Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3619 0 пікір 25 Наурыз, 2010 сағат 04:10

Қанат Исаев. Жырлап аққан Ақсуым жылап ақты...

«Біреудің кісісі өлсе, қаралы-ол»

АБАЙ

«Біреудің кісісі өлсе, қаралы-ол»

АБАЙ

Қызылағашты су басты дегенде орнымда отыра алмадым. Көңілімнің астан-кестеңі шықты. Елден хабарласқан достарым кіндік кесіп, кір қоңымызды жуған жұртты алапат тасқын алғанын айтып ах ұрды. Бар жұмысты жиып тастап, жолға шықтым. Түнгі жол әдеттегісінен де ұзара түскен. Ықылымнан жылқы бағып, жүйрік баптаған шабандоз ел шынымен су астында қалған ба? «Самауырынан су ақты десе, Самарқанды су басты»-дейтін мінезіміз бар еді.Мүмкін ауыл аман шығар деген үміт оты пілте шамының жарығындай жалпылдайды. Жамандыққа көңіл құрғыр сенгісі келмейді. Алайда, табиғатынан шыдамды, төзгіш ауыл халқы танау қанаса тәубе деп, жұт болғанның өзінде «мал садақа, жан олжа,»- деп сабырлық білдіретін. Бұл жолғы апаттың болғаны шынымен де рас-ау. Қазақ: «қарыс жерде қаза бар,»- деп бекер айтпаса керек.Ауылдан қарыс жерде тұрған су бөгетінің ажал отына айналғаны ма? Қаза демекші, тура осыдан екі жыл бұрын ауылға сыныптас досым Еріктің жас сүйегіне топырақ салуға барып едім. Сол соңғы сапар еске түсті. Құлын күнде кісінесіп бірге өскен досты жер-ана құшағына тапсырғанда ауыл ақсақалдарының бірі құран оқып болып, былай деген еді: «Қалаға аттанған боздағымыз тас қаладан опа таппай даламызға оралды.Бақытқа бөленетін жиырма алты-ақ жасында ақымға оранды.Ауылдан береке кетпесе, ауыл қарттар үйіне айналып, жастарымыз кезбе атанбас еді.Заман-ай!-деді де, көзіндегі ыстық жасты сүртіп, сөзін қайта жалғап, -  Бұрындары ауыл маңындағы қорымдар алыстау сияқты еді. Жылдан-жылға бізге жақындап келеді,»- деп ауыр күрсінген... Ал енді бүкіл ауыл өлікке толып, үш мыңға жуық  тұрғыны бар елді мекен қалың қорымға айналды дейді телефон шалған ауылдастар.Елдегі бауырдың бірі қайтыс болса, жанарың жасқа толып, қабырғаң қайысар.Топырақ салып, құран оқырсың. Өлгенге салауат айтып, тірісіне Алладан ғұмыр тілерсің.Ал тұтас бір ауылдан айырылған соң  оның қазасын көруден артық қайғы бар ма екен?  Ошағы оттан түспеген, меймандос шаңырақтардың қирандысын көргенше қу құдай көзді неге алмайды деп, өксисің. Талдықорғанға бөгелмей Қызылағашқа жеткенше ішім өліп, сыртым ғана сау қалды. Таң бозарып атқанда, ауылдың шетіне әйтеуір іліктім. Таудан аққан су бүкіл ауылды шынымен шайып кетіпті. Қалың қорымның ішіне түскендеймін. Абай айтпақшы:

«Ем таба алмай,

От-жалындай

Толды қайғы кеудеге.»

Ауылға құтқарушылар, әскерлер мен ішкі істер қызметкерлері жұмылдырылған. Итпен өлік іздеп  жүрген кинологтар.Өліп жатқан мал. Тамырымен қопарылып сұлаған ағаштар. Аман қалды деген үйлердің өзі қорқынышты.

 

Таңғы сағат жетіден асқанда үйінділердің арасынан үйшік жасап алған жұрт сыртқа шығып, өз ауылдастарын іздеуге кірісті.Көзіме ең бірінші болып көршім Төлепберген аға ілікті. Қайран ауылдың жаны таза азаматтары-ай! Баспанасы мен малынан айрылып өзектері өксікке толып отырса да менің қалымды сұрап, қалаға қоныс аударған ауылдастарымыздың жайын біліп жатыр. Амандықтан кейін көршім болған жайтты баяндай бастады. «Бұл сұмдықтың боларын ауыл білгендей осыдан екі жыл бұрын құдайдың зарын қылған.Аудандағы ең көлемді бөгет осы «Қызылағаш су бөгеті».Біз ел болып облыс әкіміне хат жазғанбыз. Су бөгетін жекеменшік қолдан алып, үкіметке беру керек деп. Амал не, бастамашыл топты аудан, ауыл басшылары арызқой атандырып, ал Талдықорғандағы төрелеріміз халық сөзіне пысқырып та қараған жоқ. Мына бөгет иесі қара күзден бастап, суды жібермей қойды ғой. Көктемде сатарға суым көп болады деп.Сол кезде де ақсақалдар ескерткен болатын, кеңес кезінде салынған бөгеттің шыдас бермейтінін. Алайда, көкейін ақша тескен бөгеттің иесі Бекиев құлақ асқан жоқ. Қаншама ел  сумен кетті. Қайта менің отбасымды інім дер уақытында  мәшінесімен келіп қалаға жеткізіп тастады.»

Жергілікті биліктің айтуынша, бөгетте болған су көлемі 42 млн. кубты құрайды.  Бұл дегеніңіз 42 млн. тонна су деген сөз.  Бар-жоғы жарты сағатта бұндай су 465 баспананы ағызып кеткен.Түске жуық ауылға облыс әкімінің бірінші орынбасары Батталов мырза келді. Шенеуніктің сөзіне қарағанда, қаза болғандар саны 31 адам екен (13-наурыз күнгі мәлімет). Бұны естіген халық  жапа тармағай шулап кетті. «Өтірік. Өз ауылымызда қанша жанбасы бар екенінін білмей бізді жын ұрып па? Қаза болғандар саны 140 адам дейді». Талдықорғаннан келген өкіл көмектің, барлық жағдайдың жасалатынын айтып жатты. Алайда, шалдар жағы «Е, тас түскен жеріне ауыр ғой» деп, бар ауыртпалықты елдің көтеретінін алдын ала біліп тұрды. Батталов мырза қанша жылы сөз айтқанымен көңілі жайланған жұртты көрмедік. Жағдайды Үкімет басшысы өзі тікелей қадағалап отыр дегені мұң еді, халық одан бетер ашуға мінді. Көп ішінде шыдай алмай алға шыққан Қантай апа: «Ия, келді Мәсімов. Кеше кешқұрым серуенге шыққан жігіттей,мұртын ширатып.Қазақ кеш батқанда көңіл айтушы ма еді. Халықтың барлығы бірдей кездесе алмады. Келуінен, кетуі тез болды. Бұл жерде аман қалған үй жоқ.Елдер берісі Көлтабан, Талдықорғанға безіп кеткен. Мына іргедегі үшінші бөлімше «Ақтоған» жұрты өзеннен бері өте алмай Жансүгірге (Ақсу ауданының орталығы Ілияс Жансүгіров кентін айтады. -Қ.И.) алақан жайып отыр. Ол жақта екі көше қираған дейді. Аллаға шүкір, адам шығыны жоқ екен. Ат ізін салған біреуің жоқ. Мәсімовтың Талдықорғанға аман-есен жеткен халықпен кездескенін де білеміз.Қазақшаға келгенде қақалатын Кәрім әкәнің сөзін Үмбетов аударып беріпті.» Осылайша, ашынған халық  өз наразылығын айтып жатты. Ызалы топтың ішінен шығып, балалығым мен жастық шағым өткен ауылымның көшелерін аралап кеттім. Жанарым жасқа толды. Кеше ғана мына «Жастар» көшесінде гитарамен ән салушы едік. Сонда үлкендер жағы: «итті шулатпай, жатыңдар!»- дейтін. Ауыл клубы орналасқан бұл көше бозбала мен бойжеткендердің күлкісіне толы еді. Балауса армандар, үлкен мұраттар жайлы әңгімелер айтылатын. Мектепті аяқтаған жылдың соңғы көктемінде бұл көшеде көп қыдырғанбыз. Соңғы қоңырау болған күннің кешінде клубтағы би кешінен шығып, осы көшеде көше әндерін таңға дейін айтып, алқынған армандарымызды ортаға салып едік.Спортқа үйір Еркебек пен Сәкен педагогикалық университетке құжат тапсыратынын айтқан. «Асан ағайдай дене шынықтырудан сабақ береміз.Тек мұғалім ғана емес бапкер боламыз. Әлемнің, олимпияданың чемпиондарын даярлаймыз» десе, бізден бір жас кіші болсада бірге жүріп қатарымыздай болып кеткен Талғат жаңа оқу жылынан бастап мектепке жалғыз баратынын айтып көзіне жас алған. Сол кезде Сұңқар: «Қалида апай түк сабақ оқымайсың, мына түріңмен мектеп бітіргесін мал бағасың деуші еді. Қазір мал түгіл совхоз атымен жоқ. Маған да тестке дайындалуға тура келді деп» бәрімізді күлдіріп еді. «Сендер бұзықсыңдар» - деп үнемі бізге ренжіп жүретін тәртіпті Гүлім қыз сол түні бізбен бірге таңды атырған. Кеш батса ауласынан алты қадам алыс шықпайтын Гүлім сол түні ерекше сұлу болды. Танадай тұнық көзі мөлдіреп, бозбала біткенді баурап алатын. Сабағын да өте жақсы оқитын. Бастауыш сыныпта мұғаліп жоқта, бізге сабақ та беріп кетуші еді. Бәріміз кезек-кезегімен ғашық болатынбыз. Сол Гүлім қыз бүгін арамызда жоқ. Баласын бауырына басып ажал жастығына жантайыпты.Гүлім осыдан 2-3 күн бұрын кішкентай 4 жасар қызымен төркіндеп келген екен. Әке-шешесін бір күн болса да үй шаруасынан дем алтпақ болып қалаға жіберіпті. Сол күні бөгет бұзылған. Алаңсыз ойнап отырған қызды су терезе арқылы сыртқа жұлып бара жатқанда шырқыраған Гүлім баласын бауырына басып үлгеріпті. Алайда, қабырғалар құлап үй астында ана мен бала қалып қойған...

Осылайша, өткен кеткенді еске алып мектепке таяу келіп қалғанда тура алдымнан әкеммен бірге жұмыс істеген Айтқұрман аға шыға келді. Қызы Ләззатпен бірге оқығанбыз. Жұбайы екеуі бірден таныды. Айтқұрман аға қолын таңып алыпты. Қолына не болғанын сұрап едім, «е, кемпір екеуімізді құдай сақтап қалды» деп  барып, әңгімесін бастады. «11 наурыз күні ауыл ішінде су бөгеті бұзылады деген әңгіме гулей бастады. Мына көршім Дәулет Естібаев әкімнің орынбасары. Соған бірден жағдайдың анық-қанығын білмек болып телефон шалдым. Дәулет құрдас ел ішінде естіген сөзімді жоққа шығарды. Бәрін тынышталтып жатырмыз. Әкім Есет қасына жігіттерді алып, бөгетке жүріп кеткен.Уайымдамай үйде жата беріңдер-деді.Малды жайғап кемпір екеуіміз жатып қалдық. Түнгі он екіден аса үйге су кіре бастады. Бастапқыда жауын жауып, үйге жаңбыр суы кіре бастаған екен деп топшылағанбыз.Сөйтсек, бөгет бұзылыпты. Есікті аша алмадық. Үйдің іші суға толып кетті. Кеудемізге дейін су астында үш сағат тұрдық. Терезені ашпақ болдым. Күзде тас қылып шегелеп тастағаным қандай жақсы болған терезені ашсам, әйелім екеуімізді арындап келген су ағызып кетеді екен. Бір қабатын сындырдым қолмен. Сол кезде мына саусақтарымды жаралап алдым. Терезенің жақтауына шығып алып, қолымызбен үйдің төбесінен ұстандық. Қайта біздің үй ауылдың ең шеткі көшесінде орналасқан содан жанымыз қалды. Ұсақ малды айтпағанда,он бес бас ірі қара кетті.Жан олжа деп отырған жай.Таң ата су басылды. Қалшылдап көшеге шықтық. Алдымызда жол сақшылары шығып, көмек берді. Қазір біліп отырмыз әкім бұл апаттың боларын осыдан екі күн бұрын білген екен. Ауылдың әкім-қаралары, туған-туыстарын қауіпсіз жерге көшіріп тастаған. Ал, өз ауылдастарының өміріне араша түспей, ажал ауызына шіміркпей тастап кеткен.Бір омыртқаның жұлынындай ел едік, білмеймін ауылдан да адамдық деген ұғым алшақтаған ба?.. »

Бұл әңгімені естігенде өзегім одан әрмен өртене бастады.Бір Айтқұрма ағаның сөзі емес, тілдесе қалған жұрттың бәрі әкімнің опасыздығын, жауыздығын айтып тістенді.  Әлде біреулер «қазақтың жауы қазақ» дегенде ашуға мінуші едік. Бұл ауыр айтылған сөздің сонда шындық болғаны ма? Бар қазақты бір қазақтай сүйе алмағанымыз ба? «Ағайын өкпеге қиса да, өлімге қимайды» деуші еді баяғылар. Туған ауылын қабірстанға айналдырған әкімге кесілер жаза енді ауыр болуға тиіс. Алла амандық берсе орындағы оңалар, жер-ананың омырауын емген ел түрегелер. Ауызды берген Алла аш қалдырмас. Жылдар жылжыр, құлаған ауыл аяқтанар. Ал бауырдың орнын, сәби мен ана, жар мен жұбайдың өлімін кім  толтырар? Сумен ағып кеткен жүздеген жанды кім қайтарар? Халықтың жартысы апаттың алдын біле тұра , өзгелерге ескертпегенін қалай түсінуге болады? Жан жарасын кім жазар?

 

****                ****                ****

Жүректің жасын ағызып, жолға шықтым. Ағайынмен қоштасып әлі де келетінімді айтып жатырмын.Сол сәтте тағы бір жайсыз хабар жетті. Егінсуды су басып, темір жол істен шыққан. Қызылағаштың  көпірі құлап Алматы -Өскемен тас жолы жабылса, енді Өскеменге апаратын темір жол да орта жолда үзіліпті Ауданның біраз жерін атпен шарлап қайтқан жігіттер Қапалдың қызылсу ортасында қалғанын жеткізді.Мектепте оқу тоқтапты. Құдайға шүкір, өлгендер жоқ екен. Алайда, жүріп тұру мүмкін емес, қарға адым жер мұң болған. Жайсыз хабарға ел ауыр күрсінді. Бір Қызылағаш емес, апат ауданға келіпті. «Жырлап аққан Ілекеңнің (біздің елде жыр Құлагері  Ілияс Жансүгіровтың аты-жөнін қысқаша қайырып Ілекең дейді. - Қ.И.) Ақсу ерте көктемнен жылап ақты-ау»-деп шалдардың сақалынан жас тамшылады.Өзімді әрең ұстап, көлікке отырдым.Ойрандалған жолдан ауыр қозғалған көлік Алматыға бет түзеді. Қанға боялған Қызылағаш көз алдымнан алыстап барады. Ал жанарымнан аға бастаған жас өлең жолдарына айналды.

Қан жұтып келемін

Қызыл емес, қара қан.

Бауыр кетті,   бала кетті арадан.

Көз алдымда жермен жексен ауылым,

Қос жанарым шығып кеткен шарадан.

 

Қан жұтып келемін

Қызыл емес, қара қан,

Сыздап жатыр жан-жүрегім жарадан.

Анасынан айырылып жылайды,

Дүниеге жаңа келген шаранам...

 

Қан жұтып келемін

Қызыл емес, қара қан

Әкімдерім басын ойлап қара қан

Жырлап аққан Ақсуымды жылатып,

Қызылағаш жойылдың-ау картадан.

 

Қан жұтып келемін

Қызыл емес, қара қан,

Шеменде болған шерді қалай тарқатам.

Уығымды қадағанмен қайтадан,

Бақи болған елді қалай қайтарам?...

 

Қан жұтып келемін

Қызыл емес, қара қан,

Хан көтерген халық едік қарадан.

Төремізден тізгін кеткен заманда,

Жалғыз көмек жаратушы Алладан!..

 

 

Р.S. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері қаралы күнді бірде-бір рет жаряламаған. Барлығын жіпке тізіп не қыламыз. Шымкентте ВИЧ-тен 100-ден аса сәби көз жұмғанда төл перзенттерін жоқтамаған билік бұл жолы да Арқаның төсінен Қызылағаштағы қаралы жандарға көңіл білдірді...

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5369