Жұма, 22 Қараша 2024
Қылмыс 7944 0 пікір 1 Сәуір, 2014 сағат 14:27

ҰЛЫМДЫ ӨЛТІРГЕНДЕР ӘДІЛ ЖАЗАСЫН АЛСА ЕКЕН

Төмендегі арызды туған ұлын айуандықпен өлтіргендердің әділ жазасын беруді сұрап, Алматы облысы, Райымбек ауданы Кеген ауылының тұрғыны Сенбай Мырзабеков жазған екен. Арызда жазылған жайттар облыстық құқық қорғау орындарының назарына алынып, жіті зерттеледі деген үміттеміз.

Арызды сол қалпында жариялап отырмыз.

Abai.kz

 

Алматы облысының прокуроры

Миразов Ғабит Төреұлы

және

Алматы облыстық ІІД-нің бастығы,

полиция полковнигі

Ұрұмханов Мұрат Жәлелұлына

АРЫЗ

Менің Сіздерге арыз жазуыма ұлымның өліміне қатысты қылмыстық істің сиырқұйымшақтанып бара жатқаны түрткі болып отыр. Үш ай уақыт өтсе де әлі күнге дейін іс сөзбұйдаға салынып, нақты кінәлілер ұсталмақ түгілі, ізделген де жоқ. Бауыр етім – баламды асқан айуандықпен өлтіргендердің тайраңдап жүруі онсыз да қайғы жұтқан жанымызды жегідей жеп барады. Бәрі түсінікті болуы үшін мән-жайды толық баяндап өтейін...
2014 жылдың 18 қаңтарында кешкі сағат 9-дар шамасында ұлым ұялы телефонына бірлік сатып алу үшін Кегеннің орталық базарындағы «Өрнек» дүкеніне жаяу барады. Дүкенге кіргенде бір бұзақылардың дүкеннің иесіне тиісіп тұрғанын көріп: «Үлкен кісіде нелерің бар?!» деп тәртіпке шақырмақ болады. Алайда, осы сөзі оның басына бәле болып жабысқан. Езеуреген ессіздермен сөзге келіп қалады. Содан бұзақылар дүкеннен баламды сүйреп далаға алып шығып, дүкеннің артына апарады да электро шокпен талдырып тастаған. Осы кезде дүкенге келіп қалған Е.-ні де пышақ көрсетіп қорқытып, ұялы телефонын тартып алған. Ес-түзсіз жатқан ұлымды көлікке салып алған опасыздар Е.-ге Алматы трассасымен Қайқы ауылына қарай айдауды бұйырған. Жол бойы баламды есінен танғанша ұрған.
Ауыл маңына келген соң сол жерде ұлымды көліктен шығарып алып төртеуі 20 минуттай жабылып ұрып, тепкінің астына алған. Е.-ге: «Сен көлікте отыр, егер бізді тастап қашатын болсаң сені де аямаймыз! Ертеңгі күніңді ойла!», – деп айқайлап қорқытқан. Содан ұлымды көлікке салып алып қайтадан Кегенге қарай жүруді бұйырған, кішкене жүргеннен кейін Ақбейіттің тұсына келгенде көлікті тоқтатқызып баламды сыртқа шығарып алып есін жиғанда төртеуі жабылып тағы ұрған.
Біраздан кейін күдіктілердің біреуі Д. деген досына ұялы телефонынан запрос жібереді. Д. қайтара звондағанда: «Қазір біз саған бара жатырмыз» деген. Содан Кегендегі Қорғасбай көшесіндегі «Дархан» дүкеніне келіп ұлымның қалтасындағы ақшасына арақ-шарап алған. Кегеннен 2 шақырым шыққаннда Қарқара трассасында алып баламды төртеуі жабылып тағы ұрған. Кейін барлығы оны Д.-ның шаруа қожалығына алып барған. Сол жерде оларды Д. күтіп алған. Қаныпезерлер «Біз А.-ны алып келдік» дегенде ол: «Қайдағы А.?» деген. «С.-ның баласы А.» деп жауап берген әлгілер көліктен ұлымды сүйреп шығарып, жерге лақтырып жіберген. Д.танымаған кейіп танытқан. Ал, балам ес-түссіз жатқан. Д.-ның есігінің алдында отырып опасыздар тағы арақ ішкен, нан алдырып жеген, сол жерде ұлымды тағы да аяусыз шашынан тартып сүйреп ұрған. Су алып шығып ұлыма су шашып, есін жиғызбақ болған Е.ге Д.: «Көліктің есігін жап!» деп айқалаған. Сол жерде бұзақылар ақылдасып Е. ұлымды көлікке көтерісіп салысқан. Көлікті өздері айдап Е.-ні баламның жанына отырғызған. Қайтар жолда балам есін жиған мезетте тағы сүйреп шығарып алып соққыға жыққан. Мұнымен қоймай үстіне секіріп іш құрылысының барлығын езіп жіберген.
Бұзақылардың біреуі А. Б.Атыханұлы көшесінің бойында тұратын Ж. деген балаға телефон шалып қайда екенін сұрағанда ол өз үйінде достарымен отырғанын айтады. Асхатты сол үйге апарады да сүйреп кіреберіске тастап, өздері арақ-шараптарын ішіп тойлаған. Мұнда да ессіздер сол жерде отырған балаларға тиіседі. Ә.-ні ұрып есінен тандырып, көзін көгертеді. Қ. деген баланы да ұрған. Cодан кейін ұлымды қайта көлікке салып алып шығады.
Көшеден Е.-нің жездесі М,-ді көргенде катты қуанғанын айтады. Рульде бұзақылардың бірі – Ғ. болған. Е.-ның жездесі көліктің кілтін алып алады Е.-ні үйіне жібереді. М. рульге өзі отырып кетпек болғанда бұзақылар: «Мына досымыз қызып қалды, үйіне апарып салайықшы» деген. М. оның ұлым екенін танымаған. Себебі, қаскөйлер баламның бетін тұмағымен жауып койған. Түнгі сағат 12-лер шамасында біздің үйдің есіктің алдындағы көшеде түсіріп баламды үйге дейін сүйреп алып келеді де табалдырыққа тастап кеткен.
Сол күні біз қонаққа кетер алдында үлкен балам және үйдегі 2 оқушы ұлыма кешкі асты беріп кеткенбіз. Балам үйде қалған. Біз қонақтан түнгі сағат 1-де келген кезде табалдырықта біреудің жатқанын көрдік, есікті ашып, даланың шамын жаққанда өз баламызды өзіміз тани алмадық. Тану мүмкін емес еді... Ұлымызды киген кимінен ғана әрең таныдық. Баламның сөйлеуге шамасы жоқ, ыңырсып жатыр. Бұтына киген шалбары жыртылып аяғының дейін түсіп қалған, бұты жалаңаш, іш кимімен ғана жатыр. Қатты тепкінің салдарынан үлкен дәреті шығып кеткен...
Баламды үйге көтеріп кіргізе сала жедел жәрдемге, полицияға хабарладық. Аяқ кимінің шешкенде аяғы шылқылдаған су және аяқ кимінің ішінен көмір төгілді. Жедел жәрдем келгенше іш кимін қайшымен қырқып алып, бұтын жудық. Төменгі жақ киімдерін ауыстырып, кигіздік. Кофтасын шешпедік, себебі алған ауыр соққыдан басы домаланып ісіп кеткен. Жедел жәрдем келіп бір уколын салып жансақтау бөліміне алып кетті. Қаныпезерлердің аяусыз тепкісі мен соққысынан тілге келмей баламның 20 минуттан кейін өлгенін естіртті. Медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша, ұлымның «миға қан құйылған» деген диагноз қойылды. Баламды айуандықпен қорлап, азаптап өлтірген бұзақылардың біреуі Ғ. осы уақытқа дейін ұсталмай қашып жүр. Себебі оны ағасы С. тығып отыр. Осы бұзақылар ағалары С.-ныарқа сүйеп Кегенде бірнеше қылмыс жасады. Оны жұрттың барлығы біледі.
Мысалы, 2013 жылдың 4 қарашасында Д. бастаған осы бұзақылар С.-ның үйіне кіріп, оқушы баласын қорқытып, ақша алып, арақ алдыртып... білгендерін істеген. Ұсталған кезде тобымен сотталудан аман қалу үшін Д. ғана бар кінәні мойнына алып жеңіл жазамен құтылып кетті.
2014 жылдың 18 қаңтарында бұзақылар қашып Д.-ның үйіне барып тығылған. Сол жерден полиция қызметкерлері Қ. мен А.-ны ұстады. Ұстау кезінде олардан анаша да табылған. Егер Д.-ның осы іске қатысы болмаса баламды неге оның шаруа қожалығына апарады.
2013 жылдың қазан айында осы бұзақылар ауылдағы «Ақниет» тойханасында арақ ішіп даң шығарған болатын. Тойхана қызметкерлері полиция шақырғанда учаскелік инспектор келіп: «Ағасы С.-дан ұят болады» деп бұзақыларды босатып жіберген болатын.

2012 жылы қазан айының 19 күні Кеген ауылының тұрғыны Т.-ның қызының ұзату тойында інісін ұрып жағын сындырған да осылар. Міне, осындай қылмыстарды жауып-жасырып ешқандай шара қолданбағаннан айуандықпен адам өлтіруге дейін барып отыр. Райымбек ауданында болып жатқан қылмыстық оқиғаларға көз жұма қарағандықтан осындай жағдайлар жиілеп, қылмыстар қайталанып отыр. Егер олай болмаса ұлымның ісін жүргізіп жатқан тергеуші неге ауысты? Қаладағы қылмыстар ашылғанда ауылдағы қылмыстық істер неге бүркемеленіп қала береді?

Бүкіл ауылды үрейде ұстайтын азғындар осылайша тайраңдап қашанғы жүре бермек? «Ағасы бардың жағасы болып» жүргендерге ешқандай жаза болмауы керек пе сонда? Айдың күннің аманында ұлымнан айырылып қаламын деп ойламаған едім. Енді қайғыдан қан жұтып жүріп, қаныпезерлердің төбемізде тайраңдағаны ғана қалып еді.

Баламның ісін таза жүргізіп жатқанына күмәнім бар.
Сондықтан Сіздерден өтінерім, ұлымды қорлап, азаптап айуандықпен өлтірген бұзақылардың барлығын тауып, ар мен заң алдында тиісті жазаларын берулеріңізді сұраймын. Мiне, 3 ай уакыт өттi... күдіктіге іздеу де жарияланған жоқ.

Арыз иесі - Алматы облысы Кеген ауылының тұрғыны Сенбай Мырзабеков

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5303