Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 7642 0 пікір 10 Маусым, 2014 сағат 12:07

ЖАУЫРДЫ ЖАБА ТОҚУ ЖАҚСЫЛЫҚҚА АПАРМАЙДЫ

Жуырда Алматы облысы бойынша ғана емес, еліміз аумағында ұйғырлар молынан қоныстанған ауданда осы өңірді мекендеген діні бір, тілі ұқсас қос халықтың болашақта қоңсылас болуы екіталай екенін анық көрсеткен жағдай орын алды. Бұрындарды аталған ауданда екі ұлттың жастары арасында қақтығыстар, жұрт арасындағы түсінбестіктер, даулы мәселелер тіркеліп жататын. Өткен жылы тура осындай уақытта халық қалаулылары ауылдарды аралағанда депутаттар Елбасы Жолдауын ұйығырша насихаттап, айды аспанға шығарған еді. Биыл да сол «қалаулылар» елге келгенде ерсі жағдай орын алды.

Аудандық әкімдікте  үлкен бір жиналыс өткен еді.  Ол  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарының құрметіне ұйымдастырылып, олардың халық алдында есеп беруі, өтініштерін тыңдауы ретінде көрініс беруге тиіс-тұғын.  Негізінен астаналық ақ жағалылардың  мақсаты да ел арасындағы бірлік пен татулықты насихаттау екені анық. Бастапқы кезде әдеттегіше «біз татумыз, бірлікте өмір сүріп жатырмыз, қазақ пен ұйғыр дос, туыс» деген жаттанды әңгімелермен  басталған жиналыстың аяғы тіптен басқа арнаға ауысып кетті. Өйкені жиналыс ұйғырлар арасынан мінберге көтерілген бір «жігітбасының»: «Аудандағы жиналыстар тек қазақша өтіп жатыр, ұйғырларды қазақша сөйлетіп, неге қинайсыңдар? Өткенде Чернобыль апатына байланысты өткен жиналыс та тек қазақша өтті. Чернобыль апатына қатысқан 18 адамның 13-і ұйғыр. Сол жерде ұйғырларды қазақша сөйлеттіңдер. Ұйғырша ән де айтылмады» деген жөнсіз талабы мен орынсыз  дауынан басталды.

Сол жиналыста отырғандардың басым бөлігі үндемегенмен, қазақтар  арасында намысы бар біреу табылғаны рас. Ауданда қай кезде болмасын шын сөз айтамын деп басқаларға, оның ішінде билікке жақпай, қақпайлау көріп жүрген бұрынғы ұстаз орнынан атып тұрып, бар қазақтың атынан біршама пікір айтты. Сол-қ екен, жиналыс өзара жамандасуға көшті. Тіпті ел арасындағы пыш-пыш сөздер, қазақтар мен ұйғырлардың шын мәнінде  өтірік дос боп, іштей бір-бірін жеп қоюға дайындығы, ыза-кектерінің қайнап жататыны да айтылды. Әлгі азаматымыз соңында тарихта ешқандай дәлелденбеген, аты бар да дерегі жоқ «ұйғырдың «батыр» қызына Кетпен тауындағы тарихи өңірді еншілеп, «Назугум үңгірі» деп атаудың,  оның алдына ескерткіш орнатудың ешқандай заңға да, ақылға да сыймайтынын, тіпті қазақ халқының тарихына жасалған қиянат екендігін жайып салды.  Шындық сөз жақпаған ұйғырлар арасынан «сен, аузыңды жап» деген сөздер де естіліп қалды.  Ағамыз онымен де тоқтамай ол үңгірдің қазақ тарихымен тікелей байланыстылығын ын дәлелдеп берді.   Ұйғырдың ақсақалдары да өре түрегеліп, жиналыс соңы айтысқа ұласып кетті. Басқосуға жиналған жұрт пен сырттан келген лауазымды қонақтар  аудандағы ұйғыр мен қазақтың арасындағы достықтың айтарлықтай жақсы емес екенін, тіпті ашық жауластық барын  байқаған сияқты. Жиналыстың куәгері болғандар бұл жайтты аңыздай айтып, таңғалғандарын жасыра алмады. Депутаттар екі жаққа да  басу айтып, «Назугум» үңгіріне қойылған ескерткіштің заңсыз екенін, оны  заңдастыру немесе мүлде алып тастау керек екенін түсіндірді.

Біз осы жанайқайымызды  жазып жатқанда, ауданнан ескерткішті алып тастады деген хабар келді. Мұндай оқиға 2010 жылы тіркелген болатын. Жылдар бойы аудан әкімдігі ғимаратының сыртқы есігінің сол жағына кезінде ауданды басқарған марқұм Раджибаевтың суреті бедерленген  және қызмет істеген жылдары жазылған ескерткіш тақта журналистердің араласуынан соң алып тасталған еді. Сол жолы Кетпендегі үңгірге қойылғалы жатқан ескерткішке де тоқтам салынған болатын.  Енді, міне араға бірнеше жыл салып барып, олар қайтадан ойға алғандарын іске асыруға кірісіпті. Ал мемлекеттігі жоқ жұрттың ойдан шығарылған туын көтеру, қазақ елінің әнұранын өздеріне лайықтап айтуы болсада жиі көрініс береді.   Қалжат ауылында былтыр болған шекарашыларды ұрып-соғудың аяғы да сиырқұймышаққа салынып, ақыры нәтижесіз қалды. Айта берсе, ауданда мәселе көп. Алайда, аймақты басқарғанына он жылға жуықтаған Каюмчан Абанұлы айылын жияр емес.  Өйткені, жергілікті ұлттың бас көтерерлері жоқтың қасы. Егер, ондай азамат шыға қалса, биліктегілер жүндей түтіп, тентіретіп жіберуге дайын тұрады. Сонымен бірге, облыстан тексере барғандар, ештеңені көрмей қалады. Бірер күн ыстық суда шалқып-тасып, былығып-шылығып демалғандарына мәз болып қайтады...

Аудандағы жағдай түзелмесе, түбі оңбаймыз, себебі: жауырды жаба тоқудың арты жақсылыққа апармайды. 

Бақытнұр Тасқара

 

P.S. Abai.kz ақпараттық порталының редакциясына келіп түскен хаттағы әңгіменің жалпы нобайы – осы. Автор ішінара көңіл-күй ауанына беріліп те кеткен екен. Онысын ептеп «жондық», редакцияладық. Алайда, түбі бір түркі жұрты – қазақ пен ұйғыр арасында әредік болып қалатын шетін әңгімелерді «редакциялау»  біздің қолдан келмейді. Өйткені ол құзырлы орындардың жұмысы. Әрине, біз бәріміз ұлтаралық келісім мен ынтымақ жағындамыз. Алайда, ұлт пен ұлыстар (диаспоралар) арасындағы татулықтың ұйтқысы үнемі бақыланып, зерттеліп, сараптамалардан өтіп тұруы тиіс. Соны ойлай отырып, жоғарыдағы жайттың жария көруін жөн көрдік. Ендігісі Қазақстан халқы асамблеясы мен тиісті орындардың жұмысы деп білеміз.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371