ЖАН АҚАУЫ ЖАЙЛЫ ЖАЗБА
«КӨЛ»немесе ЖАН АҚАУЫ ЖАЙЛЫ ЖАЗБА
Өмірі естен кетпейтін көріністер болады. Әрине, сұмдық оқиға, сүркейлі жағдаяттар туралы әңгіме басқа, біз тіке жеке басқа қатысты және неге екені белгісіз, санаңның қайбір қатпарында қалып қойып, содан былай ұзақ жылдар бойы өзіңмен бірге жасайтын табиғаттың тосын суреттері жайында айтып отырмыз. Тайқы маңдайға жазылған тағдырды табан астында өзгертіп жібере алмайтын шығар, дегенмен, ұзақ жылдар мұғдарында шаршамай-шалдықпай, қайда барсаң сары ізіңе шөп салып, салпақтап еріп отыратын ондай тасқа басылған өшпес «таңбаларға», шынымен де, қайран қаласың! Оның неге сонша өлермен, жабысқақ болғанына түсіне алмай, дал боласың! Соңғы жауабы, тегі, Тәңірге ғана аян болар, бірақ қалай болғанда да, мұның жай нәрсе емес екенін шамалап, шарасыз іштен тынасың...
Ол «сұмдықты» алғаш көрген сәттегі алапат әсер әлі күнге есімде! Қайталай жадыма алсам, бүгінге дейін тұла бойым тітіркеніп, төбе шашым тік тұрады... Соғым, әлде жай сойыс екені белгісіз, әлдеқашан жығып алып, көктен келген төрт аяғын түгел іреп, терісін сыпырып жатқан абыр-сабыр жерге балалықпен аңқалаңдап барып қалыппын. Қызыл еттің «қырманына» аңтарыла қарап аз тұрып едім, бір кезде биенің қарнын жарған шомбал жігіт талыс тәрізді сом нәрсені қолқа тұстан кесіп алып, тура менің алдыма әкеп «дүк» еткізіп тастай салды. Әдейі болмаған болу керек, үрке түсіп, үңіле қарадым. Жақындап барып еңкейіп, төбесінен төне түстім. Бұл кезде «талыстың» пышақ тиген жері жайылып, аржағы ашылып, ішіндегі «қазанасы» айқара көріне бастаған еді. Көргенімнен жаным түршігіп, кейін шоршыдым. Бар болғаны сол, әлгі көрініс сол күйі тас болып көз алдымда қатты да қалды... Құжынаған құрт! Сансыз, сірә, мың-миллион болар, анталаған ақбас пәлелер бірінің үстіне бірі шығып, бірін-бірі жаншып, дамылсыз аударылып жатты асты-үстіне түсе. Алғашқы қатты тіксініс есімнен аударса керек, бір сәт тесіліп тұрып қалыппын. Артынан өне бойым тағы бір рет «токқа» түсіп, дүркірей сілкінгенде барып, көткеншектеп кері шегіндім. Төбе құйқам шымырлап, балғын денемді тұтас түк басып кеткендей, бір сүреңсіз хал кештім. Кейін білдім: жылқы баласында «құрт қарын» деп аталатын сондай бір қарын болады екен. «Тәлейім оңынан келген» мен соған тап болыппын.
Тұрсынжан ағамның «Көлін» оқыған о бір жылдары мен сол оқиғаны қайта бір сескене еске алдым. Өйткені, әңгімеде тап болғаным – айнымайтын жағдай еді. Ұқсас ахуал. Бірақ сипаты бөлек.
Аталған әңгімеде бас кейіпкер – «Мен» түу биіктегі тау басында мөлдіреп жатқан «мағынасыз» көлге он неше жасында балалармен қарақат тере барғанда тап болады. Елсізге «қашып», ерекше біткен әлгі тұйық су әлдене сиқырымен жаулап, жадында қалады – санасына біржола көшіп қонады. Түбегейлі орнығады. Оған аса мән бермеген «Мен» кешікпей кері қайтады. Арада қаншама уақыт өтеді, әлгі «жабысқақ» пәле жармасқан жерінен ажырамайды, өшпейді. Табандап жатып алады. Елемеген болады, бірақ күн өте сары бөксе болған сал «қонақ» тағы бір өнер бастайды – жан дүниесі құлындап қияндағы әлгі тұйық суды зарыға аңсайтынды шығарады. Сондай бір айықпас «дертке» душар болады. Ынтығы артып, ындыны құласа, тырп етпей жатып алмақ бар ма, шұғыл шешіммен атқа қонып, «асылын» іздеп жолға шығады – тау қайдасың деп тартып отырады. Барады. Көксеп келген «көріктісін» көреді. Тұла бойы тітіркеніп, жан дүниесі дүр сілкінеді. Жеңілдеп қалғандай болады. Кешікпей аржағынан бір түсініксіз жеккөрушілік оянып, тұрған жерінен ығыр бола бастайды. Кері қайтады... Қайтып келген соң, қайтадан баяғындай қайғысыз, қамсыз тыныш күндер басталады. Бірақ ол ұзаққа созылмайды. Арада ай өтеді-өтпейді, «тереңіндегі» әлгі «тілеу» қайта көз ашып, әлдене қалау «өтініш» айтып, еміне бастайды. Дегенмен, қарақан басының тірлігі шаш-етектен қатардағы пенде ғой, жалтаруға тырысады. Алайда, бебеулеткен «ынтығын» басып, жасқай алмайды. Түп етектен алған көрінбес «қуғын» ақыры дегеніне көндіріп, тауға қарай дедектетіп айдай жөнеледі. Артынан барып «керегіне» құс болып ұшып келе жатқанын бір-ақ аңдайды. Аман-есен жетеді. «Сүйіктісінің» жамалына телміріп, армансыз көз сатады. Әуелгіде өлі су бетіндегі көрінбейтін көмескі иірім жұлқа тартып, үйіріп бара жатқандай болады да, іле әлденеден шошынып, есіне келеді. Артынша бүкіл болмысымен тітіркеніп, қатты түршігеді. Сөйтіп, дүр сілкініп, санасын басқан шаң-тозаң, қоқыр-қоқсықтан түгел арылып, шыттай болып шыға келеді. Екі көзі шоқтай жанады. Артынша, Құдай атып, «асылының» бетіне қарағысы келмей қалады. Тағы да қайталанған өткендегі жағдай.
Бұл не өзі, әуелі ерікті алған, артынан жігерді жасытқан?
Бірден жауап беру қиын, әрине. Дегенмен, оқыған-тоқығанымыз негізінде, бұны ерекше жағдайларда қылаң беретін адам санасының әлі ашылмаған көп құпияларының бірі деп тұспалдауға болады. Шамасы, атақты Зигмунд Фрейдтің айтқаны рас: кісі санасының терең бір түкпірлерінде жасырынып жататын бұқпа «құбыжықтар» болады. Мынау соның ойда жоқта «жылт» еткен бір «ұшқыны».
Әйгілі психологтың зерттеу қорытындысына сенсек, адам санасы үшке бөлінеді: сана (conscious), алдыңғы сана (preconscious) және жасырын сана (subconscious) болып. Сана – әрине, өзіміз білетін кәдімгі сана; ал алдыңғы сана – жасырын сана мен сананы жалғастырып тұратын аралық сана; енді жасырын санаға (түпсана деп айтуға да болады) келсек, ол – сананың астыңғы қабаты, яғни сыртқы шектемелердің, тағы басқа да нәрселердің тежеуінен сыртқа шыға алмай, шүңетке шөгіп, тағанға батып кеткен, әлсіздігіне қарамай ешқашан жоғалып кетпейтін терең әсерлер мен құпия ой-сезімдердің қоймасы. Фрейдтің айтуынша, жасырын сана адамның өзі мүлде сезе алмайтын, бірақ маңыздылығы жағынан алдыңғы орында тұратын беймәлім әлем. Онда болып жататын сезімдік-рухани қозғалыстар саналы рухани әрекеттерге қарағанда, әлдеқайда күрделі және нәзік келеді. Тікелей сезуге болатын түйсіктер сана шеңберінде сақталатын нәрселер есептелсе, қайта еске алуға оңай соғатын әсерлер – алдыңғы сананың шегінде жасайтын дүниелер. Бұлар шамалы тұрақсыз болғанымен, керек кезінде қолма-қол дайын болады. Ал ұмытылған, еске алу өте қиын, тіпті, мүлде жоғалғандай көрінетін, бірақ кейін әлдененің салдарынан әлдеқайдан атойлап шыға келетін кешірмелер жасырын сананың аясында сақталады. Жасырын сана адамның ерікті әрекетіне белгілі бір деңгейде ықпал еткенімен, өзінің ықпал ету барысын ешқашан мәлім ете алмайды. Өйткені, ол адамның тума табиғатымен текелей байланысты, тамыры тереңде жатқан тұңғиық нәрсе. Біз сөз етіп отырған «Көлдегі» жағдай осыған келеді. Жасырын санадағы беймәлім шөкпенің арада көп жылдан соң қайта қоздаған жаңғырығы. Қараңыз, айдаладағы «жараның ауызына ұйып қалған сарысудай» бедірейген жалғыз көлді «Мен» он екі-он үш жасында алғаш рет көрген. «Көлдің бір жат, суық сесінен денесі түршіге, тоңази тұрып, сескеністі әуестік жеңіп, сол жолы қара жалтыр айдынның жал түбіндегі шетіне уыстап қарақат шашқан». Содан арада жиырма бес жыл өткенде тағы бір келген. Онда жалғыз болатын. «Жал үстінде... аждаһаның аранына дәрменсіз мойынсұнып, жігерсіз ұйып бара жатқан бойын әрең игеріп, буындары дірілдеп шегіне берген». Енді «және бір мүшел өткізіп, бүгін неге келді – өзі білмейді. Әйтеуір, осы көлдің адамды тартып тұратын бір тылсымы бар». Қалай ойлайсыз, оқырман, бұл – санасыз әрекет қой, ә?! Сөз жоқ, санасыз әрекет. Бірақ былай, үстірт, атүсті қарағандағы жағдай. Ал сәп салып, тереңірек үңілсеңіз... түбіне көз салсаңыз, пәленің бәрі әлгі Фрейд айтқан жасырын санада «тығылып» жатқанын байқайсыз. Қалай дейсіз ғой? Қараңыз, бірінші рет келгенде мүшел жастағы бала көл туралы көп әңгіме естіп, оның «бір жат, суық сесінен денесі түршігіп, тоңазып» кері қайтады. Өйткені, ол әлі кішкене ғой, көргеніне аса мән бермеген. Бірақ жанына бір «жарақат» алып кеткені анық. Өзі де сезбей «бойына» әлдененің қауіпті «вирусын» дарытып алған. Ал ол артынан санасының астыңғы қабатына түсіп, тереңге батып, шөгіп тынады. Ұмытылғандай болады. Бірақ анығында, ұмытылмаған, жасырын санасында сақталып қалған. Он неше жылдан кейін еш себепсіз, жанына жан-пендесін ертпей, көл жағасына жалғыз жырылып келуі соның айғағы, соның «айдауы». Содан соң-ақ, кезек алған (асқынған) белгісіз «дерт» күшейе түседі. Тіпті, ашыққа шығып, енді біржола ығына алады. «Бүгін неге келдім – білмеймінінің» себебі – сол, көрмесе, тұра алмайтын болған. Фрейдтің айтуынша, жасырын санада сақталған нәрселердің бәрі өз сәтімен сана шеңберіне өте бермейді, жолы болмаған кейбірінің әлдебір бейсаналы әрекеттер боп қылаң беруі әбден мүмкін. Мынау – сол болар деп күтпеген «қалыпсыз ахуал». Әлі «ауытқуға» жете қоймаған тұрақсыз хал. Әрине, «Көлдегі» «Мен» сау адам. Бірақ әзірге ғана. Енді бір адым «алға» аттады ма, күмәнсіз, «дімкәсқа» айналады. Демек, ауру мен саудың арасы. Солай деп түсінуге болады және солай деп ұққан жөн. Жан дүниесі құлындап, жоқты аңсай беретін кісі, қалай айтсаңыз да, дені сау кісі емес. Екі арадағы «қауіпті аймақты» «комплекс» десек, соның аясында тұрған болуы мүмкін. Осы «маңда» мәңгіге қалуы да ықтимал. Онда – бағының жанғаны. Ал, ілгері жылжып кетті ме... Жоқ! тоқтай қалайық, ол біз бас қатыратын шаруа емес. Өйткені, ол арасы әңгімеде айтылмаған. Әңгімешіден озып ештеңе деуге қақымыз жоқ. Біз үшін маңыздысы – дәл осы сәт. Яғни кейіпкердің басында тұрған «бір түрлі» хал.
Реті келіп тұрғанда айта кетейік, бұл «хал», шыны керек, қазақ әдебиеті үшін әлі күнге назар аударылмай келе жатқан «жабық алаң». Рас, талайдан бері ұстанып келе жатқан соц-реализм қағидаттары аса терістей қоймайтын «жан дүние», «ішкі әлем» деп аталатын адамның ішкі бір күйлері жазылды, қаузалды, жоққа шығармаймыз. Дегенмен, ол – психикалық нұқсандар емес, көңіл-күй деңгейіндегі ғана нәрселер. Демек, адам туралы түсінігіміз бен оның табиғаты жайындағы танымымыздың да сол деңгейде болғаны ғой. Ал біздің айтып отырғанымыз, кісі баласының тұла болмысында, жаратылыс мінезінде оқыс шаң беретін жабық «жарылыстар». Сондай бір жүрек сыздатар жан «ақаулары».
Осы арада соны да қоса кеткен жөн шығар, адамның санасы Фрейд айтқандықтан солай болған емес, керісінше, ол сондай болғандықтан Фрейд, немесе басқа зерттеушілер жіті назар аударып, мойын бұрған. Бұл арада олардың көмескі жатқан «жұмбақ дүниеге» алғашқылар қатарында барлау жасап, шамасынша үңіліп, соңында белгілі бір нәтижеге жеткен жанкешті еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Жоққа шығарды не, есесіне қолға қонған осы ғылыми жетістіктің заманында Батыстағы адамтану саласында үлкен дүрбелең тудырып, артынша әдеби жасампаздықта жаппай қолданылып, атышулы жаңа ағымдардың арт-артынан пайда болуына өз кезегімен ықпал еткенін ашалап айта кетуіміз керек. Енді сол оң үрдіс сәл кешіксе де жылыстап бізге де жетіпті. Демек, адам туралы түсінігіміздің өзгере бастағаны.
Жоқ, сіз қате түсініп қалмаңыз, оқырман, біз бұл арада сондай халді жазу – жазу өнерінің соңғы мұраты, асқар шыңы деуден аулақпыз... ондай ниет жоқ бізде. Дей тұрғанмен, сәті түсіп тұрғанда, оның біздің ұлттық сөз өнеріміз алуға тиіс бір қамалы екенін баса ескертуден де бас тартпаймыз. Қалаңыз-қаламаңыз, еркіңіз, бұл бүгінгі күннің үзілді-кесілді талабы. Қажетті бір өріс. Неге дейсіз ғой? Құлақ қойсаңыз, айтайық.
Өздеріңізге мәлім, біз бастан кешіп отырған заман – жүрек соғысы өзгеше уақыт. Оның нақты қандай артықшылық-кемшіліктерімен ерекшеленетінін әлеуметтанушылар айта жатар, сөзіміз түсінікті болу үшін біз тек бір ғана нәрсеге назар аударайық. Бүгінгі таң – ақпараттар ағынының асығы алшысынан түскен тұс екені жасырын емес. Өз кезінің сұранысына сай қоғам мүшелері ағыл-тегіл жаңалықтар иірімінде. Сірә, «қазан» басында отырғандардың қақпақылында деген дұрыс болар, өйткені, әлемді жинап, төрт керегесінің ішіне кіргізіп алған. Басты ермегі – көру һәм тыңдау. Сыртта көп қызығушылығы жоқ. Бәлкім, осының салдары, бәрі болмаса да, көбі, өте-мөте қала тұрғындары жаппай «үйкүшіктерге» айналған. «Үйкүшік» деген сөздің аясына көп нәрсе сияды, дегенмен, бұл арада біздің «өзімшіл», «тұйық», «жалғыз» деген осы кездің басты мінездеріне басымдық бергіміз келеді. Әрине, біз бұл тұжырымды аспаннан алып, ортаға тастап отырғамыз жоқ. Мамандардың айтуынша, қазіргі еуропалық философияда «қалалықтар жалғыздық сезімімен, қараусыз қалғандай үрей құшағында өмір сүреді» деген пікір қалыптасыпты. Олардың (әлгі қала адамдарының) болмысының негізгі сипаттары – жалғыздық, жаттану, өмірдің мәнін жоғалту болып келеді екен. Мұндай «сырқатқа» шалдыққан жандардың рухани тұрғыдан тым күрделі, сонымен қатар, өте әлсіз болатынын айтып жату артық. Ал әлсіз кісілердің қиыншылығы қашан да аз болмаған ғой! Жығылғанға жұдырық болғандай, олар сыртқы дүниеде болып жататын алапат оқиғаларға тікелей қатыспайды, дәуірдің ерекшелігіне сай, тек көзбен көру, құлақпен есту жолымен ой-сана, жұлын-жүйке арқылы қоян-қолтық араласады. Сол себепті де, әлгібір «әлсіздіктеріне» байланысты, санасына салмақ алып, сан соғатындары да жетерлік. Біле-білсек, соның бірі – біз сөз етіп отырған «Көлдегі» «Мен». Бір өзгешелігі, бұл кісі айдалада жатқан иесіз көлді көріп, оған «өле ғашық» болған. Көрмесе тұра алмас дәрежеде. Міне, бүгінгі күн кейіпкерлерінің сиқы. Ал онда біз мұндай сыртына түк шығармайтын, шығарса да, сақтықпен құлта сақтап, бір бармағын ішіне бүгіп қалатын, күдік-күмәннан тереңінде «ит өліп жататын» ондай адамдарды қалай танымақпыз... қалай түсінбекпіз? Қолымызда «құрал» жоқ қой, өйткені, тұңғиықта тасталған «тебенді» қалай тауып, қайтіп алып шықпақпыз? Осы тұста ойға шарасыз ғылым оралады. Ғылым болғанда, басқа емес, адамтану, оның ішінде жантану ғылымы. Яғни Фрейд және басқалардың ізденіс нәтижелері. Онсыз алға ілгерілеу қиын.
Жантану ғылымының тағы бір қажет болатын жері, мойындауымыз керек, біздің кісі табиғаты жөніндегі түсінігіміздің тым таяздығында болып отыр. Тіпті, кісі күлерлік деңгейде. Сондықтан оған (кейіпкерімізге айналған адамға) қалаған-қаламағанына қарамай, өзіміз ұнататын әр түрлі әлеуметтік, моральдық жүктерді арқалатып, арбаға жеккен есектей «ойыншық» қып ойнап жүрміз. Себебі, тәрбиеміз солай. Күрескер «кеңес адамы» – біздің адам жайындағы білетініміздің шыңы. Тар шеңберде тұралаған тұйық түсінік. Енді келіп ол (әлгі ескі таным) ет пен сүйектен жаралған пенде баласын дұрыс білуімізге кедергі келтіруде. Содан келіп, өзіміз секілді жұмыр басты пенде баласының жан әлеміне үңіле алмай, лағып жүрміз. Тереңіндегіні тани алмай, адасудамыз. Ал ептеп шырамытқандар шыға қалса, олар өз түйген-түсінгендері негізінде білгендерін жаза қалса, «ұстап алатын ештеңесі жоқ» деп күстаналаймыз. Себебі белгілі... Енді сол жасанды «шідерді», кезі де келген шығар, сәті түсіп Тұрсынжан ағам үзіпті. Фрейдті оқығаннан емес, әрине. Адам дейтін екі аяқты мақұлықты онсыз да жақсы білгендіктен. Ал айдаладағы еврей шалды алға тартып отырған, кешірім өтінеміз, мына біз. Жұртқа «Көлдегі» «түсініксіздікті», «ұстап алуға болмайтын жоғын» «ғылыми негізбен» дәлелдеп, түсіндіру үшін керек болды, келтірдік, айып болмас деп ойлаймыз.
Ал Тұрсынжан ағам әңгімесін қалай жазды? Енді аяңдап осыған келейік.
Барлығымызға белгілі, әдеби шығармашылықтың түпкі мақсаты – форма (әдеби тәсіл деп білсеңіз, алысқа кете қоймайсыз) емес. Әрине, оның маңызын ешкім жоққа шығара алмайды, дегенмен, соңғы нысананың адам екені анық. Адам болғанда, жартыкеш, жасанды кісі емес, толыққанды, «кесек» тұлғалы пенде баласы. Сірә, бітеу болып жаралған ынсан деген дұрыс шығар, ал «тасасында» (жаны, яки болмысы деп ұғыңыз) не жатқаны түбегейлі ашылмаған адам адам ба осы? Талассыз іс, ол – адам емес. Біле-білсек, адам сол, қаласаңыз, «ішкі дүние» деңіз, ұнатсаңыз, «жан әлем» деңіз, еркіңіз, әйтеуір, санасындағы сол «жасырын сырымен» де адам. Онсыз шын мәніндегі адам бола алмайды. Ал оған қатысты біз көре алатын жайлар, бір сөзбен түйгенде, қимыл-қозғалыс араласқан, тап болған, бастан кешкен оқиға сол «тасадағы» көрінбес пәленің сыртқа шыққан «сықпыты» емес пе? Неге ұмытамыз осыны? Рас қой? Рас. Ал онда сол кісіні отқа да, суға да айдап салуға қабілетті көмескі «қуғын» неге маңызсыз болуы керек. Біздің ойымызша, ол өте маңызды. Маңызды ғана емес, тіпті, шешуші. Сол себепті де, міне, «ол» жайында жақ ауыртып, тіл безеп отырмыз. Өйткені, әңгімемізге арқау болып отырған «Көлде», сол өте өзекті мәселе – адам жанының тосын бір құпиясы төбе көрсеткен.
Жоғарыда да айттық, адам үшін сыртқы дүниеде кездесетін маңызды нәрселермен қабат, ішкі әлемінде де орын алатын орасан «оқиғалар» болады. Соның бір мысалы, «Көл» кейіпкерінің басына орнаған жағдай, рухани күй... тағы неше түрлі атаулармен сипаттауға болатын ішкі аумалы-төкпелі ахуал. Байқамасаңыз, болашақ дімкәстіктің (мысалы, қосүрей) бастауы болып есептелетін тасадағы ондай тосын жайлар аса елеусіздігіне қарамай, кейде кісінің тағдырын аяқ асты өзгертіп, басқа арнаға бұрып жіберуге қабілетті. Бетін ары қылсын, өкінішке орай, олардың кейбірі шынымен де сондай. Ал кісінің тағдырына емін-еркін әсер етіп, ықпал жасай алатын нәрсені сізге жай нәрсе деп кім айтты? Рас, былай байқалмайтын шығар, сезілмейтін, көрінбейтін болар, дегенмен, ауыр салдары белгілі емес пе? Тіпті, сол көзге көрінбейтін көмескі күйінің өзінде кейіпкердің сары-алтын сабырын сарқып, темір төзімін таусып, соңында шараға айналған шақша басын қаңғалақтатып айдаған беті айдаладағы құрттаған көлдің жиегінен бір-ақ шығарып тұрған жоқ па? Осы көзсіз «дүлей» оңай «қуат» па, тәйірі?! Жай нәрсе деуге негіз жоқ. Мүмкін, көрген тәрбиесі бойынша, адамның қоғамдық құнына, әлеуметтік мәніне ғана мән беріп, оның пенде ретіндегі ішкі қалтарыстарына үңілгісі келмейтін соц-реализмшілдер ғана елеусіз деп айтса айтатын шығар, ал басқалардың, кішкене «саңлауы» бар кісілердің ондайға аузы баруы мүмкін емес. Демек, біз ара-жігін ажырата алмағанмен, адам үшін іш-сырт, көрнеу-көмескі деп бөлінетін бөлініс жоқ, өзіне қатыстының бәрі маңызды, бәрі шешуші.
Жә, тым ақылгөйсіп кеткен бұл әңгімемізді осы арада тоқтатып, енді өз жөнімізге көшейік.
Иә, адам үшін «ішкі болмыс», «жан әлем» деп аталатын маңызды нәрселер болады деп жатқанбыз. Маған наныңыз, кісі баласында сондай да бір ғажап «кеңістіктер» болады. Бұл жайында білгенімізді шамамызша айттық, жобалап болса да белгілі бір түсінік қалыптасты деген үміттеміз. Тағы бір үстей кететін жәйт, кісінің жан дүниесі жөнінде сөз болғанда оны міндетті түрде инстинкт не нәпсі деген жағымсыз құлықтармен шатастырудың жөні жоқ. Ол тар аяда қалу болып табылады. Адамның ішкі әлемі одан әлдеқайда кең, әлдеқайда ауқымды. Бірақ өте нәзік екені айтпаса да белгілі. Онда жаратылыстан берілген көп нәрселермен қабат, сыртқы әсерлерден туындайтын туынды құбылыстар да кездесуі ықтимал. Мысалы, біз сөз етіп отырған «Көлдің» кейіпкері. Иә, оның әлгі халінің іштегі (жан дүниедегі) әзірге белгісіз бір жасырын ұнсырмен (фактор) іліктес болуы әбден мүмкін. Алайда, біздің қолымызда әзірге оған қатысты дерек жоқ. Сондықтан сыртқы дүниенің тіке әсері деп қабылдаймыз. Құбылыстың орын алғаны рас. Бар. Үн-түнсіз өмір сүріп жатыр бір түкпірде. Кейіпкер жанының қайсыбір тереңінде бұғынып алып, «тірлік» кешуде. Және анау-мынау емес, керек кезінде кенет күшіне еніп, қаһарманымыздың қара басын қиянға қарай сүйрей жөнелуге қауқарлы. Әңгімені оқысаңыз, оның жүрек қалтыратар суық сызын жер түбінен сезесіз. Жоғарыда да айттық, осы арада тағы қайталаймыз, біз қазірге «оның» нақты не екенін, ғылымда, я басқада не деп аталатынын білмейміз. Бірақ тыныс алып, жүрегі соғып тұрған «тіршілік» екенін түйсінеміз. Басқаша айтқанда, автор оны бізге сездірді, тағы келіп шүбәсіз сендірді. Бұл деген, қалай десеңіз де, бүгінгі әдебиет үшін оңай жетістік емес.
Ал онда бұл айта қалсын табысқа автор қалай қол жеткізді? Қиын болса да, енді осы тараптағы көзқарасымызды ортаға салайық; жолымыз болып, көкейіміздегіні аршып айта алып жатсақ – бағымыздың жанғаны.
Мұнда, әрине, бейнелеу жағында үлкен жаңалықтың ашылғанын ашалап айтуымыз керек. Ал енді ол қандай жаңалық дегенге келсек, асықпай ары қарай оқыңыз...
Бұл арада, сөз жоқ, жазылған жайдың не екенін біліп алмақтың маңызы зор. Әлгінде де айттық, әңгімеде баяндалған нәрсе – көмескі дүние. Яғни ауытқу алдындағы қалыпсыз адамның қалтылдаған «қиын халі». Бар қиындық – осында. Бұндай көзге көрінбейтін «жоқ» затты қалай жазуға болады? Әлбетте, оны ескі тәсілмен жаза алмайсыз. Бұл – белгілі. Енді не істеу керек?
Білесіздер, бұған дейін біздің жазармандар әңгіме жазуда негізінен мына әдісті қолданып келді: әуелі шикі материалды (қорғасын) (оқиға деп біліңіз) табады, оның еш қиындығы жоқ, өйткені, ондай дүниелер жұрт арасында шаш-етектен (болмаса, ойдан құрай салуға да болады); іле келесі басқышқа өтеді – әлгі қорғасынды еріту (оқиғаны өңдеу, ойша қорыту деп түсініңіз) басталады; негізі, бізде осы екеуіне ғана шамалы жан қиналады, болды, қалғаны оңай; енді қалғаны қалып қой, ол – дайын. Құдай берген аға буын жасап кеткен баяғыдан қалған бірдеңе бар, жетеді, жаңағы ерітіп алған «қорғасынды» әкелеміз де, соған құйып жібереміз, нобайы келсе, жарап жатыр, жолына салып, жібере береміз. Тапқан-таянғанымызды әкеліп қотара беретін әлгі ежелгі қалып байқұс тозды-ау, ескірді-ау, заманы озды-ау деген күдік санамызға кіріп-шықпайды, жұмыс мігірсіз жалғаса береді. Біле-білсек, бүгінгі таңда көп айтыла беретін жаңа дәуір адамдарының көркем бейнесінің бұлыңғыр тартып, анық сомдалмай жатқаны – осыдан. Өз қалыбы болмаған нәрсені қалай көңілдегідей етіп құйып шығуға болады? Ештеңені де. Ең болмаса, осыны түсінудің өзіне аз-кем ұмтылыстар жасалғанда ғой, жағдайымыз қазіргіден тәуір болар ма еді, қайтер еді?!
Айтты-айтпады, не керек, енді ол дәуір де артта қалып бара жатқандай. Сірә, ісіміз енді оңына басады. Өйткені, күткен дүниеміз болыпты. Соның дәлелі, міне, бағанадан аржақ-бержағын аударып, іші-сыртын айналдырып отырған «Көл». Қазақ әңгімесінің жаңа бір үлгісі. Жаңа заман адамдарын жаңаша бейнелеудің соны тәсілі. Нақтап айтқанда, кейіпкерді, ұзын-сонар оқиғаға салып, сыртқы түр-тұрпатын сыпыра сипаттаумен емес, оның өзгеше ішкі халін, тереңінде тұншығып жатқан таса «сырларын» терең қазу арқылы қаһарманның көзден таса көмескі бейнесін, қаласаңыз, ішкі портрет деңіз, ұнатсаңыз, рухани образ деп атаңыз, бәрібір, сондай бір толық кескінін қалыптайтын өзгеше форма. Соныға бастар соқпақ... Мұнда жазушының кейіпкерді терең тебіренту, толғандыру жолымен өткен жайларды санасында қайта жаңғырту арқылы жан дүниесіне бойлай кіріп, тереңіндегіні – болмысында жаңа пайда болған «құпияны» ақтарып, ашыққа шығарып беретін «ішкі монолог» әдісін мүлде жаңа жағдайда пайдалана білген шеберлігін баса көрсетуге тиіспіз. Үстей кету керек, бұрын көп тәсілдің бірі ретінде қажетіне қарай ғана қолданылатын әлгі ескі амал бұл туындыда тұтас шығарманың жарыққа шығар жолына айналған. Міне, соның арқасында «Меннің» бар «сыры» ап-айқын мәлім болады. Тіпті, басқа қырлары да әшкере. Қараңыз, «Көлде» «Мен» өзімен-өзі сырласқандай күңірене күбірлеп отырып, соқа басы ғана білетін оқшау сырларын сыздықтатып былайша ақтарады: «Осы көлге альпинистердің үйір болуы тегін емес. Түпсіз қара құрдымның құмары мен түпсіз көгілдір түнектің іңкәрлығы, сірә, туыс. Санамның мұнарланған көмескі қапырығында, құпия құдықтарында қордаланған әзелгі бір үрей мен әлдебір қияметтік ынтықтың өз бойымдағы тайталас-мәмілесін күңгірт түйсікпен еміс-еміс мен де сезінем... бойдағы осы екі мылқаудың, алапат екі дүлейдің кергісі мен келісімінде жан-жүрегі от боп мұздап, мәңгі тоң, тас қияны шекіп-қашап, өнімсіз қыбырлап, Хан-Тәңірінің көз қарыққан көк жалтырына өрлеп бара жатқан міскін мен мына көлдің қарауыта телмірген тажал сұсынан қалтырай түсіп, жадылап қойғандай жалаңаш жалдың үстінде қимылсыз тұрған жалғыздың жағдайында көп айырма жоқ...» дейді. «Жар басындағы жалғызы» – өзі. Кешіп тұрған халі, енді, сұмдық! Ал содан кейін, әңгіме аяқталар тұста: «Кейде бір себепсіз сезіктен түн ортасында елегізіп оянамын. Сырттағы үнсіз, тілсіз, үңірейген меңіреу қараңғылықтың терезенің күңгірт әйнегіне көмескі шағылған жалтыр түнегіне мағынасыз үңіліп, ештеңеге түсінбей мәңгіріп ұзақ отырамын... Сондайда, неге екені белгісіз, тау басындағы қара көл көз алдыма келеді. Қара көлдің табиғаттың қиялынан емес, бір зор қиянаттан туғаны есіме түседі. Қара көлде түп жоқ екенін ойлаймын... Мен осы көлде не мағына барын білетін сияқтымын... » дейді. Бұл, қалай айтсаңыз да, күнделікті өмірде бола беретін қайғы, мұң, көңілсіздік дегендей, көңіл-күйдің деңгейіндегі нәрсе емес, одан әлдеқайда тереңдегі – жан тұңғиығында жарылып жатқан алапат «жарылыстар». Фрейд айтатын жасырын санадағы аңдаусызда (бейсаналы түрде) сыртқа шығып қалған, қашан кіріп, қалай орнығып алғаны белгісіз жұмбақ «сырлар». Ендігі тірлігінде, әрине, анау-мынаудан аман болса, ажырамай бірге жасайтын түр-түсі анық емес беймағлұм «құбыжықтар». Ал осы ілгері біздің елде ешкімді маңына жолатпаған, «көлеңкесі» бар да өзі жоқ, ұстатпас пәлені бейнелеп берген «Көл», біздіңше, бүгінгі қазақ әдебиетін бір «селк» еткізуге тиіс. Ал «селк» етпеймін десе, тағы өздері біледі. Ешкімді зорлауға қақымыз жоқ!
Сөз соңында, қызық, аталған әңгімедегі өзіміз айтқан тың жаңалықты не деп атауды білмей дағдарып отырмыз. Әрине, «Ой, ол модернизм ғой... постмодернизм дегеніңіз сол болады, соны да білмейсің бе?» деп жеп-жеңіл тайқып шығуға болар еді. Бұлай еткенде, білеміз, екі нәрседен ұтуға болар еді: біріншісі, өзімізді көп оқыған білімді көрсете алар едік; екіншіден, білесіздер, қазіргі адамдар «Патшаның жаңа киімі» ертегісіндегі тоғышарлар секілді өзінің оқымаған «ақтығын» сездіріп алудан қатты қорқады – «Ол не еді?» деп сұрамайды, жауапкершіліктен оңай құтылар едік. Сұрай қалған күнде де, әлі басы ашылмаған бұлыңғыр дүние ғой, өзіміз де түсінбейтін, өтірік-шыны аралас бірдеңелерді айтып, сытылып кетуге болар еді. Бірақ өйте алмадық. Өйткені, қу ішіміз сезеді, бұл, шынымен де, солардың (жаңағы измдердің) ешқайсысы емес. Оған сіздің де күдігіңіз болмасын. Дұрыс, әлі ат қойылмағаны себепті, шартты түрде, уақытша солай дей тұруға болатын шығар, бірақ түбегейлі атауға түп тамырымен қарсымын. Неге? Себебі, Тұрсынжан ағам қайсыбір шығармасында өзі де айтқан: «Қазақ модернизмі (шартты түрде осылай алдық) қазақ қоғамында, тек қазақ топырағында ғана туады». Мынау – сол. Қазақ топырағында туған «қазақ модернизмі». Ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір тумай қоймайтын жаңа әдіс, ұлттық үлгі.
Серік НҰҒЫМАН.
"Қазақ әдебиеті" газеті