін түстеп жария ету, тазару, жаңару шаралары (люстрациялар) жасалмады.
Патша өкіметі өркениетке жеткізу желеуімен бастап, кеңес өкіметі жаңарған тәтті де жалған ұранмен жалғастырған, жер-суды, шаруашылық тыныс-тіршілікті, сананы отарлау арқылы қазақтың елдігін жан-жақты шеңгелдеген ахуалдан құтылудың деколонизация сынды жүйелі арылу бағдарламасы қабылданбады. Соның салдарынан ескі жүйенің коммунизм құрушы сенімді қызметшілері мұрттарын балта шаппастан демократиялық тұлпарларға ауысып мінді де, енді капитализмнің криминалды реформаларын жүргізуге кірісті.
Титулды ұлт пен этностық топтар, ұлыстар өкілдері арасындағы, діндер араларындағы мақтанышпен айтылатын төзімділікті, тұрақтылық пен тыныштықты сақтау мақсатында бар салада да қазақтың ұлттық мүддесі екінші қатарға ысырылумен келеді. Мәселен, қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде Тәуелсіздіктен екі жыл бұрын жарияланғанмен, содан бері жиырма жылдан астам уақыт өтсе де, әлі тиісті тұғырына қондырылған жоқ. Конституциялық талапты бірінші кезекте билік тармақтары, мемлекеттік аппараттар, бюджеттік мекемелер, оның ішінде қаржы-қаражат, салық орындары орындамайды. Тиісінше, мемлекеттік тілге қажеттілік ахуалы жасалмады.
Соның салдарынан, іскерлік мақсатпен Қазақстанға келген шетелдік компаниялардан, шағын және орта бизнестен, шетелмен бірлескен кәсіпорындардан мемлекеттік тілде қатынас жасау талап етілмейді. Көруге қолайлы уақытта жекеменшік түгіл, мемлекеттік телеарналардың өзі қазақ тілінде бағдарламалар көрсетпейді. Телеарналардан хабар тарату уақытының кемі жартысын мемлекеттік тілде берудің тілдік ортаны қалыптастырып-дамыту үшін талап етілетіні анық жазылған заңдарды соны қадағалайтын министрлік пен соттардың өзі бұрмалап, «елу пайыздық талап орындалып отыр, заң бұзылған жоқ» деп, сауатсыздықпен үндескен бейпатриоттық ұйғарым жасаудан танбай келеді.
2009 жылы қазақтың үлес салмағы мемлекеттегі халықтың үштен екісінен асып, 1924 жылы орын алған жағдайға сексен бес жылдан кейін қайта жетті, тиісінше, тағы да шын мәніндегі ұлттық мемлекет жасауға қолайлы тарихи сәт туды. Осы орайда Қазақстандағы диаспоралардың баршасы қазақ халқын шын құрметтейтінін іс жүзінде көрсетіп, оны мемлекетұйыстырушы ұлт ретіндегі тарихи орнына көтеру үшін, төңірегіне тығыз топтасуға тиіс. Әр кезгі биліктің солақай саясаты салдарынан қазақ халқының кемсітілуіне, тарихи құқтарының шектелуіне өз еріктерінен тыс, жанама түрде болса да, қатысты болғандықтарын ірілі-ұсақты этностық топтар білгені жөн. Соны сезіну арқылы саналы түрде қазақ ұлтының қасына топтасып, ұлттық мемлекет құрылысына бір кісідей атсалысуды мұрат етуі керек.
Мұндай ерік-жігер шын мәніндегі ел тұтастығына қызмет ететін ұлттық мемлекет орнатуға қажет келісім мен тұрақтылықтың іргетасы болып қаланады. Ал бұл - қазақ ұлты мен қазақ жерінде тұратын күллі ұлыс азшылықтары бір жағадан мойын, жеңнен қол шығарып, бірлескен ахуалда ұлттық мемлекетті тиянақтап орнату - болашақта кемел азаматтық қоғам құруға бекем кепілдік беретін жәйт. Мұны қош көрмейтіндердің, «неліктен қазақтар мемлекет ұйыстырушы деп саналу керек, қазақтан өзгелер де салық төлеушілер ғой» деп көлгірситіндердің нағыз арандатушылар, тәуелсіздіктің мысық тілеулі жолбикелері екенін ашып айтатын уақыт келді.
1990 жылғы Декларацияда жария етілген ұлттық мемлекет құру мақсатын жүзеге асыру жолында Қазақстан Республикасы халқының ұлттық бірлігін қамтамасыз ету, қалыптастыру және нығайту - мемлекеттің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін баянды етудің, оның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуындағы стратегиялық басымдықтарды іске асырудың негізгі шарты болып табылады.
Ел алдына индустрияландырудың жаңа жобалары тартылған, инновациялық-технологиялық серпілісті қамтамасыз ету міндеті қойылған қазіргі таңдағы жағдайда ұлттық мемлекет құрылысын саналы түрде жүргізудің, халықтың ұлттық бірлігін арттырып, қоғамды тұтастыру мен ұйыстырудың өзектілігі арта түседі.
Ал осы мақсатқа апарар шаралар жүйесіне, айтылып жүрген мәселелермен қатар, еліміздің барлық азаматтары өздерінің қазақтың ұлттық мемлекеттігіне қатыстылығын терең сезінетіндей құндылықтар жүйесін қалыптастыруды қосқан жөн болар еді. Тарих арқылы тәрбиелеуге ерекше мән беру ләзім. Әсіресе империялық Ресейдің қазақ халқын мемлекеттілігінен айыруына, елін отарлауына, одан, кеңес империясы жол берген алапат ашаршылықтарға, үнемі жүргізілген саяси қуғын-сүргіндерге, қарсылық қозғалыстарға, жасырын ұйымдарға, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне саяси және құқықтық баға беру қажет.
Ашаршылық пен репрессиялар құрбандары жерленген орындарды анықтап, бастарына белгілер, ескерткіштер қою жұмыстарын жалғастыру, мемлекеттік мұражайларда арнайы бөлімдер ашу, жыл сайынғы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні және оның қарсаңындағы жұмада жер-жерде, оқу орындарында, мекемелер мен кәсіпорындарда оларды еске алу шараларын өткізуді, мешіттерде, шіркеулерде, ғибадатханаларда арнайы дұғалар оқуды ел көлемінде ұйымдастырып, дәстүрге айналдыру ләзім. Сондай-ақ, ұлтымыздың шетелде жатқан ардақты азаматтарын елге әкеліп қайта жерлеу, яки, сүйектерін тасымалдау мүмкін болмаған жағдайда, бейіттерінен топырақ алып, символдық түрде арнайы рәсіммен Тәуелсіздік күрескерлері пантеонына қою мәселесін мемлекеттік деңгейде қолға алып, іске асыру орынды. Бұл тұрғыда қазақ мемлекеттігін алпауыт жаулаушылардан он жыл бойы қорғап, сол жолда мерт болған Кенесары ханның, азаттық үшін жан берген өзге де батырлардың, мәселен, Кейкінің бассүйегін Ресей мұражайы қорынан елге қайтару мәселесін шешуді парыз деп ұққан жөн.
Тағы бір мұқият ескеретін мәселе - мемлекеттік тілден ресми қолданылуы ықтимал тілге, өзге де қажеттілік туатын тілдерге тәржіма жасайтын аудармашылар қатарын дайындауды мемлекеттік деңгейде қолға алу. Сондай жаңа тұрпатты аудармашылардың мемлекеттік билік тармақтарында мемлекеттік тілді әлі де жете білмейтін азаматтарға қажетті қызмет көрсетуін, түрлі ресми жиналыстарда мемлекеттік тілден өзге тілдерге ілеспе аударма жасап отыруын орнықтыру керек.
Керек жәйт көп. Әр салада. «Ел бірлігі доктринасында» тұғырнама дұрыс анықталмағандықтан, ұлт партиоттары тарапынан қатты наразылық туды. «Ұлттық саясат тұжырымдамасында» бұл тәп-тәуір ескерілген. Бірақ жетіспейтін жағы да баршылық. Мәселе - талқылау барысында соларды жетілдіру қажеттігінде. Жоғарыдағы сөздер соған үлес қосу мақсатында жазылды. Болашағымыз баянды болсын десек, қазақ ұлтының мемлекет құрушы ұлт ретіндегі тарихи тұғырына қондырылуына бүкіл халық болып көмектесейік!
"Абай-ақпарат"