Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 4946 0 пікір 5 Мамыр, 2014 сағат 10:31

Біздің Сераға

Сераға деп отырғанымыз – Серғазы Мұхтарбек ағамыз (суретте). Көсемсөзші. Редактор. Қоғам қайраткері. Ақберен азамат, аңқылдаған ақжүрек жан. Қияндағы біреу қиянат көрсе, шыр-пыры шығып, күйіп-пысып, күйзеліп-ақ жүргені. «Сераға, аясаңызшы өзіңізді» дейміз ондайда анау-мынауға еті өліп, тасбауырланып кеткен біз. Серағаң, бірақ, өзін аямайды. Сызды жерді баспайтын әлдекімдерге ұқсап, алақандай жырадан айналып өту, қулық-сұмдықпен бедел үстеп, мал жию – ол кісінің табиғатына қайшы екен:  күшенген күшті күнде әлімжетік жасай беретін әділдіктен еш таймай келеді. Сиыр сәскеде айтқан сөзінен кіші бесінде айнып қалатын байқұстардан бойын аулаққа салып, тік тұрып өмір сүруде. Сөйтіп жүріп, әттең, тар төсекке таңылды. Ағанаң өр рухы дес бермегенімен жүрек шіркін сыр алдырса керек, қылпыған қандауырдың (скалпель) жүзінен қайтты. Бір емес, екі рет. Замананың сиқы, қоғамның қотыр мінезі, аттатпай аяқтан шалатын қулардың жымысқы тірлігі, «дос жылатып айтадыны» өзінше принцип қылып алып, жаныңды аямай жаралайтын жамандардың қылығы текке қойсын ба, Серғазы Мұхтарбек ағамыз міне, екі жылдан асты үйінде, өзінің жұмыс кабинетінде, сөреде сықысқан кітаптармен ғана сырласып, солармен тілдесіп, солармен мұңдасып, үнсіз жатыр. Ой, Алла-ай, неткен қатігезбіз? Не деген нәумезбіз? Осы кісі кеше ғана «Қазақстан» атты азат ойлы, тәуелсіз газет шығарып, ол газеттің шығынын кейде бала-шағасының аузынан жырып қалтасындағы тиын-тебенмен жауып, оқырман дейтін қауымға қызмет қылып бағып еді ғой. Қайда кетті сол күндер? Көз майын тауысып, қалам ұшын сорған күндердің өтеуі болмағаны ма? Бұл заманның адамдарына кім керек, кім қадірілі сонда? Дүмі мықты демеушілердің, қолтығынан дым бүркіп, дем берушілердің ақшасына алшаңдап басып, газет иесі атанып, онысын жер-көкке сиғызбай мақтатып, бұта басын сындырғанын бұлдайтындарды, бұтына толып талтаңдайтындарды ғана тұлға санай ма бұл жұрт? Даңық пен  дәріпке жету үшін өзіңді өзің сатып, аярлықпен күн кешіп, алаяқтықпен ас ішіп, билікке өтімді, бұқараға жағымды болсаң ғана басыңның ауырғаны мен балтырыңның сыздағаны білініп жата ма?

Журналист деген бейшара мамандық иесінің халін көпшілік біле бермейді, сосында сөздің ашығына кетіп отырмыз. Рас, журналистің де журналисті бар: көргенін шала-пұла көшіріп айтқанына не жазғанына мәз. Басқаға бас қатырмайды. Бірақ, бәрі сондай деп байлам жасау – қатенің қатесі. Журналист, әсіресе, қазақтілді қазақ жорналшысы араласпайтын тірлік, арпалыспайтын күрес кемде кем. Қазақ жорналшысы қоғамдағы қолақпандай мәселенің қайсысын болмасын күнде жұтып жүреді. Иә, тап осылай айтқанымыз дұрыс. Ластанған ауа, лайланған су сияқты жұтады. Соның бәрін сыртқа ақтарып тастаса, сірә, арман бар ма? Жоқ. Содан кейін биліктің табасына, оқырманның мазағына қалады. Ақырында титықтап таусылады. Бүгінгі жазғаны – бүгінгі күнмен бірге өшеді екен. Оны жинақтап кітап етіп бастыру ыңғайсыз. Оданда ыңғайсызы – ертең ұрпағына айтар әңгімесі, ақын-жазушылар сияқты мақтанары да жоқ. Әйткенменде, бір мақаласы әйдік бір жазушының романынан асып түскенін, әлгі мақаланың мазмұынына қоғамның дер кезінде бойлай алмағанын ол іштей түсінеді. Соны түсінген, бағалаған достарының барына, болғанына шүкір дейді. Серағамыз да біздің өзін ерекше жақсы көріп құрметтейтінімізді біледі. Ізет-құрметімізді құрметтеуге лайық інілерім деп қабылдайды.

Өткенде ағамызды сағынып үйіне соқтық. Жүректің дерті мен миға түскен ойлардың салмағы біздің қайран ағамызды ұзаққа сөйлетпей, дәрменін алып қойыпты. Сондай кездерде ол айтпағын қағазға жазып беріп отырды. Әңгіме өткен-кеткенді еске түсіруден басталып, кешелі бергі жайттарға ойысты. Сырттағы ағайынның Атажұртқа ауа қоныстануына қолдан жасалған кедергілерді ысырып тастап, Ұлы көш қайтадан басталды дегенді сөз қылдық. Көшіп-қонудың қиындығына тоқталдық. Осы сәтте Серағаң көк дәптердің бетіне жазып бізге былай деді: «Отан бізде абстарктілі ұғымға айналып барады. Отан дегеніміз – нақты адамдардан тұрады. Алыстан «Атажұртым» деп жеткен ағайынның Отаны – мен және сендер. Біз әрқайсымыз оларға қамқор болуымыз керек».

Біз ағаның үйінен толқып аттандық. Әне, оның жүрегі   «қазағым менің» деп соғып тұр.  «Алыстан «Атажұртым» деп жеткен ағайынның Отаны – мен және сендер. Біз әрқайсымыз оларға қамқор болуымыз керек», - дейді. Осыны Үкіметтің үйіне күнде кіріп жүрген БАҚ басшыларының бірі ойлап көрді ме екен? Айта алар ма екен солар?

Сераға, сіздің «елім» деп еміренген жүрегіңіздің «сырын» еліңізге жайып салдық. Айып етпессіз. Бүгінгі 5 мамыр - халықаралық баспасөз күні дүниеге келген сіздей кәнігі, білікті журналистке біз не дейміз? Ауырып тұрғаныңыз аунап тұрғаныңыз болсын. Ақпарат майданына Серғазы Мұхтарбек атты хас таланттың қарымды қалам сілтесі керек-ақ болып тұр.

Abai.kz ақпараттық порталының ұжымы

 Серғазы Мұхтарбек: Ұлтыңды сүйгеніңді билік ұнатпайды 

-          Сiздер қазақ журналистикасының елеулi бiр буыны саналасыздар. Сол дәуiр журналистерiнiң көбi шоқтығы биiк Алтынбек Сәрсенбайұлының арқасында қызмет дәрежесiн көтерген екен. Алтынбек ағамен дос­тығыңызды “пайдаланып”, бұйрық берiп, креслода отыратын қызметке неге ұмтылмадыңыз?

–             Сұрағыңның астарын түсiн­дiм. Билiкке қызмет етуге мүмкiн­дiктер болды. Мемлекеттiк газеттерде жұмыс iстедiм. Алтынбектей министр досым болды. Бiрақ ешуақытта мансап қуған емес­пiн. Қазiргi «Қазақстан» газетi­нiң алғаш ашылуы мен таралуы Ал­тынбектiң арқасында iске асты. Қазаққа ақиқатты жеткiзетiн газет керегiн айтып, әркез қолдап, қуаттап отырды. Сондықтан ол маған лайық көрген газеттi басқарып қана қоймай, аманатын сақтап келемiн. Бұл үшiн мақтанбасам, өкiнбеймiн.

Бүгiнге дейiнгi тағдырым осы газеттiң бетiнде және онымен бiте қайнап, байланысып жатыр. Өзгемен салыстырсам, жаз­ғанымды жинақтап кiтап шығармаппын. Пәлен том етiп шығарсам да болар едi. Алайда мақалаларым жазылды, одан қандай нәтиже шықты, оны келешек ұрпақ таразылайды. Елуге келiп тағы бiр түйгенiм, «Серғазы Мұхтарбек» дегенде қосып айтатын ешқандай атағым жоқ екен. Журналистер одағының сыйлығын да алмаппын. Бiрақ бiр оқиғадан кейiн, атақ-дәрежеден де бағалы құрмет­тiң барына көзiм жеттi. Оңтүстiктегi бiр жолдасымның үйiнде болғанда, қасымдағы азаматтарды жұртқа атақ-лауазымымен таныстырып жатты. Маған келгенде, қиналып, сипақтап барып : «Би­лiктегiлер оқитынын айтуға қорқатын «Қазақстан» газетiнiң редакторы», – дедi. Отырғандардың арасынан Мархабат Байғұт орнынан тұрып, қолын көкiрегiне қойып, басын идi. Осындай шынайы адами құрметтен асқан атақ жоқ екен. Уақыттың ағымымен жүрдiм, бiрақ көп тындырдым деп кеуде кере алмаймын. Шамамның келгенiнше өзгеге қиянат жасамауға тырысып, адалдықты ту етiп келе жатқан адаммын.

 

(«Жас Алаш» газетіне берген сұхбатынан үзінді.  Серғазы Мұхтарбек: «Ұлтыңды сүйгеніңді билік ұнатпайды». «Жас Алаш» №37 (15599) 13 мамыр, жұма 2011 ж)

Ескерту: сұхбат ықшамдалып алынды.

Abai.kz  

         

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364