Жөкей батырдың оралуы. Курносовтармен кездесу
Елі үшін ештеңеден тайынбаған ерлер туралы жазылмаған, айтылмаған дүниелер жетерлік. Сондай ерлердің бірімен кездесуімнің бір сәтін – көзбен көріп, құлағыммен естіп көңіліме түйгенім, қаншама жыл өтседе ұмтылар емес.
... Өткен ғасрдың 1955-56 жылдары Алатау бауырайындағы Батпақтыбұлақ жайлауында шөп шауып жатқанбыз. Арасан колхозының бойдақ ірі қара малы сонда қыстайтын. Бригадиріміз (марқұм), ауыл азаматы Аенов Есімжан ер тұлғалы, өте сабырлы, кеңпейіл әрі қарапайым, жаны жайсаң адам болатын. Күнделікті жұмыс басына бізбен бірге барып, қасымызда жүріп, бірге қайтады. Өте кітапқұмар жан. Өзімен ала барған кішірек бір шамадан толы кітәбі болған. Сол екі-үш айда бірімізге бір ауыз артық сөз айтып көрген емес. Біз де ол кісінің бір айтқанын екі етпей орындауға тырысатынбыз. Жөнсіз сөйлемейтін де. Есекең бір күні, аяқ асты түске таман, жұмысты тоқтатып, қол бұлғап бәрімізді шақырып алды. Жұмыс жүріп жатқан қарбалас шақта, бір кемшілік болып қалды ма деп алаңдап, қасына келдік. Бізге ойлана қарап тұрған ол салмақты үнімен: «Сендер Арасанның орталығында жерленген Қызыл Армия лейтенанты Курносовты білесіңдер ме?», – деді.
Біз белітіндігімізді айттық. Үлкендер: «Барлық митингі- парад сол жерден басталып өтпеуші ме еді» десе, жастар жағы: «Кезінде біздерді пионерге қабылдағанда, комсомолға өткенде, басына барып гүл шоғын қоятынбыз» дестік.
– Жә, онда жарайды. Ал сол адамды атқан кісінің аты-жөнін кім айта алады? – дегенде ол жайында там- тұм білсек те үнсіз қалдық.
– Жарайды, онда сол Курсоновты атқан Нұрмұхамбет Жөкей мерген мына көрші Сағабүйен жайлауына бүгін келіпті, – дегенде, бір қорқыныш сезім бойымызды билеп кетті, төңіректегі қырат- қыратқа, қарағай-қарағайдың арасына қарап-қарап қоямыз. Бір шетінен ақбоз атын ойнақтатып, бізге қарай шапқылап шыға келетіндей көрінді. Үлкендер жағы енді сақ болатын болдық-ау десіп қалды. Біздер де бригадир енді, «сақтанып жеке жүрмеңдер» деп айтады-ау деп, күтіп тұрмыз.
Жоқ олай емес екен. Бригадир қазір бәрің де жұмысты тегіс доғарып, түстікке де бармай, сонда баралық, мергенді көрелік, сол жақтан ауқаттанайық дегенде, алғашынды таңырқап қалғанымыз рас. Балалар алақайлап, ат-өгіздерін доғарып, үлкендер ат ерттеп мінгенше шыдамай, өгіздеріне мінгесіп, лезде-ақ қыр асып кеттік. Барсақ, шет-шеті зәулім қарағай, ортасы кең жазық алқапқа ел енді қоныстаныпты. Жаңадан тапталған балауса шөптің жұпары мен қарағайдың саф таза шәйір қышқылтым хош иісі мұрныңды жарады.
Қарақұрым халық, қарбалас ел, біреуді біреу біліп болмайды. Әр жерде түтін будақтап, қазан асылып, кей жерде жаңадан жерошақ орны қазылып, арыда екі-үш қазақ үйдің шаңырағы көтеріліп, беріде мал сойылып, еті боршалануда. Бір мұртты, келбеттілеу жігіт дәу ақ қойды көпшілік алдында атынан жерге жайлап түсіріп, ел назарын өзіне аудара, «қыстай байланған қой еді» деді. Қой алдыңғы екі аяғымен аюдай болып шоқиып отыр, семіздіктен арт жағын көтере алатын емес. «Ұлымның сүндет тойына арнап едім, енді батырдан балама бата алайын деп алып келдім», – деді ол.
Бес-алты қазақ үйдің ортасындағы еңселілеу үйге таман жақындадық. Үйдің іргесін көтере түріп, байлап қойыпты. Көппен бірге сығылса іргеге де жеттім-ау, баспалап ішке сығаласам, үй толған адам. Нақ төрде шағын денелі, үстіне ақ жібек шапан ба, сулық па киген, жеңіл сусар бөрікті ақсарылау, домалақ бет, сұлуша адам сөйлеп отыр. Жас шамасы алпыстың айналасы. Қасымдағылардан сұрапа едім. Олар сыбырлай сөйлеп, ана сөйлеп отырған адамың, нақ батыр Жөкейдің өзі дегені. Қараймын: елден артық ештеңкесі байқалмайды. Сөзі де сыпайы, іштей көңілім толыңқырамай, батыр-батыр дегенге Бауыржандай сом денелі, өңі сұсты, дауысы зор, өңінен адам сескенетіндей жан шығар деп ойлағам. Содан біраз отырып сөз тыңдасам, ел Жөкей мергеннің небір ерлік істері жайлы, айтып таңдандыра түсті. Сонда ғана расында батырлық бойда емес ойда, білекте емес, жүректе деген нақыл сөз осы кісідей жандарға арналған-ау деген ой келді басыма.
... Ия, ол кез ел басына күн туып, жер тағдыры қыл үстінде тұрған асыра сілтеу заманы еді. Бай адамдар түгел ұсталып, талайы атылып, бар мүлік, малдары тәркіленіп, ішкі Ресейге вагонға тиеліп жөнелтіліп жатты. Қалғандарын сонау Қиыр шшығыстан бастап Сібірдің түпкір-түпкіріне жер аударып, артынан орташасы мен кедейлерінің қолдағы бар малдарын, ұрадағы астықтарына шейін жиып алған. Қолдарында не малы жоқ, не ішіп-жерге тамақ жоқ халық жаппай ашығып, адам баласы бұрын-соңды көрмеген қиын жағдайға ұшырай бастаған уақыт еді. Басқа жасар дәрмені қалмаған заманда ел арасы ерсіз болған ба?! «Алтын – жерден, жақсы – елден шығады» дегендей, елім деп еңіреген ерлерге сыналар шақ туды. Қалың жұртты ашаршылықтан аман алып шығудың бірден-бір жолы көрші Қытай жеріне асу ғана болатын. Ел ішінен тәуекелге бел буған ерлердің бірегейі Жұмай Нұрмұхамбет Жөкейұлы еді. Құралайды көзден атқан мерген әрі балуан жігіт.
Ел ол жаққа да оңай асып кете алмады.
Қанша шығынмен жеткені жетіп, жетпегені шекара күзетінің оғына ұшып, қиын асуда құзға құлап, одан ары аман өткендерін басқа ұлттың басбұзарлары тонап, аш-жалаңаш босқындардың әйелдерінің алтын сырға, жүзіктерін тартып алып, әлділеу ерлерін құл етіп, көңілдеріне ұнаған әйелдерді зорлап алып кетіп жатты.
Ел іші Жөкейдің қытайға қарай алғаш өткізген тобы жайлы былай әңгімелейтін:
Шекарадан таңғы талма уақытта өтіп, бас-аяғымызды түгендеп, соңғы асудан өтісімен Жөкей түнделетіп бір ат әкеп, сойғызып, сұрпы етін пісіріп әлденіп, қалғанын артып алып жүріп кетеді. Бәріне ескерткені, жолай кезіккендерге асуда мерт болған биеміздің еті деп айту. Айтқандай-ақ, 7-8 шақырымнан кейін екі қарулы салт атты көшті тоқтатып тінтіп, мына етті қайдан алдыңдар деп сұрайды, бұлар бағанағы келісімді сөзді айтады. Неше әйел, неше еркек екенін санап, бастаушыларың менімен жүресіңдер деп әмір етіп Жөкейді ертіп, қалғанына екіншісін қарауыл қылып тастап жүріп кетеді. Ауылға жақындағанда бас барымташының үйін көрсетіп (көк дарбаза қоршаулы) бара бер, деп өзі кідіріп қалады. Жөкей келіп атынан түсіп, дауыс беріп, ешкім шықпаған соң ептеп есікті ашып «кім бар-ау» дегенше, байлаулы екі төбет арсылдай жұлқынады да, арғы жағынан көйлек - штаншаң, жалаң бас, төбе шашын қысқа екі өрім етіп жіберген еңгезердей біреу шығып: «кімсің сен, неге кіресің» деп айғайды салып, ай-шай жоқ итеріп шығармақ болады. Мерген де жасқанбастан алыса кетеді. Жөкейдің оң қолы есердің сол қабырғасындағы қалың етке ілігіп, бір қолымен оң білегінен қақпанша шап ете түседі. Қабырғаға ілінген қолы қалың етті қатты қысып бұрап жібергенде қарсыласының жан дауысы шығып, ойбай сап жантая кетеді. Сөйтсе, қалың еті езіліп, жыртылып кетіпті. Сол қолымен білегін жібермей көтеріп тұрып: «Менің атым «Науай Жөкей» дегенше екінші барымташы арашаға түседі. Бас барымташы Науайға тілегіңді айт дегенде, батыр «Бұдан бұлай босқан елге тиме!», – дейді де, сәл ысқырып қалғанда Ақбоз да қақпадан кіріп, қасына тұра қалды. «Әне, ана атта тұрған қоржынды жарым құрсақ балалардың несібесі ретінде тамаққа лық толтыр» дейді.
Бұдан кейін барымташылар Науай Жөкейдің тілегін парызындай орындап, босқындардың арғы жақтағы байырғы тұрғындарға жетуіне кедергі келтірмепті, тіпті көмектескен кездері де болыпты.
Бағанадан бері бет-әлпетіне көзім толғанша қарап болып, енді ел сөзіне құлақ қойсам олар қалған сұрақтарын кейінге қалдырып, бәрі қопарыла тысқа шықты.
Далаға үлкен қос кілем жайылып, үстіне көз қызықтырар қырмызы мақпал құрақ көрпелер төселіп, төрге әр жерге асыл матамен тысталған жастықтар қойылыпты. Көпшілік жоғары төрге батырды қошаметтеп отырғызды, үлкендер ортаға, оңға және солға қарай жайғасысымен қалың ел легімен келіп иіліп сәлем берді.
Әңгіме тиегі ағытылды. Жөкей мерген бастан өткергенін ретімен асықпай айтып отырды. Сұрақтар да жауапсыз қалған жоқ. Курносовпен бұрыннан достығы болыпты. Дегенмен, әр нәрсенің шет-шегі бар екен. Бұрыннан бірге жүрген достықты ұмытып өзін атпаққа жасырынып келіп қалғанда мерген бұрын қимылдапты. «Өмір – шолақ, адам – қонақ» дегендей, Курносовтың өмірден алған соңғы сыбағасы сол болыпты.
Бөрібай көтерілісінің да белортасынан табылыпты. «Тарам-тарам саусақтан жұмған жұдырық артық» дегендей беттерін бір қайырдық. Тайсалмадық, дегенімізге жеттік. Бірақ, әттеген-айымыз да аз болған жоқ. «Заман болса сұрқия, тарих болар құпия» деген осы ғой. Мені ұстап, атуға бұйрық та берілді. Өз жақтарына тартып, келіссөзге де шақырды, бірақ дегендеріне жете алған жоқ» деген мерген бір сәт терең ойға да кетіп қалады.
– Есенғұл екеуіміз замандас, әрі қимас жолдас болдық, жастықтың таусылмас қызықты шақтарын бірге тамашаладық. «Жақсымен жолдас болсаң, басыңды силай-силай Сұлтан етеді» демекші, талай жерде айбынымды асырып та жүрді. Серік болған ақбозды құлын күнінен танып ат болады деген еді. Айтқаны дәл келді, өте білгір, көреген, аузы дуалы әрі бекзат жан еді, – деп толқыған мерген ішінен қажыға арнап дұға оқып, бетін сипады. Отырғандар да түгел бет сипасты. Ақбозды құлын күнінен баладай баулап өсіргенін, оның Есенғұл Англиядан әкелген айғырдың тұқымынан тарағанын да тамсана айтты. Тау халықтарының «Асыл тұқымды жылқының адам болуға бірдемесі сәл-сәл ғана жетпей қалыпты» дегеніндей, жүйрік әрі өте сезімтал болған тұлпарының шын серігі болғанын, елжірей отырып баяндады.
Тамаққа отырыңыздар деген дауыс та шықты осы кезде. Бала жүректі – баба тілекті қария орнынан жер тірей көтеріліп сөйледі: – Уа, батыр інім! «Жастық шақ қош демей өтеді, кәрілік тос демей жетеді» дегендей, қамшы сабындай қысқа, өте шыққан өмір-ай. Қысылшаң сәтте кімді-кім түстегендей. Мына сізге жиылған қалың жұрттың талайы өзіңіз қол үшін берген жандар. Өздері болмаса, солардың артында қалған көздері. Әнекей ан-ау орыс жігіті Сарқаннан келіпті. Саған жете алмай тұр. Айтары: «Сізді ұстауға шыққан топ солдаттың ішінде болғанын, кенет тар қыспақта, ту сыртымыздан мылтық атылып, өлдік дегенше, өздерін атпай, бәрін аттан түсіріп, «аман болыңдар» деп аттарын қуалап кеткеніңізді» айтады. Дирменнің тасындай дөңгеленген дүние-ай айналып қайта кездестіңіздер, -- деп орыс жігітін шақырып, жолықтырды. – Мұндайлар қаншама. Сол елдің бүгін таңдағы барын, болмаса солардың бала-шағаларын жинаса, қаншама ел болар еді, бәрі сізге разы.
Осылай деп тыныс алған қария сөзін қайтадана жалғай түсіп:
- Ал осы арада талай ел басын ұстаған зиялылар, ел ағалары, сөз ұғар бүгінгі азаматтар өркен жастар отыр. Бәріңе ертеңгі күні осының бәрін біле жүрсін деп әдейі айтып тұрмын. Өзің еліңе кеше қанша қамқор болсаң еліңде өзіңе сондай ықылас көрсетуде. Елім деп сен сүйгенде, ерім деп елің сүймеуші ме еді! Алдымен бірінші Аллаға рахмет! Бүгінгі күні өзіңмен аман-есен кездестірген, екінші елге рахмет. Шақырмай-ақ аяқ-асты жиылып құрметіңе арнайы сойылып жатқан малда есеп бар ма? Алла Тағаллам бақ берер адамына таусылмастай дес берер деген емес пе! Созып не айтайын, текті туған асылым, ардақты пір болған ақберен батырым, – деп батырды құшағына алды. Жұрт ұрандап кетті. «Жаса батыр. Науай-Жөкей» деп ұрандаған зор үндері Асқар Алатаудың биік шыңдарында жаңғырығып, талайға шейін қайталанып жатты.
Барлық ел, сырттағы, іштегі тамақ ішіп, ас қайырып, тыныстап отырғаны сол еді. Сырттан «Курносовтар келе жатыр» деп ел шу ете қалды. Қайтер екен дегендей көзім бірден батырға түсті. Елең етіп, дегбірсіздене орнынан лезде тұрып, қайта отырды. Тойға бергісіз жүздесуге басшылық жасап жүрген азамат келіп, «сіз рұқсат етсеңіз ғана жолықтырамыз, әйтпесе, сол арадан кері қайтарамыз, сізді бір көріп қана қайтамыз деп тұр» деді.
Ел қазақ үйдің айналасына қаумалап тіреле қалды. Батыр есік алдына шықты да, «келсін» деп, ар алдында жазмыш өмірді, мұнар көңілді айдай айғақ етіп, болған іске болаттай төзіп қасқая қарап тосып тұрды.
Іш әлемінде не ой болып жатқанын кім білсін, сырт өңінен ешқандай қобалжу байқалған жоқ. Ел жарылып, үшеуіне жол берді. Курносовтың аға -бауырлары екен. Үшеуі де бойшаң жігіттер екен, қазақша амандасып, қол беріп, таныстарын құшақтарына алып, қазақша-орысша кездесуге рұқсат бергендеріне рахметтерін айтып, біз батырды көру үшін ғана келдік деді. Мергенге көз тоқтата қарағандар көп тұрмады, кері бұрылды. Қалың елдің арасынан жол ашылып көліктеріне қарай кетіп бара жатты. Аяқ асты болған кездесу сәтті аяқталды.
Қ. Құдайбергенов.
Арасан ауылы,
Ақсу ауданы,
Алматы облысы
Abai.kz