Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 8035 1 пікір 11 Қыркүйек, 2014 сағат 08:56

ӘЛІМҒАЗЫ ДӘУЛЕТХАН. БЕТПЕ-БЕТ

(Бұрынғы сенатор Ө.Бәйгелдімен болған әңгіме)

 

Өткен 2013 жылы мен үшін аса есте қаларлықтай оқиғалар мен жаңалықтарға толы болды.   2014 жылдың басы да жаман басталған жоқ. Мына дәптерден ұялғанымнан осы жолдарды аттап-пұттап шимайлап отырмын. 

Денсаулықтың арты көрініп қалған ба деп алаңдаулымын.  2007 жылдың бас жағын ала  қалалық Анко ауруханасында отаға дайындалып жатқан едім.  14наурызда пышаққа түсіп, пәледен құтылғандай болғанмын.

Содан бергі жеті жылдың бес жылдайы бірде ауру бірде сау дегендей ыңқыл-сыңқылмен өтсе де, жігерім, ішкі жан қуатым, өмірге құштарлығым өте күшті еді. Сондықтан да сол жылдары қыруар мақалалар жазып баспасөзге шығарыппын.

Атышулы Либай – Елдібай дауына араласып жалған тарихшы, арандатушы, қытайшыл Мұхтарханмен және оның сенатор ағасы  Өмірбек Байгелдімен, профессор Сауытбек Әбдірахмандар бастаған қамқоршы топтарымен айқасып, ақыры бір жола жеңіске жетіп едім. Осы барыста ескі дос – сабақтас Ыбырай Қошқари (Сүлеймен), Жанымхан Ошандар, басқа да ғалымдар қасымнан табылды. Әсіресе, Зардыхан Қинаятұлы, Нәбижан Мұхаметхан, Мәмбет Қойгелді, Талас Омарбек, Мекемтас Мырзахмет, Клара Хафизовалардың қолдауы ерекше дем берді. Сол тұста шығып тұрған «Қазақстан» газеті,  «Жас Алаш», «Айқын»,   «Жас қазақ үні» қатарлы газеттердің қолдап-қуаттаулары да ерекше дүмпу туғызды.

  Сөздің тоқ етерін айтар болсам, 2010 жылдың жазында бұл абыройсыз айтыс-тартыста біз толық жеңіске жеттік. Қарсыластарымыз бізге қарсы бір жол бірдеңе жазуға батылдық ете алмады.

Ақыры Ақ үйдің сүйіктілерінің бірі баспасөз басшыларының басын қосқан жиналыста «Бұдан былай бұл тақырыпта ешқандай материал жарияланбайтын болсын. Бұл еліміздің абыройы мен аумақтық тұтастығына зиян келтіретін аса қатерлі үгіт-насихатқа жол ашады. Ли-ай – Қытайдың ұлы ақыны. Оның бізге еш қатысы жоқ екенін тарихшылар жетерлік дәлелдеген» деген сөзін Көкшетауға, Шоқан Уәлихановтың 175 жылдығын атап өтуге барған сапарымызда Төлен Әбдіковтан естіген болатынмын. Төкең басы артық сөздің адамы емес екені көпке мәлім.

  Сөздің реті келіп тұрған соң жаза кетпесем, тағы уақыт өте келе көп сөздің бояуы өшкіндеп қалу қаупі бар.

Әлқисса, сонымен толық жеңіске жеттік, енді бұл тақырып қайта көтерілмейтін шығар деп алаңсыз жұрген бір күнімде, дәлірек айтқанда 2013 жылдың  4-шілдесінде болар, «Астана күні» деген мерекенің қарсаңында «құрметті мемелекет қайраткері», бұрынғы сенатор Өмірбек Байгелді тележүргізуші Әйгерім Сейфолланың алдында көсіліп сұхбат беріп отырды.

-                     Сіз кезінде Либай деген тегі түрік, Дулаттан шыққан ұлы ақынымызды таптым деп едіңіз. Сол жаңалық неге аяқсыз қалды? - деген мағынадағы сұраққа Өмекең:

-                      Мен осынша абырой атағыммен көзім жетпеген іске араласады дегенге қалай сенесіздер?  Ол әбден тексеріліп, зеттелген, дәлелденген нәрсе болатын. Біреулер орта жолдан килігіп, қайдағы жоқ қауіп-қәтерді төндіріп, жұртшылықты шатастырды. Сондықтан қазірше тоқтай тұруға тура келді, - деп жауап берді.

-                     Соншалықты сенімді, дәлелді дәйектеріңіз, жазба деректектік материалдарыңыз болса, оны дер кезінде жариялап, жұрттың назарына неге ұсынбадыңыздар? –  дегенде: 

-                     Оның уақты келеді, көресіңдер. Мен сол дауласушы бәлеқорларды еш түсіне алмадым. Олар неге менімен кездесіп, айтар уәждерін көзбе-көз айтпай, сыртымнан айғайлайды? – деп нанға өкпелеген баланың қылығын қайталағандай болғаны маған қызық көрінді. Соны естігенде, мен  орайы келсе, Астанаға бара қалсам, Өмекеңе жолығып:

1)                -  Ағасы-ау,  «осыншама аброй-атақ» дегенде нені арқаланып жүрсіз? Депутаттық, спикерлік, т.б дегендер мансап баспалдақтары ғой, ия солай болдыңыз, шыққан баспалдақпен қайта құлдилай отырып мына бүгінгі орныңызға жайғасып,  кемпіріңіздің қолына, қас қабағына қарап отырсыз. Бұл көтерілу мен құлдилаудың  тарих пен әдебиетке қандай қатысы бар еді?;

2)                – «Олар неге менімен бетпе-бет сөйлесуге жарамай, сыртымнан сөз айтады?» дегеніңіз қай қисынмен айтылды екен? Сыртыңыздан, көшеде айтылған сөз жоқ. Бар сөз баспасөзде, интернетте, айтылып еді ғой. Ол қалайша өсек-жалаға жатады? - деген екі сұрақ қойсам деп жүруші едім.

   Дәм айдап 9-шілдеде Астанаға бардым.  Астана барған соң телевидениедегі таныстарым арқылы Әйгерімнің телефонын тауып сөйлестім. «Өмекеңді қатыстырып бір хабар жасасаңшы. «Бетпе-бет неге келмейді?» деп дебатқа шақырған еді ғой. Қорыққаннан емес, денсаулығымның жоқтығы мен жер шалғайлығынан басқа себеп жоқ. Ал, енді, іздегенге – сұраған, ағаңа менің сөзімді жеткізіп, ойын біліп бере аласың ба: қорқақ кім, батыр кім екенінің куәсі болғың келмей ме?- дедім қалжыңға сүйеп.

-                   Сөйлесіп көрейін. Жауап не менен не ол кісінің өзінен болар, күтіңіз- деді Әйгерім. Бірақ ешкімнен телефон болмады. Әйгерімнің телефонын тердім деп тыңдай қалсам, ер адамның, бір екі сөзінен кейін, байқаусызда Өмекеңнің телефон нөмерінен, Өмекеңнің өзімен сөйлесіп тұрғанымды біліп, алғашында шынымен  абдырап қалдым.

  Өзімді-өзім тәртіпке келтіріп, жаңадан сөйлескен адамша «Ассалаумұғалайкүммен» қайыра амандасып, өзімді таныстырдым. Жолығып сөйлескім келетінін де анықтап ескерттім. Қапелімде Өмекең де не айтарын білмей қалғаны белгілі болып қалды.

- Қайда, қашан, не туралы әңгімелескің келеді? Мен үйдегі адаммын. Аузым ораза, - деді.

- Өмеке, мен Алматыдан келдім. Астанаңызға, сізге қонақпын. Қайда, қалай кездесуді сіз белгілеңіз. Мен кел деген жерге уақтында жетуге дайынмын.

- Өмекең паріктерді, кафелерді айта келе. Ол болмайды екен, үйге келе аласың ба деді? – деді.

- Қашан барайын? Әдіресіңізді айтыңыз. Ағамның үйіне неге бара алмаймын? Қуана барам ғой, - дедім.

Ол  кісі көрсеткен әдірес менің қызым мен күйеу баламның үйіне жап-жақын жерде екен.Президент кітапханасы мен паркі дегеннің қарсысындағы биік үйлердің  9-10- қабатының бірінде тұрады екен. 1-қабаттағы домофонды қарияның өзі келіп ашты. Қайта көтерілдік.

Үйі кең мол екен. Жақсы қартайған кемпірі, жас келіндері, балалары бар екен.

Біз әңгімеге төтесінен кірістік. Жоғарғыда дайындап жүрдім деген екі сұрақтың екіншісінен бастамас бұрын:

-                     Өмеке, мен сізбен танысайын, біздер сөз еткен Либай –Елдібайдың шындығын айқындау үшін мен айтарымды баспасөзде жетерлік айттым. Сіздер жақтың сөзін кездестіре алмаған соң ауызба-ауыз, бетпе- бет сөйлесіп түсінісейікші деген ізгі ниетпен келдім. Айтысу үшін емес, арылу үшін, ортақ мүдеміз, қазақ халқының, тәуелсіз еліміздің аман-саулығы үшін, артық кем айтылған сөздеріміз болса, кешірім сұрау үшін келдім. «Бетпе-бет неге сөйлеспейді?» деген сөзіңізге орай келіп отырмын, аға. Басқа бөтен ойым жоқ, -  дедім.

Әңгіме басталысымен-ақ Өмекеңнің мені онша ұнатып тұрмағанын сездім. Тіпті бойына тоғытқысы келмеген сыңай танытты.

- Ия, сонда не айтқалы келдім дейсің? Кәне айта бермейсің бе? Менің айта қояр ештеңем жоқ, -  деп маған бір түрлі тоңторыс мінез көрсетті.

- Ой, аға, менің де айта қоярым шамалы. Бар айтарым баспасөзде айтылып болған. Сізге бұл ретте неге келіп отырғанымды жеткізіп айта алмадым ба, әлде сіз онша мән бергіңіз келмей отыр ма?  Қайталап айтайын, мен сізбен аға-іні ретінде сөйлесіп, Мұхтархан сияқтылардың сізді және басқа да сенгіш, аңқау қазақтардың жүздік, рулық, жерлестік сезімдерімен ойнап, былайша айтқанда, аңқау елге арамза молдалық қылып, қытай саясатының болашақ арандатуларына тарихи негіз жасап бермек болған әрекеттеріне көздеріңізді жеткізіп, көңілдеріңізді орнықтырғым келіп еді. Қысқасы, Мұхтарханға сенемін деп бүкіл қазақ халқы алдында ұятқа қалғандарыңызды, әсіресе,  қытайлар арасында күлкіге қалғандарыңызға көздеріңізді жеткізу үшін келдім. Әйтпесе, сізбен алты аласы, бес бересім жоқ адамның бірі едім ғой, -дегенімде Өмекең ашуға басып:

- Сен не деп отырсың, өзі? Мен Мұхтархан дегеніңді иттің етінен жек көретін адаммын. Ол менің қанша ақшамды, осы үйдегі қанша жақсы мәтериялдарымды алып, қарасын батырды. Мен «ол берген материял» дегеніңді білмеймін.  Өзім, өз қаржыммен арнайы жабдықтаған маман кадырлардан құралған топпен Қытайға 4-5 рет барып тапқан тарихи жазба деректер, тасқа басылған бейнелер мен ойма жазулар негізінде әлденеше сериялы құжатты филім дайындап эфирден бергіздім. Либәй өлеңдерін түп нұсқадан аудартып, профессор Сауытбек ініме көлемді зерттеу мақала жаздырып, кітап етіп тараттым. Мұхтарханның оған қатысы жоқ.  Мен Мұхтархан айтты екен деп бас шұлғып отыра беретін ақымақ емеспін. Сенің мәймөңке сөзіңе жығыла кететін  мақұлбай да емеспін. Аузына ие бол. Байқап сөйле, - деді.

 - Сіз менің дұрыс, жанашыр ниетімді түсінгіңіз келмегені өкінішті-ақ. Сонда айта қойыңызшы, 49 баспа табақтық кірпіш кітапта Либайдың -   Елдібай,   Ликенің - Алқаби екенін, оның Дулат бабаның тоғызыншы ұрпағы екенін дәлелдейтін бір сөйлем, бір сөз жазбағандарыңыз қалай? Либайдың ата шежіресі деген 99 -беттегі  бір бет кестені қазақшалауға неге мүмкіндік болмады? Бар болғаны бір-ақ бет еді ғой. Оны қытайшалап бергенмен қоймай, сол шежіренің астында берілген төрт түрлі ескертпеге жоламай, оған мәтінге мүлде қатысы жоқ «Елдібайдың ата шежіресі: Дулат бабаның  9-ұрпағы, түріктердің ханы болған» деп жазылған шатпақ аудармасымақ берілген. Сіздер профессор Сауытбек мырза басқарған редакциялық  алқа сол шатпақ аудармасымаққа неге мән бермей Мұхтарханға сене қалғансыздар?   Мұхтарханыңды білмеймін. Оның айтқаны бойынша еш нәрседе істегеміз жоқ дегеніңізге кім сене қояды.? «Ли-Бәй-Ли - Елдібай» атты кітап бастан аяқ Мұхтархан жазған шимай мақалаларға сілтеме жасаумен, өлеңдер соның жолма-жол аудармасымағымен қазақшаланғаны сауатты адамдарға ап- анық көрініп тұр ғой.

Сізге айтар тағы бір уәжім бар, аға. Сіз өзіңіз қытайша нан сұрап жейтін сауатыңыз жоқ екенін мойындап отырсыз.  Солай бола тұра, 1300 жылдың алдында сүйегі қурап қалған бір қытайдың 80- 90  миллиондық  лилердің әулеттік шежіресі барын, сонша жер қайысқан лилердің ішінен Либай мен Ликені қазақшалап, Дулат бабаға жабыстырғанда қандай ғылыми, тарихи негіз тапқаныңызды  айтып бере аласыз ба?  1300 жылдық либайтану тарихнамасын арнайы зерттеген мен кездеспеген қандай құнды дерек көзін атай аласыз?   Ғылым – белден басуға, күшпен, ақшамен немесе мансап-бедел дегендердің зорлығына көне қоймайтын қайсар, діті қатты, қасиетті әлем ғой, - дедім.

- Біз де естіп жатырмыз. Сенің қытайшаны қаншалық білетініңді. Қытайда не істеп, не қойғаныңды, талайларды сорлатып, салған лаңдарыңды,-  деп осыарада Өмекен тақырыптан алшақтап, өзіме тіке шабулға өтті. Бұл енді айтар уәжі таусылған жанның далбасасы еді.

- Өмеке, менің қытайда не істегенімді, қытайша қаншалық білімім бар екенін білетін, бірге өскен, бірге оқыған, жолдастарым да, тілеулестеріммен қас дұшпандарым да екі елде ондап, жүздеп өмір сүріп жатыр. Менің осы жасқа келгенше мақтан етер, жұрт алдында жарқылдап жүрер бір артықшылығым: халқымның, жора- жолдастарымның алдында жүзім жарық. Ұялып, қысылып, қымтырлар еш нәрсем жоқ. Ешкімге, ешқашан опасыздық жасап, ұятқа қалған жерім жоқ. Өмеке, менің намысыма тимеңіз. Білмей тұрып, жалалы сөз айту – сізге жараспайды, -дедім.

Өмекеңнің ойлау жүйесі, сөйлеу мәнері маған бір түрлі тұрпайы, тіпті мүлде ойланбастан аузына не келсе, соны айта салатын бейпіл ауыз адам сияқты әсер қалдырды. Менің айтып отырғандарымның оған еш қатысы жоқтай-ақ,  аяқ астынан дүңік еткізе былай деді:

-                     Осы сен кімдердің тапсырысын орындап жүрсің? Сен Либай туралы сонша мағлұматты аяқ астынан қайдан таптың? Бізге қарсы жұмыс істап жатқан біреулердің арандатып отырған ісі емес пе?

Мен мынадай жалал сұраққа шыдай алмай сөзді тікесінен бетке ұрғандай етіп:

-                   Өмеке, көкек өз атын өзі шақырадының керін келтірдіңіз- ау. Топтасып, сыбырласып, ымдасып бір жерге жинала қалып, әлдене тапсырмалар орындауға құлшыну – бұл сіздердің өмірлік мақсаттарыңыз, тапсырмасыз, сіздер өмір сүре алмайсыздар. Құдайға шүкір, мен ондай итаршылықтан, ондай пасық қулық-сұмдықтан аулақ, тәуелсіз, бостан адаммын. Өзімнің ар- ұжданым нені бұйырса, соны ғана орындап дағдыланғамын.

   Мен – 1961-1966 оқу жылдарында Үрімжідегі жалғыз университеттің (Шин жияң университеті) қытай тіл-әдебиеті факультетінде оқып, оны ойдағыдай тамәмдаған, өмір бойы тіл-әдебиеттен, тарихтан қол үзбеген адаммын. Либаймен «таныс болғалы»  50 жыл болыпты. Онан да нақтырақ айтар болсам, менің тарих ғылымдарынан кандидаттық жұмысым 692-766 жылдар аралығында салтанат құрған Түркеш қағанаты тарихы. Басқаша етіп айтқанда Либай өмір сүрген (701-763  ) Таң патшалығы дәурендеген қоғамдық, әскери, саяси, мәдени қарым-қатынастар тарихына арналған. Менің саналы ғұмырым ғылым мен өнерге, саясат пен ұлттық тәуелсіздік жолындағы күреспен өтіп келе жатыр.

Ал сіз болсаңыз екі сөзіңіздің бірінде «мен осынша абырой-атағыммен» деп кеуделеп сөйлегеннен ұялмайсыз. Мен білгенде сіз –  осыдан 50 жылдай бұрын бар болғаны мал дәрігері мамандығын алып, өлген малға акты жасап, малшылардың үйінде жамбастай жатып жүрген көп мал дәрігердің бірі ғана едіңіз ғой. Әке даңқымен, Назарбаевтың назарына ілігіп, «бақ қонып» дегендей мансап баспалдағымен өрлеп жеткен жеріңізде соншама абырой- атаққа кенеле қалдым деп ойласаңыз қателесесіз. «Биік мансап – биік жартас, шарықтап ұшып қыран да жетеді.  Өрмелей жүріп жылан да жетеді» демеуші ме еді Абай данышпан.  «Мансап пен байлық қолдың кірі» демейтін бе еді халқымыз. Сонда сізді асқақтатып жүрген мансап әдірем қалып, көп зейнеткер шалдың бірі ретінде менімен қатар отырған жоқсыз ба?

- Ей, сен не деп оттап кеттің, ә? Мен – біле білсең қос-қос дипломды, экономика ғылымдарының докторымын. Мен оқымаған кітап жоқ. Мынау сөре толы кітапханадан тағы біреуі бұрынғы үйімізде тұр. Москваның жоғары партия мектебінің түлегімін.  Аузыңа ие болып сөйле бала!  - деді

- Ой, ағасы-ай, ХХI ғасырдың мына Ай, мына Күнінде  Москуамен, партия мектебімен мақтанудың ұят екенін әлі сезбегеніңіз өкінішті-ақ. Кешегі 90 жылдары канидаттық, доқторлық атақ алмаған мансапты қалып па еді? Доктор Өмірбек Байгелдінің экономика ғылымы саласындағы ашқан жаңалығы мен алға басып кеткен Қазақстан экономикасы туралы естімеппіз.  Ғылымдағы атақ-аброй дегеніңіз жылдар бойы, өмір бойы тынымсыз ізденістер арқылы, ашқан жаналықтарының өмірге, қоғамға қандай пайда әкелгеніне қарап бағаланады, - дедім.

- Осы сен сияқты пәлеқорлардың кесірінен ойға алған, хаттап- шоттап дайындап қойған талай жаңалықтарымды жаря ете алмай жіпсіз байланып отырмын. Еділ патша туралы зерттеулерім бойынша Еуропаның әйгілі 200 ғалымы бас қосқан жиында баяндама жасап, олардың қолдауын алып қойғалы талай болды. Күтуге тура келіп тұр. Менің ашқан жаналықтармды қабылдай қоюға Қазақстан дайын емес. Өресі жетпейды. Сөйте тұра өре түрегеліп, жағаңа жармасуға дайын тұрады, - деп қарымта жауап қайырған Өмекең осы төңіректі біраз ширлады.

- Өмеке, сізден сұрайын деген ең маңызды сұрағымды айтуға рұқсат етсеңіз болар еді.  Менің тынышымды алып келген ол сұрақ – Өмекең  қанша айтқанмен қолы ұзын, мүмкіндігі мол мемелекет адамы еді ғой, бәлкім мен сияқтылар әлі кезіге қоймаған, басқа  Либайтанушылар да дерек көзі ретінде пайдалана қоймаған тың жаңалыққа кез болып, соны құпиялап, бізді сынап жүре ме екен, егер ондай мойын бұрғызбас дәлелі болса, танысайық. Мойындау керек болса, мойындап, артық айтқан сөздерімізге кешірім сұрайық деген ізгі ниетпен келіп отырмын. Шыныңызды айтыңызшы, жаңалығыңыз болса, халқыңыз бен тарихшы әдебиетшілермен неге бөліспеске, неге біз сияқты «даукестерді» маңдайға ұрғандай етіп тоқтатпасқа?

-                     Е-hе, уәжге тоқтай қоятын сендерсіңдер ме, әлі уақты келеді. Сол кезде айтылады бәрі де. Мен ашқан жаналықтарды   қабылдауға қазақ қоғамы дайын емес. Маған сонаудан (төбені нұсқады) аян келеді. Мен өз жанымнан еш нәрсе қоспаймын. Ал сендер мұндағы ұсақ-түйекті сөз етіп басты қатырмаңдар, - дегенде барып мен айтылар сөз бен уәжге орын қалмағанына, көкпен тікелей байланыста отырған адаммен қалай теңелуге болатынына келгенде тосылып- ақ қалдым...

-                     Жарайды, ағасы. Сіз өз пікіріңізде, мен өз пікірімде қала тұрайық. Сізге арнап әкелген соңғы шыққан кітабым бар еді. «Ежелгі түркілер» деп аталады. Осында біраз ізденістерім бар. Уақыт болғанда оқып көруіңізді өтінемін,  –деп кітабымды сөмкемнен шығара бергенімде:

-                      Оныңды қайтем. Керегі жоқ. Ондай шимайларды оқып жатар бос уақтым жоқ, -  деді.

-                      Мейлі, солай-ақ болсын. Дегенмен бір кезде, бір қажетіңізге жарап қалар. «Он оқ бұдын» атанған Түркеш қағанатын құрысқан бес Дулаттың Либай өмір сүрген дәуірдегі тарихи жағдайымен ішкерілей танысып қойғаныңыз пайдалы болар дегенімде:

-                     Е, тастасаң тастап кете сал. Сенің кітабыңа қарап қалған жағдайда емеспін, - деді күңкілдеңкіреп. Сол аралықта бәйбішесі келіп, мына кісі науқас көрінеді. Бірер пиала шай ішесін. Біз оразамыз,  –деп ас бөлмесіне апарып шай берді.

Ағамыз екеуміз бір-бірімізді түсінбеген күйі тоңторыс отырдық. Ол кісінің не ойлап отырғанын шамалауға болар, ал мен өте ауыр да азапты ойлар тұңғиығына сүңгіп кеткендей болдым.

«Апырау мына адам, қандай адам өзі? Көкпен тікелей байланыста отырған адам қазақ көшін неге көкке көтеріп, көсегесін көгертпеді? Біздің елді қандай адамдар басқарып, оның саясатын белгілеп отыр? Көшбасшымыздың ақылшы, көмекшісі мынадай қияли жан болғанда  басқаларынан не үміт, не қайыр?! Ой тәңірім, өзің жар болғайсың мына тайқы маңдай қазақ халқына»...  

Өмекең мені лифтімен төменге әкеліп шығарып салды. Қызым машинасымен мені күтіп тұр еді.

- Қалай болды. Сөздерің жарасты ма? Ұрсып қалған жоқсыңдар ма? – деп жатыр қызым.

- Е, бәрі де болды. Өкінішті әрі пайдалы кездесу болды. Айтып берем ғой, - дедім.

Төрт сағаттай табан тірескен, жүрекке, тәнге салмақ түсірген ауыр әңгімеден әбден шаршап қалжырағанымды машинаға отырғанда бір-ақ сезіппін.

Болған әңгіме мазмұнының қаз-қалпында қағазға түскеніне кепілдік бере аламын.   

 Әлімғзы Дәулетхан

 

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5392