Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 11805 0 пікір 4 Шілде, 2014 сағат 11:33

Әлімбай ІЗБАЙ. ҚЫРЫҚ ҮШ КҮНДІК КЕМДІК (ӘҢГІМЕ)

Жақында Ақтөбедегі «А-Полиграфия» баспасынан өмірден ерте кеткен журналист, жазушылығын өзі құнттамағанымен жұрт мойындаған керемет сықақшы Әлімбай Ізбайдың «Қырық үш күндік кемдік...» атты кітабы жарық көрді. Марқұмның әңгімелерін жинақтап, баспаға ұсынған Әлімбайдың әріптес інісі, ақын Сәтжан Дәрібай. Қазақстан Журналистер одағы Ақтөбе облыстық филиалының мұрындық болуымен шыққан кітапқа «Ақбұлақ» АҚ президенті Айбек Сағиев демеушілік жасады.

Біз Абай кз порталының  оқырмандарына Әлекеңнің кітапқа аты қойылған әңгімесін ұсынуды жөн көрдік.

 

Жалпы, Қырғызбайдың ойынша әйел алған екенсің, әуел бастан-ақ “апкаткіден” шығару керек. Есептеуі бойынша, бір-екі жыл — міндетті түрде. Ұзағырақ болса тіпті пайдалы. Бірақ оған уақыт бар ма, ауылда көз алдап екі-үш ай орамал тағып жүрген келіндер байларын түртпектеп, тезірек қалаға кеткенше асығады. Өйткені оның алдындағы абысындары да осылай істеген. Сон-а-ау, “шорна-белый” телевизорлар сияқты қазақтар қалада пайда бола бастаған 50-ші жылдардан бері, осы үрдіс қалмай келеді. Бір қызығы, үйленгендердің бәрі алмай тұрып, болашақ шүйкебастарына  уәдені үйіп-төгіп тастайтын болар, біреуі де қалаға қарай қайқаңдап тұрған келіншектеріне тіке қарап сөз айтпайды. Ошақ күзеткен қара кемпірлер “Мені осылар ұшпаққа шығарады деп пе едің?” деп келесі ұлынан үміт күтіп қала береді. Кезінде Қырғызбай да Қамыскүлдің меселін қайтармаған. Соның зарын енді тартып жүр. “Шикі ғой, шикі” дейді іштей Қамыскүлдің кейбір қылықтарын көріп. Өзі ауылда жүргенде (қазақтар да “ауылда жүргенде” деп ойлай бастағаны-ау) қайқаңдаған талай жеңгесін тезге салған.

Жарықтық, жеңге дегеннің орны бөлек қой!

Қамыскүл кей кездері қыздардың келін болып түскеннен кейінгі қызық өмірі жеңге болу ғой деп ойлайтыны бар. “Жеңгелеп” айналасында құрақ ұшып жүрген қайныларының ортасында жүрген келіншек қана өз бағасын білер еді-ау...

Қамыскүлдің кейбір қылықтарын көргенде “Шикі ғой, шикі” деп түңілетіні, жетпей тұрған “қырық үш күндік кемдікті” көріп бас шайқайтыны да содан.

Өзі де ауылда өсіп-өнген Қырғызбай “қалаға кетпе” деп ешкімге айтпайды, алдарынан жарылқасын, бірақ “апкаткіден” өтпеген келіншектен,  жөні түзу әйел шығады дегенге сенбейді. Түскен үйіндегі он шақты қарасирақтың кірін жуып, шұлықтарын жамап, тамақтарын асып, өрістен келетін алты сиырдың бұзауларын жамыратып алмай, желіндерін қақтап сауып, келі түйіп, құрт сығып, қайын сіңлісінің басын қарап, енесінің қас-қабағын бағып, көзі іріңдеп, таңнан тұрып пеш жағып, галошпен ызғырықта сарайдан отын тасып, садақа-тойда кесе ауыстырмай шай құйып, көршінің ұры итін аңдып, ауылдың өсегін түгендеуге де үлгеріп, ретті жерінде өзі түскен шаңырақтың намысы үшін өзіндей алты қатынмен жалғыз ұрысып, алты шақырым жердегі атпадан шанамен су тасып... осындай тізбектеліп кете беретін сынақтан өтіп, ысылмаған әйелден жөнді адам шықпайды!

Қырғызбай өзінің Қамыскүліне қарайды да қарны ашады.

Кей кезде оның қылығына күлерін де, жыларын да білмейді. “Қырық үш күндік кемдігі” қай ісінен де көрініп тұрады.

Ауылға барса Қырғызбайдың бір жасап қалатыны да содан. Жеңгелерінің алды ентігіп елуді, алқынып алпысты алқымдағандар. Өзімен тұстастары да сары қарын бәйбіше болған. Бірақ, көзі құрғыр, көздері жылтырап тұр-ау, жылтырап тұр.

Қалада адам баласы жеңгемен ойнамайды.

Ауылда бұл бір дәурен!

Әсіресе, Қырғызбайдың ауылында — бұл дәурен ғана емес, үлкен саясат. Жеңгеңе ең болмағанда күліп бас изеп өтпесең “Мынау да өзінше адам болыпты-ау!” деп ең әуелі ағаңның қабағы қарс айырылады.

Жеңге дегеннің жөні бөлек.

Қалаға келіп қайрылатын уақыт таба алмай жүрген адам ауылға барса, той-томалақ, садақаға барады. Баруы да, қайтуы да тез. Қырғызбай да туған ауылына анда-санда төбе көрсетеді. Бара қалса, тура жеңгелер базарына барғандай күй кешеді. Жарықтықтар қазан көтерген үйдің қазан-ошағының маңында топырлап жүргендері. Күйеулері тұрады бір шетте, шіреніп-шіреніп. Той-садақаның қалай өткенін тексеруге келген комиссия мүшелері секілді. Өтті-кетті өсек әңгіме солардың аузында. Қарап тұрмай, әйелдерін алдарына салып айдап әкеліп, қызмет көрсету байқауына салғандай сырттай ошақ маңындағыларды көз қиықтарымен шолып тұрады. Сыртқа сыр білдірмегендерімен, әрқайсысының ішінде: “Басқаға қарағанда біздікі ептілеу, ә!” деген мақтаныш тығылып жатады. Оларды қойшы, қолдарын алып өтсең болғаны, ал жеңгелеріңнің көңілін аулау парызың! Бұл әдеттен жаңылсаң, сорлағаның, адам қатарына кірмей қалуың мүмкін. Мұны олардың ауылдағы әккі қайнылары жақсы біледі. Білген соң өзі сұранып тұрған адамға көңіл аулау қиын болып па, кейбір есерсоқтар қақпадан кірмей жатып жақын жүрген жеңгелерінің бірін алып ұрып жұмарлай жөнелсе, оған ешкім де артық кеттің демейді. Қайта қораз төбелесін қызықтағандай: “Е, бәсе, осы қатынды бір мытышы! Аяғына жем түскендей сылбырап жүр!”, “Ағаң осының арам терін алмай жүр-ау шамасы, жіберме!”, “Жігіттігіңді көрейік, осыны тәубесіне келтірші!” деп жан-жағынан қаумалап ала жөнеледі. Ағасы болса “Әй, өлтіремісің...” деп қояды әрі кетсе... ол да інісі жағында. Одан әрі аспайды, араша түспейді. Араша түссе масқара болғаны, қатынжанды неме өмір бойы көзге түрткі болып жүреді. Апайтөс қайнысы мыжғылап жатқан жеңгесі: “Мынау қайтеді-ай...”, болмаса: “Бұл жынды ғой, жынды...”, әрі кеткенде “Жұрттан ұят қой...” немесе ұялғансып: “Кере ішіп алыпты ғой...” деген болады. Мұның бәрі жұртқа, күйеуіне  көз ғана. Күйеуінің ішін қызғаныш жайлап, үйге барған соң “Қайның келіп тарпа бас салғанда үнің өшіп қалды ғой, сондай екеніңді білгенмін!” деп жатса, “Енді қайтем...” деп ақталуға да жеңіл болуының алдын ала жасалған қамы да болуы әбден мүмкін. Бірақ қалай болғанда да әлгі сөздерді айтқанда оның даусы бірінші рет ғашықтық сөзін айтып тұрған бойжеткеннің дауысындай сызылып, өзін құшағына алып умаждап жатқан дүлей күшке қарсылық көрсеткен болып, өтірік (!) төмпештейтінін айтсаңшы! “Ойбай-ау, белімді сындырдың ғой!”, “Мынау сүйегімді қақырата ма, қайтеді?!”, “И-и-й, кеудемді езіп жібердің ғой!” десе, ол оның массаж кабинетінде жатқандай: “І-і-і, дәл сол ара!” деп риза болғаны деп ұққан жөн. Бұл — екі әйелдің бірінің басына тие бермейтін бақыт! Өтірік те болса бір аунатып алсаң, тіпті керемет! Үстін қағып, тұрып жатқандағы түрін көрсең, тура қарға аунаған түлкідей құлпырып шыға келеді ғой, пәтшағарлар! Көзін көрсең, көзін!  Бақыт дегенің қарашығына сыймай төгіліп тұрады. Бұдан кейін ауыл әйелдері неге тумасын! Мақтаныш қандай!? Қайнысының топ арасынан өзіне ұмтылғаны ол үшін үлкен бедел. Әлгі апайтөстің басқа жеңгелері кәдімгідей өкпелеп жатады: “Мынаның бүгін  көзі түспейді ғой”, “Қасқаның көзі қарайған ба?”, “Қатып-семген жеңгеңнен не қайыр, одан да қатын алсайшы!” деп өздерінің де бар екенін еске салып жатады. Апайтөс басқаларға да ыржалақтап бас изейді. Мұнысы “келесіде есте болсын” дегені.

Жалпы, әйелдердің қолдары жұмыста болғандарымен қайныларының қайсысы келгенін, кімге мойын бұрғанын қалт жібермей аңдып жүреді. Әрқайсысының қайныларына қойған аттары бар. Ол аттар қайнысының жеңгесіне қаншалықты жақындығы барлығын да көрсетеді. “Бұқа қайным”, “Оқымысты қайным”, “Мұртты қайным”, т.т. Қайнылары қайырылмай кетіп жатса, “Мұртты қайным-ау, мұртың салбырап кетіпті ғой...”, “Бұқа қайным-ау, бұғағың өскен бе?” деп өздері қаратып алады. Мұндайда текке кете беруге болмайды. Өтірік те болса: “Асыл жеңгем-ау, сенен аттап кететіндей мені құдай ұрып па?” деп жанына барсаң, сені бір құшақтайын деп жатқандай-ақ: “Қойшы, сенің-ақ ойының толады да тұрады екен ...” дейді басқаға естірте. Мұнысы “жұрт көрді, бәрі жақсы” дегені. Оның осы оймен, болмаса басқа оймен айтып тұрғанын тексеру қиын емес, бар болғаны мойнынан құшақтасаң жетіп жатыр. “Ойбай-ау, мынау қайтеді...” деп (тағы да жұртқа естірте) қолыңды итерген болып, қолтығыңа қарай тығыла түссе, ойыны келіп тұрғаны. Онда қарап қалуға болмайды. “Қойшы, сенімен тәжікелесетін уақытым жоқ” деп қайқаңдап кете берсе — кете берсін! Оған жұрттың назарын аударып, қайнысы барлығын білдіргенінің өзі жетіп жатқаны. Жеңгенің ондай назының өзі неге тұрады? Жарау аттай аяғын қадап-қадап басып бара жатқанда (жұртқа көрсете) басыңды шайқасаң, сенің осы бір жақсылығыңды ол өлгенде ұмытпайды! “Пай, пай! Біздің жеңгейлерді-ай!” деп соңынан аузыңның суы құрығандай ынтық көңілмен басыңды шайқашы, сол күні ол қара сиырдың желінін үзіп алардай тартқылап, тезірек төсек салғанша асығады. Оның қандай сиқырға тап болғанын телевизор алдында іші пысып жатқан ағаңның білмеуі де мүмкін. Ал дәл сол арада тұрған болса, “Ол сорлыда не қалды дейсің, алшы соны басыбайлы!” деп өзін қоршағандар алдында “мырзалығын” танытып қалады.

Ауылдың келінінен сөзі жүретін азулы бәйбішеге дейінгі жолдан өткен жеңгелерге тоқтамайтын ешкім жоқ. Ақсақал-қарасақал да, абысын-ажын да сүйретілген байынан гөрі “Осы келін болмаса!” деп соның алдына жүгінеді.

Қамыскүлдер соның бірін көрген жоқ. Содан кейін қай шаруаны қолына алмасын “қырық үш күндік кемдігі” көрінеді де тұрады.

Бірде телевизор қарап жатқан, дәлізден Қамыскүлдің «қыңқ» еткен даусы шықты. Амандық-саулық жоқ, біреудің қарулы қолдары ала кеткен ғой. Жұмыс пен ас үйдің арасын ғана білетін сорлы талып түседі. Бетіне су бүркіп, әзер есін жидырып алған. Арсалаңдап келген қайныларының бірі екен. Қорыққаннан бозарып ол тұр. «Мен қайдан білейін...» дей береді. Шынында да, Қамыскүлдің қалаға кеткелі «жабайы» болып кеткенін ол қайдан білсін? Қамыскүл үшін қайны деген жабайының анайы қылығы тұрғанымен — «статья». Тағы бірде телевизор қарап отырып, ауылдан қалашылап келген кемпір-шалдың кеселерін ауыстырып алғаны. Ауылда, қызыл шоқта тұрған құманнан шай ішіп үйренген қонақтардың суық шайды қара судай көріп тартынып отырғанын байқаған Қырғызбай ымдағанымен «сериалға» есі кеткен Қамыскүл байқамады да, кемпірге үйдегі жалғыз ұлдың, шалға кемпірдің кесесін, кемпірдің кесесін Қамысбайдың өзіне әкеп тіреді. Бұдан өткен масқара болар ма? Кемпір-шалдың құр базаршылап келмегенін, келіннің қолынан маңдайлары жіпсіп шай ішуде де барлау пиғылы жатқанын Қамыскүл біле ме? Оған ауылдағы кемпір-шал «авторитет» емес! Қысылған Қырғызбай: «Әйел ал деп қоймап едіңдер...» деп әзілдеген болды.

Бірде екеуінің ауылдағы тойға бірге барғандары бар.

Масқараның көкесі со кезде болды. Ауыл Қырғызбайдың «орыс мінез» қатыны жайлы күлкілі әңгімені әлі күнге айтып жүрген көрінеді. Қалай ғана күлмесін, «Жеңгем кеп қалыпты ғой» деп құшағын аша ұмтылған бір қайнысының меселін қайтарып... Ол ол ма, ауылдың бәрі аузына қарап отырған Кеңестай қартқа сәлем етпепті! Жұрттың бәрі тойға келгенде ең әуелі Кеңестай қарттың батасын алуға келетінін ойламағаны ғой. Мұны бір абысыны құлағына сыбырласа, «Ол біздің рудың шалы емес» депті. Ру соққыр, рудың шалдарын танитынын айтсаңшы! Қамыскүлдің бұл сөзі сол заматта-ақ ауыздан-ауызға тарады. Сонда бір, Қырғызбай ашуланған. Ашуланғаны соншалық, әйелінің «сүйекке таңба боп түскен» артық-кем қылығын жуып-шаймаққа қалтасындағы бар ақшасына арақ алған. Ондағы ойы «Осы перілердің (Қамыскүлдің қайнылары, өзінің інілері) беті қайтса, осыдан қайтар» еді... ойы ақталмады. Қызып алғандар Қырғызбайдың тура көзіне қарап тұрып шындықты айтып салды: «Қамыскүлің қатын дейтін, қатын ба?! Ажырасу керек!» Дәл сол арада Қамыскүлге үкім тек бұл ғана болмады. Дәудіреп, ұйқылы-ояу отырған біреуі: «Ондай әйелді аттың шылбырына байлап...» деді. Сол жерде дайын ат, қасында Қамыскүл болғанда Қырғызбай оның ақылын алатын да еді. Өйткені тағы бірі мұны мүсіркеп: «Жақсы әйел жаман еркекті төрге сүйрейді, жаман әйел жақсы еркекті көрге сүйрейді» деп мақалдады. Қырғызбай «түбі осы сөзді естимін-ау» деп көңіліне күдік алып жүрген — болары болды! Қырғызбай халық осыншама әділ болады деп бұрын-соңды ойламаған, кәдімгідей алқымына өксік тығылды. Содан Қамыскүл қалаға жалғыз қайтып, Қырғызбай ауылдағы «жақтастарының» жанында жатып алып, апталап арақ ішті. Бір апта бойы еркектердің Қамыскүл жайындағы пікірлері өзгермеді. Бір қызығы ауыл әйелдерінің Қамыскүл жөніндегі пікірлері екіге жарылды. Қамыскүлден бұрын келін болып түскен «төмен етектілер» «бетің тіліңгірдің» «бас жібін бос жіберген» «бос белбеу» Қырғызбайдың қылығын айыптаса, басына енді орамал салған жастары Қамыскүлдің портретін қолдарына алып, митинг ұйымдастыратындай күйде жүрді. Қамыскүлмен бірге  ауылға демократия келгендей болды. Мұны жұрт жақсылыққа жорымады. Бір аптадан соң автобусқа қимай шығарып салып тұрғанда: «Сен таусылма, әйелдер жайлы әр түрлі пікір бола береді...» деді бір ағасы. Сонан соң қолындағы стақанды тауыса ішті.

Осы сөз Қырғызбайдың есінде қалыпты. Жеңгелеріне қарайды да Қамыскүлмен салыстырады. Шеттерінен қылықты, Қамыскүл қайдан шыққан? «Қайда барар дейсің, түбі осыным жорға шығады» деп көңіл тоқтататын да кезі бар. Қырық үш күндік кемдік деген не, тәйірі?..

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5295