Түркі академиясы ұлы түркі ақынын ұлықтады
Бүгін Түркі академиясының ұйымдастыруымен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Мақтұмқұлы және дәстүрлі түркі поэзиясы» атты халықаралық конференция болып өтті. Ол түрікменнің ұлы ақынының 290 жылдығына орайластырылған.
Алқалы жиынға түркітілдес елдердің Астанадағы елшілері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан Парламенті Сенатының және Мәжілісінің депутаттары, танымал қаламгерлер, түбі бір туыс мемлекеттердің белгілі ғалымдары мен ғылыми мекемелердің басшылары қатысты.
Конференция Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтың беташар сөзімен басталды. Заманымыздың заңғар жазушысы «Шығыс поэзиясының жарық жұлдызы - Махтымқұлы Пырағы тек түрікмен халқының ғана мақтаны емес, түгел түркінің тегеуірінді ақыны һәм ортақ жауһары екендігін айта келіп, сөз соңында түрікмен тілінен өзі тәржімалаған Мақтұмқұлының «Мызғымас ел» дейтін өлеңін оқып берді.
Осыған дейін халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы түркі халықтарының ұлы тұлғаларына арнап арнай «Мақтұмқұлы» медалін әзірлеген болатын. Шара барысында осы сыйықтың алғашқысы түркі тілдес халықтардың әдебиетін әлемге танытып, қазақ-түрікмен байланыстарына қосқан үлесі үшін Әбіш Кекілбаевқа берілді.
Аталған шара барысында, сонымен қатар, Түрікменстанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Мақтұмқұлы Ақмырадов, Түркі Кеңесі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әділ Ахметов, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, Егемен Қазақстан газетінің президенті Сауытбек Абдрахманов, Түрікменстан Ғылым академиясы Ұлттық қолжазбалар институтының директоры Аннагурбан Аширов, ҚР Президенті баспасөз қызметі басшысының орынбасары Бауыржан Омаров және белгілі түрколог ғалым, профессор Шәкір Ибраев баяндама жасап, өзекті пікірлерімен бөлісті.
Жиында арнайы қарар қабылданып, Мақтұмқұлының әндері шырқалды.
Жиын Түркі академиясында Қазақстан мен Түрікменстанның арасын одан әрі нығайтуды көздейтін, жобаларды талқылайтын отырыспен жалғасуда.
Мақтымқұлы Пырағы (1733-1783) Түрікменстанның Атрек өзені бойындағы Хажыговшан деген ауылда дүниеге келген. Ақынның әкесі - Дәулетмәмед Азади да білімді, белгілі ақын, ғалым болған адам. Махтымқұлы да ақындықпен ғана шектелмеген тұлға. Өз дәуірінің қайраткері, пәлсапашысы әрі ғұламасы. Оның есімі шығыс поэзиясының жарық жұлдыздары Жәләләддин Руми, Сағди, Омар Хаям сынды дүлдүлдермен қатар аталады. 17-18 ғасыр түрікмен халқы үшін басқыншылар басқа шыққан ауыр кезең болды. Жас Мақтымқұлының сол кездегі қара халқының қамын күйттеп жырлаған жырлары қазақтың һәкімі Абайдың көптеген туындыларымен өте ұқсас.
Ал түрікмен классик ақынының даналық пен ғибратқа толы, адамгершілік пен махаббатқа үндейтін, тақуалыққа негізделген жырлары болса, Қожа Ахмет Яссауи хикметтерімен үндесіп жатады. Түрікмен ақыны өз кезінде қазіргі Өзбекстан, Қазақстан мен Тәжікстан даласында да сапар шеккен. Ақынның соңында қалған 500-ден астам туындысы бар. Мақтымқұлының дүниеге деген философиялық көзқарастары, махаббат ғазалдары мен адамгершілікке, рухани тазалыққа үндейтін ғибратты жырлары парсы, әзірбайжан, түрік, татар, башқұрт, қазақ, т.б. көптеген тілдерге аударылып басылған. Биыл алғаш рет корей және қытай тілдеріне аударылды.
Биік таулар, бойшаңмын деп шіренбе,
Бір күн құлап, сен де типыл боларсың.
Терең теңіз, тәкәппарсып түнерме,
Суың кепсе, сен де бір шөл боларсың,-
деп төгілткен біртуар ақынды қазақ тілінде алғаш сөйлеткен белгілі ақын-аудармашыларымыз: Ғали Орманов, Ғ.Қайырбеков пен Д.Қанатбаев болатын. Мақтымқұлының таңдамалы шығармалары қазақша 1947 жылдан бастап жеке жинақ болып шыға бастады.
Абай-ақпарат