Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 6612 0 пікір 10 Сәуір, 2009 сағат 06:00

«ЭКСПО-2017»: ДАҒДАРЫС ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ДАЯРЛЫҚ

Елімізде  2017 жылы өтетін халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесін өткізуге дайындық жоспар бойынша жүріп жатыр. Осы ретте көрме нысандарының құрылысы да кестеге сәйкес жүргізіліп, шығыстар оңтайландыру мақсатында әрлеу жұмыстарына отандық өнімдерді пайдалану көзделуде.

 Мемлекет басшысы Н.Назарбаев ЭКСПО көрмесі отандық экономикаға және жаңа технологияларды игеру ісіне серпін бере алатын ұлттық жобаға айналатынын айтады.  «Көрменің ашылуына бір жарым жыл қалды. Барлық құрылыс жұмыстары келесі жылдың күзіне дейін аяқталуы тиіс. Күрделі экономикалық ахуалға қарамастан, біз көрмені дайындауға қажетті барлық қаражатты бөліп жатырмыз. Құрылысқа Қазақстанда мол жұмыс тәжірибесі бар мердігерлерді тарттық. Сондай-ақ Миландағы көрмені өткізу тәжірибесін тыңғылықты зерделедік. Сондықтан ЭКСПО-ны ұйымдастыру ісіне қатысты түсініксіз ештеңе жоқ, – деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев.

Дағдарыстық жағдайды ескере отырып, ЭКСПО көрмесін ұйымдастыруда бірқатар өзгерістер енгізілмек.  Бастысы көрмеге жұмысалатын шығындарды мүмкіндігінше қысқарта отырып, сапалы жұмыс жүргізу. Осы ретте  шығыстарды оңтайландыру мақсатында барлық әрлеу жұмыстарын отандық өнімдерді барынша пайдалана отырып жүргізу көзделуде. Бұл біріншіден отандық өнімдерді қолдау шарасы болса, екіншіден көрме бюджетін үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, компания құрылымын өзгерту аясында «Астана ЭКСПО-2017»  ұлттық компаниясының  департаменттер  қызметі нақтыланып, басқарма төрағасының орынбасарлары мен басқарушы директорлар саны екі есе қысқарған. Бұл 150 миллион теңгеден астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді.  Және кейбір сәулет құрылыс жобаларын қайта қарау есебінен шығыстар көлемі 78 миллиард теңгеге азайтылды.  Бұл ретте жалпы сәулет келбеті мен нысандардың бейімділігі сақталуы тиіс. Қазынадан бөлінген қаражаттың мақсатқа сай тиімді пайдаланылуына баса назар аударылуда. Қазақстандық қамту үлесін ұлғайту мен отандық кәсіпкерлерді тарту да үнемдеу шараларының бірі болып саналады. Осы тұрғыда еліміздің 10 өңірімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Нәтижесінде 20 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтыған 220 отандық кәсіпорын құрылысқа тартылып, 30 миллиард теңгенің өнімі жеткізілген.   

Алдағы көрме бүкіл қазақстандықтар үшін маңызды шара екені рас. Бұл көрме еліміздің айбыны мен даму деңгейінің көрсеткіші болмақ. Сондықтан қазіргі дағдарыс жағдайына қарамастан дайындық жұмыстары өз деңгейінде жүргізілуі аса маңызды. Бұл туралы мемлекет басшысы:  «Әлемде дағдарыстық ахуал байқалып отыр, ол біздің елге де әсер етуде. Соған қарамастан, Қазақстан халықаралық көрмеге дайындықты, индустриялық саясат аясында жаңа нысандар салуды, жаңа жұмыс орындарын ашуды жалғастыруда. Бұл біздің экономиканың қарқыны мен мүмкіндіктерін көрсетеді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

2017 жылғы әлемдік әйгілі көрме барысында Қазақ елінің мәдениетін, тарихы мен дәстүрлерін көрсетудің маңыздылығы зор. Сондықтан отандық мәдениет қайраткерлерінің өнер көрсетуіне басымдық берілуі керек. Мәдени-думанды шаралар көрме аумағында ғана емес, бүкіл қалада өтуі қажет. Музейлер, көрмелер мен театрлар қонақтарды ең жоғары деңгейде қарсы алуға дайын болуы тиіс. Мәдени-думанды шаралар жоспары мен қаланың қауіпсіздігі мәселесі де аса маңызды.  Бұл  ретте мәдени шаралар және қауіпсіздік мәселесі пысықталу үстінде.  Арнаулы қызметтер мен құқық қорғау органдары қауіпсіздік пен құқық тәртібін қамтамасыз етуі тиіс. ІІМ, ҰҚК және «Сырбар» осы бағыттағы үйлесімді жұмысты жалғастыру қажет. Елорданың және көрменің қауіпсіздігі осыған байланысты.  

«Астана ЭКСПО-2017»  ұлттық компаниясы қазіргі таңда  көрме имиджін ілгерілету және оны тақырыптық жағынан толықтыру жұмыстарын жүйелі жүргізуде.

Айта кетейік, елордамызда 2017 жылы өткізілетін әлемдік әйгілі көрмеге дайындық барысындағы шаралар аясында бүгінде 53 ел және 11 халықаралық ұйым көрмеге қатысатынын растады.

Жәния Әбдібек

Abai.kz 

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1965