Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 5674 0 пікір 28 Сәуір, 2010 сағат 03:19

Мұхамеджан ТАЗАБЕКОВ:Дін жайлы пікір өзгергенімен, дін өзгермейді

Есімі ел аузына ертерек ілінген Мұхамеджан Тазабеков. Кәдімгі сіз білетін айтыскер. Қазіргі ислами-ағартушылық «Асыл арнаның» басшысы. Мұхамеджан мырза www.abai.kz ақпараттық порталының оқырмандарына арнап берген сұхбатында «анық Исламға һәм сүннетті міндет деп білген жұрт санасына селкеу түсіруге тырысушылық болған, бола да береді» дейді.

Кейінгі кездері сіз басқарып отырған «Асыл арна» мен өзіңіздің жеке басыңызға ақпараттық шабуыл жиілеп кеткендей. Мұның себебі неде деп ойлайсыз? Кімнің аяғын басып кеттіңіз?

Есімі ел аузына ертерек ілінген Мұхамеджан Тазабеков. Кәдімгі сіз білетін айтыскер. Қазіргі ислами-ағартушылық «Асыл арнаның» басшысы. Мұхамеджан мырза www.abai.kz ақпараттық порталының оқырмандарына арнап берген сұхбатында «анық Исламға һәм сүннетті міндет деп білген жұрт санасына селкеу түсіруге тырысушылық болған, бола да береді» дейді.

Кейінгі кездері сіз басқарып отырған «Асыл арна» мен өзіңіздің жеке басыңызға ақпараттық шабуыл жиілеп кеткендей. Мұның себебі неде деп ойлайсыз? Кімнің аяғын басып кеттіңіз?

-  Қай кезде де жақсы нәрсенің бірден қабылданбайтыны белгілі. «Асыл арна» телеарнасы біздің қоғамда қарды жарып шыққан гүл секілді, бұлттан шыққан күн секілді болғандықтан, ел назарын бірден өзіне аударды. Халық Алланың осындай сыйын, мейірін қабыл алуға лайық болды ма, болмады ма, білмеймін. Бірақ тосын қабылдағаны анық. Жанашырлықпен де, білместікпен де әртүрлі пікірлердің айтылып жатқаны да рас. Сынаушылардан көрі қуанушылар, шүкіршілік қылушалар көп. Сондықтан қазір «Асыл арнаға» қатысты қандай пікір айтылса да, сіз айтқандай ақпараттық шабуыл жасалса да, барлығына түсіністікпен қарауға тырысамыз. Себебі, біздің ниетіміз әуелі Аллаға мәлім. Екіншіден, алға қойған мақсатымыз өзімізге де, өзгеге де пайдалы екеніне толық көзіміз жетіп отырғандықтан, ондай сөздерге аса мән бере қоймаймыз. «Білмегенді кешірмесең, білгендігің қайда?» деген бабалар өсиеті бар емес пе?

 

Ислам насихаты - пайғамбарлардан мирас болып келе жатқан нәрсе. «Асыл арнаның» мақсаты - қазақ жұртына керекті жақсылықтарды жеткізу. Оның ішіне имандылық та, мейірімділік те, ізгілік те кіреді. Осы тұрғыдан алғанда, біз туралы қаттырақ айтып жатқан бауырларымыз болатын болса, бізге деген жанашырлықпен айтып жатқан шығар, бізді бұдан да жақсы болса екен деген ниеттес пейілі шығар деп есептеймін. Ал артық кетіп жатқан жерлері болса, жеке басымыздан, біздің атқарып жатқан жұмысымыздан, рухани болмысымыздан толық мағлұматы жоқтығынан деп ойлаймын. Әрі біз біреудің аяғын басып, біреуге кедергі келтіретіндей сипатта емеспіз. Өйткені, біз өмірде қандай жағдай туындаса да, мәселенің шешуін әуелі Құраннан, сосын пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сүннетінен іздейміз. Ал сол пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алладан келген ақиқатты адамдарға жеткізе бастағанда да барлық жұрт бірден құшағын ашып, Исламды рухани темірқазығы етіп ала қойған жоқ. Егер адамзаттың абзалы Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) басқа тұрмақ туған-туыстырының өзі сенбей, «бағытымызды бұзып жатырсың» деп кінә артқан болса, жетпіс жыл бойы рухымыз тапталып, намысымыз жаншылып, бір біріміздің етегімізден тартуға әбден етіміз үйреніп, қазақ екенімізге, мұсылман екенімізге ұялатындай жағдайға жеткенде, «Асыл арна» секілді телеарна шығып, рухани өзегімізді сонау тамырынан көктеткісі келіп, жақсылықтарға жаршы болып жатқанда да кейбір адамдар мен топтардың бізге негізсіз сын айтуына да түсіністікпен қарауға тиіспіз. Өйткені, біз күнәсі мен кемшілігі жеткілікті көп бейбақ пенденің біріміз. Ілгеріде бір ғұлама «Я, Раббым! Сенің міндеттеген құлшылықтарыңды лайықты түрде жасай алмай жатырмыз. Сенің уәде еткен жәннатыңды тек сен жіберген сынақтарға сабыр қылу арқылы ғана үміт ете аламыз» деген екен. Сондықтан, кейде біреуден артық сөз естімесек, көңіліміз ренжитін көріністерге көндікпесек, пендешіліктер мен күнәлардан қалай арылмақпыз?

Әрі қазіргі қоғамда өзгеден қатты сөз есту үшін кінәлі болу шарт емес. Сондықтан, біз жайлы қисынсыз сөздерді жан даусы шығып айтып жатқандар болса, оларға айтарым - Құранда Алла Тағала «Білімің болмаған нәрсенің соңына түспе» дейді. Бір адам жайлы пікір айту үшін сол адаммен бірнеше мәселеде сыналуың керек: ұзақ сапарда бірге болған болуы керек, сауда-саттықта, дүние мәселесінде сыналуы қажет, көрші тұрған болуы керек немесе шәкірт болып, ілім үйренген болуы тиіс. Ал бізге қатысты айтып жүрген адамдарды мен осы қағидалардың ешқайсысына сиғыза алмаймын. Олар да елдің қамында жүрген азаматтар ғой. Қайталап айтайын, жанашырлықпен, бірақ білместіктен айтып жатқан сөздері болар.

Қазір қарапайым жұрт «ойбай анау уахаб, мынау сопы» деп сол сөздердің мағынасын білмей жатып үрейленетін болды. Таратып айтып беріңізші. Бұл қайдан шыққан «терминдер»?

-  Бұл «терминдер» жайлы айтпас бұрын біз кейбір қағидаларды және дін жолында ұлы ұстаз болып өткен Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінен хабардар болуымыз қажет. Сонда көп нәрсенің жауабы өзінен өзі шешіледі. Қарапайым халықты ақиқат жолына түсірмеу үшін Ислам дұшпандары адамдарды қорқытатын идеологияларды ойлап табумен келеді. Осы тұрғыдан алғанда, біз Алламызды дұрыстап танымай жатып, дінімізді өзіміз бекем ұстанбай тұрып, біреуді кінәлауға, біреуден кінә іздеуға асықпауымыз керек. Төңірегімізден жау іздеумен айналысатын болсақ, әлбетте көп мәселеден кенде қаламыз. Өйткені, өз ішкі дүниемізге өзіміз үңіліп, өзімізді, сыртқы дүниемізді түзетуге уақыт қалмайды.

Қазақстанның негізін құрайтын - мұсылман қазақтар. Сол мұсылман қазақтың көбеймеуі үшін, алауыз болып, ынтымағы болмай, бір-бірін дұшпан тұтуы үшін сыртқы күштердің атсалысатыны бесенеден белгілі. Сондықтан, мұндай «терминдердің» шығу тарихы әуелі сыртқы дұшпандардың айла-шарғысынан болса, екіншіден, өзіміздің дін қағидаларын білмеуімізден. Мәселен, көшеде кіндігін ашып бара жатқан кез-келген бір қызды мен жезөкше деп кінәласам, қай қисынға сияды? Сол сияқты сақал қойған, дін ұстанған адамды өзіңе ұнамаған сипаты үшін «оңбаған уахаб, артта қалған сопы» деп айдар тағып кінәласақ, ертең Алла алдында жауап беруге тура келеді. Ал ондай сөздерді біреулерді арандату, араларына от жағу мақсатында айтатын болса, оның күнәсі одан бетер көбейеді. Сондықтан бізге көлеңкемізден қорқып, көп ішінен жау іздегеннен көрі адамдарға ақиқат жолдың абзалдығын айтып  немесе өз иманымызды көркемдеумен айналысқанымыз жақсы.

Жақында «Үш қиян» газеті «Асыл арнаны» сәлафилік сарындағы теларна екеніне дәлел келтіріп жатудың қажеті жоқ» деп жазды. Бір автор сіз бен Шорабек Айдаровты «қып-қызыл уахаб» деп атады. Шыныңызды айтыңызшы, бұл не қылған парадокс? Өзіңіз уахаб, телеарнаңыз сәлафи...

-  «Үш қиян» газетін қолыма түскенде оқып тұрамын. Ұлттың болашағы үшін күйзелетін, қазақ мәдениеті, руханияты үшін барын салатын жігіттер басылымның басы-қасында жүрген секілді. Бірақ дін мәселесіне келгенде толық білмейтін, толық зерттемеген жайттары туралы асырып жазатынын жоққа шығармаймын. Ал мен туралы «қателігі болса, түзелсе екен, жақсылығы болса, одан сайын артса екен» деген жанашырлықтары болса, Алла разы болсын. Осы ниетпен жазатын шығар деп ойлаймын. Ал мені бір жамандықтан сақтандырғысы келіп жүрсе немесе мені адасып жүр деп ойлап, тура жолға салғысы келсе, әуелі өзіме жолықсын, пікірімді тыңдасын. Мен бір созып қол, жүріп аяқ жетпейтін адам емеспін. Сөйтіп барып ойларын тиянақтаса, дұрыс болар еді деп есептеймін.

Бұл жағдайға байланысты бір мысал еске түседі. Ілгеріде бір кісінің

үйіндегі балғасы жоғалыпты. Әрі іздеп, бері іздеп таппай, көрші үй жаққа қараса, көршінің баласы көзіне түсіпті. Әлгі бала өз-өзінен қуыстанып жүргендей көрініпті. «Балғамды осы бала алды ма екен?» деген ой келіпті оған. Өйткені бала сабырын жоғалтып жүргендей де болып көрініпті. Тағы біраз жіті қарағаннан кейін «балғамды алған анық осы бала» деген ой түйеді. «Бұл баланың айыбын бетіне басайын» деп қадам баса бергенде балғаны қайда қойғаны есіне түсіпті. Сөйтіп, балғасын өз үйінен тауып алып, көрші баласына қайта қараса, тіпті де ұры кейпінде емес, тып-тыныш жүрген бала болып көрінеді. Сонда әлгі адам өз-өзінен ұялған екен. Сол секілді бір адам екінші адамнан жамандық, қате іздеп тұратын болса, шайтан лағнетолллаға да керегі сол. Сізге «ол адам - анық сондай жаман адам» деп жүрегіңізді мөрлей түседі. Онсыз да аз қазақты қалай біріктереміз, өз дініне, мәдениетіне қалай қайтарамыз деп жүргенде, шайтан жаман ой салу арқылы жауластырып жібереді. Ал газет тілішілерімен ешқандай бас араздығым жоқ. «Қып-қызыл уахаб» деп айтатындай бұл тақырыпта сөйлескен кісім емес. «Асыл арнаның» сәлафилік сарындағы теларна екеніне дәлел келтіріп жатудың қажеті жоқ» деп сарқылып жазатындай олардың ешқайсысы телеарнада бір сағат жұмыс істеп көрген жоқ.  Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) Меккеде уағыз айтып бастағанда, «ол - анық сиқыршы, бұған дәлел келтіріп жатудың керегі жоқ» дегенді өз туыстары айтқан еді. Бірақ солар кейіннен ақиқатты мойындады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзіне сондай сөздер айтылған болса, Расулаллаһтың (с.ғ.с.) қасында біз кімбіз? Қандай пікірді болса да, сөзді болса да естіп жүруге мойынсұнған Алланың бір құлымыз да.

-   «Үш қиян» демекші, осы басылымның жазуынша, сіз салт-дәстүрге қарсы адам екенсіз...

-  «Кісі танымағанын сыйламас» деген. Мұндай пікірді «Асыл арнаны» көрмек түгілі көргісі келмейтін адамнан ғана естуге болады. Әйтпесе, 13-14 жасымнан бастап қазақтың салт-дәстүрінің ішінде төлтумасы айтыстың рухани деңгейін көтеруге қызмет еткен болсам, Жамбылдың рөлін ойнап, қазақ кино өнерінде кішкентай болса да із қалдырған болсам, «Асыл арнада» өнегелі аналарымызға арналған «Шуақты аналар», ұлтты тәрбие бесігінде тербеткен қыз-келіншектерге бағытталған «Ақ жаулық», «Иман гүлі» бағдарламасын ашқан болсам, қазақтың құсбегілік, атбегілік және қолөнершілері жайлы «Салтыңды сақта, дәстүріңді дәріпте», адам баласы өмірге келгеннен дүниеден қайтқанға дейінгі жөн-жоралғылар жайлы «Рухани өмір», жас ұрпақтың бойында ұлттық сипаттарды сақтауға байланысты «Болар елдің баласы», «Айна» және Ислам қағидаларымен біте қайнасқан, бүтіндей қазақы өмірдің қайнарына айналып кеткен құндылықтарды насихаттайтын «Ислам және мәдениет» секілді арнайы бағдарламаларды жарыққа шығаруға атсалысқан болсам, яғни, қазақтың бүкіл дәстүрін көгілдір экраннан күнде насихаттап жатқан болсам, онда мен қалай салт-дәстүрге қарсы адам боламын? «Салт-дәстүрге қарсы адам» деп аруаққа сыйыну мен сыйлаудың арасын ажыратуға қатысты, ырым мен ақиқат сенім жайлы араласып кеткен пікірлерді ажырату жайында айтқандарым үшін айтып жатса - жаңсақ сөз. Біз Аллаға сыйынып, аруағын сыйлаған халықпыз.


-   Әулие, аруақ жайлы. Сіз айтқан сыйыну мен сыйлаудың ара-жігі қай жерден ажырау керек? Мысалы, Бекет ата, Райымбек батыр басына барып жатқандар бар ғой.

- Жалпы, Алланың әулиелері - бар. Олар қай кезде де болған, қиямет күніне дейін бола да береді. Оған дәлел Құран және сүннетте жеткілікті. Уәли - «Аллаға жақын, Алланың досы» деген сөз болса, әулие - «Алланың достары» деген мағына береді. Яғни, көпше түрде. Әулие ғана емес, жай адамның қабірін зиярат ету де сауапты амалға жатады. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «бұрын сендерді қабірге барудан тыйған болсам, енді қабірді зиярат етуге рұқсат етемін» деді. Бұрын тыйып, кейін неге рұқсат берді? Өйткені, Ислам қанат жаймай тұрып, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) адамдарды өлген адамға сыйынып кетуден сақтандырды. Ал адамдар Исламды түсінген кезде қабір басына баруға рұқсат етті. Өйткені, Расулаллаһ (с.ғ.с.) бізге қабірге баруда екі нәрсені мақсат етіп берді. Бірінші, қабірге барып, өлген адамға дұға қылу, Алладан оның жарылқануын тілеу. Екінші, қабір басына барып, ақыретті еске түсіру, пенделік көкірегіңді пәсейту, өмірдің қайда барып тірелетінін, өлім деген екі дүние арасындағы есікті ойлау. Сол арқылы Құдайға деген құлшылығын арттыру. Ал жай адам немесе әулие түгілі Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өзінен жәрдем тілеу, сыйыну - Исламда тыйым салынған. Алла Тағала қасиетті Құранның бәрімізге белгілі «Фатиқа» сүресінің соңғы аятының соңғы сөзінде «до лин», яғни, «адасқандардың» жолынан бізді сақта дейді. Адасқандар деп отырғаны кімдер? Христиандар. Ал олардың адасуының ең басты себебі неде? Христиандар Исаны (а.с.) Құдайдың баласы деп пайғамбарға сыйынып кетті. Пайғамбарға сыйынуды Алла Тағала адасқандар десе, жай адамға сыйыну деген тіпті сорақылық болмақ. Әлемде Исламнан артық аруақты сыйлайтын дін жоқ. Себебі, мұсылманшылықта тірі адамнан көрі өлген адамды ғайбаттау ауыр саналады емес пе? Тірі адамның сыртынан нашар сөз айтсаңыз, кешірім сұрап, татуласуға болады. Ал өлген адам жайлы ауыр бірдеңе айтсаңыз, онымен ақырет күнінде Алланың алдында бір-ақ жолығуға, есептесуге тура келеді. Біз құрметі биік Бекет атаның өзінен жәрдем сұрағаннан көрі, ол кісінің артына тастап кеткен өсиетінен азық іздегеніміз дұрыс. Өйткені, Бекет ата қазақ тарихындағы өте үлкен тұлғалардың бірі. Қиян-қыстаудан, жалаңаш-жартастардан «Алланың дінін сақтап қалайын, ұрпағымды иманнан ажыратпайын» деп мешіт, медресе салды. Ал біз сондай амал жасамақ түгілі, үйіміздің іргесінде салынып, жылы су ағып, едені жылып тұрған мешітке бас сұғуға ерінеміз. Бабалар жолына, бабаларға деген адалдығымыз осы ма? Бабаларымызды сыйласақ, олардың аруағын құрметтесек, олар бізге не айтқысы келді? Олар қалдырған өсиеттердің үдесінен шығуға тырысуымыз керек емес пе? Сонда ғана аруақ, баба сыйлаған, бабалар ұстанған қастерлі жолда жүрген болып есептелеміз.

- Қазір дәстүрлі Ислам деген түсінік бар. Сонда Ислам дәстүрлі, дәстүрсіз болып бөліне ме? Жалпы Ислам мен дәстүрді біріктіріп тұрған не?

- Дәстүрлі Ислам деп айтылып жүргені - ата-бабамыздың бізге дінді жеткізу жолы деп есептеймін. Бабаларымыз бізге дінді жеткізді. Бірақ сол дінге қайшы келмейтін дәстүрлермен бірге өріп жеткізді. Кеше 70 жыл рухани мектебімізден ажыраған кезде діннің не екенін, дәстүрдің не екенін айыра алмайтын жағдайға түстік  Қай дәстүрдің діннен шыққанын, қайсыбір жерде дініміздің орнына дәстүрді алғанымызды өзіміз ажырата алмай қалдық. Ислам дінінің иесі бір Алла болғандықтан, адамзатты бақытты ғұмыр сүру үшін Алла жаратқандықтан, Алла Тағала қандай да бір адамның немесе ұлттың бақытты өмір сүруі үшін қандай бір жөн-жоралғы болатын болса, оның бәріне рұқсат еткен. Сол ұлтқа пайдасы жоқ, тек зиянын әкелетін нәрсе болса, Алла Тағала содан ғана тыйған. Алланың жіберген құлшылық ғибадатымен бірге халықтың дінге қайшы келмейтін жөн-жоралғысын қатар алып жүру - дәстүрлі Ислам.

- Орта Азия жұрты Имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабында екені белгілі. «Асыл арнаның» эфир саясаты осы мәзһабқа негізделген бе? Телеарнаның бас идеологы мүфти Әбсаттар қажы екені рас па?

- Бұл телеарнаны ашу идеясы келген күні-ақ ең бірінші сол Әбсаттар қажы Дербісәлі ағамыздың алдына барғанбыз. Ол кісі «телеарна мемлекет ұстанып отырған идеологияға қайшы келмесе, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының (ҚМДБ) ұстанып отырған жолына тура келетін болса, қолдаймыз» деп өз ниетін білдірген. Содан бері біздің бағыт берушіміз де, басты идеологымыз да - Әбсаттар қажы. Тек мүфти ғана емес, ол кісі басқарып отырған ҚМДБ-ның барлық имамдары мен діни білгірлері шама-шарқынша «Асыл арнаның» Әбу Ханифа мәзһабында болуына барлық күш-жігер, ақыл-ойын салып отыр. Бірақ кейбіреулер, өкінішке қарай, діни басқармаға бізден бойын аулақ салуға насихат айтады. Бұл - ел үшін де, мемлекет үшін де өте қатерлі пиғыл деп есептеймін. Керісінше, біз Қазақстанда дін насихатын жүргізгісі келетін кез келген жеке тұлға немесе топтың ҚМДБ-мен бірге болуын, сол бағытта әрекет етуіне үгіттеуіміз керек. Сонда ғана ауызбіршілік, рухани кеңістікте толық береке болады. Себебі, үш мыңға тарта мешіттің басын біріктіріп, қоғамның нәзік тамырларына дейін рухани нәр жүгіртіп отырған ҚМДБ жұмысы -еліміздегі мұсылмандардың рухани көрсеткіші. Біз сыңарезуленіп сынай бергеннен көрі сүбелі амалдарымызбен келіп ортақ арнаны толтыруымыз керек.

- Күлкілі нәрсе, әрине. Бірақ сізге мін тағушы жазарман «уахабилер Абайлар сияқты сақал-мұртын қатар өсірмейді. Сақалын өсіріп, мұртын тықырлап алады» дейді. Сақал-мұрттың «садаққа» іліну себебі неде?

- Біріншіден, бұл жерден ешқандай идеологиялық немесе дұшпандық бағыт іздеудің қажеті жоқ. Кез-келген хадис кітабын ашсаңыз, пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) «сақалдарыңды жіберіңдер, мұрттарыңды қысқартыңдар» деген. Сондықтан сақалдың ұзынырақ болуы, мұрттың мейлінше қысқа болуы, ерінге түсіп, тамаққа араласпауы - гигиеналық тұрғыдан да, тазалық, жарасымдылық тұрғысынан да жақсы. Сондай-ақ пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «өзге дін өкілдеріне ұқсамаңдар» деген. Өзге бір дінбасылардың мұрты аузына түсіп, ернінің қайда екенін, иегінің қайда екенін білмейсің. Демек, мұсылмандарды басқа дін өкілдерінен ерекешелеп тұратын сыртқы бір белгі - мұртымыздың қысқа болуы. Әрі түбіне май құйып, маңыз берсеңіз де мұрт сақалдан ұзын болмайды.

- БАҚ-та сіздің жеке басыңызға да біраз ауыр сөз айтылып жатады. Азаматтық құқығыңызды заң арқылы қорғағыңыз келмей ме?

- Иә, заңмен қорғануға құқым да бар еді, заң мені қорғап шығатындай мені күстаналаған сөздер де жоқ емес еді. Бірақ өзі айналдырған азғантай қазақ, оның ішінде қазақтың екі дүниесі деп жүргендер тіпті аз. Сол аз қазақ бір-бірімен соттасып жүрсе, қалған.ел қайда қарап бой түзейді? Екіншіден, ҚМДБ-ның ақпараттық насихат тобымен Маңғыстауда болғанымызда айтқан сөздерімнің пайдасын алатын ел алды. Рахмет айтып, батасын берген ел жетіп артылады. Сондықтан, көзім жетіп, көкірегім сезініп қайтқан нәтижелерді «маған жүз адам бата берген еді, екі жүз адам риза болған еді» деп жұрт алдында майдаланғым келмейді. Ал мен фитна туғызатын пайдасыз сөздер айтқан болсам, сол жердегі құзырлы органдардың қызметкерлері де, діни басқарма өкілдері де, жергілікті әкімшілік де ай қарап отырған жоқ шығар.

- Сіз жайлы ащы пікір айтып жүргендерді «білместікпен айтып жатқандар» дейсіз. Мұндай кемшіліктерден арылу үшін не істеу керек сонда?

- Алла Тағала қасиетті Құранда «Бауырларың туралы күмәндандаңбар, олардың кейбірі - күнә» дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Егер сендерге бір адам бір жаман хабар жеткізсе, соны толық тексеріп алмай, сенбеңдер» дейді. Сондықтан бізге бір бауырымыз туралы бір жаман ой түсті ме, толыққанды, бүтіндей тексеруіміз керек. Өйткені, ол - адам тағдыры. Жарайды, біздің жаман сөзімізден ол адамға осы өмірде көлеңке түсер. Бірақ сол ағат сөзіміз үшін ертең Алла алдында жауап беруімізге тура келеді. Мәселенің ауырлығы сонда. Мұсылманшылықта сол қолмен тамақтануға тыйым салынған. Мысалы, бір адам сол қолымен тамақ ішіп тұр делік. Бірақ салған жерден ол кісіні харам іс жасап тұр деп жазғырмай, бәлкім, бір қолы қимылдамайтын шығар,немесе оң қолында жарасы, ақауы бар шығар деп ақтауға тырысуымыз, яғни, жақсы ой ойлаумыз керек. Ал егер ешқандай себебі болмаса, сонда  ғана бауырымызға жүрегіне тимейтіндей етіп жұмсақ насихат айтуымыз керек. Сол сияқты сәждеге басын қойып, Аллаға, ақыретке иман келтірген адам туралы пікір айтқанда, пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетіне сай әрекет жасауымыз керек. Әйтпесе, біреуге қастандықпен қара жағудың нәтижесі «біреуге ор қазба, өзің түсесің» деген сияқты өзімізге қайта айналып соғады.

- Сын айтылмай тұрмайды ғой. Балама пікірлердің болғаны да дұрыс. Әйткенмен, сынаушылардан бөлек сіз басқарып отырған арнаға деген оң көзқарастағы адамдар да, Аллаға шүкір, жеткілікті. Көрермен ықыласын өздеріңіз де сезініп жатқан шығарсыздар?

- Тәуелсіздік алған жылдары қазақтың рухани әл-ахуалы жан сақтау бөлімінде жатқан адам сияқты болды. Қазір қарасаңыз, мешіттерге ағылған жастарды көресіз. Олардың бірін әке-шешесі қолынан жетектеп апарды немесе мектепте уағыз тыңдап барып жатыр дей алмайсыз. Алла Тағала жастардың жүрегін ашып, мейірімділіктің жолын көрсетіп жатыр. Былайша айтқанда, әр адамның рухы өзінің тамағын іздеп жатыр. Әр адам өзін қанағаттандыратын рухани қазынасын іздеп жатыр. Осы кезде сол қазынаны алыстан іздемей, қазақы қалпында халыққа беруді қолға алған болатынбыз. Бұл - «Асыл арна» жобасы. Іздегенге - сұраған деген сияқты, халықтың жан-дүниесінің сұрағаны имандылық болса, сол имандылық теледидар арқылы әр шаңырақтың отының басы, ошағының қасына еніп жатқан болса, халық әлбетте «Асыл арнаны» жақсы көреді. Бұл әрі табиғи, әрі заңды нәрсе. Біз болмасақ та бұл жоба бәрібір жарыққа шығатын еді. Мұндай жобаны жарыққа шығаруды Алла бізге нәсіп етіпті. Өзіміздің қазақтар ғана емес, ешқандай Ислам насихаты жетпеген қалада тұратын мысық пен күшік құшақтаған өзге жұрт өкілдерінің өзі Құранның орысша аудармасын тыңдау арқылы рухани іздегенін тапқанын айтып жатыр. Балалары тастап кетіп, мейірімге шөлдеген орыс халқының қарттары да бізге қоңырау шалып жатыр.

Біздің телеарна ашып, жұмыс істеудегі мақсатымыз - Алланың ақиқатын ағайынға жеткізу ғана. Діннің егесі - Алла. Бізсіз де дінін Алла ақыретке дейін  сақтайды. Дін төңірегінде адамдардың пікірі алуан түрлі болғанмен, ақиқат дін өзгермейді. Әркім өзін құтқару үшін дініне, өзінің және ұлтының екі дүниесіне қызмет етуі керек. Ал ақиқатын айтып, әркімнің есебін беруші Алла ғана. Пенделердің пікірі алынады, тасталады. Адамдардың толық ризашылығын алған ешкім жоқ.

- «Асыл арнаның» демеушісі кім? Бізде қазір артыңда алпауыт біреу тұрмаса, ауқымды жұмыс жүргізу қиын ғой. Қаржы-қаражат қайдан?

- Әрине, әуелі бізге келетін бүкіл ризық-несібенің жалғыз егесі жаратушы Алла ғой. Әйтсе де, қаржы кейбір жұрт ойлайтындай арабтан, түріктен немесе парсыдан келіп жатқан жоқ. Өзіміздің халыққа титімдей болса да имандылықтың сәулесі түссе екен деген қамкөңіл қазақ азаматтарының қамқорлығымен іске асып жатқан дүние. Олар атын атасақ та, «е, бәленше екен ғой» деп жұрт елеңдейтін саяси тұлғалар емес. Бірақ «осы арнаға қамқорлық жасап жатырмын» деп өздеріне жарнама жасағысы келмейтін намысты, ықыласты азаматтар. Шіркін, байлармыздың барлығы ақшасын шетелдің банкіне салып қоймай, халқының қажетіне жаратса, қаншама тірлік осылай өз жолын табар еді.

Сұхбаттасқан - Ерлан Әбдірұлы.

 

P.S.

Адамды амалына қарап бағалау - пайғамбардан қалған өзгермес үлгі. Қазіргі уақытта «Асыл арна» еліміздің ірі қалалары ғана емес, шалғай аймақтарындағы шағын елді мекендерге дейін спутниктік, кабельдік жолмен таралуда. Яғни, әр қазақтың шаңырағына иман нұрын сеуіп жатыр. Жоғарыда айтқан пайғамбар үлгісімен қарасақ, «асыларналықтардың» амалын алғашқы қатарға қоюға әбден болады екен.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322