Ауыт Мұқибек. БІЗДІҢ ҮЙДІ СҰРАСАҢ АСТАНАДА
Біздің үйді сұрасаң, Астанада,
Соға кет, келіп мұнда жатсаң, аға!
Дегеннен соң ақырын көшіп келгем.
Бас ақындар тұрады бас қалада.
Артып, міне, келеді жыр салмағы,
Білсең, менмін өлеңнің бір саңлағы.
Бұл қаладан кетпеймін енді еш қайда,
Бақан алып қолыңа қусаңдағы.
Болғаннан соң Арқаның жері көркем,
Салады ойнақ өзіне сеніп еркең.
Әбіш аға секілді, Төлен аға,
Оқиды жұрт таласып мені де ертең.
Ақын жаны мәңгі жаз, мәңгі көктем,
Табады орын әр көңіл, әр жүректен!
Алдыменен іздейді аласұрып,
Келген қазақ бел асып арғы беттен.
Тұру деген Арқада зор, шын бақыт,
Жатыр Есіл жағаға толқынды атып.
Өтіп бара жатамын сол Есілден,
Көпірлерін Астана солқылдатып.
Жаным менің жаралған гүлге етене,
Жан-жағымда жайқалып тұр бетеге.
Кетіп бара жатамын балпаң басып.
Әрең сыйып бір өзім бір көшеге.
Болмай кетті мағына күлкімде түк,
Келсе деумен келемін жұртым көшіп.
Өлең жазып отырам түні бойы,
Бір бүйірін қаланың бүлкілдетіп.
Бір үндеспей заманмен, бір үндесіп,
Айтады кеп ел мұңын жырым кесіп.
Тұрады жұрт, көресің, анадайдан,
Ауыт келе жатыр деп күбірлесіп.
Ақордаға жақын кеп ірге тиді,
Заман өзі арқама міндет үйді.
Имекеңнің, білемін, шоласы жоқ,
Жазғанымды Жүнісбек күнде оқиды.
Бәрін көрдім қайғы мен қасіреттің,
Сөйте жүріп, жырымды жасын еттім.
Шақырып онша кетпейді жиын-тойлар,
Жұмысқа да алмайды батып ешкім.
Сезгеннен соң қауіпті іргедегі,
Ащы-тұщы көңілге жыр келеді.
Қандастарды шақырам, Нұрекеңе,
Боп қалар деп, әйтеуір, бір керегі.
Көрген елміз мың азап, мың текпіні,
Басылып қалды келетін жұрт екпіні.
Қандастарды шақырам, Имекеңе,
Тиіп ертең қалар деп бір септігі.
Арта түскен ғасыр бұл жұрт айласы,
Саны молдың бәйгеде шырқайды аты.
Әйтеу қазақ көбейсе екен деймін,
Тисін маған, тимесін бір пайдасы!
Тұлпардайын шідерін үзіп шабар,
Жақсылықты отырам қызықтап әр.
«Қазақ келсін шеттегі!» деуден өзге,
Бөтен ниет жоқ менде бұзып-шағар.
Біз баратын көмбелер рас алыс,
Асу айқын жолдағы, жыра таныс...
Жоққа қашан бас иіп көріп едім,
Тоқтамасам, жеткізер мына шабыс!
Асығады биікке жанның бәрі,
Деме менің зарымды малдың зары.
Артым қуып жеткенше, мен де ақырын,
Ығыстырып үлгірем алдымды ары.
Басады деп даламды неге тұман,
Сөйлеп келем шеттегі көп атынан.
Амандығын берсе Аллам, Астанада,
Мен де бір күн бас ақын боп отырам!
***
Бізде дейді шылқыған мұнай біткен,
Рахмет айтасың Құдайға іштен.
Күн кешіріп келеміз жыл басынан,
Әйеліміз екеуміз бір айлықпен.
Қойны-қоншын қомпитып теңгелері,
Арғы беттен қыдырып ел келеді.
Ағаларға иіліп сәлем салып,
Інілерге береді ас жеңгелері.
Шілде бойы..., біткенше сары тамыз,
Бәйтерекке барлығын ала ұшамыз.
Хан шатырды көрсетіп, Ақорданы,
Таныс еметермен де танысамыз.
Сақал шықты, жүргенде мұртқа асығып,
Жөн сұрайды сол келген жұрт бас ұрып.
Қонақтардан пәтердің қос бүйірі,
Керілгенде, кетеді сыртқа шығып.
Менмін бүгін олардың би, төресі,
Ұмытылған өткеннің күйкі елесі.
Сол қазақтар гуілдеп сөйлегенде,
Ашылып кете жаздайды үй төбесі.
Жаралғаннан, қазағым, өрелі елсің,
Болсын дейтін бала еркін, немере еркін.
Мен шақырған қандастар осы, міне,
Келем десе, тағы да келе берсін!
Астында анау КӨК ТУДЫҢ тұнық түсі,
Келеді елдің ұйысып, біріккісі!
Қайта кетіп қалғаны жан қинайды,
«Тіркеу» деген бәледен сынып тісі!
Қалу қате қонақтан бұрын жатып,
Тұрған жұлдыз сөнген бе жымыңдасып?
Кетерінде мақтайды әйелімді,
Есігіне ел пойыздың шығып жатып.
Қысылады екен мұндайда бір түрлі адам,
Үйір болып көрмеген жылтырға жан.
Сырып тастап әйелді, ал мен байғұс,
Патшам да жақсы деп шыр-пыр қағам.
АҚОРДАДА «АҚБОЗ ҮЙ»
Ақордадағы қабылдауда
ҚР Президенті Кеңсесінің басшысы
Махмұт Қасымбеков ағаға
«ULAS»-тың «Электронды қазақ үйін»
сыйладым.
Автор
Бірде торы мінгені, бірде жирен,
Қабылан мен құндызды күнде киген,
Қазақ құры кірмейді барған үйге,
Тағы құры шықпайды кірген үйден!
Азаматпын сол жолды көре қалған,
Шын тілесең бәрін де береді Аллам.
Жеңге қолға қарайды, қайын келсе,
Жүгіріп шығу мүмкін ғой немере алдан...
Кіп-кішкетай «Қазақ үй», Маха, мынау,
Ініңіздің сауғасы атағы дәу!
Ақорда мен халықтың арасында,
Ауық-ауық айтылып жатады дау.
Білесіз ғой, Көші-қон – менің дауым,
Қап барады жат жұртта қалың қауым.
Ақордада келеді өмірің өтіп,
Мүмкін емес, ән-күйді сағынбауың?!
Сені іздейді, білемін, қанша қауым,
Барша өтініш, айтады барша дауын.
Өмірің өтіп барады Ақордада,
Ақ боз үйді мүмкін бе аңсамауың?!.
Қанша жерден болса да беті жарқын,
Мұндай баққа жатпайды жетіп әркім.
Деген оймен әкелдім бұл сауғаны,
«Ағам туған ауылын есіне алсын!».
Басталады ұлы әндер ұлы Абайдан,
Мұса да өлең шығарған құрап ойдан.
Құлагерін сері Ақан жоқтағанда,
Қайтіп қана шыдасын жыламай жан!
Кес-кестеген тобырлар алдын мәңгі,
Ұлы Мәди, тыңдайсың сал Біржанды.
«Ғалиясын» шалқытып Балуан Шолақ,
Ұкілі Ыбырай шырқайды «Қалдырғанды».
Өсек отын жүргендер мәңгі көсеп,
Жығады екен шұңқырға нарды да әкеп.
Әсет әні бұл «үйден» асқақтайды,
Өзіміздің кәдімгі арғын Әсет!
«Жанботаны» тыңдайсың, «Шашубайды»,
Әшімді де тыңдайсың, Кәсімбайды.
Таңжарықты тыңдайсың, жеті жылдай,
Шер байланып, бүркеген басын қайғы.
Термені де тыңдайсың, ертегіні,
Осы қазақ шетінен, сенсең, ірі!
Қорқыт ата қобызын боздатады,
«Саржайлауын» Тәттімбет шертеді ұлы...
Жан дауысын өңшең бір өктем ердің,
Көрінгенге келмейді текке бергім.
Ғасырлардың үні бұл бізге жеткен,
Бізге жеткен зары бұл шеттегі елдің.
Күйін шертіп қазақтың, әнін шырқап,
Келсем-ау деп шетте жүр жалынды ұрпақ.
Тыңдасын деп әкелдім әдей Сізге,
Ақ боз үйдің Ақорда зарын бір сәт!
Аспан елтіп, сазына дала билер,
Туады әлі жаңа әндер, жаңа күйлер.
Өшкен жанып, өлгендер тірілмей ме,
Қонса келіп Арқаға сол ақ үйлер.
Ініңіздің осы, аға, бас арманы,
Ақын болғым келмейді қатардағы.
Әлі талай өзіңмен кездеседі,
Ақордадан, болса егер, татар дәмі!
Жаншып әбден тастапты-ау сананы езгі,
Мөлдіретіп қойдық қой қара көзді.
Қосылып аққан өзеннің екпіні қатты,
Қосылып айтқан болмай ма ән әуезді?!
Арқама осы КӨШ деген мұң батпаса,
Құмар ақын емеспін Сіз жаққа аса!
Сарыарқаның тіпті де сәні артпай ма,
Ақ үйлерден ақ түтін будақтаса?!
Бермедім бір збандап тыным Сізге,
Шеттегі елдің жеткіздім мұңын Сізге.
Көштің жолы ашылса, көк Аспанның,
Айын Оған сыйлар ем, Күнін Сізге!
Екі араға, жан аға, дәнекерсің,
Дәнекерсің, қол жетпес және төрсің.
Сіз бен бізді қуантып сол ұлы Көш,
Даламызға бос жатқан сән әкелсін!
Күтіп отыр қанша ауыл, қаншама адам,
Сандалыстан пенде жоқ шаршамаған.
Ақордаға «Кішкене үй» кірді, міне,
«Үлкен үйдің» үмітін арқалаған.
Келсе екен ел Есілді кешіп, шіркін,
Іздей берсек табамыз есік кілтін!
Сізге жетсек, ар жағы алыс емес,
Патшаға да қалармыз жетіп бір күн!
24.08.2014
Астана.
Abai.kz