ПУТИН РЕСЕЙДІҢ ТҮБІНЕ ЖЕТУІ МҮМКІН БЕ?
РФ-ның қазіргі халі мүшкілденіп, болашағы бұлыңғырлана түскендей. Ресейдің Украин жеріне жасаған жорығының көздегені экономикалық қана емес, стратегиялық басқару жүйесінің шеңберін кеңейтіп, империялық (отаршыл-әкімшілік) мемлекеттік аппаратының бір бөлігін құру пиғылынан туындаған басқыншылық қадам. 20 жыл бұрын Украина әлемдегі үшінші ядролық державаның бірі болатын. Совет Одағының «қырғиқабақ соғысынан» кейін бұл елдің иелігінде ұзақ қашықтыққа ұшатын 1 мың 900 ядролық зымыран, қысқа қашықтыққа атылатын 2 мың 400 ядролық зымыран қалған еді. Киев 1994 жылы Украина қауіпсіздігіне кепілдік беретін Будапешт меморандумына қол қойып, кепілдігін алған соң, ол қаруларды өз еркімен Ресейге өткізіп берді. Ол құжат бойынша, ядролық қаруынан бас тартқан Украина егемендігі сақталатынына, Ресей «оның аумақтық біртұтастығы мен саяси тәуелсіздігіне қауіп төндірмейтініне, қарсы күш қолданбайтынына» уәде берген болатын. Бұған қоса Будапешт меморандумына қол қойған Беларусь пен Қазақстан да ядролық арсеналынан бас тартатыны туралы қолдарын қойды. Будапешт меморандумын БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше бес ел тегіс мақұлдады. Бірақ олардың келісімі Путинді тоқтата алған жоқ, ол Қырымды тартып алды. Ресей президенті «Киев үкіметі билікке төңкеріспен, заңсыз келді. Бұл жағдайға меморандум жүрмейді» деген уәж айтты. Өкінішке орай, Будапешт меморандумы бар болғаны кепілдікпен шектеліп, Украин халқының қауіпсіздігін, территориясының тұтастығын қамтамасыз ете алмады. Қырымның қаншама жерден автонмиялық статусы болса да ол Украин мемлекетінің құрамдас бір бөлігі. Жеке дара референдум жариялай алмайды. Бұл өкініш Қазақстанның басына да келмесе екен деп бір Алладан тілейміз.
Ендігі болжам қандай? В.Путин бастаған басқыншылықтан соң бұған жауап ретінде федерацияны құрап отырған ұлттық республикалардың саяси белсенділігі өседі, мұның соңы ұлттық қозғалыстар мен ұйымдардың көбейуіне алып келеді. Бұл адамзат дамуының шиеленісінің қалай өрбитін АКСИОМАСЫНЫҢ бірі. Мұны көпшілік халық, Ресейдің демократиялық күштері түсінсе де, азшылық билік түсінгісі келмейді. Ресей қоғамының демократиялық сауығу жолына емес, керісінше авторитаризм ауруына шалдыққаны дегеніміз осы.
Мұның соңы көптеген одақтық мемлекеттерде либералдар мен ұлтшылдардың талаптары бас көтеріп, олардың қимылы ортақ ресейлік заңдардың республикалық заңдардан басымдығына наразылықтарын білдіруіне, сондай-ақ жергілікті экономикаға бақылауды өз қолдарына берген ашық талаптарына ұласуы мүмкін. Ұлттық республикалар өздерінің Ресей империясының басқыншылық саясаты нәтижесінде тәуелді аумақтарға айналғанын, экономикалық бодандықтан, шынайы бостандыққа ұмтылатын уақыттың жақындағанын сезіп отыр. Саяси жағынан тәуелді болмау, екіншінің шикізат көзіне айналмау, еркін экономикалы ұлттық мемлекет құқру кімнің арманы емес. Табиғи заңдылық.
АҚШ пен Еуропа Одағы да Қырымдағы референдум Украина конституциясы мен халықаралық құқық нормаларына қайшы келетінін, бұл шара Ресей әскерилерінің қысымы мен қорқытуы арқылы өткенін ескертіп, оны мойындамайтындарын мәлімдеді. Кез келген мемлекеттің мемлекеттігінің ең бірінші алғышарт белгілерінің бірі – дүниежүзілік қоғамдастыққа толыққанды мүше болып, әлем мемлекеттерімен терезесі тең дәрежеде қарым-қатынас орната білуімен байланысты. Ресей болса мұны өздері үзді. «Жығылған үстіне жұдырық», экономикалық, саяси мүдделеріне сай келетін әлемдік мемлекеттердің барлығының экномикалық оқшаулауына түссе Ресей басшылары енді онысыз да қалт-құлт етіп отырған ішкі жүйені қайта реформалауға тырысады. Бұл түрлі балама ұсыныс-талаптарды туғызып, елдегі кризисті одан ары тереңдетеді, қалыптасқан ішкі байланыстардың тігісінің сөгілуіне, саяси тұрақсыздықтың орын алуына себепші болды. Саяси сахнада бұл кризис белгілері Ресей президенті Путин мен ұлттық республикалар президенттері арасындағы қайшылықтар негізінде көрініс бере бастайды. Себебі, ішкі қарым-қатынаста президенттер кейбір дербестікке ие болғанымен, халықаралық дипломатиялық қарым-қатынаста құқыларының шектеулі екенін біледі. Осы және тағы да басқа өз ішіндегі әлеуметтік теңсіздіктер тереңдей келе, онысыз да оңып тұрмаған одақты құрап отырған ресейлік қазіргі республикалар арасындағы экономикалық байланыстың үзілуіне, ұлттық деңгейдегі қарсылықтарға ұласып кете ме деп ойлаймын.
Алдағы жылдар Ресей үшін экономикалық дағдарысқа ұласуы әбден мүмкін. Мұндай алғышарттар қазірдің өзінде байқалуда. Әлемдегі ең байтақ территорияны иеленетін көпұлтты соңғы алып империя Ресей Федерциясында біртұтастығы әлсіреген геосаяси жағдай қалыптасып, оның түпкілікті ыдырау уақыты да жақындап, жаназасын шығаратын кезеңі жақындап келе жатқан сияқты. Мұндай кезде іргелес ел ретінде өз ішіміздегі бірлігіміздің беріктігін баса ойлағанымыз да дұрыс болар еді.
Н.Қошаманұлы
Ақтөбе қаласы
Abai.kz