Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Әдебиет 27402 0 пікір 24 Сәуір, 2014 сағат 14:38

20-30 ЖЫЛДАРДАҒЫ АБАЙТАНУ

Қазақ әдебиетінің аса қуатты арнасына айналған абайтанудың ғылыми тұрғыдан зерттелу кезеңін үш салаға бөле қараудың қажеттілігі туды.
- Бірінші кезеңі, яғни абайтанудың алғашқы дәуірі ресми түрде баспасөз бетінде 1889 жылдан басталып 1934 жылмен аяқталады.
- Екінші кезең 1934 жыл мен 1961 жыл аралығындағы абайтанудың Мұқтар Әуезов бастаған соңы танымдарының заманымен аяқталады.
- Үшінші кезең 1961 жылдан кейінгі Абай мұрасын тереңдей танып зерттеу дәуірімен жалғасады.

Абай қайтыс болысымен - ақ оның ақын шәкірттері Абай өлеңдерінің тұңғыш жинағын жариялауға кірісіп кетті.

Ә. Бөкейханов пен Кәкітай Ысқақұлы ең алғаш рет Абайдың өмірбаяны мен ақындық өнердегі басты ерекшеліктері, орыс және осы арқылы европалық әдебиетпен қарым-қатынасы алғаш рет сараланып, ақындық кітапханасының жайы біршама анықталғаны бар. Кәкітай Абайдың ақындық өнерге шынымен бет бұрғаны сексенінші жылдар озық ойлы орыс әдебиетімен танысуында жатқанын қадай айтты.

«Қазақ» газеті Абайдың қайтыс болуына он жыл толуына орай қазақ елінің ұлы ақыны Абайдың өмірі мен ақындық өнерін таныту мақсатында ертерек қамданып, арнайы мақалалар циклін жариялауды қолға алды. Газеттің редакторы Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласының жариялануы абайтану тарихына елеулі рухани құбылыс ретінде қабылданды.

А. Байтұрсынов Абай мұрасын исі қазақтың танып білу керектігін уақыт талабы ретінде бағалады.

«Қазақ» газетінде жарияланған М. Дулатовтың, Н. Төреқұловтың мақалалары да Абайды қазақ халқының рухани данасы, жаңа бағыттағы әдебиеттің көш басшысы, шебер аудармашы ретінде танытып бағалауынан авторлардың білім деңгейі биік жатуын көреміз.

Семей қаласында 1918 жылы жарық көре бастаған «Абай» журналында ақын шығармаларын танып білу, халықтық таным тұрғысынан бағалау мақсатында зерттеулік мақалалар мен Абай шығармаларынан үзінділер жариялап жатты.

«Екеу» деген бүркеншік атпен Абай өмірі мен шығармашылығы жайында зерттеулік мақалалар жазған Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов сол кездегі абайтану тарихында ерекше дараланып шықты.

Екеудің «Абай» журналында басылым көрген «Абайдың ақындық өнері мен һәм қызметі» және «Абайдан соңғы ақындар» деп аталатын мақалаларында түйген ортақ танымнан туындаған ойлары, негізінен, Абайдың қара сөздері мен аудармашылық өнеріне әдебиет ғылымы тұрғысынан терең талдаулар жасаған. Өйткені Абайдан кейінгі қазақ ақындарының шығармаларын жанры жағынан талдап жіктегенде Мағжан мен Сұлтанмахмұтты лирик ақындар тобына жатқызса, А. Байтұрсынов мен С. Дөнентаевті халықтық сарындағы ақындар тобына қосады да, Абайдың ақындық дәстүріне еліктеген, шәкірт ақындар ішінен «Осы күнгі ақындардың ішіндегі Абай өлеңіне сырттай болса да ішкі мағынасымен еліктеген кісі Шәкәрім» деп Абайдың дүниетанымына тереңірек бой ұрған ерекшелігін сол тұста-ақ дөп басқан.

Абай мұрасын орыс тілінде танытып бағалауда Ә. Бөкейханов пен ағайынды Белослюдовтер, әсіресе С. Сәдуақасов тарапынан жарияланған мақалалардың Абайтану тарихында өзіндік орны бар, болашақ зерттеу жұмыстарына бағыт-бағдар берерлік өзіндік танымымен ерекшеленетін еңбектер. Абай мұрасын орыс қауымына танытып насихаттауда дер кезінде елеулі үлес қоса білді.

Абайдың әдеби мұрасын тану жолында ақын шығармаларының баспасөзде біршама жариялануы елеулі мәні бар құбылысқа айналды. Бұл әрекеттер өткендегі ресми баспасөз орны мен ішінара ақын өлеңдерін баспасөз арқылы жариялауға ат салысқан адамдардың Абай мұрасына қатысы мен сол жарияланған Абай шығармаларының текстологиялық жайы қалай еді деген сұраққа жауап та бере алады. Абай мұрасының бірегей білгірі академик М. Әуезовтің: «Абайды танудың басы, алғашқы адымдары революциядан бұрын басталған… Абайдың өмірі мен ортасын еңбектерінің әр алуан сипаттарын, өз шамасынша, көпшілікке мәлімдеп отырған үлкенді-кішілі танытқыш сөздерді еске алуымыз керек» – деген пікіріне сай Абай дәуірінде – ақ баспасөзде жарияланған кейбір өлеңдері мен ол туралы азын-аулақ деректердің ақын мұрасын таныту мен бағалауда елеулі мәні барлығы арнайы сөз етуді керек етеді. Бұл жолда азды – көпті еңбек етіп, Абай мұрасын танытуда, бағалауда өзіне тән үлес қосқан: Бөкейханов, Зейнелғабиден ибн Әміре әл-Жауһари әл-Омскауи, Кәкітай Ысқақов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Самат Әбішұлы сияқты революцияға дейінгі қазақ қауымының қоғамдық ой-санасының демократиялық-ағартушылық бағытындағы интеллигенттер тобы еді.

Зейнелғабиден ибн Әміре

Абай шығармаларын баспа арқылы насихаттаушылардың бірі – Зейнелғабиден. Ол Абайдың бір топ өлеңдер топтамасын Кәкітайдан бұрын жариялап, Абай жөнінде арнайы пікір көтеріп, ақын мұрасымен туысқан татар халқын таныстыруға әрекет етті. Оның «Насихат – Қазақия» деген еңбегі Кәкітай бастырған Абай шығармаларының алғашқы жинағынан бұрынырақ жарияланып, Абайды дұрыс тұрғыдан бағалаумен ерекшеленеді. Халықты мәдениетке тартудың жолы ағартушылық деп білгендіктен: «Адам баласы үшін қадірлі, қымбат нәрсе ақыл болып, сол ақылды жоғары басқышқа шығаратын нәрсе ғылым, өнер, мағруф, болса керек» – деп бар өмірін жастарды оқытуға сарп етіп, халықты білім жолын насихаттаумен өтті. «Ақылды, білімді, өнерлі болу тәңіріден деп оны құдай бермесе не қыламыз деген сияқты өріссіз ойларды немесе «Шіркін біздің қазақтан артық халық бар ма» – деп көшпенділікті дәріптейтін пікірлерді Абай қөзқарасы тұрғысынан терістейді. Қазақтың кемшілігі – білімсіздігі мен надандығында деп көрсетуі Абай пікірімен үндес шығады.

Зейнелғабиденнің бұл трактаты – Абай мұрасын насихаттау мен бағалауда революцияға дейінгі әдебиетте өзіндік орны мен белгілі дәрежеде ерекшелігі бар еңбек. Өйткені бұл трактат қазақ әдебиетінің жайы туралы мәселені тұңғыш рет арнайы сөз етіп, айрықша көңіл бөлумен дараланады.

Зейнелғабиден ақындықты үлкен өнер деп танып, оның ұлылығы мен қасиеттілігіне орыстың ұлы ақыны Пушкинді үлгі ете сөйлейді. Өйткені «орыстардың Пушкині қияметке шейін халық тілінде сөйленіп, тарихқа жазылуы», сол сөз өнерінің құдіретіне байланысты деп біледі. Абайға осы тұрғыдан қарап, оның ақындық өнерін аса жоғары бағалайды. Зейнелғабиден қазақтың тіл өнерін татар халқына таныстыруды мақсат еткенде, Абай шығармаларын қазақ поэзиясының үлгісі ретінде ұсынып, оны қазақ поэзиясының ұшар шыңы, жақұты ретінде таниды. Поэзияны Абай қойған талап тұрғысынан бағалауға тырысады.

1908 жылы «Уақыт» газетінің 388 – санында жарияланған «Абай Құнанбаев» деген мақаланы біз Зейнелғабидендікі деп ойлаймыз.

Зейнелғабиден «Насихат-Қазақиясында» Пушкин атының тарихқа мәңгі жазылуының басты себебі, ақындық өнері, құдіретінде деп қараса, бұл мақаласында Абайдың қазақ даласына даңқы жайылып танылуы, ақынның байлығына немесе билігіне байланысты емес, керісінше, оның «тілі, оқушыларын оятатын өлеңдері оны бүкіл атырапқа өзін мәшһүр еткен» ақындық өнерінде деп Абайдың ақындық өнеріне шешуші мән береді.

Мақала авторы Абайды тек ұлы ақын ретінде ғана танымай, оны қазақ халқының ойшылы, білімді кемеңгері ретінде бағалап, Абай туған халқының рухани дүниесімен ғана шектелмей, Батыс пен Шығыстың рухани дүниесінен де терең сусындағанын атап өтеді, Абайдың географиясымен, әсіресе тарихпен кең тұрғыдан таныс, өресі зор білімді кісі болғаны туралы алғаш мәлімет беріледі.

Кәкітай Ысқақұлы

Революцияға дейінгі дәуірде Абайдың өмірі мен әдеби мұрасын танытуда елеулі еңбек еткендердің ішінде Кәкітай Ысқақұлының орны бөлекше. Кәкітайдың Абай мұрасын танытудағы басты еңбегі де Абай шығармаларының тұңғыш жинағын құрастырып жариялауы мен ақын өмірі туралы алғаш рет мәлімет беруінде жатыр. Кәкітай Абай мұрасын жинастырып, бастырудағы тарихи еңбегі жайлы Абай мұрасын зерттеушілер еңбегінде молынан айтылады да, бірақ М. Әуезовтың монографиялық еңбегінде болмаса, басқа зерттеулерде Кәкітай еңбегі сын көзімен қаралмаған. Сондықтан да Абайдың дүниеге қөзқарасының қалыптасуына Е.П. Михаэлистің әсері басым болды деген Кәкітай пікірі абайтану саласында көпке дейін орын алып келді.

Кәкітай бастырған 1909 жылғы жинаққа дейін баспасөзде жарияланған бірлі-жарымды Абай өлеңдерінің бәрі де асыл түпнұсқа қалпында сақталмады.

Кәкітай олқылығы – Абай шығармаларын түгел қамти алмауы демесек, Абай өлеңдерін түрлі тақырыптарға бөліп, жіктеуі сол дәуір жағдайына байланысты қарағанда орынды да. Кәкітай мәдениет пен білімнен кенже қалған қазақ қауымының ой-өрісін еске алып, тақырыптық принципке сүйенуді жөн көрген. Бүкіл қазақ ақындары Абай шығармалары мен өмірбаяны жайлы дерекпен тұңғыш рет Кәкітай арқылы ғана танысты. Кәкітай Абай өмірі мен творчествосына жалпы тоқталғанымен, сол дәуірдің өзінде – ақ Абай жөнінде ойлы пікірлер айта білді. Кәкітай Абайдың шын мәніндегі ақындық өнерге сексенінші жылдары батыл бет бұруының себебі оның орыс халқының озық ойлы әдебиетімен танысуында жатыр деп көрсетуі, Абай творчествосы мен өміріндегі елеулі құбылыстардың төркінін дұрыс аңғара білгенін байқатты. Ақындық дарыны асып туған Абайдың осы өнерге қолын кеш сермеуі, Кәкітай пікірінше, өскен ортасына тікелей байланысты қаралады. Бірақ ел ісіне ерте араласып, халықпен тығыз байланыста болуы арқылы ғасырлар бойы сұрыпталған тіл өнерін терең меңгеруі – Абай ақындығының тербеліп өскен алтын бесігі деді.

Кәкітай мақаласы революцияға дейінгі дәуірде ұлы ақын творчествосының нәр алған арналарына байланысты Абайдың ақындық кітапханасының көлемі жайлы мәселеге біршама бағдар айтуымен де ерекшеленеді.

Сұлтанмахмұт Торайғыров

Абай мұрасын тереңірек зерттеп, танып бағалауда қазақтың талантты ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың пікірлері абайтану тарихында ерекше орын алмақ. Сұлтанмахмұт – Абай дәстүрін творчестволықпен дамыта түсушілердің көрнектісі әрі ақын мұрасының әлеуметтік тамырын тереңірек танығандардың бірі. Ол Абайдың жаңа бағыттағы қазақ әдебиетінің негізін салып, классикалық дәрежеге көтерген еңбегін жете түсінді. Мұндай биік танымға Сұлтанмахмұт творчестволық іздену, азабы мол ақындық жолды бастан кешіру, әдеби тілдің тазалығы туралы заман талабы күн тәртібіне қойып отырған мәселеге жауап беру тұрғысынан келді.

20 ғасырдың басында революциялық қозғалыстардың өріс алуына байланысты бұратана атанған халықтардың ұлттық санасының ояна бастауына қарсы патша өкіметінің саясаты шегіне жете күшейе түсті.

С. Торайғыров Абайдың әдеби тіл үшін күресін терең барлап бағалаушы ғана емес, ол көркем өнердің мәніне материалистік тұрғыдан қарап, Абайдың эстетикалық танымдарын да терең біліп, бағалай алды. Абайдағы эстетикалық ойды өз шығармасына батыл ендірумен бірге оны замандастарынан да талап еткен.

С. Торайғыров өз өмірінің идеялық бұлыңғыр дәуірі кезінде де өткен дәуір мұрасына көз салып, сөз еткенде, өз қатынасын Абайдың эстетикалық танымы тұрғысынан білдіріп отырады. Ол Абай поэзиясы мен өткен дәуір әдебиеті өкілдерінің туындысын салыстырғанда, ақындық шеберлікті ғана өлшем етпей, шығарманың идеялық мәніне баса көңіл бөледі.

С. Торайғыров – Абайдың ақындық дәстүрін дамытушы өнерпаз сөз зергерлерінің алдыңғы сапындағы өнер қайраткерлерінің бірінен саналатын дарынды ақын. Оның туындыларындағы Абай өлең құрылысының іздері мен ақындық тіліндегі көркемдігін сөз бедерлеріндегі абайлық дәстүрлерді анық көреміз. Саяси-әлеуметтік тақырыптардағы халықтық тұрғыдан толғанатын мұң-шері де Абай поэзиясындағы сарынмен өзектесіп жатуындағы рухани туыстықтың өзінде де айтарлықтай сырлар жатыр.

Дереккөз: abay.nabrk.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1521
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3300
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5905