Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 13442 0 пікір 21 Сәуір, 2014 сағат 13:25

РОМАННЫҢ РОМАНЫ

Оқырманды ақтап алмас бұрын, «Қазіргі қазақ романы қандай деңгейде?» деген сұраққа жауап іздеп көрейікші. Жазушы Адам Мекебаев бір сұхбатында кеңес заманында жазушылар романды қаламақы алу үшін көбірек жазғанын айтады.

Солай болса, солай болған шығар. Дегенмен тәуелсіздік жылдары жазылған романдар саны 50-ге жете қояр ма екен? Бұл неден? Роман шынында да қазақты өгейсіп кетті ме? Қайбір жылы Шымкенттің бір қонақүйінен іскер жігіттің қалың кітабын көріп қалғаным бар-ды. Біз жатқан қонақүйдің иесі ме, әлде мейманхананың біраз акциясы өзінікі ме – сондай бірдеңе. Келген қонақ теледидардың жанында тұрған романды көреді. Оқып көріп едім, тісім батпады. 

Ауызды қу шөппен сүртуге тағы болмайды. «Жармақ», «Қылкөпір», «Аяз би», «Ән салуға әлі ерте», «Жаңғырық», «Қараөзек», «Мешкей», «Алаң», «Қаһарлы Алтай», «Туажат», «Тар кезең», «ХХ ғасыр», «Гүлдер мен кітаптар», «Талтүс», «Мұнара», «Ай қараңғысы»... Мағауиннен тартып, жасы 40-тан асқан Нұржан Қуантайға дейінгі әдебиет өкілдері еңбектеніп жатыр. Жас буыннан Лира Қоныстың – «Құлпынай қосылған балмұздақ», Арман Әлменбеттің «Мимырты» бар. Әрине, сан қуып қажеті жоқ. Бірақ қазақ әдебиеті, оның ішінде қазақ романы бұйығы, өзімен-өзі тіршілік кешіп жатыр. Сөрелерімізде – қайта-қайта жаңғырып шыға беретін классикалық шығармалар. Онда да, баспалар бірін-бірі қайталай береді. «Ұлпан» төрт баспадан шықты, «Оянған өлке» 1980 жылдан кейін жарық көрген жоқ. Одан қалса, Бегбедер, Ахерн, Мураками, Вебер, Топольдар тұр қаптап. Пелевин және бар. 

Бүгінгі қазақ романы қандай? Ол әлем әдебиетінің қарқынына қаншалықты ілесіп келе жатыр? Осы сұрақтарды жазушыларға, жас әдебиетшілерге көлденең тарттық. 

 

Асқар АЛТАЙ: Романның  «жаназасы»

– Әдебиет туралы әңгіме бола қалса, алдымен романның «жаназасы» туралы сөз қозғалады. Бұл өзі әлімсақтан қозғалып келе жатқан, әбден жұртты мезі еткен тақырып. Бірақ роман – сонау Гомер заманынан динозаврдай өлі қанқасын түрліше құбылтып, заман бедерінде түлкідей құбылып, әлі өлмей келе жатқан жанр. Бір кездегі эпостық әлем күні бүгінге дейін феникс құстай түлей тіріліп, тотықұстай таранып, жүйрік аттай жарап, әдебиет майданында бәйгенің алдын бермей-ақ келеді.

Әлбетте, неге?

Адамзат барда – роман бар. Эпосқа жүк боларлық адам тағдыры анда­ғайлайды. Бар құпия осында, сондықтан да адамзат мифы қилы да қиян қоғам­мен әдеби әлем ретінде қатар өмір сүре берері хақ. Роман, ұлы Ахаңның (Байтұрсынов) айтуынша, бар-жоғы – әңгіме. Иә, «ұлы әңгіме». Ал адам жүрген жерде әңгіме пәлсапаланып, өсек өре жөнеледі... Романда толқын-толқын болып туып отырады.

Әр тағдыр – бір роман. Кез келген пенденің қысқа өмірі – ұзақ эпос, ұзын әңгіме. Олай болса, эпос жыры ғұмыр бойы жырлана бермек.

Д.Исабековтен – Нұржан Қуан­тайұ­лына дейін, Т.Әсемқұловтан – Дидар Амантайға дейін, Ж.Қорғасбектен – Қанат Қиықбайға дейін ұзаған көш салқар құс жолындай жалғаса бермек... Тек жаңа есімдермен толығып, қазақтың асыл сөз сорабы молығып отырары кәміл. Интернет тұрмақ, итжеккен әлем қайта айналып келсе де, адамзат рухы голограмма әлеміне өтіп кетсе де, ол туралы эпос жаңғыра жазылады. Жанр да жалғасады. Әр заман мен қоғам өз қаламгерлерін, өз эпосын тудырады. Ол және өз оқырманы санасына тайға басқан таңбадай бедерленеді. Бұған кәміл сеніңіз.

Әлбетте, фабула кемпірқосақтай құбыла жол іздейді. Толстой толғаған, Әуезов алқаған эпос формасы сығымдалары хақ. Сөздің сөлі мен сюжеттің мәні екшелері сөзсіз. Ал фабулалық ізденісте шек жоқ, ол ескіре қаудырлаған қабығын қараған арасына сыпырып тастайтын жыландай, үнемі түлейді де отырады. Түлен түрткен пендені әр қырынан суреттеуге тырысады. Оқырманын сөз сиқырымен, ой қисынымен ірейді де отырады... Ол алғаусыз ақиқат, ол алмастай анық.

Сынаптай сусымалы жанр сүлейінің  «жаназасы» – жаңғыру...  

 

Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ:  Бізде формалық ізденіс аз

– «Роман» дегенде, ең алдымен бұл қазіргі күндегі ең өнімді жанр еместігін ескеруіміз керек. «Қазіргі қазақ романы» дегенде Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптары», Мұхтар Мағауиннің «Жармағы», Айгүл Кемелбаеваның «Мұнарасы» алдымен ойға оралады. Өйткені бұл шығармаларда постмодернистік сарын бар, бұрынғыларға ұқсамайтын, формалық ізденістер байқалады. «Гүлдер мен кітаптар» эстетикалық, философиялық сипатымен құнды болса, «Жармақ» қазіргі қазақтың екіге жарылған образын, біздің кері кеткен қоғамды анық көрсетті, «Мұнара» замандасымыздың бейнесімен қымбат. Таласбек Әсемқұловтың «Талтүсі», Смағұл Елубайдың «Жалған дүниесі» дәстүрлі романның лайықты жалғасы деуге болады. Соңғы кезде біз тұшынып оқыған дүниелердің ішінде Тынымбай Нұрмағамбетов, Төлен Әбдік, Асқар Алтай, Роза Мұқанованың шығармалары болды, бірақ олардың көбі хикаят пен әңгіме. Көлемді жанрда, әрине, Қажығұмар Шабданұлының «Қылмысын» ұмытуға болмайды. «Түрмеде жазылған әдебиет», «мемуарлық роман» деп аталып жүргенімен, ол бір адамның ғана емес, күллі қоғамның жай-жапсарынан хабар беретін туынды ретінде бағасын да алды. 

Біздің беткеұстар қаламгерлеріміз, шыны керек, қазір естелік жазуға көшіп кетті. Әлі күнге «жас» делініп келе жатқан Дидар Амантайлар айналасында қалың роман шығаратын қуатты лек көрінбейді. Отыздың айналасындағы буын роман жазатын деңгейге әлі көтерілген жоқ. Бәлкім, көтерілген де шығар, 25-тің айналасындағы бір-екі жігітті «роман жазды» деп естідік те, бірақ кітаптары қолға түспеді, анау деп пікір айту қиындау. 

Роман бір қарағанда заман қарқынына ілесе алмайтын жанр секілді көрінеді. Бірақ әлемдік кеңістікке қарасақ, қазір атағы жер жарып жүрген жазушылардың бәрі роман жазады. Ол романдары бестселлерге айналып, желісімен кино түсіріліп жатады. Әрине, сол Коэльо, сол Вербер, Ахерн, Вишневский, Муракамилердің бәрі керемет данышпан, ғажайып суреткер, әлемдік әдебиетті алға жылжытқан алапат тұлға емес шығар. Ортанқол ғана жазушылар. Бірақ дүкендерімізде солардың кітаптары ғой. Қалтасын қағып, сатып алып «дауыс беретін» және біздің оқырман ғой. Ұлы мұрат, терең әдебиет, интеллектуалды әдебиетті былай қойғанда, бізде «көпшілікке арналған», коммерциялық әдебиет тиісінше дамып жатыр деп айта алмаймыз. Мені сол алаңдатады. Мұхтар Мағауиннің «Шыңғысханына», Асқар Егеубайдың «Жүсіп Баласағұнына» қалың көпшілікті қалай қызықтырамыз? 

Әдебиет аңыздан басталған, аңызға қайтып келеді. Баршаға мәлім ақиқат осы. Өз басым қазіргі қазақ романдарынан сондай тылсым дүниелерді іздеймін, іздеймін де, таппаймын. Латын Америкасы, Шығыс Еуропа, жапон жазушыларының «көзірі» болған ұлттық фольклор, көне аңыз-сарындарға жүгіну сияқты құбылыстардың бізде жоқтығы ойландырады. Ғылыми-фантастикалық, философиялық романдардың, детективтердің жазылмай жатқаны, қысқасын айтқанда, формалық, жанрлық тұрғыда ізденістің аздығы қынжылтады. Бір білетінім, біздің замандастарымыздың, бүгінгі күннің кейіпкерлерінің бейнесі бедерленбей жатқаны шындық. Және көкелер, ізденіс керек. Қазіргі роман – бір кездегідей 25-30 жылдап жазылатын роман емес, әбжілдеу болсақ...

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ: Роман табиғатын танымай келеміз

– Жалпы, «қазақ романы» деген та­қы­рып кең тоқталып, ұзағынан толғауға жа­рағанымен, «бү­гінгі қазақ романы» деген сауалға азырақ тосырқай қарайсың. Себебі «Роман деген не?» деген сауалға қайы­ра жауап беруге тура келдік. Жиыр­ма­сыншы ғасырдың басында Әлихан Бөкейханов «Роман деген не?» атты мақала жазды. Алғашқы қазақ романы «Бақытсыз Жамал» дейді. Оған өзіндік пікір айтады. Содан бері бір ғасыр уақыт өтіпті. Мы­салдан басталған қазақ прозасы екі, үш, төрт кітаптан тұра­тын (диология, трилогия, тетрология) романдарды жазу­ға дейін өсті. Осылардың даму деңгейін жүйелеп, қай жазу­шы қандай әдіспен, қай ағыммен жазғанын бізге жайып салатын зерттеулер жазылмады. Тек сыни мақалалар бар. Біздің проза орыс жазушыларының дәстүрімен, социа­листік реализм негізінде дамыды. Жүсіпбек, Мағжан, Бейім­бет прозаларына тән натурализм Бердібек Соқпақ­баевтың кезінде қайта оянғандай болды. 

Алпысыншы-жетпісінші жылдарға дейін романдар кө­лем­ді жазылса, одан кейінгі жылдардан бүгінге дейін жал-құйрығы қысқарып келеді. Оны оқырмандармен де бай­ланыстырып жатады. Бірақ ол оқырманнан гөрі әдебиеттің өзіне көп байланысты. Әдебиеттің даму жолы  сол қыс­қалыққа әкеледі. Аз сөзге көп мағына сыйдыру терең бі­лімнің, ізденістің белгісі болса керек. Мәселен, Борхестің новеллалары романдардың жүгін көтереді. Әлем әдебиетін оқып алып, солардың негізінде шығарма жазып, қанша жерден «бұл әлем әдебиетінде бар үрдіс» деп дәлелдеуге тырыссаң да түк өнбейді.  Сондықтан әлемдегі роман үлгілерімен жазғымыз келсе, әдебиетшілер шын маманға, шын әдебиетшіге айналуы керек. Интеллектуал болуы керек. Ал біз шаласауаттымыз. Біздің бүгінгі әдебиетті тұсаулап тұрған да – сол шаласауаттылық пен сауатсыздық. Ондай шығармалар жазу үшін теориялық негіздер керек. 

Қытайдан келіп оқып жатқан Айдос Амантай деген бауырымыз «Айдос-Шолпан» деген романды қытай тілінде жазды. Қазір қазақ тіліне аударылып жатыр. Бұл романды толық оқи алмадық. Тек алғашқы тоғыз әңгімесімен (бұл бір-бірімен кеңістік пен уақыт арқылы байланысатын әңгімелерден тұратын роман) таныстық. Тілі дәстүрлі, формасы постмодернистік шығарма. Көне сақ дәуірі мен бүгінгі күннің арасында ғұмыр кешетін аттары бір кейіпкерлер. Егер біздің елде шығып жатса, көпшіліктің қызығушылығын тудыратын роман болады деп ойлаймын.

«Мимырт» романын жазған Арман Әлменбет – бүгінгі күні роман жазған ең жас автор. Жиырма екі жастағы жас жазушы үшін бұл өте лайықты шығарма. «Мимырт» роман ба, әлде повесть пе?» деген сауал бар. Ағалардан Жүсіпбек Қорғасбектің – «Үлпілдек», Асқар Алтайдың «Туажат» романдары көп айтылған, жастардың оқыған шығармалары болды. 

Нұржан Қуантайұлы: «Қазақ әдебиеті шығармашылықтың жаңа бір белесіне шығудың аманатын арқалап тұр» деген болатын. Сол аманат қиянатсыз өтеліп, қазақ романы жаңа белеске шығар деп үміт қыламыз. 

«Мимырт» – баянсыздық пен жалғандық»

Жас жазушы Арман ӘЛМЕНБЕТТІ өз шығармасы туралы әңгімеге тарттық. 

– Бұл туындыңды жазуға қашан тәуекел еттің? Іштей өзіңді дайынмын деп есептедің бе?

– 2011 жылы әріптесім, журналист На­зым Дүтбаева жолдасынан естіген бір әңгімені айтып берді. Республикамыздың бір түкпірінде мал бағып жүрген қойшы белгісіз себеппен қаза тапқан, оның өлі­мін сол кездегі тергеуші анықтай ал­май, кейін бір тәжірибелі тергеуші келіп, абай­сызда оқ атқан «қылмыскерді» тауыпты... Осы оқиғаны естігеннен кейін іштей дайындық басталды. Келесі жылы «бастап кө­рейін» деп жазуға отырдым. Бірақ қо­лым жүрмей қойды. 2013 жылдың басында өзімше киносценарий етіп бастап көрдім, болмады. Ақыр аяғында төртінші нұсқасы ма, әлде бесіншісі ме екен, жазылып бітті. Тәуекел етуіме ақын ағаларым Тоқтарәлі Таң­жарық, Серікбол Хасан себепкер бол­ды. Біреуі «жаза аласың» деді, екіншісі «жаз» деді. Бірақ тәуекел ету оңай болған жоқ. Ал бастап кеткен соң, шегінерге жол қал­мады.

– Роман атауы «Мимырт» болғанымен, оқиғалары тым қауырт. Үш бөлімде – үш тағ­дыр. Оларды тоғыстыру, бір заманның адам­дары ретінде суреттеу қаншалықты ауыр болды?

– Әуелде романды «Оқиға» деп ата­мақ­­шы болғам. Кейіннен «Мимыртқа» тоқ­тадым. Бірақ жұрттың көбі құптай қой­мады. Мимырт сөзі баяулықты біл­діретінін алға тартады. Менің ұғы­мым­да мимырт сөзі тек баяулықты ғана емес, баянсыздық пен жалғандықтың азабын да білдіретін секілді. Дәулетбек Байтұр­сынұлы ағамыз «Мимырт тірлік деген тіркес бар, мимырт – адамның әлденеге риза болмаған көңіл күйін де білдіреді» деп күмәнімді сейілте түсті. Сонымен, «Мимырт» атанып кетті.

Үш бөлімдегі адамдардың бәрін мен өмірде танимын. Оқиғалар да өмірден алын­ды. Бір кейіпкердің өмірде үш про­тотипі бар болуы мүмкін, сондай-ақ оқиғалар да әр тағдырдан алынды, бірақ қалай болғанда да барлығы дерлік бар. Ойдан шығарылған бір жер бар болса, ол – полковниктің әйелді ұрлап әкететін жері ғана. Олай жоспарламап едім, өз­дігінен солай болып кетті... Осы үш тағ­дырды тоғыстырудың түк қиындығы бол­ған жоқ. Тек әр бөлімді бастау мен аяқ­тау мәселесі тұрды. Бірақ бұл ең алдымен шешілген, ең қызықты мәселе болды. Бұдан соң жазу деген азапты жұмыс басталды. Бір заманның адамдары етіп суреттеу де онша қиынға соға қойған жоқ, өйткені мен жоғарыда айтқанымдай, өзім танитын, көрген адамдарды жаздым. Үш кейіпкердің кеңістік пен уақытқа қатысты байланыстары пойыз өтетін темір жол мен оқтың атылған жарым секундына ғана тіреліп тұр. Морж – Әділханды, Әділ­хан полковникті романның ішінде көр­мейді де. Полковник Моржды тек қана еске алады. Ал Әділхан мен полковник кез­десерде роман бітіп қалады. Логикалық қатеден, географиялық атаулар мен уақыт ре­тінен жаңылысып кетпеуден барынша сақтандым. Әзірге ондай қате таптық деген адам жоқ.

– Шығармаң оқырманға жол тартты. Пікір­лер жазылып жатыр. Жақсы пікірлер көп. Қазір өзің қарап отырып, шығармаңның қандай жетістігін және кемшілігін аңғарасың?

– Шынымды айтсам, «Мимыртты» жазу үшін жеті-сегіз ай бойы үздіксіз жұ­мыс істедім. Тек... Былтыр «Қазақстан» ар­насынан көрсетілген «Ас мәзірі» деген бағдарламаға редактор болғанмын. Сол кезде екі аптадан астам уақыт жазу тоқтап қалды. Есесіне оның да қайыры болды, Кү­ресбектің жүріс-тұрысын сондағы бір кісі­ден алдым. Бұл кезге дейін екінші бө­лім­мен әуре боп жүргенмін (Алдымен «Уәде» бөлімін жаздым).

Айтпағым, осындай бірді-екілі үзіліс­тер болмаса, қалған уақытта күн сайын жоқ дегенде алдыңғы жазғанымды оқып, түзеп отырдым. Оның үстіне, жазу деген жазарға отырғанда ғана болмайды, оған дейін де басқа шаруаларды істеп жүргенде ойлана жүресіз ғой. Асығып бітіре салуға тағы болмайды, жазбай, орта жолдан үзіп тастауға тағы келмейді, көнесің – басқа шара жоқ. Осындай бір шығармашы­лық­тың азабы өтіп кетті-ау деймін, жазып бітіре сала, баспаға өткіздім, содан бері «Ми­мыртты» оқығаным жоқ. Бір жағы, оның қалай жазылғанын жақсы білген­діктен, бір бүтін дүние ретінде қабылдай алмайтын сияқтымын.

Әдебиеттанушы Кенжебай Ахметов «Мимыртты» оқып шығыпты. Біраз сын айт­ты. Бірақ сынына «Мимырт» туралы бір ауыз сөз қоспай айтты. «Пәлен деген бір ағаң бар, егер көбірек оқып, білім жи­нап алып барып жазса, мықты жазушы бо­лар еді, бірақ барымен базар болып жаза береді» деді. «Мен туралы да айтып отырсыз ғой» дедім ішімнен. «Әдебиет де­ген ақыл айту емес, барды көрсету, ақыл­ды оқырман өзі алады» дегенге кел­тірді. «Рас-ау» деп қойдым ішімнен. Ішім сезетін кемшіліктерді Кенжебай ағам осындай даналықпен жеткізді. Даналық емей не?  

– Әлем әдебиетінде, қазақ әдебиетінде ро­манның классикалық үлгісі деп қай шы­ғар­маны атар едің?

– Біздің заманымыздың қаһар­маны­нан кейін жазылған романдардың қай-қайсы болса да одан айналып өте алмай­тындай көрінеді. Өзімізде «Ботагөз» бен «Өлгендер қайтып келмейді» жазылу жа­ғынан озық тұр ғой деп ойлаймын. Ал маз­мұн жағынан мен үшін «Көкбалақтың» шоқ­тығы биік.

Дерекөзі «Айқын» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5387