БАҒЫНДЫ ҚЫЛҒАННАН БАНКРОТ ҚЫЛҒАН ДҰРЫС
Депутат Тұрсынбек Өмірзақов бастап Мәжілістегі Халықтық коммунистік партия фракциясы жергілікті бюджеттерге бөлінетін субвенциялар мен трансферттердің дұрыс бөлінбейтіндігіне наразылық білдірді. Олар Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі жергілікті бюджетке түсетін түсімдердің көлемін дұрыс болжай алмай отыр деп сөкті. Соның кесірінен дотация көлемі түсімнен әлдеқайда артып, оны алатын аймақтар азаюдың орнына көбейе түсуде дейді депутаттар. Бұл сөздің шындығына Қаржы министрінің 2013 жылғы деректері келтірілген. Оған сәйкес еліміздегі 16 аймақтың 13-і дотация алушылар қатарында екен. Соның ішінде Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстары бюджеттерінің үштен бірінен артығын, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары бюджеттерінің жартысына жуығын, Оңтүстік Қазақстан облысы тіпті 55 пайыздан артығын республикалық бюджеттен берілетін субвенция мен трансферттер арқылы жабатын көрінеді. Осылай, қалтылдап күн көріп отырған аймақтарға бөлінетін атаулы трансферттер мен несиелер де орасан көп көрінеді. Орталыққа қол созып, әбден сұраншақ болып, құнығып алған, масылдық пиғылдағы аймақтар өздігінен күн көруді ойламайды да. Ал Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі оларға жергілікті түсімдерден бірнеше есе артық субвенция беріліп жатқанына көңіл аудармайды. Соның кесірінен 2011-2013 жылдары 173 млрд. теңге артық субвенция бөлінген. Және мұндай жағдай жылдан жылға жалғасып, азаюдың орнына көбейіп келеді. Корпоративтік табыс салығын жергілікті бюджетте қалдырып, шағын және орта бизнестің жандануына ықпал етеміз, сөйтіп аймақтардың өздігінен күн көруіне жағдай жасаймыз деген сөз қайда?, - дейді депутаттар. Ашулы депутаттар Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевқа депутаттық сауал жолдап, осы сұрақтарға және жергілікті бюджеттің түсімі мен республикалық бюджеттен бөлінетін субвенция айырмасының орасан көптігіне жауап беруді талап етті. Әлде бұл жерде адами фактор әсер етуде ме дейді әртіннен хабары бар депутаттар.
Шынында, дотациямен ғана күн көретін аймақтарды банкротқа ұшыратып жауып, өздігінен күн көретін аймақтарға қосу керек сияқты. Осындай бастама көтерілген болса жергілікті бюджеттің де табысы артары сөзсіз еді. Орынтақтарынан айрылып қалу мүмкіндігі туғанда шенеуніктер жанталаса қимылдап, салық төлейтін кәсіпорындар да құрар еді, бюджеттің қосымша түсім көздерін де табар еді. Әттең ондайды ойлайтын адам жоқ, бәрі де «өгіз өлмесін, арба сынбасынмен» жүре береді. Соның кесірінен дамып жатқанымыз шамалы.
Қ.БАЛҒОЖИН - сарапшы
Abai.kz