Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2823 0 пікір 27 Мамыр, 2009 сағат 08:20

АЭС салу – атқа шабу емес

«Ядролық отынның халықаралық банкін орналастыру туралы мәселені қарастыруға дайынбыз» деді мемлекет басшылығы. Ал, депутат Котовичтің айтуынша, Қазақстан Ядролық қауіпсіздік конвенцияларына қол қойғанымен, аталған құжат Парламентте бекітілген жоқ. Ядролық қауіпсіздік мәселесін ратификациялаған елдердің қатарына, әзірге бұрынғы Кеңес кеңістігінен Белоруссия, Украина, Ресей кіреді.

Гүлмира ТОЙБОЛДИНА

«Ядролық отынның халықаралық банкін орналастыру туралы мәселені қарастыруға дайынбыз» деді мемлекет басшылығы. Ал, депутат Котовичтің айтуынша, Қазақстан Ядролық қауіпсіздік конвенцияларына қол қойғанымен, аталған құжат Парламентте бекітілген жоқ. Ядролық қауіпсіздік мәселесін ратификациялаған елдердің қатарына, әзірге бұрынғы Кеңес кеңістігінен Белоруссия, Украина, Ресей кіреді.

Гүлмира ТОЙБОЛДИНА

Қазақстанның бейбіт атомды бірлесіп игеру туралы Жапония, Франциямен жасаған келісімдерінің тағдыры қыл үстінде тұр. Үстіміздегі жылдың 29-сәуірі күні депутат Котович, Қазақстанның жапон және француздармен бірлесіп, ядролық отын дайындаудың толық циклын қамтитын ең жоғарғы технологияны жүзеге асыру мүмкіндігі болмай тұрғанын айтты. Себебі,  Ядролық қауіпсіздік туралы Конвенциядан өзге, Ядролық апаттан келген шығынға қатысты азаматтық жауапкершілік туралы, Ядролық энергетикадағы үшінші жақтың жауапкершілігі туралы, мұнан басқа, Радиациялық және ядролық апат орын алған жағдайда әрекет ету және жедел хабарлау туралы Конвенциясы мен Бейбіт атом өндіруден бастап, қыл аяғы одан қалған қалдықты ядролық отынға айналдыру технологиясын жүзеге асыру жөніндегі шаралар біздің Парламентте талқыланып, заңдық негізде бекітілмеген.  Сондықтанда, «Казатомпром» мен  «Toshiba Corporation» (Жапония) бейбіт атомды пайдалануды жүзеге асыру туралы Меморандум бойынша жасалған жоба дағдарып, Қазақстанмен өзара келісімге келген Францияның АРЕВА компаниясы да істі ілгері апаруға құлшынып отырмаған көрінеді.
Сонда, былтыр жаз айында Жапонияға, одан соң Францияға барып, бейбіт атомды бірлесіп игеру туралы келісімшартқа қол жеткізу үшін ақ тер, көк тер болған Президенттің еңбегі еш, тұзы сор болайын деп тұр ма?
Сөз реті келгенде айта кету керек, бұл Конвенцияларға қол  қойған Украина, Беларуссия,  Ресей мемлекеттерінің Парламенттері аталмыш келісімдерді әлдеқашан ратификациялап тастаған.  Енді бүгін, Президенттің сапарынан кейін, арада жыл өткенде, Котович депутаттың жанұшырып, МӘСІМОВке жедел депутаттық сұраныс-тапсырыс жасап жатқанына қарасақ, біздің жағдайымыз шын мәнінде адам күлерліктей екен. Бәрінен бұрын дүниежүзі жұртшылығының алдында ұятқа қалғанымызды айтсаңызшы!
Біз дүниежүзі аса сақтықпен қарап отырған атом мәселесіне келгенде де, миымыз қазақша айналып, атты арбаның артына жегіп, тұралап тұрған жайымыз бар көрінеді.
«Қазақстан 2011-2017 жылдары тағы екі АЭС салуға қол жеткізсе, электр энергиясының бір киловаты 0,07 теңге болады» деп,  «Казатомпромның» ел ішін шулатқанына біраз уақыт болды.
Бүгінгі күні дүниежүзінде 400 АЭС бар. Ал, дүниежүзі бойынша уран қорының көлемі жағынан алғашқы үштікке кіретін Қазақстанда АЭС біреу – оның өзі қазір тұмшалаулы тұр. Демек, республиканың өз ішінде бұл байлықты пайдалану  шектеулі. Сондықтан Қазақстанның бар ураны шикізат түрінде шетке (Ресей, АҚШ, Жапония, Қытай) кетіп жатыр. Осы жерде: «Біз қашанғы шикізаттар елі бола береміз?» деген заңды сұрақ туындайды, ол сұрақ: «Қазақстанға АЭС керек пе, керек емес пе?» деген екінші сұраққа жетелейді.
Бүгін біраз БАҚ «Біздің ел энергетика көзінің тапшылығын сезіне бастады» деп жазып жүр.(Бір түн жарық өшіп, қырғыздарға жәутеңдеп қалғанымыз шындық) «Жарығымды өшірме» деп қырғыздарға астығын беріп отырған Қазақстанға жаңа энергетика көзін табу қажет болып тұрған сияқты. Қазір дүниежүзінде атом энергетикасын пайдаланып,  отырған елдер аз емес. Олар үш жылда бір жиналып, бейбіт атом мен радиактивтік қалдықтарды сақтау мен ядролық отын дайындаудың қауіпсіздігін талқылайды, тәжірибе алмасады. Экология мәселесі қатаң бақылауда.
Ал бізде, тіпті, уран өндірудің өзі қазіргі кезде тыйым салына бастаған – күкірт қышқылын жер астына жіберу арқылы алынып жүр. Кейбір ақпарат көздерінің жазуы бойынша, жер астына жіберілген күкірт қышқылы мен жер бетіне шыққан уран көлемі жағынан шамалас болады екен. Демек, күкірт қышқылының біразы жер астында қалады деген сөз. Ал оның жер асты, жер үсті суларына, жер қабатына қандай зиян әкеліп жатқанын, оның зардабы қаншаға созылатынын кім зерттеп жатыр? Естуімізше, күкірт қышқылы әдісімен уран өндіріліп жатқан Қазақстанның оңтүстік аймағында, радияцияның деңгейін анықтау, жергілікті құдықтардағы суды тексерумен ғана шектелетін көрінеді.
Осы жерде, еріксізден-еріксіз: «Қазақстан ядролық қауіпсіздікке қатысты түрлі конвенцияларға қол қойғанмен, Парламентте бекітілмей отырғанында бір астар бар-ау» деген ой келеді. Екінші жағынан, ешбір жауапкершілікті халықаралық деңгейде мойнына алмаған соң, ешкімнің алдында жауап бермейтінін білген соң да, біздің билік  бейбіт атом өндіру мен оның улы қалдықтарына байланысты  жүрдім-бардым әрекет етіп отыруы да мүмкін. Уран өндіріліп жатқан елді мекендерде адамдардың жазылмайтын дертке жаппай  шалдығып жатқанын ескерсек, соңғы ақпарат бойынша Қазақстан жерінің 60 пайызы тоза бастағанын есепке алсақ,  «АЭС- керек емес!» дейтін халық наразылығын түсінуге болады. Бүгінгі қоғам: «Қазір дүниежүзіндегі мемлекеттер уранды пайдаланған соң, жиналған қалдықты қайда жіберерін білмей отырғанда, уранның қалдықтарын біз қайда жібереміз. Қалдықтар қайда кетеді?» деген сұрақтың жауабын сұрайды. Бірақ, бүгінгі күні бұл сұраққа ресми түрде жауап табу қиынның қиыны...
Ал, АЭС-ті жақтап, батылсыздау үн қатып жүргендердің уәжі: «Көмір жағатын электр станцияларынан шыққан қара түтін экологияға зиян» дегеннен әріге бармайды. Олар экологияны ауызға алмағанның өзінде, уранды өндіру мен пайдалану, радиактивті қалдықтарды сақтау мен ядролық отын дайындаудың қауіпсіздігі туралы Қазақстанда қандай жағдай орын алып отырғанын сөз еткілері келмейді.
Оның үстіне, «АЭС салар болсақ, оны салатын мамандарды қайдан аламыз? Қазақстан ядролық қарудан бас тартып, «бейбіт атом» еліне айналған соң, атом саласының мамандарына деген сұраныс болмай қалды, соңғы 15 жылда ондай мамандарды дайындадық па?  Дайындамасақ, мамандарды жалдау қанша қаржыға түсуі мүмкін? Жалпы, мемлекеттік, стратегиялық маңызы бар нысанды жат жұрттың мамандарына қалай сеніп тапсыруға болады? Ұлттың қауіпсіздігін қалай сақтап қаламыз?» деген түйдек-түйдек сұрақтар жеткілікті... Оның үстіне, мемлекеттің. «Уран өндіруден 2009 жылы бірінші орынға шығамыз!» деп уралауы да халыққа ұнап отырған жоқ. Салыстыру үшін айтар болсақ, 1997 жылы Қазақстандағы уран өндіру жылына 700 тоннадан аспағаны белгілі. Ал, үстіміздегі жылы Қазақстан бұл көрсеткішті – 10-12 мың тоннаға (әр басылымда әр түрлі көрсетілген) жеткізіп, дүниежүзі бойынша алдыңғы қатарда тұрған Канада мен Австралиямен терезе теңестіріп, одан әрі жолда қалдырмақшы екенбіз. Ал, ядролық қауіпсіздік туралы  Конвенция күте тұрады...

 

 

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

*Ресейде алдағы 10-13 жыл ішінде 30 атомдық блок  салу жоспарланған.

*Үстіміздегі жылдың 12 мамырында – Ресей Жапониямен бейбіт атомды пайдалану туралы Үкімет аралық келісімге келді. Мұны Ресейдің саясаткрелерлі мен сарапшылары: «Бұл – Ресейдің дүниежүзілік нарыққа жасаған батыл қадамы» деп жоғары бағалауда;

*13 мамыр – Ресей мен Монғолия ядролық энергетикаға қатысты келісімшартқа қол қойды... 13 мамыр – Ресей мен Бангладештің арасында ядролық энергетиканы бірлесіп игеру туралы келісімге екі жақты қол қойылды;

*14 мамыр – Ресей Жапония мен екі арада уранды игеру, пайдалану туралы бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімшарттың дайын екенін мәлімдеді;
Ресей Жапониямен екі арада – Жапонияда аса байытылмаған уран қоймасын жасау  туралы келісімге қол жеткізді;

*«Росатомпром» басшысы С. Кириенко: «Біз МАГАТЭ-нің шешімін күтіп отырмыз. Олар бір шешімге келген күнде, Ресейдің атом саласындағы – өндіру мен тарату, тасымалдау  дүниежүзілік стандартқа сай келетін болады» деп мәлімдеді.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5439