ДУШАНБЕДЕ ӨТКЕН ДҮБІРЛІ ЖИЫН
12 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан астанасы Душанбеде өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты.
Кеңес отырысына ұйымға мүше Мемлекеттер басшыларының «төрт көзі түгел» жиналды. Атап айтқанда, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин, Өзбекстан Президенті Ислам Каримов, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, сонымен қатар, ұйымға байқаушы елдерден Ауғанстан Президенті Хамид Карзай, Иран Президенті Хасан Рухани, Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбэгдорж және Үндістанның Сыртқы істер министрі Сушма Сварадж, Пәкістан Премьер-министрінің ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Сартадж Азиз келді. Ал Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердымұхамедов кеңес отырысына құрметті қонақ ретінде қатысты. Сондай-ақ, ШЫҰ-ға үнқатысу бойынша әріптес мәртебесіне ие мемлекеттер Түркия, Беларусь және Шри-Ланка елдерінен де бір топ делегация болды.
Кешегі мақаламызда айтып өткеніміздей, Шанхай ынтымақтастық ұйымына бүгінге дейінгі бір жыл аралығында Тәжікстан Республикасы төрағалық етіп келді. Сол себепті де ұйым тәртібі бойынша кеңес отырысын Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон жүргізіп отырды. Әдеттегідей, кеңес алдымен шағын құрамда өтті. Онда ұйымға мүше алты мемлекеттің басшылары ақылдаса келе, күн тәртібін белгіледі.
Жылына бір рет ұйымдастырылатын аталмыш кеңес Шанхай ынтымақтастық ұйымының ең жоғары органы болып табылатындықтан, мұнда қаралатын мәселелер кеңестің алдағы жылғы жұмысын нақтылап, ұйым қызметінің негізгі бағыттарын айқындайды. Оның ішкі құрылымы мен жұмыс істеуінің негізгі мәселелерін шешеді, басқа мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасын реттейді. Сонымен қатар, халықаралық өзекті мәселелерді қарастырады. Шағын құрамдағы отырыс барысында Қазақстан Президенті әлемдегі тұрақсыз геосаяси және геоэкономикалық ахуал жағдайында Шанхай ынтымақтастық ұйымы үшін басымдығы бар міндет саналатын бірқатар өзекті мәселелерді айқындап берді.
Қазақстан басшысы негізгі мәселелердің бірі ретінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы шешілмеген шекара проблемаларын атады. Н.Назарбаев сенім шараларын нығайтуды және шекара ауданында қарулы күштерді қысқартуды қарастыратын ШЫҰ-ның Шанхай және Мәскеу келісімдері секілді базалық құжаттарының ережелерін сақтаудың айрықша маңыздылығына назар аударды.
Нұрсұлтан Әбішұлы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің экономикалық ынтымақтастығының маңызды бағыттарының бірі саналатынын айтты.
«Сарапшылардың болжауынша, 2050 жылға қарай Жер жүзінің халқы 9 миллиардқа жетеді. Сонымен бірге, таяу 10 жылда ауа райының өзгеруі салдарынан азық-түлік өндірісінің көлемі қысқарады. Мұндай беталыс Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетіктерін құру және соған сәйкес Ынтымақтастық бағдарламасын бекіту туралы Қазақстанның бастамасын талқылауды жаңғырту қажеттігін көрсетеді», деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті су тапшылығы мәселесі өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікке ықпал ететін салмақты проблема екендігіне тоқталды. Осыған байланысты Н.Назарбаев Қазақстан ұсынып отырған Су комитетін құру осы мәселені шешу бағытындағы ынтымақтастықтың іс жүзіндегі тетігіне айналуы мүмкін екендігін айтты.
Мемлекет басшысы отырысқа қатысушылардың назарын Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы тағы бірқатар мәселелерге аударды. Соның ішінде ШЫҰ басымдықтарының жекелеген қатысушы-мемлекеттердің ұлттық мүдделерімен сәйкеспеуі салдарынан жүзеге асуы тежеліп отырған жобалар мен бастамаларды, сондай-ақ, бірқатар маңызды экономикалық жобалардың ілгерілеуін қиындатып отырған қаржылық ресурстардың жоқтығын атады.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше Мемлекеттер басшылары шағын құрамдағы отырыс аяқталысымен кең құрамға ауысты. Онда кеңеске қатысып отырған барлық Мемлекеттер басшылары сөз сөйлеп, бірқатар халықаралық мәселелерді талқылады. ШЫҰ-ның негізгі мақсаттары өңірдегі бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдау, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту екені белгілі. Қазақстан Президенті кеңейтілген құрамдағы отырыста осы мәселелерді қамтыды.
Елбасы халықаралық қоғам қазіргі күні қиын да беймаза күй кешіп отырғанын алға тарта келіп, соған орай жаһан жұрты алдында жаңа мәселелер, сын-қатерлер туындағанын атап өтті. Ал бұл әлемді әлекке салған тұрақсыздық Шанхай ынтымақтастық ұйымының қажеттілігін одан сайын күшейтіп отыр. Бұл ретте ШЫҰ-ның рөлі мен беделін арттырып, оның басқа да халықаралық ұйымдармен байланысын бекіте түскен абзал. Осыны ескерген Елбасы Қазақстан ШЫҰ мен АӨСШК хатшылықтары арасындағы меморандумға қол қойылуын құптайтынын мәлімдеді.
Одан әрі Мемлекет басшысы бүгінде ұйымның күн тәртібінде 2025 жылға дейінгі ШЫҰ-ны дамыту стратегиясын әзірлеу мәселесі тұрғанына тоқталды. «Стратегияны қабылдау арқылы біз ұйымның нақты бағдары мен болашақтағы күшеюі перспективасын айқындайтын жаңа белесті еңсереміз», деді Елбасы. Қазақстан Президентінің атап өтуінше, бұл бағыттағы алғашқы қадам ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін беру тәртібін бекіту мен өтініш беруші мемлекеттердің міндеттемелері туралы меморандум болмақ. Шанхай ынтымақтастық ұйымы – қандай да бір елге қарсы бағытталған әскери блок немесе жабық альянс емес, ол кең халықаралық ынтымақтастыққа бағытталған құрамы кеңейтілуі мүмкін ашық ұйым.
«ШЫҰ-ның дамуы оның негіз қалаушы ұстанымдары аясында жүргізілуі тиіс, оның бірі – ашықтық. Бүгінде екі мемлекет – Үндістан мен Пәкістан ресми түрде мүшелікке өту үшін өтінім берді», деді Мемлекет басшысы.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымы қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында баса назар аудару керек мәселелерге жеке-жеке тоқталды.
Біріншіден, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты тереңдету басым бағыттардың санатында қала бермек. Өңірлік террористік құрылымдарға қарсы күресті күшейте отырып, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту маңызды. Бұл ретте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің шекаралық мәселелер жөніндегі ынтымақтастығы мен өзара іс-қимылы туралы келісімге қол қоюды жеделдету керек. Бұл өз кезегінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы шекаралар аумағында сенім шараларын нығайтуға септігін тигізетінін айтты.
Мемлекет басшысы Терроризмге қарсы өңірлік құрылым қызметін одан әрі жетілдіру үшін Астананың күш-жігер жұмылдыруға әзір екенін де атап өтті. Бұл үдеріс жан-жақты ойластырылуға және онда барлық тараптың мүддесі ескерілуге тиіс.
Екіншіден, ШЫҰ Іскерлік кеңесі мен ШЫҰ Банкаралық бірлестігі жұмысын жандандыру қажеттігіне тоқталды. Ал бұл жұмыстардың тиімділігін бірлескен жобалардың пайда болуы, жүзеге асырылуы көрсетуі тиіс.
Үшіншіден, ШЫҰ Энергетикалық клубының қалыптасуын айрықша атады. Бұл ретте, «Қазақстан Клубтың алғашқы төрағасы ретінде Жоғары деңгейдегі топ отырысын ұйымдастырды. Біз тараптарды биылғы қарашада Астанада өтетін «Жаңғыртылатын энергияны пайдалану және дамыту келешегі» атты конференцияға белсене қатысады деп үміттенеміз», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Төртіншіден, Мемлекет басшысы ұлттық үйлестірушілердің байқаушы-мемлекеттердің өкілдерімен кездесу тетігін ШЫҰ Үйлестіруші кеңесіне айналдыруды ұсына отырып, ШЫҰ бойынша үнқатысу серіктестері мен байқаушы-мемлекеттердің өзара ықпалдастығын тереңдетуге назар аударды.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Ауғанстанда тұрақтылықты қамтамасыз ету және ішкі сындарлы үнқатысуды қалыптастыру кезек күттірмейтін міндеттердің қатарында тұрғанын айтты. Бұл ретте осы елдің экономикасын қалпына келтіруге атсалысу басымдыққа ие болып қала бермек.
Қазақстан Президенті Иран мен «алтылық» елдері Иранның ядролық бағдарламасы бойынша жалпыға бірдей әрі ұзақ мерзімді келісімге 2014 жылдың қарашасына дейін қол жеткізеді деп үміттенетінін жеткізді.
Одан әрі Қазақстан Президенті бүгінгі әлем құлақ түріп отырған маңызды мәселе Украинадағы саяси жағдайға да алаңдаушылығын білдірді.
«Дағдарыстың ауқымы мен әсері әлдеқашан бұл елдің шегінен шығып кетті. Шығыс Украинадағы ахуал кезек күттірмейтін шаралар мен әрекеттерді талап етеді. Түйткілді шешудің ұзақ мерзімді бірден-бір жолы – саяси диалог», деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев биылғы 26 тамызда өткен Минск кездесуінің маңыздылығына тоқтала келіп, тараптардың игі ниеті мен сындарлы ұстанымы Байланыс тобының 2014 жылғы 5 қыркүйектегі «бейбіт» хаттамасы аясындағы нақты қадамдарды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Қазіргі күні жаһан жұртын елеңдетіп отырған тағы бір елеулі мәселе Таяу Шығыстың тағдыры. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселеге де тоқталды.
«Таяу Шығыстағы жағдай да қиын болып отыр. Сирия, Ливия, Ирак, Палестина-Израиль жанжалы тұрақсыздықтың бақылаудан шығып кеткен ошағына айналды. Өңір лаңкестіктің иіріміне шырмалған», деді Қазақстан Президенті. Елбасының атап өтуінше, іріткі салғыш күштер тек өңірлік қана емес, сонымен бірге халықаралық қауіпсіздікке де тікелей қатер төндіреді.
«Бұл елдердегі дағдарысты ахуалдың гуманитарлық салдары да қиын екендігі белгілі», деді Н.Назарбаев. Қазақстан Президенті атап өткендей, Таяу Шығыстың барлық өңірінде қалыптасқан жалпы қауіпті ахуал жаһандық қауіпсіздікке төнген қатер болып табылады және ШЫҰ жауапкершілігі аймағындағы жағдайға теріс ықпалын тигізеді.
Өз сөзінің қорытындысында Мемлекет басшысы Ресей Президенті В.Путинді ШЫҰ-ның алдағы төрағалығымен құттықтап, Ресейге осы міндетті атқаруда табысты жұмыс тіледі.
Отырыс соңында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары Душанбе декларациясына және бірқатар құжаттарға қол қойды. Атап айтсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекет мәртебесін алу мақсатында өтініш беруші мемлекеттің міндеттемелері туралы типтік меморандум туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі; Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше Мемлекеттер басшылары кеңесінің Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет мәртебесін беру тәртібін бекіту туралы шешімі; Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше Мемлекеттер басшылары кеңесінің Шанхай ұйымының 2025 жылға дейінгі даму стратегиясының жобасы туралы шешімі; Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше Мемлекеттер басшылары кеңесінің Екінші дүниежүзілік соғыста фашизмді жеңген Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу жөніндегі шешімі; Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше Мемлекеттер басшылары кеңесінің Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттер шешімдерінің күшін жою туралы шешімі; Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше Мемлекеттер басшылары кеңесінің Шанхай ынтымақтастық ұйымының рәмізі туралы ережесін бекіту туралы шешімі; Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше Мемлекеттер басшылары кеңесінің Шанхай ынтымақтастық ұйымының өткен жылғы қызметі туралы ШЫҰ Бас хатшысының баяндамасын бекіту туралы шешімі; Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше Мемлекеттер басшылары кеңесінің Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының 2013 жылғы қызметі туралы ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы кеңесінің баяндамасын бекіту туралы шешімі.
Сонымен қатар, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше Мемлекеттер басшылары кеңесі отырысының қорытындысы бойынша ақпараттық хабарлама қабылданды. Сондай-ақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасында халықаралық автомобиль тасымалына қолайлы жағдай жасау туралы келісімге де қол қойылды. Аталған құжатқа 6 елдің көлік саласына жауапты ведомстволарының басшылары қол қойды. Айта кетерлігі, бұл құжат Қазақстанның көліктік-транзиттік әлеуетін еселей түсетін болады. Автокөлікпен тасымалданатын жүк көлемі 2 есе, ал халықаралық тасымалдардан Қазақстанға түсетін жыл сайынғы табыс 25 млрд. теңгеге дейін артатындығы болжанып отыр. Мәселен, өткен жылы елімізде 1,6 млн. тонна жүк тасымалданса, 2020 жылға қарай оның көлемі 3,2 млн. тоннаға жетеді.
Кеңес отырысының соңында ШЫҰ төрағалық кезегі Ресей Федерациясына өтті. ШЫҰ-ға мүше Мемлекеттер басшылары кеңесінің келесі отырысы 2015 жылы Ресейдің Уфа қаласында өтетін болып шешілді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстандағы жұмыс сапары барысында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті.
Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты өзара іс-қимыл мәселелері, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттар талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин екі елдің халықаралық және өңірлік ұйымдар, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастығына да назар аударды. Сонымен қатар, Мемлекет басшылары 26 тамызда Минскіде өткен Кеден одағы елдерінің, Украинаның басшысы мен Еуропалық одақ өкілдерінің кездесуі кезінде жасалған уағдаластықтардың іске асырылу барысын талқылады.
Сондай-ақ, Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті. Кездесу барысында екі елдің көшбасшылары сауда-экономикалық, инвестициялық, отын-энергетикалық, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын қарастырды. Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин екі елдің халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылдарына қатысты да бірқатар мәселелерді талқылады. Сонымен қатар, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттарға қатысты пікір алмасты.
Қазақстан Президенті екі елдің арасындағы ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалай келе, «біздің елдеріміз отын-энергетика саласында белсене ынтымақтасуда. Бүгінде Қазақстан мұнайының 20 пайызын Қытай компаниялары өндіруде. Қазақстан-Түрікменстан-Қытай газ құбыры да жақсы жұмыс істеп тұр», деді. Өз кезегінде ҚХР Төрағасы Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының оң қарқынын атап өтті.
«Биылғы мамырда Сіз Қытайға табысты мемлекеттік сапармен барып, АӨСШК саммитіне қатыстыңыз. Біздің Сізбен арамыздағы халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы уағдаластықтарымыз белсенді түрде іске асып жатыр. Өзара іс-қимыл жалғасын табатын болады деп үміттенемін. Екі елдің игілігі жолында ынтымақтастығымызды жалғастыру үшін біз бар күш-жігерімізді жұмсауға әзірміз», деді ҚХР Төрағасы.
Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР Төрағасын Қытай Халық Республикасының алдағы 65 жылдығымен құттықтап, қытай халқына табыс пен бақ-береке тіледі.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан» газеті