БІЗДЕГІ ОРЫСТІЛДІ БАҚ – КЕЗ-КЕЛГЕН УАҚЫТТА ЖАРЫЛАТЫН БОМБА!
Дәурен Қуат, жазушы, журналист, ABAІ.KZ Ақпараттық порталының жетекшісі:
– Қазақ журналистикасына «қарғадай» кезіңізден араласып келесіз. Біздің журналистиканың шынында да «төртінші билікке» жеткен кезі болды ма?
– Рас, қазақ баспасөзіне мен «қарғадайымнан» келіппін. Қазір ғой, 17 жастағылардың дені бала сияқты көрінеді (дегенмен, бұлардың ішінде де есейіп, ес тоқтатқандары көп, әрине). Бірақ мен 17 жасымды ел қамын жеген Едігенің жасы деп білдім. Әрнеге өзімше ой жіберіп, мән беріп жүретінмін. Аудандық партия комитеті дейтін сұрқаптал суық мекеме бар еді. Редакциямыз соның қасында болатын. Әлгі тасмешел үйге барғым да, қарағым да келмейттін. Редактордан сұранып, ауыл-ауылға сапарлаймын. Ел ішінде жүргенді жақсы көремін. Өзімше қиял кешемін: партия, аудандық комитет, сот, прокуратура, ана бір шәниген бастықсымақ біздің жанымызда кім? Не қылған адамдар? Шіркін, осы Қапал ауданының барлық шаруасымен «Қапал еңбеккері» газеті ғана айналысса ғой деп. Осы ойымды Мұрат Тоқбергенов деген ұстазыма айтып едім, жаны жәннатта болғыр, ғаламат интеллектуал, дегдар кісі еді, көңілімді жыққысы келмей әрі менің алқынған арманымды аялады ғой деймін: «Иә, газет деген беріден қайтқанда қоғамдық аурухана болуы керек», – деді. Қазір ойлап отырсам, сол кісі айтуында айтқан-ақ екен. Баспасөз, ең алдымен – қоғамдық аурухана. Өйткені біздің қоғам – сырқаттардың қоғамы. Қазіргі сырқаттардың басы тоқсаныншы жылдарда жатыр. Ұрлық-қарлық, жаппай тонау, тоғышарлық, топастық, жауапкершіліктің азаюы, елдік мұрат-мүдде деген былай қалып, әркім өз қалтасының патриотына айналу, жабайылық, Құдай-ау не дейсіз, – осындай ала жоңқа құлатасқын жалын көтерген күйі жиырма бірінші ғасырға өтті. Мойындаймын, бұл күндері ел іші ептеп тойынған шығар. «Гламурный» киінген жастар көбейген болар. «Деловой» жігіттер, байлыққа міленген қыз-келіншектер жетіп-артылар. Хай-тек құрылыстар бой көтеруде. Астанада «сол жағалау» өркендеп, Алматыда әл-Фараби даңғылынан жоғары жақтағы өмір өзгеше дамып кеткен. Бірақ осыған қарап отырып: «Міне, Тәуелсіз Қазақстанның жетістігі осы, гүлденген мемлекет болды деген осы» дей аламыз ба? Таңдайымызда бір нәрсе кермек татиды. Не ол? Ол – меніңше, ұлттық,азаматтық, либералдық құндылықтарды бойына сіңірген саналы, ұйымшыл қоғамды аңсау болса керек. Бұл, бәлкім, утопиялық байлам болар. Біздің жағдайда мұндай мемлекет құру беймүмкін шығар. Алайда, мен мұны бүгінгі қазақ баспасөзінде қалыптасқан идеялардан туындатып айтып отырмын. Біз қайткенде осыған жетуіміз керек. Конфуций «Биліктің мейірін тудыру керек, сонда барлық іс жүзеге асады» дегенді айтады. Дана қазақ «Хан мейірлі болмай – қараша қайырлы болмайды» дейді. Қазақ баспасөзінің қазіргі ұстанымы биліктің халыққа мейірлі болуын талап еткенімен, өзі билікке сүйкімсіз болып бітті. Сен сұрап отырсың: «Біздің журналистиканың шынында да «төртінші билікке» жеткен кезі болды ма?» деп. Мен мәселеге сәл басқашалау қараймын. Қоғам мен баспасөздің контексінде қазақ журнализмі «төртінші биліктің» емес, «бірінші биліктің» қызметін атқарып келген. Әрине, адам ойы мен санасына әсер ету жағынан. Ал адамның ой-санасы бәрінен биік тұрады. БАҚ-тың билігін осы күні Батыс ғалымдары да осылай түсіндіреді.
– Қазақ қоғамы мен қазақ журналистикасын бір-бірінен ажыратып қарау мүмкін емес. Осы екеуі тәуелсіздік жылдары қаншалықты алға қадам баса алды?
– «Тәуелсіздік жылдары» деп біз тоқсаныншы жылдардың бастапқы кезеңдерін айтамыз ғой. Қазақстанның қазіргі жағдайы бұрынғы мемлекеттілігін қалпына келтіруге ұмтылыс дәуірі болып табылуы керек.
Тоқсаныншы жылдары бәріміз серпіліп оянған рухтың алқауында өмір сүрдік. Бір жағымыздан етекбасты шаруалар, жоғарыда айтқанымдай, күнкөрістің қамынан балалаған
тоғышарлық бас көтерсе, екінші тұсымыздан өршілдік, жайнаған жігер, буырқанған қайрат күшіне мінді. Қазақ баспасөзі тарихи ақтаңдықтарды қопарып, елді өткенімен таныстырды, жаңа заманның келгенін жырлады. Ортамызға Ұлы рух – Ахмет Байтұрсынов бастаған алаш ардагерлері оралды. Кольчак айтыпты деген бір сөз бар: «Қазақтың жүз зиялысының басын кесіп тастасаң, қалғаны соңынан ере береді» деп. Сол қиылған «жүз бас» қайта тіріліп, ел ес жия бастады. Сәйкесінше, Қазақстан өкіметі де Тәуелсіздік талабына сай жеңістің бірінен соң біріне жетіп жатты. Оның бәрін осы арада тізе бастасақ, біреулер бізді билікке жағынып отыр дер. Жоқ, бауырлар, барды бағалап айтқан жөн. Қысқасы, тәуелсіздік жылдары қоғам да, қазақ баспасөзі де қарыштап алға басты. Өкінішке қарай, қазір сол бірлік, сол ымыра жоқ. Өйткені қоғам мен қазақ журналистикасының арасына сайтани ойындар араласып кетті.
– Журналистиканың ағартушылық бағытын ақылдымсу деп бағалайтындар көбейіп келеді. «Журналистика өзгенің өсегі мен төсегін көрсетуге тиіс» дейтін толқын да пайда болды. Біз осы кепке қалай түстік?
– Ағартушылық бағыт пен ақылдымсуды шатастырмау керек. Жасырары жоқ, бізде көсемситін көсемсөзшілер аз емес. Не жазып отырғанын өзі де, оқырманы да түсінбейді. Әншейін тіл безеу. Мұны «Эзоп тілі» дейміз. Аннан-мыннан жиған сөзін үйіп-төгіп ісініп-кебетін, арасында қазаққа кіжінетін, өз басым ұнатпайтын қазақы «эзопттар» әлі де бар. Мойындауымыз керек, ол да өзінше бір мектеп (күліп алдық). Кешегі советтік көл-көсір сөзден туған «қызыл мектеп». Осы мектеп бізді қазақ қоғамы мен қазақ журналистикасының арасына өрт қоя бастаған сайтани ойындардың мазағына айналдырды. «Караван» газетінен бастап бәрі «міне, қазақ журналистикасының сықпыты осы» деп мазақтап күлді. Билікке солай ұғындырды. Ал осы кезде қазақша кемсауаттанып қалған билік қазақ баспасөзінен ат тонын ала қашты. Қазір де сол топас түсініктен арыла алмай отыр. Осы арада айта кетейін, Қазақстан Компартиясының басшылығындағы бұрынғы кісілердің дені қазақ баспасөзін оқып, сынымен келісіп, қоян-қолтық жұмыс істесе алатын адамдар болған. Сол тұстағы қазақ баспасөзінің идеологиялық үлкен жұмыс атқарып, кең танылуының бір себебі де осында.
Ал ағартушылық – қазақ баспасөзінің сара жолы: ғұмырда дәм-тұзы таусылғанша, атқаруға тиіс қасиетті борышы, миссиясы. Батыс көріп келген балалардың: «Еуропа мен АҚШ-тың баспасөзінде мұндай нәрсе атымен жоқ. Ақпаратпен ғана шектеледі», – деп ділмәрситіндері бар. Ділмәрсімесін олар! Осы біздің жігіттерге таң қаламын. Былайынша сауатты, көзі ашық азаматтар. Шетелдердің біріне барып келсе болды, ішімізден шығып жатқан дүмшелердің сөзін айтып, сандырағын сарнап оралады. Қысқасы, «Мұса пайғамбар өз жолымен, Иса пайғамбар өз жолымен». Батыс баспасөзінің ақпаратты тап-тұйнақтай етіп беретін нұсқасын ала отырып, танымдық, сараптамалық материалдардан қол үзбеуіміз керек. Батыс баспасөзінде де қазір ағартушылық сипат молайып келеді. Себебі: бүгінгі жаһандық қозғалыс дені сау баспасөзден соны талап етуде.
«Өсек пен төсек» те қазір қазақ журналистикасының тақырыбына айналды. Несі бар? Өз басым мұны аса оғаш көрмеймін. Қайтеміз енді, айналамыз түгел «өсек пен төсектің» әңгімесін сөз қылып жатса, қазақ журналистикасы қарап отыруы керек пе? Бұл да өзінше нарық. Үлкен сұраныстағы нарық. Ол нарықтағы сұранысты да игеру керек. Бірақ журналистикалық этиканың шегінен табылу керек. Бұған да профессионолизм керек.
– Бір мемлекетте екі тілдегі ақпарат екі кеңістікте өмір сүреді. Бұл неден?
– Бұл сұрақтың жауабын екеуміз сұмдық жақсы білеміз. Оқырман да біліп болды. Енді оның нақты жауабын тек Президенттен сұрау керек шығар. Менің білетінім, бұл екі кеңістіктен бір кеңістік жасау мүмкін емес. Біздің билік Ресейдің шовинистік пиғылы қашанда үстем тұратын баспасөзін, яғни орыс баспасөзін Қазақстанда қолдан жемдеп, мәпелеп өсіріп отырғанын түсіне алмай келеді. Билік былай ойлайды: орыстілді баспасөз атаулыға мол қаражат бөліп және оларды қаржыландыратын көздерді шектемей отырсақ,орыстілді баспасөз үндемейді деп. Қателеседі. Қазақстандағы орыстілді БАҚ – кез-келген уақытта жарылатын бомба!
– Сіз журналистикаға келген жылдарда қазақ қоғамында бір дүмпу, жақсылыққа ұмтылған екпін бар сияқты еді. Қазіргі журналистка шоудың және шоумендердің насихатшысына көбірек айналып бара жатқандай. Арасы – ары кетсе 10-15 жыл. Неге бұлай болды? Әлде журналистика патриоттық ұрандардан жалықты ма?
– Бір уақыт көңіл көтеретін, жадырап күлетін шоубағдарламалар керек-ақ. Жұрттың бәрі саясатшыл, қоғамшыл емес қой. Қарны аштың да, тоқтың да күлуге, көңіл көтеруге қақсы бар. Бірақ деңгей деген болуы керек. Біздің шоуларда деңгей жоқ. Ырқ-ырқ, жырқ-жырқ. Қасиетті күлкінің өзін аздырып барады.
– Ел көрдіңіз, жер көрдіңіз. Түрлі ақпарат құралдарында қызмет істедіңіз. Қазіргі қазақ жұртшылығына қандай қоғам ыңғайлы деп білесіз? Өзіндік ерекшелігі үлкен, өзгеге еліктеп-солықтауы аз қоғам құру мүмкін бе қазіргі жағдайда?
– Мүмкін. Неге мүмкін болмасын? Өзіміздің жағдайды алып қарамайсың ба? Астық өндіруден державалардың біріміз. Бірақ нанның бағасы жылда қымбаттайды. Қытайға, Ресейге, одан әрі Еуропа елдеріне мұнай тасымалдаймыз. Үш бірдей мұнай зауытымыз бар. Бірақ жанар-жағармайға зәруміз. Баға болса да тұрақсыз. Көгілдір отынға бай елміз. Ауылдар тұрмақ, ірі елдімекендердің, кенттердің тұрғындары қи жағып жылынып, тамақ істеп ішіп отыр. Мұның бәрін былай қойғанда, өз тіліміз бар, бірақ кеңселерде өз тілімізде сөйлемейміз. Бұдан артық қандай «өзіндік ерекшелік» керек? Бұдан артық қалай ерекшеленуге болады? Әзілді қойып, сөздің шындығына жүгінсек, Қазақстанды да өзіндік ерекшелігі бар мемлекет ретінде әлемге әйгілеуге болады. «Қазақстанның өзіндік ерекшелігі – көп ұлттылығында» деген ұят сөз. Мына ғаламда негізгі ұлттың айналасына топтасқан бірнеше дисапоралардан тұратын мемлекеттер аз емес. Оны айтасыз, мысалы, Германияның Франкфурт әуежайының өзін шын мәніндегі «көп ұлтты мемлекет» деп білуге болады. Әлем халқы сол әуежайдың ішінде жыл он екі ай сабылып көшіп жүреді.
Арман ғой. Бірақ түбі : «Е, мынау Қазастан деген ел екен ғой» дейтін мемлекетке айналарымызға бек сенемін. Үміт алда. Қазір қазақтың пассионарлық қуаты байлауда жатыр. Соған мүмкіндік туғызса болды.
– «Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» бола тұра, сол сөзден шығатын нәтиже мен қорытындының көрсеткіші неге өте төмен?
– Тура мағынасында қазақтың сөзін қарыштап, құлаштап шыққан ешкім жоқ. Әлемде ауыз жаппай көп сөйлейтін халықтар жетіп артылады. Осы орыстың жағын жауып отырғанын көрдің бе? Әйтеуір, шұқылап, әрнеден әңгіме тауып алады. Ағылшындар да сол. Қытайың тіпті ауыз жаппастың өзі сияқты. Керісінше, қазақ қазір көп сөйлемейтін, томаға-тұйық жұртқа айналып барамыз. Алыс жолға автокөлікпен, не пойызбен шығып көрші. Айналаң тегіс қазақ болсын. Бір-бірімізге амандасып, есендесіп болған соң, мүлгіп отыра береміз. Бұл әлгі «өзге жұрттан сөзі ұзын» дегенге байланысты бүгінгі жайымыздың тұрғысынан айтып отырғаным ғой.
Істі әркім өзінен талап етуі керек. «Мен мынаны істей аламын», «Мен осыны істеуім керек». Осылайша өзін-өзі қамшылап іске кірісіп, тәп-тәуір нәтижеге жетіп жүрген замандастарымыз бар. Ал соларға қарап «қазақтың сөзі ұзын» деп қалай айта аламыз. Өкімет те өзінше әрекет етуде. Бірақ, дұрыс айтасың – нәтиже төмен. Осыдан 20-30 жыл бұрын ғана кедейліктің шегінде өмір сүрген хансу адамы қазіргі Қытайдағы заулай жөнелген дамуға таңқалады екен. Біз де солар сияқты өзге емес, алдымен өзіміз таң қалып жүруіміз керек қой: япыр-ай, кеше қандай едік, бүгін қандай болдық деп.
– «Он сом» атты әңгімеңізден кейін ұзақ жылдар көркем шығарма жазбай кеттіңіз. Соңғы жылдары «Мысық пен Маруся», «Мүйіз тарақ», «Әлімбектің әулеті», т.б. әңгімелеріңіз жарық көріп, оқырман сүйсіне оқыды. Арадағы үнсіздікті өзіңіз қалай түсіндіресіз?
– «Жалқаулығымнан жазбай жүрдім» десем жылына бір кітап шығаратын қайсібір қаламгер бауырым сөзімді мүлде түсінбеуі мүмкін. Рас, жалқаулық бар, бүгін болмаса ертең жапырып жазып тастаймын ғой деген сенім бар, жүріп қалдық. Мұны бір себеп делік. Мұның сыртында есіл уақытым біреулердің шатпағын түзеп-күзеуге кетті. Өзіме қойған талапты өзгелерден де талап етіп, жазудың мінсіздігін, мөлдірлігін ғана көрсем деп, қайбір жылдары өзім басқарған газеттерде жарияланған мақалаларды тегіс оқып, әбден иі қанды-ау дегенде ғана қол қойып басуға жіберіп отырыппын. Тұрмыс мәселесі де мойынға мініп алды. Баспана жайымен – Ақтөбе, одан кейін Атырау кеттік. Алматының өзінде көшіп-қонып көп жүрдік. Қайда жүрсең де, қалай жүрсең де жазуға болады, әрине. Сол үшінде адамды жазуға қол бұлғап шақырып тұратын аңсар орта – әдеби орта болуы керек. Әдеби процесс жүріп, әдеби орта қыз-қыз қайнап жатса, талай кержалқау кертөбелдер кісінеп келіп шабыс тілер еді. Баяғы әйгілі «Қаламгерге» барып, өзіңді ғана данышпан санап, былайғы жұртты сыпыра боқтап қайтқанның өзі шығармашылық ғой (күлді).
Тоқсаныншы жылдардың аяқ тұсындағы әдеби ортаның адамдары бір-бірінен тез суынғандай алыстап кетті. Әркім өзінің шығармашылық әлемінде өмір сүруге кетті. Байланыс үзілді. Осы кезде-ау деймін, қазақ әдебиетін түп-тамырымен жоққа шығара сөйлейтіндер күшіне мінді. Дәстүр атаулыны мансұқ етті. Оларға қарсы шыққандардың уәжі әншейінгі попсадан әріге ұзамады. Кекеп-мұқау, келемеждеу. Қолымды жүрек тұсыма қойып айтайын, маған осы бір әрі-сәрі сәт жаман әсер етті. Көңілімді құлазытты. «Он сомды» оқыған ағалар мақтады, тұрғыластарым «әңгіме емес» дегенді меңзеді. Содан кейін менде сенімнің өзі екіұдайланып кетті де, қалам байқұсты қалтаға салып қоюға тура келді. Бірақ ілгеріде оқығандарыммен қайтадан қауыштым, оқымағандарымның жанын шығарып тұрып оқыдым. Сөйтіп, қайта түледім. Еліктеу-солықтаудың, түсініксіз болып көрінудің, модашылдықтың уақытша екендігін де қапысыз ұқтым. Қазір менде сенім мол. Өзімнің шеберлігіме, мақтанды демеңіз, ішкі қуатыма толық сенемін. Бұған қосып айтарым, қазақ әдебиетіне «құрықтап жүріп» талантты досым Сәкен Сыбанбайды алып келдім жалғыз шаппайын деп (күлді). Құдайға шүкір, төңірегіміз қазір түгенделіп қалды. Думан Рамазан буырқанған шабыт үстінде, төпеп келеді. Талғат Кеңесбаев ағамыз да бәсеке көрігін қыздыруда. Дидар шығармаларын шеттілдерге аударуға кірісті. Серік Сағынтай, Дарқан мен Бейбіт бар, енді бізді жау ала қоймас.
– Қазір ақпараттық порталдың жетекшісісіз. Оқырмандарыңыз жеткілікті. Бірақ «Абай.кз» сайтындағы форумдарда, мақала астындағы пікір алаңында аузына ие бола алмайтын, монитордың арғы жағындағы батырлар көп. Бұл жалпы тенденция ма? Олардың пікір еркіндігіне жол беру арқылы былғаныштық пен былапыттыққа да жол беріп алып жатқан жоқсыздар ма?
– Бұл бір біздегі жағдай емес. Мен жалпы интернетжурналистикаға қатысты ойларды, талқылауларды жіті бақылап отырамын. Сонда байқағаным, әңгіменің бір парасы «осы коммент дегенді қайтеміз, бетімен жібере берміз бе, әлде тиып ұстаймыз ба?» деген сұрақтың айналасында өрбиді. Мысалы, «пікір білдіретіндер тіркелсін» деген талап бар (шартты ат қойып). Бірақ оның өзі нақты адам емес, алайда әйтеуір ІР адресі көрініп тұрады ғой деген үміт. Сөз бен ой бостандығы құрметтелетін елдердің азаматтары өздері оқитын сайттарға тіркеліп пікір білдіреді, пікірлер алаңын босатып қоя бергендері де бар. Көпшілік жағы интернет-басылым қоғаммен кері байланыс құралы болғандықтан тіркелудің қажеті жоқ, әр оқырман өзінің ойын ашық жазып, ашық айтсын дегенге саяды. Міне, көріп отырсың, коммент мәселесі «Абай.кз»-тің ғана емес, бүгінгі жаңамедианың мәселесі екен. Біз де бастапқыда пікір алаңына қатаң бақылау қойып көргенбіз. Алайда оқырман электронды газет оқығандай болды. Оны ішіміз сезді. Содан ұққанымыз: оқырманға ашық пікір алаңы бар сайт керек екен. Сөйтіп «алаңды» ашып кеп беріп едік, пікір деген құйылды. Оқырман, әсіресе, жастар жағы ішқұса болып жүргенге ұқсайды, қоғамға қатысты ойларын ірікпей жаза бастады. Біз осылайша белгілі бір деңгейде ұлттың ішіндегі құлыптаулы пікірлерге еркіндік беріп, цензурадан алып шықтық. «Абай.кз» бірден қоғамдық пікірге ықпал ететін, жоғары жақ еріксіз санасатын күшке айналды. Осынымыз жаман болды ма? Бұл және қазақ баспасөзіне ортақ мерей емес пе? Мен оны менікі деп меншіктеген емеспін. Бәріміздің, заманауи қазақ журналистикасының ортақ жетістігі деп айтып жүрдім, айта беремін де. «Абай.кз» өзінен кейінгі қазақ сайттарына ізашар болды. Тіпті қазақ газеттерінің веб-сайттарының ашылуына, оны айтасыз, «Алаш айнасы» сияқты газеттердің интернет-басылымға айналуына ықпал етті. Тап осыдан басқаны білмеймін, күнделікті шығатын «Алаш айнасы» газеті ұтыла қойған жоқ.
Былғаныштық пен былапыт... иә, адамның жүзі ұялатын ғайбат сөздер кетіп қалып жатады. Қайтеміз, қайсібір жандардың іші «у мен дертке» толы болса, біз не істей аламыз?.. Ұятын ғана амалсыз көтереміз. Сол үшін кейбір сыйлас азаматтар беткөрместей болып жүр. Ол дұрыс емес. Мен – сол баяғы аңқылдаған Дәуренмін. «Абай.кз»-тің жігіттері, модераторы көрмей қалған, ескермеген артық-ауыз сөз болса, торсаңдамай қоңырау шалып айта салса болады: «Ана бір пікір пікір емес, былыққан бірдеңе» деп. «Пікір алынып тасталды» қыла саламыз. Бітті әңгіме.
Әрине, бейәдеп сөздерді біз өзіміз тыйып отыруымыз керек. Әйтсе де, кейінгі кездері оқырман бұрынғыдай емес, есейіп, не жазса да сауатты, мәдениетті жазатын болып келеді. Талпыныс бар. Осыны күткен едік. Біз, «Абай.кз» порталының ұжымын, менен, Айдос Сарымнан бастап сыбаған сөздерге де шыдаған едік, күткендегіміздей болып келеді. Бұл күндері abai.kz ақпараттық порталының пікір еркіндігіне жол беруі былғаныш пен былапытқа емес, қоғамдық пікірге қозғау салатын сергек ойлардың, көзқарастар мен пікірлердің тоғысына айналып келеді.
Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы
Дереккөз: http://rgmedia.kz
Тақырып өзгертіліп алынды. Түпнұсқадағы тақырып: “Біздің қоғам – сырқаттардың қоғамы”