Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 5873 0 пікір 5 Қыркүйек, 2014 сағат 15:33

БОЛОНЬЕ ТАЛАБЫНА БАЙЛАНЫП ҚАЛДЫҚ ПА?

Осы күні не көп философ көп, мәдениеттанушы, саясаттанушы  көп.   Қазақтың ғұлама ақындарының бірі Әбубәкір Кердері айтқандай «Білмеймін
дейтін бір жан жоқ, жұрт ақылға толған күн!». Олардың фәлсафасын тыңдап,
оқып отырсаң, мына әлем (жер беті) үлкен бір болашаққа бет алған ұлы көш.
Сол ұлы көштің ішінде мыңдаған әртүрлі халық өркениетке қарай бет алып, үдере көшіп барады. Ішінде қақпа шекпенін жолдың шетіне лақтырып жіберіп, оның орнына шортик киіп алып, жан-жағындағылармен біресе «Привет!», біресе «Хэллоу!» деп амандасып, көзіне қара көзілдірік киіп, «Мерседес» мінген кәдімгі қысық көз қара қазақ та кетіп барады. Ол әсіресе, әлгі ұлы көштің ішіндегі ТМД деп аталатын бір іргелі топтың көшін бастап, басқаларға үлгі болып  экономикаң ба, мәдениетің бе, ғылымың ба әйтеуір мына жалған дүнияның қай саласында да бәрінен озық, бәрінен үздік болып ең алдында «Алға, Қазақстан» деп алға қарай еш кідіріссіз шауып барады-мыс. Қайда бара жатқанын бір Құдай біледі. Негізгі беталысы әлдебір озық мемлекеттер қатарына барып қосылу және оған қосылу үшін жанағы шортик киіп, «Мерседес» мінген  қазақ ең алдымен америкалықтар мен еуропалықтар не ішсе, соны ішіп, не жесе соны жеп, не кисе, соны киіп, сосын үйдегі жалғыз не екі баласына ағылшынша, орысша үйретуі керек. Әйтеуір, таза қазақ болмаса болды! Әйтпесе, «мамбет» боп қалуы мүмкін! Мейлі ғой, бұл да  әлдебіреулердің ақылының  жеткен жері шығар. Дегенмен...Қазақ деп аталатын бүтін бір халықты күстаналауға Құдайдан қорқамыз, бірақ қазақ елінің басшылығында жүргендер Ресей жақтан әлдебір ұран тастаса болды, соны аттанға айналдырып басқаның алдына түсуге жанын сала кірісетіні рас. Ол ұран өз халқының жан-сарайына, дініне, атасалтына лайық па, оның артында қандай астар жатыр?  Қазақ басшылары оған «бас қатырмайды», Кеңес өкіметі алғаш орнап жатқан жылдары-ақ атаның айтқанын — ұл, ананың айтқанын қыз тыңдамай, өз тілінен безіп, елден бұрын орысша сөйлеуге көшкен де, Құдай жоқ деп  Құдайдан, Құран өтірік деп Құраннан   ең алдымен безген де  қазақтың папка ұстаған ірілі-уақты басшылары болатын. «Ассалаумағалейкумнің» орнына «Саламатсыз ба?» деп сұрақ қойып амандасуды да солар ойлап тапқан еді. Қазақтың халық әндерін тыңдап отырсаңыз, іші «сәулем», «еркем»-«еркем-ай»-ға мүлде орынсыз толып тұр. Сөйтсек, «Ой, Алла-ай», «Құдай-ай», «Жалған-ай», «ой, дүние-ай», деген бұл қасиетті сөздерді сызып олардың орнын кілең «сәулетай», «еркетаймен» толтырған да солар екен. Сөйтіп, баяғының қазақ қыздары шетінен «сәуле», шетінен «ерке шолжың» біреулер болып шыға келген. Және бұл сөздер ән мәтініне, мағынасына, желісіне мүлде қатысы жоқ, орынсыз енгізілген. Қазақтың қисса жырларындағы «кәпір», «орыс» дегеннің бәрі «қалмақ» болып өзгертілген. Ноғайлының орыспен соғысқан батырлары туралы жырларда олар өздері түгіл ата-бабасы естіп, көріп білмеген әлдеебір қалмақтармен соғысып жүреді. Бұл да қазақ басшыларының ауыз әдебиетінде ашқан «жаңалығының» түрі. Қазақпен іргелес отырған елдердің ешқайсысы 70 жылдан астам Кеңестің құрығында отырып та  дәл қазаққа ұқсап тілінен, дінінен, ділінен, ата дәстүрінен айныған жоқ. Әлі есімізде сол жылдары Мәскеудің қынынан суырулы жалаң қылышындай, «Правда» газеті өзбектердің ешқашан тілі мен дінін сатпайтынын, ешқандай жат идеологияға көнбейтінін айта келіп, олар ансамблінің атын да «Ялла» деп қойып отыр, бұл «Я Алла» деген сөздің айтылуындағы «я» дыбысынан кейінгі «а» дыбысының түсіп қалған түрі. Яғни, ансамбль аты «Я, Алла!».Оны өзгерту керек деп жазғанда да Өзбекстан Компартиясының Орталық Комитеті оны өзгертпей, сақтап қалды. Ол кезде Ташкент университеті Ленин атында болатын. 1976 жылы өзбектер Лениннің атын алып тастап, университетіне Ұлықбек есімін берді. Бұл КСРО кезінде болған уақиға. Ал қазақтар тәуелсіздік алдық деп ұлардай шулап жүрген 24 жылдан бері Павлодар мен Петропавлдың атын өзгертуге күші келмей отыр. Сөйте тұра, телеарналар мен баспасөзден күндіз-түні естіліп жатқан біз күшті, біз мықты, біз дүния жүзіне үлгі деген даңғазаға толы мақтаншақтық сөздерді қайталаудан бір танған емес. Сондай даңғаза мақтаншақтықтарды тыңдап отырғанда ұялғаннан тынысың тарылып, жүрегің аузыңа тығылады. Өйткені, соның көбі баспасөз екенін шыққыр көзің күніге, сәт сайын көріп отыр.  Әнебір жылдары «отбасын жоспарлау» деген ұран тасталды. Ол ұранның мақсаты КСРО-дағы  өзге ұлттардың санын азайтып, бержағы орыстың, аржағы еуропалықтардың сан жағынан басым болуын көздейтін кез-келген ақымаққа түсінікті еді. Соған қарамастан Қазақстан басшыларының ішінде оған тереңірек  ой жүгіртіп жатқан да ешкім болған жоқ. Қайта, қазақтың басшы қызметтегілерінен бастап солардың айналасындағы жалбатайлақтардың ішінен осы «отбасын жоспарлауды», яғни, бала тууды шектеуді қызу қолдап, аттан салғандар шықты. Дәрігерлерге жасырын нұсқау берілді. Сол нұсқаудан соң қазақтың  әйелдеріне дәрігерлер «Сізге бала тууға болмайды», «Өміріңізге қауіп төнеді», «Анемияңыз бар екен», «Енді бала тусаңыз, толғақ үстінде өліп кетуіңіз мүмкін» деген сияқты қорқынышты сөздер айтылды. Тіпті, дұп-дұрыс босанғалы тұрған әйелдерге «Кесарево сечение» жасалып, ішін жарды. Айтпақшы, бұндай қорқытып-үркіту тәсілдерін кейбір дәрігерлер әлі де қолданып келеді. Олардың айтқанына құлақ аспай, 6-7 перзент көріп отырған, қайта денсаулығы бұрынғысынан дұрысталып кеткен әйел екінің бірінде кездеседі.

Ал, әлгі «отбасын жоспарлау» деп аталатын әнжі саясаттың қайдан шыққанын білесіз бе? Бұл зымияндық жоспар 1974 жылы желтоқсан айында Құрама Штаттардың ұлттық хауіпсіздік кеңесі деп аталатын жасырын кеңесінің өте құпия жиналысында қабылданды. Мақсат — олар «үшінші әлем»  деп атайтын  елдерде әсіресе мұсылман елдерінде бала тууды шектеу,  олардың  санын кеміту еді. Сөйтіп, осы елдерде бұл жоспарды жүзеге асыратын мекемелер жұмыс істей бастады. Оның бөлімшелері, әсіресе, Қазақстанда қызу жұмыс істеді. Жоспарды жүзеге асырудың бір жолы әлгіндей сөздермен әйелдерге үрей туғызу болса, екінші жолы  бала көтеруге кедергі жасайтын бірақ «денсаулыққа залалы жоқ, ұзақ уақыт әсер ететін» деп аталатын дәрілерді ішкізу арқылы әйелдерді бедеулікке ұшырату еді. Бұл жоспар әсіресе, қазақтар арасында зор табыспен жүзеге асырылды. Қазақтың сол кездегі зиялы отбасыларынан бастап, қара жұмысшы, қарашаруа отбасылары бір-екі баладан артық бала өсірмеуді «модаға» айналдырды. Баласы көп аналар мәдениеттен, өмірден артта қалған, ескінің сарқыншағы деп есептелді. Сол  арамзалық , үгіт-насихат, арбау-алдауды  бүгінгі Қазақстанда да емін-еркін жүргізп отырғандар әлі де бар. Қазір отарбалардың вагондарында, автобус, троллейбустардың есік-терезелерінде жапсырулы тұрған, бала тумау үшін қолданылатын дәрі-дәрмектердің суреттерінен, әртүрлі аборт жасау жолдары туралы таратылып жатқан кітаптардан-ақ бұл саясаттың әлі де жүргізіліп жатқанын көкірегінде саңылауы бар адам бірден байқайды. Америкада аборт жасауға тыйым салатын заң қабылданғалы да біраз болды. Ал  Қазақстанда керісінше аборт жасауға заң жүзінде еркіндік беріліп қойылды. Қазір аналардың денсаулығына, дені сау бала тууына күтім жасау, гинекологқа алдын-ала көрініп тұру сияқты қамқорлық-сымақтардан осы саясаттың салқыны әлі де жиі байкалып қалады. Осы сайқали саясатпен әбден уланған қазекемнің қыз-келіншектері  бұл мәселеде әлі де болса батыс елдерінің қатындарына еліктеуін күшейтпесе, бәсеңдеткен жоқ. Қазақстанда осы күні  «гендерлік саясат», «феминизм» дегенді желеу етіп, биік-биік мінбелерден  «ақыл» айтатындар аз емес.Олар бұның бәрін әйелдердің мемлекет басқаруға, ел тізгінін ұстауға, бизнеске көптеп араласуына жол ашудеген әнжілікпен бүркемелейді. Сөйтіп, АҚШ пен батыс елдеріне міне, біз де  «гендерлік саясатты жүзеге асырып жатырмыз, біз де сіздер салған демократияның жолымен келе жатырмыз деп «есеп» беріп отырады. Демек, бізде  қазақ санын көбейтуге онша... Оның орнына Қазақстан халқының санын ойдан-қырдан жинап 20 миллионға жеткізу керек деген сияқты жоспар бар. Қазір Украинадан қашқан-пысқан орыстар «екінші Родинасы»–Қазақстанға ағыла бастады. Құдайшылығына келсек  жер иесі, ел иесі қазақ ұлтымен келісіп алмай, оларға мұндай рұхсат беруге ешкімнің хұқы жоқ! 1991 жылдары өзбек халқының саны 19 миллионға жете қаба болса, бүгінде өзбектер 30 миллионнан асып кетті. Сол жылдары дүние жүзінде 10 миллионға толғанын ырду-дырду қып тойлаған қазақтың саны елімізде әлі 11 миллион көрінеді. Адам өмірінің ұзақтығы жөнінен Қазақстан 153 орында. Яғни, әлемде 200-дің о жақ, бұ жағында мемлекет бар десек біз солардың ең артжағында тұрмыз. Бірақ күндіз-түні күмпіп мақтанудан алдымызға жан салмаймыз. Қазақтар біз бүгінде әлемге үлгі болып отырған елміз деп мақтанады. Ал адамдарының өмір жасының ұзақтығы жөнінен көрсетіп отырған үлгісі осындай, яғни, 153-ші орын болса, бізден үлгі алған мемлекеттердің халқы қырылып қалмай қалай отыр? Әзіл-әзіл ғой! Бірақ осының бәрі  әсіресе, қазақ басшыларының ежелден келе жатқан кім-көрінгенге жалтақтығы, еліктегіштігі, өз ұлтын өсіру мәселесіне тусыртымен қарайтыны, біреу айтақ десе, тұра шабатын жәреукелігі демей көріңізші! Біздің шонжарлар мен депутаттар қазір «Бисмиллаһның» орнына әнгімесін «халықаралық ұйымдар» деп бастайды да, сол ұйымдардың тәуелсіз Қазақстанға «оң қабақ» көрсетіп отырғанын міндетті түрде айтып өтеді. Ал, әлгі бала туғызбау туралы құпия жоспарды біздің басшылар Құдайындай көретін ВОЗ (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы), ЮНЕСКО, БҰҰ (Біріккен Ұлттар Ұйымы), Әлемдік Банк, Рокфеллер қоры сияқты толып жатқан халықаралық ұйымдар қос қолын көтеріп қолдайтыны неліктен? Ол «халықаралық» деп аталатын бұл ұйымдар кімнің, қай елдің тапсырмасымен жұмыс істеп отыр деген ой бізді неге мазаламайды?

Қазақтың аттаншылдығына тағы бір мысал келтірейік. Қазақстан білім беру саласын қайта құруға, яғни, мектептерде 12 жылдық білім беру жүйесін енгізуге қатты кірісіп кетті. Елімізде бұл жүйені енгізу де басқа реформалар сияқты бүкілхалықтық талқылауға салынбастан қолға алынды. Көзін ашқалы оқу-ағарту саласында қызмет етіп келе жатқан білікті ұстаздар, бірсыпыра ғалымдар, қаламгер қауым баспасөз бетінде 12 жылдық бұл жүйеге қарсы шығып, өз тәжірибелерін ортаға салып, «осыны қоя тұрсаңдаршы» дегенін жоғарыдағылар тусыртымен тыңдады. Олар бұл жерде де қазір «глобализация» жүріп жатқанын, «өркениетті елдердің» осы 12 жылдыққа көшіп жатқанын тоғыз қабат торғауыт қып бет бақтырмады. Сосын қойдан жуас қазекем «бетбақ жеңді, бейшара көнді» күйге түсті. Білетіндер 12 жылдықтың бұл жобасы 1997 жылы Лиссабонда (Португалия) болған әлдебір конвенциядан, арада бір жыл өткесін  (1998 жылы) Англия, Германия, Франция, Италияның төрт министрі жоғары білім берудің еуропалык жүйесін үйлестіру туралы Сорбоннада бірлесіп жасаған                         декларациясынан (мәлімдемесінен) басталған дейді. Сөйтіп, 1999 жылдың 18-маусымында Болоньеде «еуропалық жоғары білім беру аймағын құру» деп аталатын мәлімдемеге қол қойылды. Әшиінде «еуропаланып келеміз», «католик діні бізде жақсы дамып келеді» деп еліріп тұрған қазақ шонжарларына, әсіресе сол кездегі білім министрлігіне бұл «қашқалы тұрған киік еді, таңына таяқ тиіп еді» дегендей әсер етті. Сол Еуропада оқымай-ақ қазақтың ауыл балаларының ішінен аты әлемге мәшһүр академиктер шығып жатқаны кезінде  Қазақстанның Ғылым Академиясы  ең бір беделді ғылым ордасы атанғаны, Қазақстан Жоғары оқу орнын бітірген талай маманды АҚШ пен  Еуропа елдері ат-түйедей қалап алып немесе ашықтан-ашық ақшаға сатып алып жатқаны  да бірде-бір қазақ шонжарының миына кіріп шыкқан жоқ.

Қазір ҰБТ деген сөзді естісе қазақтың қаршадай қыз-жігіттерінің зәресі ұшады.  Бұл–Ұлттық Бірыңғай Тест дегенді білдіреді. Қазақша «сынақ», «сын», «сынау», «емтихан» дегенді ғана білдіретін Тест дегені сөзді Құрандағыдай қасиетті сөз деп ойлады ма қайдам, қазақ белсенділері өзгертпей сол күйінде айтып, сол күйінде жазуға пәрмен беріп қойды. Қазір мектепті 11 жыл бойы бір «үш» алмай беске оқыған балаларымыз осы тест деген сұмдықтан омақаса құлап, қатты күйінгендері өздеріне қол салатын болды. Бұл қасіретке кім кінәлі? Бұл да ойланарлық іс...

 Тіпті, осының бәрін  құптарлық-ақ іс екен дейікші. Бірақ,  еуропалық «өркениетке» жетіп, аты-жөні беймағлұм 50  мемлекеттің қасына барып, сапқа тұра қалу үшін          қазақ мектептерінде  осы заман талабына сай, мемлекеттік тілде жазылған оқулықтар да жетіспей жатқаны неге ескерілмейді? Окулықтар шәкірттердің ұғымына, түсінігіне сай келмейтіні  ауыр екені күнде дерлік айтылып та, жазылып та жүрген жоқ па? Біздің оқу жүйеміздің өзінде белгілі бір стандарт (үлгі, өлшем, негіз) орныққан емес қой! Мектептерде мұғалімдер өзі дәріс беретін пәнді оқыту үшін қолына қандай кітап, кай жылы шыққан кітап түссе соны ала салып пайдалануда ғой! Дүниежүзілік білім беру жүйесіне кіреміз дейміз, сол еуропалықтар дәл бүгінгі күні қазақстандық 12 жылдықтан білім алған мамандарға зәру ме? Осы ретте Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінің проректоры, университет академиялық саясат басқармасының бастығы В.Мироновтың «Қазір Еуропаға білім денгейі оншалықты жоғары емес, яғни, официанттың (даяшының) біліміндей ғана білімі бар бакалаврлардың Еуропа экономикасына қызметке келгені тиімдірек болуы да мүмкін» — деуінің өзі ойланарлық сөз ғой. Ал біздің білім саласының шонжарлары 90 жылдардың орта шенінде жұртшылықпен ақылдаспастан ғылымдағы түсініксіздеу бір бакалавр деген дәрежені енгізе салды. Ал күндердің күні болғанда бакалавр атағын алып шыкқандардың осы бакалавр дегеннің не екенін өздері де, оларды қызметке алушылар да білмейтіні белгілі болды.

Сөйтіп жүргенде, ойбай, магистратуралар ашпасақ, ілім-білімнен жұрдай жабайы қазақ қалпымызда қалады екенбіз деп қараспанды қапылтқан жұмыстар жүргізіле бастады. Біз сияқты жәй ажалды пенде түгіл сол кездің өзінде-ақ әлгі «өркениетті» шонжарлар қазақтар біріне-бірі сыбырлап: «магистратура» деген не өзі деп сұрайтын болған деседі. Сөйтсек, «магистратура» дегеннің латын тіліндегі түбірі бар болғаны бастық, ұстаз деген сөз ғана екен. Біздің жастарымыз жаңағы магистратурада оқып жүрген сол кезде әлгі «магистратура деген не өзі, оның бұрынғы бес жылдық білім беруден қандай айырмашылығы бар» деген сауал күнделікті сабақпен қатарласып жүрді де отырды!

Сонымен әлгі Болоньеде ұсынылған жобаны өтірік-шыны аралас 40 шақты мемлекет қолдайтын болды. Өтірік-шыны аралас дейтін себебіміз мұның әржағында да еуропаландыру сияқты небір әнжі саясаттың құлағы қалқайып тұр. Мұндай ұлы қиқудан қазақ басшылары қалатын ба еді?! Қанжығасына толтырып шикі мұнай артқан көкшолақты сауырға бір тартып жіберіп, осы жобаны жүзеге асыруға кірісті де кетті. Ал, орыстар бұл мәселені әлі талқыға салып, екі жақ болып айтысып жатыр. Бұған қарсылық білдіруші орыстар  БАҚ арқылы Үкіметті, елді бұл жобадан сақтандыруда. Оның пайдасыздығын тіпті, залалын айтып келтіріп жатқан дәлелдерінің өзі тайға таңба басқандай. Тіпті, бұл жоба орыстың  ұлттық санасына ұлттық болмысына залал тигізетіні айтылуда.

Ал қазекемнің кейбір атқамінерлері ше? Оларға қазақ бір оқуды он түрлі тілде оқыса да, он түрлі дінді қабылдаса да,   аты жоқ ұлтқа айналып кетсе де бәрібір. Өйткені, бізде қай елден келген көзбояушылық, алаяқтық, қай елден келген дінбұзарлық, тілбұзарлық, ұрпақбұзарлық, әйелбұзарлық жымысқы шара атаулы  өте шапшаң, қазақ ұлтының пікірін ескерместен, ойланбастан жүзеге асырыла бастайды.

Сөйтіп, Болоньедегі бұл жобаны енгізер алдында  әдеттегідей  «эксперимент», яғни, кейбір мектептерде тәжірибе жасап жатырмыз деген судырақ сөз пайдаланылды. Бірақ біздің басшылар Болонье жоспарына, одан кейін ВТО-ға (Дүниежүзілік Сауда Ұйымына) кіруге әлдақашан әлдебір елдерге уәде ме, ант па, әйтеуір бірнәрсе беріп қойған еді. Біз Болоньедегі декларацияға қол қоюды 2005 жылға жоспарлаған едік. Қазір  2015-2017 жылдарға шегінген сияқтымыз. Ал білім беруді дамытуға  арналған бағдарламаларда «біз болоньелік бұл декларацияға қол қойғанбыз, шетелге берген уәдені орындамасақ  болмайды, деген бір ауыз сөз айтылмайды, яғни, ол халыкқа білдірмей-ақ жүзеге асырыла береді деген сөз.

Біз 12 жылдық білім беру жүйесіне қатысты өзімізге  хабар-ошар көздері арқылы белгілі болған жағдаяттардың кейбіреулеріне ғана қысқаша тоқталдық. Білім беру саласындағы бұл өзгерістердің (реформаның) ана тіліміздің бүгінгі мүшкіл халін одан да нашарлата түсетіні өз алдына бір тақырып. Ал, қазір университеттерде оқып жатқан шәкірттердің  білім  деңгейінің өте төмендігін сол оқу орындарының мұғалімдерінің өздері де мойындайды. Мұның бәрін кімдер, қандай саясатпен жасап отырғанын дәлелдеп шығу да оңай емес. Бір ғана білетініміз – қазір Қазақстанның орта және жоғары оқу орындарында ұлтымыздың болашақ елтұтқалары емес, ата-аналардың ақшасы ғана оқып жатқан сияқты. Оған да басын қатырып отырғандар аз. Пысықайлар латынның 18 әрпін, сосын ағылшын тілін білсең болды деген қағиданы аңқау қазақтың миына құйып жатыр, құйып жатыр. Қаптаған университеттер білім беретін емес, диплом ғана беретін мекемелерге айналды. Ақшасы көп ата-анасы барлардың қалтасында 2-3-тен дипломы бар.

Осының бәрі қазаққа аз болғандай енді «үш тұғырлы тіл» деген бәлекет шықты.  Тек «айтақ» десе тұра шабатын саяси да, қоғамдық та сауаты төменқол кейбір қазақтар ғана «көп тіл білген пайдалы» деп қояды. Осы арада белгілі ғалым Дэвид Кристалдың «бір ұлтты оқ шығарып қанға боямай-ақ жойып жіберуге болады. Ол үшін оларға «қостілділік» дегенді енгізу керек. Сонда саны көп, мемлекеті өктем ұлттың тілі екінші ұлттың тілін бірте-бірте жұтып қояды» дегені еске түседі.

 

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371