Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3145 0 пікір 25 Наурыз, 2010 сағат 03:59

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ. Жалған сөйлеуден жалығуға бола ма?

«Көрмейін десем, көзім бар» дегендей, үндемей-ақ қояйыншы деп ойласам да, бой бермей сөйлетер жәйтке тап бола беремін. Әсіресе, замандасым, отыз бес жыл бойы танысым, Жазушылар одағымызда он жыл қызметтес болған Олжас Сүлейменовтің (суретте) «арқасында». Әзірше соңғы мысал - оның «Егемен Қазақстан» гәзетіндегі (12. 03. 2010 ж.) сұхбаты. «Шекспирі жоқ елдің Ньютоны да болмайды» деп аталған шалқыма сөзінің бір тұсында:

«Көрмейін десем, көзім бар» дегендей, үндемей-ақ қояйыншы деп ойласам да, бой бермей сөйлетер жәйтке тап бола беремін. Әсіресе, замандасым, отыз бес жыл бойы танысым, Жазушылар одағымызда он жыл қызметтес болған Олжас Сүлейменовтің (суретте) «арқасында». Әзірше соңғы мысал - оның «Егемен Қазақстан» гәзетіндегі (12. 03. 2010 ж.) сұхбаты. «Шекспирі жоқ елдің Ньютоны да болмайды» деп аталған шалқыма сөзінің бір тұсында:

«Сонау 1984-жылы Жазушылар одағында қазақ тілін қорғауға арналған ең бірінші жиынды ұйымдастарған Олжас Сүлейменов емей, кім еді? Оған қатысқан адамдар, құдайға шүкір, арамызда жүр ғой» депті. Бұл - ең бірінші болуға құмартып жүретін ақынның кезекті бір желпінісі. Бұлай деу себебім: қазақ тілінің күш-қуаты, байлығы, тазалығы, мәртебесі хақында мақала жазу, жиын өткізу басталғанда Олжас бұл жарық дүниеге келмеген де екен. Оның бәрін тізбей, бертінгі біреуін ғана еске салсам: сөз зергеріміз Ғабит Мүсірепов 1969-жылы «Қазақ әдебиеті» гәзетінде «Авгийдің атқорасынан бастайық!» деген мақала шығарып, соның аясында қазақ тілі жөнінде кеңінен пікір алысу болды, көптеген мақала жарияланды. Сол Ғабең, егер жаңылмасам, 1973-жылы  қазақ тілінің хал-ахуалы жөнінде Жазушылар одағы басқармасының арнаулы пленумын өткізуге мұрындық болып, пленумда өзі баяндама жасады. Ол екі оқиғаға куә қаламдастардың бірі мен, құдайға шүкір, әзірше бармын. Қазақ тілінің тарихынан хабардар кісі Ғабеңнің ол еңбегін  ұмытпаса керек-ті!

Олжастың осы қылығы оның бұрынғы артық-ауыс пікірлерін есіме тағы түсірді, бірақ оларын  тергілемей, қара шаңырағымыз - Жазушылар одағына,  іргелі әдебиетімізге қатысты бір-екеуін айтып өтпей болмас.

1. Қашанда «Свобода слова» гәзеті арқылы сөйлейтін ақынның бұл пікірін сондағы түпнұсқасынша келтірсем, ол былай деді: «...За годы работы выделил более трех сотен квартир членам только нашего Союза. И не все были довольно. Один стал врагом за то, что ему досталась квартира на первом этаже».

Жазушылар одағымызда Олжас 1983 - 1991-жылдары бірінші хатшы болды. 1983-жылы жазушыларымыздың жалпы саны төрт жүздің,  ал 1991-жылы бес жүздің о жақ, бұ жағы. Сонда ол басшылық еткен кезде «более трех сотен» қаламгеріміз балаларын, тіпті немерелерін жетектеп, үйсіз-күйсіз сенделіп жүріп пе еді? Жоқ! Бұл бір. Екіншіден, қалалық атқару комитетінің өз күшімен тұрғын үй салуы - өте сирек болатын іс, ол, заң бойынша, жалпы пәтер мәселесін басқалар салған тұрғын үйлердің он пайызын алу жолымен шешіп отырады. Сол жолмен 1983 - 1991-жылдары үш жүз пәтер алуы (фантастика!) мүмкін болса да, соның бәрін түгелдей Сүлейменовке бере салуы (суперфантастика!) мүмкін емес, егер өйтер болса, пәтер алудың кезегінде 10-15 жыл бойы тұрып келе жатқан жұртқа не бетін айтады? Ақын үш жүзді көздемей-ақ, 30-35 пәтер десе де аз болмас еді. Үшіншіден, КСРО Әдеби қорының Қазақ бөлімшесі 1979 - 1980-жылдары қырық пәтерлі тұрғын үй салды. Мәскеудегі Үлкен Әдеби қордың қаржысына. Істің басы-қасында бөлімше директоры ретінде мен жүрдім. Сөйтіп, біздің жазушылар пәтермен түгел қамтамасыз етілді. Бірі жаңасын алса, екіншісі одан босаған пәтерге кіріп дегендей. Біразының отау тіккен балаларына да пәтер бердік. Ең соңында жылу жүйесі ғана жоқ екі бөлмелі пәтерді, өзімізден алушы шықпаған соң, қалалық «Союзпечатьтің» біздің ғимаратқа орналастырылған гәзет-жорнал жаймасының сатушысы Валяға силадық (фамилиясы есіме түспеді, мүмкін Олжастың есінде шығар)

Пәтер бірінші қабаттан бұйырған жас жазушы М. Қ-ның жиналыста намыстана сөйлегені есімде (тек ол Марат Қабанбаев емес!), бірақ оның одан кейінгі уақытта, әлі күнге дейін, Олжасқа соқтыққанын көрген де, естіген де емеспін. Демек, өзіне бір ауыз сын айтқанды «стал врагом» деуі  «ғажап».

Атап өтуім керек және бір жәйт: қырық пәтерліден үш жыл бұрын Одақ (бірінші хатшы болған Әди Шәріповтің күшімен) республика қаржысына он алты пәтерлі үй салдырып алған болатын.

2. Олжас тағы сол «Свобода словадағы»  бір сұхбатында: «В казахской литературе нет ни одной строчки о голоде 1932-1933 годов» деді. Білмейтінін біліп болғандай тұжырып айтты.  Көзі қарақты қазақ ол зұлмат кезең жайында ыза-наза толы өлең, әңгіме, дастан, хикаялар жазылғанын жақсы біледі. Тіпті белгілі ақын Жақан Сыздықов «Әли қарттың әңгімесі» атты батыл да шыншыл шығармасы үшін шырғалаңға тап болды емес пе?!.. Қазақша оқымайтын Олжас  соның бәрін бір-ақ сөйлемімен жоққа шығарып бақты, қазағының әдебиетіне қара сойыл жұмсады. Жарайды, «білмеген у ішеді» дейік, алайда публицист  жазушымыз Валерий Михайлов «Хроника великого джута» деген нақты зерттеу хикаясын шығарды ғой? Олжасқа керек орыс тілінде. Бірақ ақын одан да бейхабар екен...

Жалпы...

-Жалған сөйлеуден жалығуға бола ма?

-Болады.

-Ол үшін не істеу керек?

-Жалған сөйлемеу керек!

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364